Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Абай мұрасы 5247 10 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 15:58

Абай және Жалал Дауани

Жалал Дауани

(1426-1502)

Абай « Ғылым таппай мақтанба», - деген  өлеңін:

«Шын сөз қайсы біле алмай,
Әрнәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл,
Ғұламаћи* Дауани
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқып және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл-гүл»,-деп аяқтайды. Бұл оның шығармашылығынан хабардар болғанын аңғартады.

Жалаледдин Дауани 1426 жылы Фарс провинциясы, Казерун қаласының солтүстігінде он шақырымдай қашықтықта орналасқан Дауан ауылында  дүниеге келген. Әкесі мәулана Сәдеддин Әсһәд діндар, білімді, беделді болғандықтан адамдардың арасында туындап отыратын түрлі келіспеушілік пен дау-дамайға араша түсіп сот міндетін атқарған. Сондай-ақ, өз заманының ғұлама-ғалымдар мен әмірлер арасында да абыройлы болып, олармен жақын араласқан. Сәдеддин Әсһәдтың шыққан ата тегі-мұсылмандардың бірінші халифасы Әбубәкір Сыдықтың баласы Мұхаммед Әбубәкірұлынан тарайды. Сол себептен мұсылман қауымы оны ерекше құрмет тұтқан. Жалаледдин алғашқы білім сауатын әкесінің жанында оқып жүріп ашқан. Әрі қарай  есейген шағында оқуын  Шираз қаласына барып жалғастырған.

Ол заманда Шираз қаласы айтулы ғылым ошағы болған. Онда атақты ғалымдар мен ақындар өмір сүрген. Жалал Дауанидің сонда барып, білім алу нәсіп етті. Ауылынан алыста жүргендіктен оның әлеуметтік жағдайы нашарлаған күндері де аз болмаған. Өйткені оған кейде уақтылы көмек жетпей қалған. Сондай күндері кедейліктің тауқыметі мен қиыншылығын бастан кешіп, тіпті шырағданының  майына  қаржы таба алмай қиналса да, дарын мен табанды мінезінің арқасында жасымай, барлық ынта-жігерін білім алуға жұмсаған. Осындай қасиеттеріне риза болған ұстаздары оған барынша қолдау көрсетіп, тиянақты білім алуына көп бөлген. Соның арқасында Жалаледдин білім бұлағынан терең сусындап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.

Жалаледдиннің әкесінен бастап Мүһиеддин Кұшкбари Әнсари, Асан Шаһ Баққал, Гили, Әбдіраһман Ижи, Рузбеһан Омари Ширази сияқты атақты ұстаздар мектебінен, Имам Бұхаридың хадисінен, жан-жақты діни білім мен тәлім-тәрбие алуы оны биікке көтерді.

Жалал Дауани ақ-қойынлы әулетінің әйгілі патшасы Ұзын Асан (1453-1478) жж. жиырма бес жыл бойы Иран, Ирак және Анадолының шығыс аймағын билеп, атақ-даңқы асқақтап тұрған кезде Шираз қаласының әмірі Жүсіп Жаһаншаһұлының әдебиет пен білімге ерекше көңіл бөлуінің арқасында оның сарайында уәзірі болып қызмет атқарды. Уәзірліктен кейін қаладағы Бегі медресесінде ұстаздық қызметке кірісіп, шәкірттер тәрбиеледі. Ұстаз ретіндегі атағы алыс-жақын аймақтарға кеңінен таралып, одан білім алу үшін жан-жақтан талапкерлер Ширазға ағыла түсті. Атақ-даңқы араб пен әжәм Ирак, Рұм, Әзірбайжан, Һұрмыз, Керман, Мазандаран, Горган, Хорасанға дейін жетіп, келуші шәкірттердің көптігінен Шираз қаласы білім мен ғылымның орталығына айналды. Дауанидің кәлам, хикмет, тәпсір, хадис, сопылық, поэзия, әдебиет, астрономия, логика, геометрия, биология салалары бойынша жазған еңбектері  ғалымдардың назарын аударды. Осының өзі оның кең өрісті, жан-жақты  ғалым болғанын айғақтайды.

Жалал Дауанидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың пікірінше ол орта ғасырдағы көп салалы білімі болған тұлпардың соңғы тұяғы тәрізді. Оның еңбектері өз заманында негізгі әдебиет ретінде Рұм, Хорасан және Түркістанда ғалымдары арасында кеңінен қолданылған. Сондай-ақ, Дауани ибн Араби сынды ұлы сопылар мен ислам философиясының еңбектерін оқып, көптеген көзқарастар және пікірлермен танысып отырған. Сондықтан да жаратылысты өзіндік ой-көзқараспен танып, пайымдаған. Аты танымал болғандықтан оның еңбектері Мысыр, Үндістан, Ыстамбұл, Санкт-Петербург және Лондонда жарық көрген. Иран ғалымдарының да назарына іліккен.

Дауаниді көзі тірісінде іздеп, мектебінен дәріс алуға талаптанушылар қандай көп болса, бақилық болғаннан кейін де  оның мектебі тоқтамай, көптеген ізденушілер ісін жалғастыра түскен. Солардың қатарына қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлын да жатқызуға болады.  Дауаниды тереңірек танып, білуге ниеттенушілер табылып жатса, аталған елдерде жарық көрген кітаптар және Теһран баспасынан шыққан біз пайдаланған еңбекпен танысып, қажетті мәліметтерді ала алады.

