Бейсенбі, 1 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107979. Жазылғандар — 102937. Қайтыс болғандар — 1725
Абай мұрасы 697 1 пікір 3 Тамыз, 2020 сағат 13:38

Абай және «Дала уалаяты газеті»

Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл, білесіздер. Президент пәрмен беріп, Абай тойы бүкіл республика көлемінде тойланатын боп шешілген еді. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, атқарылатын іс-шаралардың жоспары да бекітілген.

Онан соң, Қытайда covid-19 індеті шығып, ол бүкіл дүние жүзіне тарады. Соның ішінде Қазақстан да бар. Елде Төтенше жағдай жарияланды. Қатаң карантиндік шектеулер енгізілді. Ол жайлы тағы білесіздер. Күн сайын күшеніп бара жатқан індет Абай тойына қатысты әуелгі келісіп, бекіткен жоспарларды да өзгертті. Жалпыхалықтық шаралардың көбі кейінге шегерілді. Бірақ, бұл Абай тойы мүлде аталып өтілмейді деген сөз емес. Қазірдің өзінде онлайн форматта өткізуге болатын бірлі-жарым іс-шара атқарылып жатыр.

Abai.kz ақпараттық порталының да әуелгі мақсаты - Абай мұрасын, Алаш өсиетін кешенді түрде насихаттап, жарық көрген кітаптар мен баспасөзде басылған таңдаулы мақалаларды бір арнаға топтастырып, оны әлемтор арқылы әлемге паш ету еді. Алғаш ашылған күннен бастап редакция ұстанымы осы бағытынан қия басып көрген жоқ. 11 жылда Abai.kz ақпараттық порталында Абай мұрасына мыңдаған материал жарияланыпты. Ол – Абайдың шығармалары (өлеңдері мен поэмалары, қара сөздері, кітаптары т.б.), Абайдың шәкірттерінің шығармалары, Абайға, Абайтануға қатысты аттары атан түйені шөктіретін ғалымдардың зерттеулері, мақалалары, пікірлері т.б.

Ендігі мәселе - Абайдың туған күні қай күн? Абайтанушылардың бір бөлігі Абайдың туған күні 23 тамыз екенін айтады. Тағы бір бөлігі 10 тамыз дегенді алға тартады. Ал ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдығы 10 тамыз болып белгіленген. Яғни, ресми түрде 10 тамыз.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Abai.kz ақпараттық порталы Абайға, Абайтануға қатысты жазылған жаңа мақалалар мен Abai.kz мұрағатындағы зерттеу материалдарын күн сайын жариялап отыратын болады.

Редакция


АБАЙ ЖӘНЕ «ДАЛА УАЛАЯТЫ ГАЗЕТІ»

Абайтануда шешуін таба алмай келе жатқан проблемалар баршылық. Зәуре Батаеваның шулы мақаласынан автордың абайтануда орын алған кем-кетікті, екіұдай пікірлерді тауып алып, соларды «әшкере-айыбы» еткеніне көзіміз жетті. Сондай олқының бірі – «Абай поэмаларын қашан жазған?» деген мәселе. Осы олқының орнын азды-көпті толтыру ниетімен қолға қалам алған жайым бар.

Ұлы Абайдың төл поэмалары үшеу десек, сенсеңіз, сол үшеуі де жазылу мерзімі тұрғысынан беймәлім. Анықталмаған. Дерек көздері көбіне «белгісіз» деп ашығын айтады, бірақ кейбірінің ешбір дәлелсіз-ақ күмәнді датаны атап қалатыны бар. Мәселен, «Ескендір» поэмасы туралы «Абай» энциклопедиясының 228-бетінде: «Жазылған жылы белгісіз» делінген болса, ал 1995 жылғы Толық жинақты дайындағандар: «1900-1902 жылдар аралығында жазылған» деп кесіп-пішіп айтқан. Соңғысы өте-мөте күмәнді дата. Өйткені, бұл кезеңдегі Абай – хакімдік деңгейдегі Абай.  Оңашаланған,  өз сөзінше, «бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанған» шағы.

