Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 2432 79 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 12:18

Айман Зейнулла: Праймериздің нәтижесінде ұлттық армия жасақтауымыз қажет

Праймеризге қатысу – еліміздің білімді, белсенді, бастамашыл азаматтары үшін үлкен мүмкіндік. Мықты лидерлер мықты партиядан шығады. Ал сол лидерлер ұлттық идеологияны бойына сіңірген және оны айналасына насихаттайтын болса, қоғамның шешілмей жатқан өзекті мәселелері азаяр еді, - дейді филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулла.

Бұл жөнінде ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген Zoom-конференция барысында айтты. Оның ойынша праймериз арқылы ұлттық лидерлерді таңдап алуға мүмкіндік мол.

«Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда көп шаруа атқарылды. Бірақ жеткен жетістіктерімізге тоқтап қалуға болмайды. Ары қарай дамудың даңғыл жолына түсу үшін білімді, еліне жаны ашитын азаматтардың билікке келуін қамтамасыз етуіміз керек. Тіл мен мәдениет жанашыры, ғалым әрі желтоқсандық ретінде праймеризге қатысатын азаматтарға ұлттық идея керек екенін жеткізгім келеді. Идеялар толып жатыр, оны қаладан немесе даладан іздеудің қажеті жоқ. Ұлт көсемі Әлиханның «Қазақ елінің төрт құбыласы тең болған кезде мәңгі жасайды» деген сөзі бар. Ал төрт құбыла дегеніміз – ол экономика, мәдени-тұрмыс, білімпаздық және идеялық жиынтығымыз. Идеяны жазып қойып немесе оны қайталап айта бергеннен пайда жоқ, сол идеяның  айналасында жұмыс істейтін жоспарымыз болуы керек», – дейді ғалым. 

Праймеризге тек жастар ғана емес, аға буын өкілдері де қатысқаны дұрыс дейді профессор. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы болмаса, ешқандай шаруа шешілмейді. Праймеризді пайдалана отырып, азаматтық көзқарасы айқын, жемқорлыққа бой ұрмайтын, өтірік сөйлемейтін, таза жүретін ел ағаларынан үлгі ала отырып, үлкен ұлттық рухани армия жасақтауымыз керек. Сонда ғана мәселе шешіледі дейді профессор. 

Abai.kz

79 пікір