Жалал Дауанидың танымалдығы Иран шекарасынан асып, Осман империясына дейін жетті. Анадолының көптеген ғылымға құштар ізденушілері Шираз қаласына келіп, дәріс алатын болды. Сұлтан Баязид хан (1481-1512) оның шығармаларына қызығып, онымен хат жазысып достық қарым-қатынас орнатты. Осындай  риясыз көңілге риза болған Дауани «Болмыстың айғақтауы» деп аталатын мәснәви түрінде 62 бәйітте жырланған трактатын  жазды.  Баязид сұлтан да ілтипат көрсетіп, оған көптеген сыйлықтар жіберді. Жалал Дауани мен Мәулана Жамиге Баязид тарапынан алтын теңгелер жіберіліп, қолдау көрсетіліп тұрған сол тұста  Иранда сұлтан Жақып (1464-1490) пен шаһ  Ысмайыл (1487-1524)  арасында  саяси талас-тартыстар өршіп тұрды. Шийттік діни ағымды бүкіл Иран жеріне күштеп енгізу үшін Шаһ Ысмайылдың көпшілікті, әсіресе сұнни мәзһабта болған ғұламаларды қуғынға ұшыратуы Дауаниға ауыр тиді. Сондай қуғын-сүргіннің кесірінен 1489 жылдың рамазан айында атақты ғалым, ұлы философ әмір Садреддин Мұхаммед көз жұмды.  Дауани да  әбігерге түсіп, бас сауғалап, бір қаладан -бір  қалаға көшіп жүрді. Бірде Кашан мен Хамадан қалаларын паналаса, кейде араб Ирак өлкесіне барып паналауға мәжбүр болды. Онда да  тыныштық көрмей Лар, Хормоз аралдарына барып, өмірінің соңғы жылдарын сергелдең күйде өткізді.  Мұндай ауыр жағдайы кейінгі жазған «Болмыстың айғақтауы»  трактатында баяндалды. Хормоз аралында 1499 жылы Озди дейтін бір ғұламаның еңбегіне жазған түсініктемесінде: «Дүние надандардың бағында, кемелдік пен ғылым шіріп, құнсыз тауарға айналды. Надандар мұрат тұлпарына мініп, даналар үреймен күн кешіп жүр. Осындай заманадан тәңірімнің құзырына шағым айтамын»,-деп зар мен мұңын жеткізді.

Бір өкініштісі, мұсылмандар арасында сол заманда басталған мәзһабтық талас-тартыс әлі күнге дейін жалғасып,  ислам әлемінің тұтастығына қағып, бірлігіне нұқсан келтіріп  келеді. Қазіргі кезде Таяу Шығыстағы Ирак пен Сириядағы, Йемен, Ливан, Ливиядағы соғыстар мен қақтығыстар осының айқын көрінісі. Сәфәви патшалығының қанды саяси ұстанымы шийттік және сұнниттік  мәзһабтардың ынтымақ пен бауырластығына кедергі келтіруде.

Дауани бір досына жазған хатында налып: «Оқиғалардың толқыны мен тауқыметінен қысым көріп қорқып, абыржудамын. Сондықтан көңілде тыныштық жоқ, жан сарайымда нұр да қалмаған»,- деп мұңын шаққан. Ақынның сол зары бүгінге дейін құбылып, ислам дүниесінің қайғы-қасіреті болып тұр. Қоғамда зиялылықтың орнын қанқұйлы саясат басып, жұртшылық оған қарсы күресуге дәрменсіз болған жағдайда, олардың бойын үрей мен қорқыныш билеп, күнкөрістің қамында адамдар өсекшіл, күншілге айналады. Дәл сондай ахуалға тап болған Дауани  адамдардың жиіркенішті әрекеттері мен өсек-аяңына налиды. Дауани сұнни болғаны үшін көп қуғын көріп,  тауқымет тартты. Көңілін мұң мен зар басып, заманын: «Бүлік тудырған, ақыретті ұран еткен» деп бағалады. - Соңында көре-жүре білгенім: Ердің қадірі ғылым болса, ғылымның құны мал»,- деді. Себебі кімде-кімнің бедел мен ықпалы үкіметте басым болса, қадір-қасиеті артып тұрды. Ал дүниенің байлығына қызыға қоймаған ғалымдар қадірсіз болып қалды. Мәдениет пен қоғамдық қарым-қатынас жиіркенішті деңгейге төмендеп кетті.  Адамдар бір-біріне сенуден қалды, екі жүзділік белең алды. Кейбіреулер жағымпаздықпен мәзһабын биліктің ыңғайына шийттік нанымды қабылдауға көшті.

Жалал Дауанидың екі ұл, бір қызы болды. Бірі - әмір Сәдеддин Әсәд, ол Шираз қаласының ғалымдар қатарында абыройға ие болса, екіншісі- мәулана Әбділһади әкесінің тірі кезінде-ақ қайтыс болған еді. Осы кенжесінің қазасы ақынның жүрегіне ауыр тиді.

Шаһ Ысмайылдың қатыгез саясатының жүріп жатқан жылдары  Шираз қаласының әкімі әмір Қасыр Пернак  Дауанидың осман сұлтанынан мол сыйлық алып жүргенін біліп, оған иелік ету үшін ақынды түрмеге қамап, бар байлығын тәркіледі.  1489 жылы қаланы Әбуфәтһ бек Баяндари жауалап алып, билік ақ қойынлы тайпасының қолына өткен соң Дауани түрмеден босатылып, Казерун жаққа бет алды. Осылай босып жүрген кездерінің бірінде жолшыбай осман сұлтанының ордасына тап болып, сый-құрмет бөленді. Бірақ ондай бақытты күндер ұзаққа созылмады. 1502 жылдың ережеп айында науқастанып, сұлтанның әскери ордасында қайтыс болды. Сұлтанның қолдауымен Дауаниге  ерекше құрмет көрсетіліп, өзінің  туған ауылындағы атақты шейхтердің бірі Әли Дауанидың қабірінің қасына жерленді.

Жалал Дауанидың сопылық ілімі жайлы толық мәлімет беріп  және оған ерекше көңіл бөлгені, бірқатар трактат пен түрлі жазбалар қалдырғаны хақ.  Ол  сондай-ақ Хафиздың  (1315-1390) ғазалдары мен Маһмұт Шәбестәридің (1288-1340) «Гүлшен раз» (Сырлар гүлзары) атты еңбегіне түсініктеме жазып, философиядан гөрі сопылыққа көбірек сенетін болса да, түптің түбінде сопылық та, философия да бір мақсатқа қызмет ететінін аңғартты. Философтың «білгенін» сопы «көретін» меңзеді. Сондықтан да  ақын «Рубаиларға түсініктеме» дейтін еңбегінде жырлаған елу төрт рубаиында философия, кәлам, сопылық туралы ең маңызды мәселелер бойынша ислам ойшылдардың көзқарастарын сөз етіп, талқылады.

Дауанидың парсы, араб тілдеріндегі  терең ой иірімдері, қарапайым, түсінікті тілмен түрлі тақырыптарға жазған шығармалары өзі өмір сүрген заманында да, одан кейін де мектеп-медреселерде оқулық ретінде пайдаланылып келді. Зерттеуші Риза Пур Жавадидың айтуынша: Дауанидың әр түрлі тақырыптар бойынша жазған кітаптарының жалпы саны 106 жетеді.  Оның ішінде: философияға- 17, кәламға- 14, сопылыққа-14, логикаға - 13, тәпсірге- 10, мораль мен саясатқа - 8, фиқһқа -7 т.б.  еңбектер арнаған. Дауанидың ақындығы, көптеген өлең-жырлар жазып қалдырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ақындық  лақап аты: «Фани», «Дауани», «Жалали» деп аталған. Өлеңдерін парсы, араб тілдерінде жазған. Шайырдың өлең жинағы беріде 1973 жылы Бағдат қаласында доктор Үсенәлінің басшылығымен  жарық көрген.