Сонымен, алдымен «Ескендір» дастанын тексермекпіз. Көлемі – 42 шумақ дастанның мазмұнына уақыт шығындап жатпай, бірден-ақ тікелей мәселеге көшейік. «Абайдың ең жақсы поэмасы» (Әуезов) қай жылғы?

Буырқана соққан дауылдан соң табиғат тыныштық табады. Сол сияқты 1894-1895 жылдар Абай өмірінің қысқа да болса жаймашуақ кезеңі еді. Абай «үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып» (Тұрағұл),  Жидебай қыстауындағы ескі үйді қала үлгісімен қайта салып, айналасына талапты жастарды жиып, екінші мәрте ұстаздық қылған болатын (әуелгісі 1889-1890 жылдар). Бұны Мұхаң: «Абайдың ақын шәкiрттерiмен көп әңгiме-дүкен құрып, оларды ақындық өнерге баулуға белсене кiрiскен екі уағы бар: 1889-1890 және 1894-1895 жылдар», – деп атап айтқан.

Абай мектебiнiң көрнекті шәкiрттерi: Ақылбай,  Мағауия, Көкбай,  Әріп, Әсет, Мұқа, топай Бейсембай ақын, керей Уәйіс ақын, уақ Иманбазар ақын, Кәкiтай, Тұрағұл, Әубәкір, Әрхам. Жасы үлкені де, маңдайалдысы да – Шәкәрiм еді.  Осы тізім  екі Баймағамбет (бірі-ертегіші, бірі-ақын), әнші-гармоншы әрі Абайға хатшы болған Ысқақ (ырғызбай Ырысайдың баласы), циркші Ағашаяқ (Берікбол), күйші Біткенбай, әншілер Мұхаметжан, Әлмағамбет, Орынбасар, Өтегелді, тоғызқұмалақ пен дойбының шеберлері – Көрпебай, Ырсалды, Құттықожа, Нақыштың Смағұлы, Құдайберді, Текжан т.б. өнерпаздармен толыға түседі. Бұлар һаммасы – мүрид-тәлімгерлер, Абай – олар үшін пір, яғни рухани ұстаз. Осынау тәлімдік-ақындық мектеп сүйікті баласы Әбіштің қазасына байланысты жабылғанын да айта отырайық.

Айтып-айтпа, Жидебай қыстауы алғаш рет руханият кіндігіне айналды. Абай жастарға ұстаздық қылып, ақындық таланты еректерге поэма жазу өнерін де үйрете бастаған. Атап айтсақ, Ақылбайға «Дағыстан», «Зұлыс» тақырыбын, Мағауияға «Қасым» деген поэма желісі мен «Еңлік-Кебек» салт-дәстүр жырын жазуды ұсынған-ды.  Шәкәрімге дастан, яғни сюжетті өлеңнен бөлек, қазақтың ру шежіресін түзіп, тарихын түгендеуді қосымша тапсырған болатын.  Осы айтылғандар 1894-1895 жылдардың мәнді ерекшелігі.

Мәселе сонда,  ұстаз Абай тек үйретуші рөлінде ғана қала алмай, өзі де «Ескендір» поэмасына кірісіп, оны 1894 жылдың күзінде аяқтап шығады. Оған дәлеліміз қайсы? Бір жыл бұрын, яғни 1893 жылдың күзінде Абай балаларымен қосылып, Әнияр Молдабаев деген оқыған азаматқа Семей шаһарынан екіқабатты, еңселі үй сатып әперген болатын. Сол үйде тұңғыш баласы Ақылбаймен қона жатып, біраз уақытты бірге өткізеді. Осы жолы Ақылбай Семейдегі бастауыш білім беруге қамқорлық жасайтын   Қоғамның толық мүшелігіне өтеді (бұл туралы құжат архивте сақтаулы), әрі әкесімен тізе қосып, дастанын жазады. Сенсеңіз, Абай «Ескендірін», Ақылбай «Дағыстанын» бірлесе отырып, қолға алған болатын. «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінде Абай Ақылбайға өкпе, ренішін жеткізген еді ғой.  Міне, әке мен бала арасында орын алған осынау реніш пен түсінбеушілік енді келмеске кетті. Осымен, әке көңілінен ауыр жүк түскені айтпасақ та түсінікті.

