Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2218 0 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 11:02

Тәжікстанда президент сайлауы қарсаңында айлық пен зейнетақы көтеріледі

Коронавирус пандемиясы кесірінен бюджет тапшылығын көріп отырған Тәжікстан үкіметі 1 қыркүйектен бастап, президент сайлауы қарсаңында, бюджет қызметкерлерінің айлығын, зейнетақы мен стипендияны көтеру туралы шешім қабылдады.

Республикада президент сайлауы биыл қарашада өтеді деген болжам бар.

Пандемия кезінде елде азық-түлік қымбаттады. Тұрғындар айлықтың көтерілуін дұрыс шешім деп қабылдады.

Тәжікстанның қаржы министрі Файзиддин Каххорзода айлықты, стипендияны және зейнетақыны көтеру туралы жарлық жобасы дайын болғанын хабарлады. Құжат биыл 1 қыркүйекте күшіне енеді деген нұсқау бар.

"Президент жарлығының жобасын біз министрліктерге келістіруге жолдадық. Пандемияға байланысты туындаған қиыншылықтарға қарамастан, біз айлық пен зейнетақыны көтеруге мүмкіндік таптық", - деді қаржы министрі. Бірақ ол мұндай шешімнің қай қаражатқа жүзеге асатынын айтпады.

Соңғы мәрте елде айлық пен зейнетақы екі жыл бұрын – 2018 жылы қырқүйекте 15 пайыз көтерілген. Биыл да сондай пайызға көтеріледі.

Тәжікстанда ең төменгі айлық - 400 сомони (40 доллар), ал бюджет қызметкерлерінің орташа жалақысы - 1 мың сомони (100 доллар).

Abai.kz

0 пікір