Дауанидың ең әйгілі шығармасы «اخلاق جلالی» (Жалалидың этикасы) деп аталады. Мәселен, адамның жаратылыс табиғатында қоғамдық қарым-қатынастары барысында белгілі бір көзқарасы қалыптасады. Сол  арқылы адамда өзіне тән мінез-құлық пайда болады. Оның пайда болу себебін психология ғылымы: бірінші ата-тегінен-генін, екінші өскен ортасына байланысты  деп таниды. Анасының жатырында бастапқы болмыс клеткасы пайда болып, өскен ортасында жалғасын табады. Көзқарасының дәні өсе түсіп, келешек этикалық ерекшелігін қалыптастырады. Осыған орай этика адам үшін жаратылыс тарихынан бастау алып, түрлі тарихи дәуірлер мен кезеңдердің саяси-экономикалық, әуеметтік тағы басқа факторларға байланысты өзгеріп тұрады. Адамның этикалық ерекшелігі оның қоғамдық қарым-қатынасының ең маңызды құралы болған үшін адамзатта ойлану қабілеті дамыған замандардан бастап, ол жайлы ойлануға тиіс тақырыптарының біріне айналды. Мәселен этика жайында Аристотель, Сократ және Платон сияқты ойшылдар өздерінің көзқарасын айтып, жазған. Әрине олардың көзқарасы кейінгі ойшылдарға өз әсерін тигізгені анық. Бірақ этика жайлы таным ислам дінінің келуімен жаңа мазмұнға ие болды. Осы орайда исламның ғылымға берген бағасы негізінде исламның саяси-қоғамдық даму тарихының үрдістерінде ислам қағидасына сену арқылы исламдық этиканың пайда болып, қалыптасу үрдісін бастан өткізуге тура келді. Сол үшін бірінші болып әл-Фараби исламның діни үкімдері мен адамның басты артықшылығы «ақыл» факторын исламды тануға жұмсау керектігін айтты. Осылайша сана арқылы ислам дінін, оның құндылықтарын тану үрдісі көрініс берді. Осыдан адамның ислами көзқарасы арқылы ислами этиканың да қалыптасу үрдісінің пайда болуы қоғамдық ортада практикалық кезеңін бастады. Мұның негізін   Әбунәсір әл-Фараби қалады. Ғұламаның көзқарасы бойынша адамның ойының қуаты түптің түбінде ең бірінші жаратушыға, яғни барлық себептердің себебі «алғашқы себепке» жету мақсат-мұраты болуға тиіс. Ол үшін тек ақылды болу жеткіліксіз. Оған ерекше даналық дарын қажет. Сондықтан да  теориялық ақылдан нәр алған практикалық ақылдың басты мақсаты жаратушыға жету болып табылады. Ал сопылық көзқарас ақылмен емес, жүрекпен сезінуді ұсынады. Философиялық пен сопылық көзқарастың мақсаты бір болғанымен олардың арасында этикалық өзгешелік бар. Мәселен Қожа Аһмет Йәсәуидің «Хикмет» шығармасы да Аллаға жүрекпен жетуді мақсат етеді. Бұл енді ұзақ әңгіме. Осындай үрдістің жалғасын өзгешелеу сипатта Жалал Дауани шығармасынан  да көре аламыз.

Ислам  діні қағидасының үкімдерін қалыптастыратын көзқарастың белгілі тарихи кезеңде саясаттың  ықпалынан тыс пайда болуы екіталай. Сол себепті дін саяси фактордан тыс азаматтың қоғамдық этикасын қалыптастыра алмайды. Ал «ислам қағидасы бойынша тек исламдық этиканы қалыптастыру керек» дейтіндер абсолюттік көзқарасқа ұрынады. Ондай жағдайда адамның табиғатына сәйкес керекті саяси-қоғамдық еркін көзқараспен қарама-қайшы түсінік пайда болады. Өйткені адамның жаратылыстағы болмысы рухани сұраныспен бірге саяси-қоғамдық сұранысқа ие. Сондықтан да мұсылман ғұламалары саясат пен қоғамдық этиканың бастапқы сабақтары гректің Аристотель, Сократ және Платон сияқты ойшылдарының философиясына сүйене отырып, олардың тәжірибесін пайдалануға ден қойды. Бұл орайда Әбу Жүсіп Кәнди (801-873) Аристотельдің еңбектерін аударып, талдаған болса да, исламның саяси философиясының мектебін алғаш болып, әл-Фараби қалыптастырды. Ойланудың жүйесінде Аристотельдің логикасын жалғастырып екінші ұстаз атанды. Осылайша  бұл үрдіс Әбіласан Тәбәри тұрәнжи (ө:970), Ибн Сина (980-1037), Ибн Һәсим (965-1040) және Ибн Мүскәвәи Рази (932-1030) сынды философ ғалымдар арқылы  жалғасын тапты. Жалали Дауанидың да көзқарасы осы ислам философтарынан бастау алғаны даусыз. Ол әл-Фараби сияқты өз заманының, өзі өмір сүрген ортасының перзенті болған соң саяси билікке құрбан болып жүрген халықтың көрген зәбірін өзі де көргндіктен қайырымды қаланы арман еткен. Замандасы Әлішер Науаи (1441-1501) және Сұлтан Үсейін Байқара секілді қайырымды басшы, Үсейін Ваиз Кашефи (1461-1504) және Әбдіраһман Жәми (1414-1492) тәрізді сопы ақын тұлғалармен жақын достық қатынаста болып, дүниеуи тіршілік, философия, сопылық, саясат, саяси – экономикалық заңдылықтар, психологияға ден қойған. Ол адам таза болып, жақсы мақсатпен қайырымды қаланың қайырымды азаматы бола білу керектігін айтқан. Айтылған ғылым салалары бойынша кітап, трактат жазып, өз көзқарасын білдірген. Әл-Фараби сияқты ақылдың теориялық қабілетін пратикалық деңгейге жеткізу керектігін түсінген.