«Ескендір» поэмасы 1894 жылғы деп тұжыруға мүмкіндік беретін өзге де мықты дерек бар, ол – «Тәкаппар әскер басы турасынан» атты мақала.

Шағын мақала Омбы қаласынан шығатын «Дала уәлаяты газетінің» 1895 жылғы №3 санында басылған. Зерттеуші ғалымдар Абайдың поэмасы мен әскер басы туралы мақала мазмұны қос тамшыдай ұқсас деп бірауыздан бекітеді. Бірақ, мақаланы жіті байыптаған Мұхтар Мағауин: «Бұл ұлы ақынға тиесілі мұра емес» деген тоқтамға келген. Неге? «Рас, бұл әңгіменің түп тамыры Абайдың «Ескендіріне»  барып тіреледі, – дейді ғалым-жазушы. – Бірақ сол поэманы естіген екінші бір адамның қолынан шыққан олақ мазмұндау демекпіз. Әңгімеде Абайға тән, керек десеңіз, атақты поэманы сөзбе-сөз қайталайтын оралымдар, тіркестер ұшырасқанымен, жазу мәдениеті жетілмеген қалам таңбасы айқын көрініп тұр. Бұл, тіпті, Абай қолынан шыққан әңгіменің бүлдірілген редакциясы да емес. Поэмамен үстірт таныстық нәтижесінде туған әдепкі әпсана».

Зерттеушінің салиқалы пікірі бұл. Хоош, онда «Олақ мазмұндалған мақала авторы кім?», «Абайдың жақын айналасы, бірақ жазу мәдениеті әлі жетілмеген шәкірті қайсы?» деген сұрақ өз-өзінен туады.

Жоғарыда Абайға тәлімді шәкірт болғандарды түгендеп, атап шыққан едік. Олардың арасынан  Ырысайдың Ысқағы деген шәкіртке зерттеушілер әлі күнге назарын аударған емес. Өз білуімізше, жаңағы «Тәкаппар әскер басы турасынан» атты мақаланың авторы осы адам. Неге десеңіз, оның даралығы – ағасы Абайдың өлеңдерін жинаған, ауызша айтқан әңгімелерін қағазға түсіруді  машық еткен. Бұл өзгелерде жоқ қасиет! Абай қасынан қалмай жүріп, орыс тілін өйтіп-бүйтіп меңгеріп алған кісің де – осы Ысқақ.

Бұл пайым дәлеліне «Дала уәлаяты газетінде» 1892 жылы басылған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикаяға ауысайық. Хикая Абайдікі ме, әлде басқанікі ме? Бұл да – екіұдай, даулы мәселе. Тағы М.Мағауин: «Бұл – ешқандай даусыз, Абайға ғана тиесілі шығарма. Сонымен қатар, бұл – жабайы ақпар, қарадүрсін мақала емес, бас-аяғы бүтін, артық-ауыс мүшесі жоқ, машықты, шебер прозашының қолынан шыққан, ұлы Абай атына лайық туынды», –  деп мәлімдейді.