1. Дауани ғалымдарды ерекше құрмет тұтқан. Өзінен бұрынғы ғалымдардың еңбектерін мұқият оқып танысқан. Соның арқасында түрлі салада мол білім жинақтап, өзгелердің құрметіне бөленген. Өзіне дейінгі ғалымдардың еңбекетеріне ерекше ықыласты болып, шәкірттеріне  үлгі еткен. Дауанидің әсері болса керек. Абай: «Жамандықты көргенде одан безіп, көңіліңді одан суытып, тыйсаңыз. Жақсылықты көргенде одан ғибрат алып, ойға жисаңыз, оның бәрі ғылым болып саналатынын» айтып:

«Болмасаңда ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз»,-деуі  ақын ойының Дауанидың ойымен  ұштасып жатқанын аңғартады. Сондай-ақ, ғұлама ғалым Дауанидың жастайынан ғылымға құмартып, жанкештілікпен оқып өз мақсатына табандылықпен жеткеніне қызығып, өзінің жас шағын босқа өткізгеніне өкініш білдіреді:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Мұнда да Абайдың дүниетанымы Дауанидың дүниетанымымен үндесіп жатқандай. Екеуі де ғылымды қоғамның қайырлы тіршілігі үшін қажетті құрал санайды. Ғылым олар үшін бай болу немесе би болу үшін емес, керісінше қараңғылықтан жарыққа шығу болып саналады.

2. Сабырлы және төзімді болуға тырысқан. Бұған оны өмірлік тәжірибесі үйреткен. Көптеген білімді, танымал ғалымдар сияқты көре алмайтын, іші тарлардың қызғаныш пен қысастығынан зардап шеккен. Өз тілімен айтқанда: «Надандар тіл тигізіп, даттап жүріп, алдына талас-тартыстың отын салып жүрсе де өзінің сабырын сарқымай, байсалды кейпін сақтай білген».Оның осындай мейірлі де сабырлы мінезіне тәнті болғандар  ерекше құрмет көрсетіп, сыйлаған. Мысалы, әмір Сәдреддин Дәштәки сияқты бәсекелестері  күйініп, ызаланып қарсы әрекет жасағанда да Дауани төзімділік танытып, әдептен озбаған. Соның арқасында  қоғамдағы бедел-абыройы одан сайын арта түскен.

3. Айтыс-тартыстан аулақ жүру керектігі туралы. Дауани адамша өмір сүру үшін ұрсып-керісуден сақ болу керектігін айтады және де өзі де соны ұстанған. Мәселен: Дауани біреуге бір мәселені айтса, анау түсінсе де түсінбегенсіп тұрады. Сонда ол сөздің тоқы етерін айтып, әңгімені қысқартады. Жиында айтыс-тартыс пайда болып, күшейе түссе, үндемей шығып кетеді. «Уақытты бос сөзбен өткізгеннің орнына жақсы іс істеп өткізген жөн»,- дейді.

4. Мансапқа тәуелді болмау керектігі жайында. Дауани басқару психологиясын жетік білген. Осындай қабылетіне қарай уәзірлік қызмет атқарған. Бірақ уәзірлікті лауазым, мансап деп қарамай Науаи сияқты халыққа жақсы, қайырлы жұмыстар жасауға ұмтылған. Сондықтан кейбір себептермен қызметінен  айырылып қалса, оған еш қайғырмай, үйреншікті ғылым мен біліммен айналысып, түрлі қоғамдық жұмыстарға ауысып елге пайдалы қызмет жасай берген.

5. Мақсатқа берік болуы туралы. Дауани әуелден алдына білім алып, ғалым болуды мақсат етіп қойды. Сол үшін де туған ауылында сауат ашқаннан кейін оқуды жалғастыру мақсатында Шираз қаласына барып, үлкен ұстаздардың мектебінен дәріс алуға ниеттенді. Ширазда жүргенде  қаражатсыз қиналған кездері  аз болған жоқ. Бірақ соның бәріне  табандылықпен шыдап, оқуын жалғастырды. Жоғарыда айтылғандай, шырағына май алуға ақшасы болмай қалған күннің өзінде  орталық мешіттің дәлізіндегі жарықта тұрып, ұстазының тапсырмасын қалтқысыз орындады. Сондықтан да мақсатқа берік болу аса қажетті қасиет екенін шәкіртеріне айтып, оқырманға жазып, ең бірінші болып өзі үлгі көрсетті.

6. Махаббатқа берік болу хақында. Адам баласының жаратқанға махаббаты қандай болса, оның пендесінің де басқаға мейірлі болуы уәжіп. Өйткені мейір-шапағатқа толы қоғамда «әділет» ұғымы қажет болмай ұмытылып қалады. «Әділет» жиі айтылатын қоғамда мейір-шапағат аз болатыны анық.

Абай:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті»,- дейді. «2-57»

Жалал Дауанидың дүниетанымдағы тағы бір ерекшелігі, ол сопылыққа қаншалықты іңгәр болғанымен дүниеуи өмірден қол үзбеген. Бұл дүниенің әсемдігінде көре білгендіктен материалдық игіліктердің адамның бақытты өмірінің негізгі құрал екенін де жақсы түсінген. Өйткені адамның жаратылыстағы болмысы зат пен рухқа тәуелді. Екеуі адами өмірде таразыны тең ұстауға жетелеп, теориялық ақылдың қуаттылығы - практикаға өткенде ғана көрінеді. Сондықтан да Дауани ислам қағидасына сай «қанағат», «еркіндік» және «ағайын-туыстарға игілік жасаудың» негіздерін экономикалық тұрғыдан қарастырған. Соған орай: 1. Қанағат: әр адамның тұтынудағы деңгейі оның қажетілігінен асып, ысырапқа жол бермеуі ләзім. Сондай -ақ азаматтың ақша жинауы, құныққан байшыкеш болып кетуіне айналмауы тиіс. Ол үшін қанағат қажет. 2. Еркіндік: әр азаматтың сауда жасап, адал жолмен табыс табуға еркі болу керек. Бірақ оның табыс табуы өзгелердің бодан болуына негіз қаламағаны жөн. Адамдардың бодан болуы кейде тікелей, кейде тікелей емес жолмен іске асады. Олар: а) – Тікелей түрінде жұмыс беруші жұмысшыға еңбек ақысын толық немесе жартысын төлемей қояды. ә) – Тікелей емес түрінде өндіруші қоғамға қажет емес тауарлар өндіріп, қажетті тауарлардың өндірілуіне жалған бәсеке тудырып, қымбатшылыққа жол ашады. Мәселен тұтынушы тұрмысқа керек тауарды сатып алудың орнына қажет емес тауарды сатып алып, қажетті тауарға ақшасын жұмсамай қажеттілік пен қажеттілік емес тауарлар арасына бәсеке тудырып,  қоғамның пайдалы жүйесін бұзып, экономиканың сырқаттануын тудырады. б) -  «Ағайын-туыстарға игілік жасауды» - Ауқатты адам өзінің ағайын-туыстарына түрлі жағдайларды көмек беріп тұрса, қоғамның экономикалық дамына оң әсер етеді. Ондай жәрдемнің бірнеше түрі бар. Олар: а)- жан көмегі, ағайынның жаны қатерге түскенде оған аямай көмек беріп, оны аман алып қалуға қол ұшын беру. ә)- мал көмегі, әлеуеті төмен ағайындарға тұрмыстық көмек беріп, аяққа тік тұруына ықпал ету. б)- ақыл кеңес беру көмегі, кейде ағайын тәжірибелі, көрген-білген ағайынның ақыл кеңесін қажет етеді. Ол үшін ағайындық қарым-қатынаста болуы шарт. Өйткені кейде сол ағайынның дұрыс кеңесі мұқтаж ағайынның өмірлік бағытына тура жолды көрсетіп, бағыт-бағдар береді. в)-  Ағайынды қорлаудан сақтанып жүру, ағайынға қажжетті көмектерді бере алмаған жағдайда ең болмағанда оған зияндық жасамау керек. Қорлауға: ғайбаттау, жала жабу, тіл тигізу, даттау, кемсіту, айыптау, қызғану сынды әрекеттер жатады. г)- Көңіл сөз жәрдемі, адамдар ағайындық қатынаста аталған көмектердің ешқасысын бере алмаған жағдайды, бір-біріне көңіл бөліп, мейірімді болулары оның өмірге деген құштарлық түйсігін белсенді болып тұруына септігін тигізуі тиіс. Ағайынға ешқандай жәрдем бере алмаған жағдайда оны тілдеп, өсектемей, тіршілігіне араласпаған абзал.

Түйіндеп айтқанда ағайын-туыстық қарым-қатынаста екі мақсат болғаны жөн.  Біріншісі - ағайынның отбасылық қарым-қатынасы бір-біріне аталған көмектерді беруге ниетті болып жүру. Екіншісі- ешқандай көмек бере аламаған жағдайда түрлі сөз бен іс-әрекеттер арқылы қорламау. Сондықтан ағайындық қатынастарда осы аталған екі шартты естен шығармаған дұрыс.

Абай заманындағы ағайындық қарым-қатынас қалай болған дегенде ақынның сына өлең жолдары еске түседі:

«Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды». «1.68»

***

«Кеселі болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып біріне
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас қасыңда.
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп,
Қалтаң-құлтаң амалдар.
Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетер-ді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ
Келер менен кетерді». «1.69»

Дауанидың ұғымынша бодансыз экономиканың пайда болуы үшін дені дұрыс, сауатты, көзі ашық, экономикалық қатынасты білетін азаматтар керек. Ондай сауаттылық оқу-тоқумен, экономиканы практикалық түрде іске асырумен орындалады.

Экономикалық әділеттілікті орнатуда: 1. Өндіріс 2. Тарату 3. Сазай - көрініс  береді. Өндірісте істелетін жұмыс пен жұмыс ақысы арасындағы байланысты назарда болуы шарт. Өйткені, өндірілетін тауарға жұмсалатын істің ауқымы  арасында тікелей байланыс бар. Экономикалық әділетке негіз бола алатын тағы бір фактор - тауар алмасу. Тауар алмасу да өндірістегі іс пен өндірілген тауар құнының арасындағы ара-қатынасқа байланысты алмасу керектігін ұсынып отырғанын, яғни екі жақтың тауарының құнына қарай бағалануы керек. Тауар алмасудың екі түрі болады. 1. Болымды түрде тауар алмасу деген екі жақ екі түрлі тауарды бір-біріне ұсынғанда аталған екі тауардың құнының тепе-тең  болуы. Себебі, екі тауардың құны бір-бірімен тең болмаса, бірі екіншісін қанаған болып шығады. 2. Болымсыз түрде тауар алмасу деген саудагердің екі жағы бір-бірінен құнды тауарын аяп, оған беруге қимай тауар алмасудан бас тартқан жағдайда сауда-саттық тоқырап қалады.

Дауани елдің экономикалық тура жолда дамуында үкіметтің үш міндетін атап өткен. 1. Экономиканың жетіліп, дамуын қамтамасыз ету, экономикалық бәсекелес жағдайында бірде біреуі өзгенің  қаналуына, үстемдік көруіне жол бермеу, тауар бағаларын орынсыз көтерумеу ережесіне бағындыру, сауда жұмысын жүйеге бағындырып, тұрақтылығын қамтамасыз ету. Үкіметтің экономикалық бағыттағы ең басты міндеті жалпы халықты: жұмыс,тамақ, киім-кешек, баспанамен қамтамасыз етіп,  денсаулығын сақтау, қаланың гүлденуі мен абаттануына және мәдениеттің өркендеуіне жол ашу болып табылады.

2. Үкімет әрқашан халықпен мейір-шапағатқа негізделген ұстаныммен қарым-қатынас жасауға міндетті.

3. Үкіметтің тағы бір міндеті - әрбір жұмысты білікті, кәсіпқой маманға тапсырылуын қадағалау болып саналады.

Экономикалық қазынаны басқару және қаржы-қаражатты жинақтау жайында. Дауанидың айтуынша табыстан шығынның мөлшері аз болуы керек. Сонда қаржы жинақтауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ жинақталған байлықтың ешқашан бір түрде болмағаны дұрыс. Мәселен, біре барлық байлығын ақша күйінде сақтаса, ұрлық немесе өрттің кесірінен айырылп қалуы мүмкін. Сөйтіп ол, ойламаған жерден тақырға отырып қалады.

Экономиканың алға жылжуына қауымдасып, жәрдемдесу айтарлықтай ықпал етеді. Осы ррайда Жалал Дауани: «Егерде адамдар өз қоғамында бір-біріне жәрдемдесіп, жұмыстарды бөлісіп атқармаса,  тіршілік тұралап қалады.  Өйткені адам тамақ пен киім-кешек, баспана сияқты түрлі нәрселерге мұқтаж. Оларды даярлау үшін әртүрлі  құрал-жабдықтар қажет. Олардың бәрін бір адамның жасауы қиын. Әрі жеке адам қажеттіліктің бәріне өзі өтеуге кірісетін болса, оған уақыты та мүмкіншілігі де  болмайды, қабылеті де жетпейді. Ал адамдар  қажеттіліктерін бір-бірін қанамай қамтамасыз етер болса, өмірдің бағы мен берекесі мол болады»,-дегнеді айтады.