Шүбәсіз, әңгіменің түп иесі – Абай. Ұлы тұлғаның дуалы аузынан шыққаны күмән туғызбайды. Бірақ оны жазып алып, газетке жолдаған кім? Бізше шәкірті – Ысқақ Ырысайұлы. Неге? Себебі, әңгіме желісі бір тұста бұзылып, қатты бүлінген. Ол мынадай: Қалқаман-Мамыр және Кебек-Еңлік оқиғалары арасын 70 жылдай уақыт бөліп жатыр. Бірақ екі хикая дауына да билікті Кеңгірбай би айтқан. Қалайша? Әлі дүниеге де келмеген Кеңгірбай Қалқаман-Мамыр оқиғасына қайтіп араласпақ? Міне, Абай айтқан әдемі әпсәнә бұзылып, бүлінді дейтінім сол. Жаңағы шалалықты Абай түгілі, Шәкәрім, Мағауия, Көкбай, Кәкітай, Тұраштар, сірә да, жібере қоймас. Өйткені, олар тобықты тарихы мен шежіресіне қанық болған. Ал білгені шамалы, естігенін шала ұққан Ысқақтың бұл қатені жіберуі бек мүмкін.

Сөйтіп, хикая жұмбағы дәйім Абайдың хатшысы болуға ұмтылған 22 жастағы гармоншы, әрі ақындықтан құралақан емес Ысқаққа тірелмек. Оның газетке материал жолдауы таң қаларлық іс емес. 1889 жылы Абайдың екі өлеңін («Жаз» және «Болыс болдым, мінеки») жариялаған омбылық газеттің мән-жайын тобықты жастары жақсы білетін.  Айтпақшы, «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикаяның авторы шығармаға «Ұмтылған» («Ұмытылған (Мұтылған)» емес) деп қол қойған.  Міне, бұл да Ысқаққа сілтейтін факті, өйткені, ол, қайталап айтайық, өте-мөте талапты, яғни «ұмтылушы» шәкірттің нақ өзі болған.

Хикая мәтіні, келсін-келмесін, «мүбәдә» сияқты араб сөздерімен «байытылған». Бұл ненің белгісі? «Дала уәләяты газетіне»  жолданған кез келген  материал  үстінен өңделіп, газеттің стиліне салынатын болған. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңі едеуір өзгертілгені соның мысалы. Бұл Дінмұхамед Сұлтанғазин сияқты қаламы ұшқыр аудармашы һәм жорналшы қызметкерлердің ісі екенін ұмытпай, ескере жүргеніміз жөн.

Сонымен, «Ескендір» поэмасы 1894 жылғы туынды. Аңызға сүйене отырып, Абай Ресейдің жерге тоймайтын империялық пиғылын,  бейқам жатқан қазақ елі мен жеріне баса-көктеп кіруін әшкерелеген. Басты идея осы.  Бұдан бөлек, рухани ұстаздың айырықша рөлін көрсеткен. Екі идея да 1894-1895 ж.ж. Абайдың ойлау жүйесін ұғуға септеседі. Қазақ ойшылы ежелгі әлемнің Аристотельі сияқты ұстаздық миссиясын белсене атқарған және «Қорлықпен өткен өмірден, Көсіліп жатар көр артық» деп өзі айтқандай, өр мінезді ақын азаттықты жан-тәнімен аңсаған. Поэма осы екі жәйттің де куәсі.

*  *  *

Абайдың «Масғұт» және «Әзімнің әңгімесі» деген поэмалары қай жылы жазылған? Ендігі кезекте осыны анықтамақпыз.

«Масғұт» поэмасы алғаш рет 1909 жылғы жинақта жарық көрген. Көлемі – 44 шумақ. Поэма екі бөлімнен тұрады, себебі, сюжеті екі бөлек аңыздан алынған. И.С.Тургеневтің қара сөзбен жазылған «Шығыс аңызы» атты шығармасы  ең алғаш «Вестник Европы» журналының 1882 жылғы 6-томында басылған.  1880 жылдардың басында Абай ғылым сарасын тауып,  әлемдік әдебиет жаңалықтарын қалт еткізбей қадағалаған. Сондықтан   Тургенев әңгімесін аталған  журнал бетінен оқып-тоқуы – заңды, ақылға қонымды қисын.