Экономикаға серпін беретін тағы бір жәйт- қоғамның әрбір мүшесі өндіріс процесінің үш сатысы: өнім, өнімді тарату және тұтынуына қатысуы тиіс. Сондай-ақ, экономикалық әділеттілікті орнату үшін әр адам өзінің табиғи қабілеті мен қалауы бойынша бір саланың білікті маманы болуы керек. Сонда ғана өндірісте мамандар бір салаға дағдыланып, өз саласының асқан шебері болып қалыптасады. Нәтижесінде өндірілетін тауарлардың сапасы жақсарады. Әрі мамандар арасында бір-бірімен ортақ жұмыстарды бір-біріне көмектесіп атқаруға негіз қаланады. Сайып келгенде еңбектің өнімділігі өсіп, тауарлардың  сапасы, артады,аз шығынмен мол өнім алуға мүмкіндік туады.

Дауани тауарды сатуда, сауда-сатықта ең тиімді құрал ретінде ақшаны пайдаланғанды  жөн санап, оның  құны алтынмен есептелуі керектігін айтады.

Экономиканың өндірістік бағдарламасында адамның табиғи сұранысы жатырдағы сәби анадан нәр алады. Демек, адам баласы ең әуелі азық-түлікті өндіруді қолға алып, сонан соң барып киім-кешек, баспанаға ден қоюы  керек. Экономикалық дамудың кейінгі бағыты сәбидің денесінің жетілуіне беттелуі қажет. Өйткені сәби жылауымен өзін қорғау керектігін сездіреді. Ал оның өзін қорғауға денесінің мықты болғаны жөн. Сонымен бірге оның рухани сұранысы бар. Сондықтан экономикалық жоспарлар білім-ғылымға жұмсалуы ләзім. Осы орайда жол, көпір салу, мешіт пен медреселер тұрғызу адамның қоғамдық мәдениетінің жетілуінің бір бөлігі саналады. Адам тіршілігіне қажет нәрселер экономиканың іргесі  іспеттес. Бұл ретте үкімет жұмысшының шеберлігін арттырып отыруы тиіс. Себебі шеберлік артқан сайын шығын азая түседі. Қысқаша айтқанда: «Кімде кім өндірістің үш сатысының біріне кіріскенде өз ісіне беріліп, жетілуіне мүдделі болып, өзінің кемсітуіне жол бермеуі қажет»,- дегені, жұмысшы өзінің кісілігін өзі сыйлап, құнтағаны болады.

Өндірістің ең маңызды ерекшелігі – адамды қанаудан тыс болуында. Дауани бұл жайында: «Дүниенің ең көрікті сәні көңілдің тыныш болғаны. Оның ең тамаша өрнегі әділет, пәктік, мәрттікке ірге қалаған өндіріс»,- дейді.     Дауани өндірісті екі топқа бөледі:1. Қажетті тауар өндірісі, мәселен: егін шаруашылығы өндірісі. 2. Аса қажетті емес тауар өндірісі, мәселен: зергерлік бұйымдар, сурет салу.

Мемлекеттің қажы қайнарын үш топқа бөледі. Олар: 1. Шариғаттық табыс. Оны мұсылман Алла үшін мемлекетке зекет есебінде төлейді. 2. Берегендік табыс. Жомарт кісілердің сый-сияпатынан жиналатын қаржы. 3. Қорғанысқа арналған қаржы.

Дауанидың тұтыну жайында пікірі бойынша адам тиісті деңгейде тұтынғаны дұрыс. Ол қашанда қажетсіз тауарлар мен сәндікке арналған тауарларды тұтынудан сақтануы керек. Бірақ қажетті тауарды тұтынғанда үнемі не артық не де кем болмау керектігін ескертеді.
Мемлекеттің экономикалық өркендеуіне өндіріс басты назарда болып, кез келген азамат елдің өндіріс саласына ат салысып жүргені абзал. Өйткені өндіріс арқылы қоғамда жұмыссыз топтардың пайда болуы тежеледі. Ал кімде кім тақуалық, ғибадат сынды сылтаулармен өндірістен қашқақтап жүрсе, оның әрекеті өзгелерді қанау болып саналады. Жұмыссыздықты ашық және жасырын түрін анықтау керек. Мәселен балшы, сиқыршы сияқты істерді жасырын түрдегі жұмыссыздар қатарына қосуға болады.

Жалал Дауанидың саясат пен саяси басқару жайында да өзіндік пікірі бар. Оның көзқарасы бойынша мемлекет патша тарапынан басқарылғаны жөн. Онда шариғат заңы бірінші орында, ал патшаның басқаруы екінші орында тұруға тиіс. Бірақ қожа Нәсир Тусидың саяси этикасына қосымша  патша төменгі он шартқа бағынып жүруі керек дейді. Олар:

1. Патша теркеу істерде үнемі жәбірленуші жақта болуы керек. Ол өзіне қаламағанды жәбірленушіге де қаламау керек.

2. Тергеу жұмысын тез-арада жүзеге асыру керек. Әйтпесе кешіккен сайын әділеттен алыстай береді.

3. Жыныстық қатынасқа құмар болмауы керек. Оның соңы билігінің күйреуіне апарып соқтырады.

4. Патша үкім шығарғанда рақымды болып, ыза мен кекке жол бермеуі тиіс.

5. Халықтың ризалығын тәңірінің ризалығынан табу.

6. Хақтың ризалығынсыз халықтың ризалығына бармау керек.

7. Тергеу патша қолында болса, әділетті болу. Ал шешім оған тиісті болса, кешірімді болғаны жөн.

8. Адал, таза адамдармен сұхбаттас болып, олардың ұсынысын, берген кеңесіне құлақ асуы қажет.

9. Түрлі жоғары мансаптарда лайықты адамға тапсырып, сұрқия адамдардан сақ болғаны абзал.

10. Патша тек қана өзі әділдікке бағынумен шектелмей төңірегіндегі шенеуніктерге әділетті болуларын қадағалап, әділетсіздікке жол бермеуі керек.

Абай да қазақтың саяси ахуалына өзгеше қырынан қарап сарапқа салған. Ол болыстық үшін  талас-тартыстар және орыстың саяси-қоғамдық үстемдік жайын дәл көрсете білген. Онда: « Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп. Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім». «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»,-«2.90» деп тағы да қазақты ойландырды, намысына қамшы салды. О заманда  қазақ саяси отардың бұғауында болды. Енді заман өзгерді отарлық бұғаудан саяси тәуелсіздігіміз құтқарды. Енді оянуға бар мүмкіндік туған. Бұл жайын да Абай ескертіп кеткен:

«Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.

Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе,
Иемнің әділ пендесі?

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі

Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы»,-деген. «1.126-127» Маңдайдағы екі көз көреді. Бірақ сезе алатын жүрек жоқ. Пәрменді ұстай алатын сана жоқтығы оны надан айуанға айналдырып жіберген. Бұл жырдағы «хикмет» төрт көзді де аша білетін иман көзі. Әл-Фараби философиясынан бастау алған «хикмет» теориялық ақыл, практикалық ақылға айналып, әрі даналық қабілеті жаратыслыстың бастау себебіне жеткізе алатын даналық қуат «хикмет» болмақ деген. Сондықтан Абай:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас». «2.56»,-деп жырлап, дүниеуи шындықтан илаһи ақиқатты тапқанын айғақтайды. Міне, сондықтан да  Абай «хаким» атауына лайық ойшыл болған. Қазақты саяси-экономикалық тығырықтан шығара алатын жолды Қожа Аһмет Йәсауи бастап, Абай  жалғастырған.

Жалал Дауани мен Абай Құнанбайұлының саяси өмірінің ұқсас тұсы бар. Дауани жастық шағында саясатқа араласып, Шираз қаласында Жүсіп қара қойынлы әмір болғанда оның уәзірі болып қызмет жасайды. Біраз уақыт өткен соң уәзірлік жұмысынан бас тартып, ұстаздық жұмысқа ауысады. Себебі: «Қара қойынлы әмірлері ақ қойынлы әмірлеріне қарағанда әлде асқан қатал, рақымсыз болған, және діни ғибадаттар мен діни құндылықтарға неқұрайлы қараған». Осыған байланысты  Дауани саяси биліктен кетіп, ғылым мен білім бет бұрған. Абайдың да: « Мұқыр еліне екі жылдай болыс болып елдің таусылмас дау, бітпес талас-тартысынан қажып, босанбақшы болады да ояз бен жандаралға бірнеше рет арыз беріп ақыры болыстықтан босауы»,- осыдан. « Бұл жылдардың ішінде Абай Семей қаласындағы Қарақондыбай Науыты дегеннің оңаша үйін пәтерге алып, кітап оқуға кіріседі. Өзге ағайын-туғаны оны жазғырып ренжігенде Абай ел партиясынан босап ғылым жолына түскеніне қатты қуанады. Семейде көп айлап жатқан осы тұста Абай қасына Мырзақан баласы Баймағамбетті алып қалып, «барып кел, шауып келге» он екі жасар Кәкітайдыжұмсап отырған. Абай күндіз бір мезгіл ғана ояз кеңесіне барып көрініп келеді де кітап оқуға кіріседі. Кешке шам жаққанда Баймағамбетті қасына отырғызып қойып, кітаптағы өзі оқыған әңгіме, ертегі хикаяларын айтып береді. Келесі күні кешкілік Баймағамбетке айтқызып, өзі тыңдайды. Баймағамбеттің жаңылған жері болса қайта ұқтырып түзетеді. Осыдан кейін Баймағамбет елге барған соң «Мың бір түн», «Алты бармақ», «Жеті үй» тағы талай әңгімені күні-түні жалықпай көпшілікке айтып беріп, ауылдастарын күншығыс елі шығармаларымен таныстырып отырған.

Абай осы уақыттан бастап ел жұмысына көп араласпай тергеу жұмысы болсын, болмасын соғым соя Семейге келіп, оңаша пәтер жалдап қар кетіп, жер қарайғанша қалада жатуды әдетке айналдырған. Осы мезгілде орыс ғалымдарының кітабын көп оқиды, кітапханамен қатынас жасап оқығанын қайтарып беріп жаңадан керек кітабын алып отыратын болады».

Осы орайда Абай да адамның рухани жетілуін экономика-әлеуметтік жағдайларға қатысты қарастырып, руханият пен дүниеуи тіршілік бір-бірінен ажырамас болмыс екенін айтқан. Алайда Абай заманында қазақ елінің саяси-экономикалық, мәдени-қоғамдық ортасы мүлдем өзгеше сипатқа ие болатын. Сондай өзгеше орта тудырған: саяси психология, экономикалық психология, мәдени психология, қоғамдық психологияны қазақтың құбылып тұрған психологиясын бір қалыпты заңдылыққа бағындыру қиын еді. Сондықтан да Абай шығармасында қазақ психологиясының бір келкі, қалыпты мінез-құлыққа бағынуын армандаса да түрлі саяси, экономикалық және дәстүрлі мәдени ортадағы өзара психологиялық талас-тартыстың ортасында жүзеге асуы мүмкін болмады. Ол тек қана шарттардың өзгеруін күтуге мәжбүр болды. Ол шарттар Алаш қайраткерлері саяси-қоғамдық майданға қадам басқанда ғана туды. Әрине алаш әрекетінің бастауында Абайдың қазақтың тауқыметті тағдырына уайымдап, не істеу керектігі жайындағы ой мектебінің негізі жатты.

Абай қазақтың экономикалық-әлеуметтік  бағытын былай сипаттайды: «қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен. Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?» «2.94-95». Осылай ұлы ойшыл Абайдың сол заманғы Ресей патшалығының отаршыл саяси зымиян ойынының қазақ психологиясын күйретіп, қорғансыз жағдайға алып келген бет бейнесін қайғыра отырып сомдап бергенін Алаш қайраткерлері мақұлдап, оның шығу жолын ойлануға мүмкіндік алды. Өйткені Абай қазақ психологиясын жан-жақты ой елегінен өткізіп, не істеу керектігін жаңа буынға аманат еткендей болды. Абай 3-сөзінде қазақтың жағымсыз бейнесін тағы да сомдап берді. Онда: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?  Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым - солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден  кетпек - әр қазақтың ойы осы»,- деп күйінеді.

Осылай қазақ қоғамының экономикалық- әулемметтік кедейлігінің қандай ұнамсыз жағдайға душар еткендігін анық байқап бейнелеген. Абай осындай күйзелісінің шығар жолында Дауани сияқты этика мен экономика арасындағы байланысты назарда ұстап, өзінің қайырымды қалаға үмітпен қарап, ұсыныс айтар да жағдайда болмады. Өйткені ол кезде қазақ қоғамы кедейліктің кесірінен, болыс болу қамының шеңберінен шыға алмай надандықтың бұғауында тұтқын күйді басынан өткізіп жатты. Ондай ауыр күйзелістен шығу жолдары кез келген ұлт-ұлыстың ұлттық саяси санасының оянуы арқасында жаппай халықта ұлттық саяси психологиясының қалыптасуын қажет етеді. Ал қазақ ол кезде ондай ұлттық сасяси дең гейге көтеріле алған жоқ-тын.