Бірақ «Масғұт» поэмасы 1882-1903 жылдар аралығында жазылған деп жүрміз. Бұл – «жазылған жылы белгісіз» дегенмен бір. Шындығында Тургеневтің «Шығыс аңызы» әңгімесін 1882 жылдың соңында оқыған Абай,   поэманың бірінші бөлімін 1883-84 жылдары қағаз бетіне түсірген болатын. Бұл болжамға керек дерек поэманың өзінде тұр. Поэманың бірінші бөлімін Абай:

Ендігіге не сұрау бұл заманда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда, –

деп сабақтаған. «Әйтпесе тұрмас едім осы маңда» дегені қалай? «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегенін қайталау емес пе. Дәл солай! 1884  жылғы болыстық сайлауда келешек классик ақын ескі достарына сеніп, қатты алданғаны аян. Әсіресе, аяулы досы Ерболдан айырылу жанын күйзелткен-дүр. «Әйтпесе тұрмас едім осы маңда» деген өлең жолына басқадай қисын мен түсінікті табу қиынға соғады.

Сонымен, поэманың бірінші бөлімі негізінен 1883-1884 жылдың қысқы айларында жазылғаны, осы жылдың жазында оған ақын жаңағы шумақты кіріктіргені анықталып отыр.

Енді поэманың екінші бөліміне келейік. Оның сюжеті, абайтанушы Зәки Ахметов анықтағандай, бирма халқының ертегісінен алынған. Поэмада композициялық тұтастық, бірінші және екінші бөлімдер арасында сюжеттік сабақтастық жоқ. Бұл ғұлама Мұхтар Әуезов айтқан сыни пікір.

Бирма ертегісінің фабуласы: Ерте-ертеде бір елде алдағыны жұлдыз бойынша болжайтын бір сәуегей бопты. Бір күні ол жеті күннен кейін бір сұмдық жауын боларын біледі де, патшаға келіп: «Жеті күн бойы жаңбыр жауады. Оның суын ішкен адам ақылынан адасады», – дейді. Патша сарайда таза су қорын жасап алады. Айтқандай, жаңбыр жеті күн жауады. Жаңбыр тоқтаған соң, патша мен сәуегей қалаға шықса, елдің бәрі тыр жалаңаш көшеде қыдырып жүр. Олар киімі бар бұл екеуін «жынданған» деп қуады. Екеуі қашып сарайға келіп, ақылдасады да, сонан соң жауынның суын ішеді. Сөйтіп, бұлар да жынды болады.

Міне, поэманың екінші бөліміне Абай осы хикаяны пайдаланған. Бірақ өзгерістер енгізген: оқиғада белгісіз патша емес, атақты Һарон Рашид және оның уәзірі Масғұт бейнеленген. Ал сұмдық жаңбыр болатыны туралы хабарды жұлдызшы емес, Қыдыр айтады.

Екінші бөлімнің соңын Абай:

Көптің бәрі осындай, мысал етсең,

Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.

Ғапыл боп көп нәрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең,

деген ғибратпен аяқтаған.  Бұл жолдар да жан досы Ерболға деген өкпе-назы ма, кім білсін. Тұрағұл «Әкем Абай туралы»  естелігінде: «Әкем «Масғұт» деген өлеңді 1887 жылы шығарып еді» деп көрсетеді. Бұл –поэманың соңғы бөліміне қатысты дата.  Өйткені, 1885-1886 жылдар Абайда алыспен өтті. Поэманы уақтысында аяқтай алмағаны содан.

Жасалған тексерістен шығар қорытынды: Абай «Масғұт» поэмасына 1883 жылы кірісіп, оның бірінші бөлімін (31 шумақ) – 1884 жылы, екінші бөлімін (13 шумақ) – 1887 жылы тәмамдаған деуге керек.