Сол дәуірдегі қазақтың қиын ахуалын Абай сезе білді. Ол дерт болып, Абайдың бойын жайлап, жүрегін жеді. Сондықтан да ол:

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сөйтіп құдай атады.
Бұл нең десе біреуге
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жаурап қатады»,- деп  жазды.«1.66-67». Кезінде Дауани да сондай замананың дертіне шалдығып: «Дүние надандардың бағында, кемелдік пен ғылым шіріп, құнсыз тауарға айналған. Надандар мұрат тұлпарына мініп, даналар үреймен күн кешіп жүр. Осындай заманадан тәңірімнің құзырына шағым айтамын»,-дей келе: «Оқиғалардың толғыған толғығандары мен тауқыметтің үйірілген қысымынан қорқып, абыржудамын»,- деп сырлас-досына хат жолдаған. Оның хаты тарихтың куәгер ойшылының  зұлматпен сабақтасып, үндесіп жататынын көрсетіп, Абайды тереңдеу түсінуге негіз қалай алады.

Бірақ Дауани өзін дертін сөз етсе, Абай қазағын дертіне уайымдайды. Ол дәуірде қазақ ауыр халде болды. Өзінен ауыр жүкті өзінен өзгеге артып, оны құрбандыққа шалды. Сол кезде өз дертін өзгеге артумен қауымының дертін еселеп жатқанына да ойлай алмай надандық қапаста қамалып жатты. Бұл күйреген психологияның қорғаныс қаракеті қазақ қоғамында дәстүрге айналды. Сонда қазақ еліне бас болатын басшы да болмады. Қазақ халқының хандық саяси жүйесі құрдымға кеткен 1847-1904 жылдар аралығында саяси алаң қазақтың саяси қайраткерлерінен толықтай босап қалған жағдайда еді. Қазақта жаман қарғыс бар: «Ой бейбастақ» деген. Басы жоқ қоғам күйрей бастайды. Қазақ сондай күйге тап болған-тын. Абай қайғырды. Алаш қазақты құтқаруға қамданды. Алаш қазаққа лайық ұлттық саяси кемесін жасап берді. Сол кеме тарихтың талай дауылдарына төзіп, бүгінге жеткізе алды.

Абай қазақтың экономикалық кемістігін тағы бір рет өзге ұлт-ұлыстардың экономикалық өрісімен салыстыру арқылы көрсетіп береді. Онда: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, бірімен бірі, ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық - бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ», - деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі - бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері». «2.90»,- деп түйіндегені Дауанидың тілімен айтқанда: қазақ өндірістің үш сатылық-өнім, өнімді тарату және тұтыну процессінің біріне де қатыспай келген. Қазіргі заманда ол олқылықтың орны толды ма? Осы орайда ноғай бауырларымыз қаншалықты іскер болса, саяси басшысы болмай «Бейбастақ» күй кешіп кете берді.

Жалал Дауани өмірінің тағы бір қыры, ол дүниені шарлап, көптеген елдерді аралып, көп көріп, көп естіп білім қазынасын молайытқан. Иранда: Тәбриз, Гилан, Кашан аймақтарын, Иракта Бағдат, Бәсра тағы басқа өңірлерді, Ауғаныстанда Һерат қаласы мен аймақтарын, Үндістан елінің бір талай өлкесін аралап саяхат жасаған. Сондықтан қазақтың: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегеніндей Дауанидың дара дарын мәйегіне алған мол біліміне көрген-естігендерін қосқан оның ғұлама ғалым қатарында тұруына сеп болғаны хақ. Ал Абай болса өзінің көкірек көзімен Дауани әлеміне саяхат жасай алған жолаушы іспеттес.

Адам болмысының табиғатында мейір бен жауыздық мәйегі түрлі қуаттарға қаруланып, бой көрсетуге өзінің тиісті кезегін күтіп тұрады.

Жалал Дауани өте білімді ғалым, ұстаз ретінде философия, математика, кәлам, логика, фиқһ, тәпсір, хикмет, психология, әдебиет салаларында білім алып, ұстаздық қызмет атқарып алыс-жақын елдерден жүздеген шәкірттер оқытып тәрбиеледі. Көптеген трактат пен кітаптар жазып  қалдырды. Оның адам психологиясы жайындағы жазған еңбектері маңызды тақырыптарды қозғайды. Мәселен, адам нәпсісінің табиғатындағы, күндестік, күншілдік, іштарлық, қызғаншақтық сияқты балама сөздермен айтылатын кесел, кеселдердің ең жаманы. Бұл жайында Құранда: «Таң шапағының тәңіріне... күндеген кезде күншілдердің кесірінен сақтай көр деп сыйынамын».«113, 1-5»,- деген.

Дауани да ислам қағидасының ізімен күншілдікті: «Қызғаныш-біреудің берекесінің кеткенін армандайды. Ол оны өзінің соған қол жеткізуге қызғанса, нәпсінің құмарту қуатына ерген болады. Ал оның қызғанышы жайдан-жай болса, нәпсідегі кек қуатының ең сұрқия түріне бағынған болып саналады. Бұл күншілдік кеселінің ең жаман түрі. Өйткені қызғаншақ өзгенің қайыр-берекесіне күйінеді, бірақ тәңірінің ырыс-берекесі ешқашан адамзатқа тоқтамайды. Сондықтан қызғаншақтың да қызғанышы ешқашан тоқтамайды. Хадисте қызғанышты: «Күншілдіктің оты игіліктің қырманын күл қылады, от отынды күйдіріп, күл қылғандай», - деп сипаттаған. Күншілдіктің ең сұрқия түрі ғалымдар арасында болады»,-деп түйіндеген ақын. «Дауани: 174-175». Бұл жәйт Абай шығармаларында да айтылған. Соның бір шумағы былай:

«Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?»

Адам үшін өкінішті нәрсе, әр жамандық пен жақсылық атауының қайнар көзі өзінің адами болмысынан екеніне көп көңіл бөле бермейді. Адам өз нәпсісінен бастау алатын қызғаншақтықты жүрегінің махаббат қуатымен бақылауға ала алмаса, өзі де, өзгелер де одан опық жей береді. Сол үшін Абай айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,- деген иманыңды берік ұстап, ел-жұртыңа қайырымды іс қылмақ үшін: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»,-дейтіндей  пенделік пиғылдан арылу қажет.

Ислам Жеменей,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  ф.ғ.д., профессор.

Abai.kz

10 пікір