Енді «Әзім әңгімесіне» келер болсақ, поэма алғаш рет 1933 жылғы Толық жинақта жарияланған. Қашан, қандай жағдайда жазылғаны белгісіз. Бір тәуірі, 1939 жылғы жинақта құнды түсініктеме берілген: «Бас жағындағы біраз өлеңіне қарағанда бұл Абай шығармасы сияқты емес, әлсіз де, үстірт те көрінеді. Бірақ Тұраш Абайдың басылмаған сөздерін жинағанда осыны да Абайдікі болуға тиіс деп әкеліп кіргізген еді. Оның дәлелі, осы өлеңді тауып беруші Ырысайұлы Ысқақ деген Абайдың жақын туысқаны «Әзімді» даусыз Абай сөзі депті. Ысқақ ерте күннен Абай сөзіне ұқыпты болып, оның хатшысы сияқты сөздерін жинап жүретін туысының бірі. Ол: «Абай мұны ерте уақытта өлең етіп, бір жазған соң, қайта қарамай тастаған еді. Мен сол уақытта жинастырып алғанмын» дейді екен. Өлеңнің бас жағында кездесетін шикілеу жерлер, ескіріп, жыртылып қалған жазбадан Ысқақтың шала көшіріп, я шала ұғынып, өз жанынан төлеу салып айтқан жері болса да ғажап емес».

Көрдіңіз бе, келтірілген деректе Мұхаң «Әзімді» жазып алған Ысқақ Ырысайұлы, әйтпегенде поэма із-түзсіз жоғалар еді деп ой тастаған.

Поэма аяқталмай қалған. Бәлкім, аяқталған да шығар, алайда соңғы жағы балаң жігіт Ысқақтың қолына түспей, жоғалған сияқты. Ысқақ Ырысайұлы (1870-1932), жоғарыда айтылғандай, жасынан Абай өлеңдері мен дастандарын жиған, жаттап алып, ел арасына таратқан. Мұны «Абай» энциклопедиясы: «Тобықты елінің жастары Абай шығармаларын осы Ысқақтан естіп, жазып алып отырған», – деп растайды (612-бет).

Сонымен, поэма қай жылғы? Мазмұны әйгілі «Мың бір түн» кітабынан («Әлидің Әзімі» деген ұзақ әңгімеден) алынған поэма ертеде жазылған.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов «Әзім» поэмасы Абайдың еліктеу, тәжірибе жинау кезеңінікі (1880-ші жылдардың басы) деп топшылаған. Көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей болмауы соның айғағы. Абай Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап, өлең еткені тәрізді, жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ болған дейді Мұхаң.  Мұнда «Масғұт», «Ескендір» поэмаларына тән ойшылдық, тәрбиешілік мұраттар жоқ. «Халық аузындағы әңгіменің өзін ғана, барлық оқиғаны рет-тәртібімен жеңіл өлең етіп берудің талабы танылады» (Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. –188-бет).

Осы айтылғандар «Әзім әңгімесі» Абайдың тырнақалды поэмасы деуге негіз болады. Поэма «Абай өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған алғашқы тәжірибесінің бірі» (Әуезов). Демек, оның жазылған уақыты – 1880-1881 жылдар деп нақтылар болсақ, оған ешбір пенде қарсы дау айта қоймас.

Қорытынды. Таяуда жарық көрген көзайым мақаласында жапон ғалымы  советтік цензура кезінде Абай бұрмаланды, толық зерттеуге мүмкіндік болмады дей келе, ой-пікірін: «Өкінішке орай, бұл бұрмаланған бейне белгілі бір дәрежеде жұмсартылғанына қарамастан, әлі де сақталуда» деп түйіпті. Алып-қосары жоқ, әділетті пікір. Бұрмалау мен ақтаңдақтан арылар уақыт жетті, ағайын. Ғылыми негізі жоқ болса да, соңғы кездерде тарала түскен «Абай болмаған» деген секілді спекулятивті сөздерге пәрменді тойтарыс беретін іс-шара осы ізденушілік бағытта деген ойдамын.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Abai.kz

1 пікір