Жұма, 26 Сәуір 2024
Ғибырат 3698 4 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 12:14

Тәж-тажал – елдің ынтымағына жарықшақ түсіре алмайды

«Басқа түссе баспақшыл» демекші өлмеген құл сұм өмірдің талай қызығы мен шыжығын бастан кешіреді екен. Тышқан жылы алалайды анда алдырып, бұлалайды мұнда алдырып, бой бермей тұрған кәрі қатты індетке қай иығымды тосып тойтарыс берсем екен деген сары уайым жанымызды жегідей жеді. Тәуелсіздік алғаннан бері талай мехнатқа тап болсақ та, дәл мұндай қасіретті көзбен көреміз деп ойламаппыз. Күнбе-күн көз алдымызда індеттен жантәсілім етіп жатқан марқұмдардың жаназасын шығарып, қара жердің қойнауына беру, қайғысына ортақтасып, жақын-жуығына басалқы айту, қасіреттің жүгін көтерісіп, аза тұту, мың жерден байсалды болуға тырыссаң да адамға ауыр тиеді екен. 

Жадау көңілімізге медеу болған жайт – арда азаматтар бастама көтеріп, ел басына келген нәубетті еңсеру үшін бар күш-қуатын салып, халыққа көмек қолын созуда. Қалың бұқараның қамы үшін жер-жерде қайырымдылық акциялары өтіп, қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер ауруханаларға тегін таратылуда. Ірі меценаттармен қатар жаны жомарт кәсіпкерлер, тіпті үрерге иті, сығарға биті жоқ қара халықтың өзі де індетті тойтару үшін қолындағы барын сарп етуде. Тәж-тажал – талай жанның өмірін жалмағанмен, халқымыздың бірлігіне жарықшақ түсіре алмады. Арғымақтың баласы арыған сайын тың шауып, аурудың әуселесіне, індеттің іріткісіне бой берген жоқ. 

Бізді қатты қуандырған хабар – Қазақстандағы эпидемиялық ахуал күрт күшейген тұста, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан секілді түбі бір туыс түркі елдері бірінші болып көмек қолын созды. Арысы – Саудия, Катар, БАӘ секілді араб ағайындар, берісі Құдайы көршімыз – Ресей мен Қытай, сондай-ақ, Австралия, Сингапур, Үндістан т.б.мемлекеттері гуманитарлық көмек жіберіп, тілеулестік танытты. Аталған елдердің өздері керемет жырғап жатпаса да, Алаш баласы ауылынан ауруды аластауға жәрдемдесті. Бұл да Қазақстанның індетпен күресте жалғыз емес екенін, халықаралық саясатта өзіндік орны бар субекті екенін әйгілеп берді.  

Шариғатымыздың негізгі мақсатттарының бірі – адам өмірін қорғау болып саналады. Алла-Тағала Құран-Кәрімде: «Кімде-кім адамның өмірін сақтап қалса, барша адамзаттың өмірін құтқарғанмен тең» («Мәйда» сүресі, 32-аят) деп бұйырады. Дініміздегі осы үкімді негізге алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти, хазірет Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен руспублика көлемінде «Өмірге үміт сыйла» акциясын өткізіп, дін шырақшылары мен жанашырлары да халықтан жылу жинап, емханаларға өкпені жасанды желдету аппараттарын (ИВЛ) және қажетті дәрі-дәрмектер мен ағарған ас-ауқат жеткізіп беруді қолға алды. Ел көлемінде жүргізіліп жатқан қайырымдылық шарасы өз жемісін беріп, қазіргі таңда жиналған миллиондаған қаражат ел игілігіне жұмсалуда. Сонымен қатар, ҚМДБ жамағат болып намаз оқу, жаназа шығару, ас беру т.б. діни рәсімдерді атқару барысын індеттің алдын алуға қатысты пәтуалар қабылдап, еліміздегі сақтық шараларының күшеюіне септесті. Бұл – ел басына күн туғанда Қазақстандағы әлеуметтік институттардың қарап қалмай, халық үшін қал-қадерінше ат салыса алатынын көрсетіп берді.

Ал, Қазақстан үкіметін тәж-тажалға тойтарыс беруде аузын қу шөппен сүртіп, құр қарап отырды деп айта алмаймыз. Жыл басында індеттің дүбірі естілгеннен-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің органдардың шұғыл тағанақ кеңесін өткізіп, эпидемияның алдын алуға мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаражат бөлді. ҚР Денсаулық сақтау уәзірлігі барынша сақтық шараларын қолға алды. Шетелдерде жүрген мыңдаған отандастарымыздың қауіпсіздігін ескеріп, оларды едел-жедел елге алдырды. Мемлекеттің тапсырысымен БАҚ тәж-тажалдан санитарлық сақтану жолдары туралы жиі-жиі дабыл қақты. Көктемгі карантин кезінде білім ордалары онлайн қызметке көшіп, ойын-сауық орталықтары, саябақтар, ірі сауда орындары мен кейбір кәсіпорындар және т.б. халық көп жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылды. Жұмыссыз қалған миллиондаған азаматтарға жәрдемақы тағайындалды.  

Тәж-тажалдың көктемгі шабуылының осылайша бетін қайтарғандай болғанымызбен, іле-шала сырқаттың сырына үңілмей самарқау қарағандығымыздың кесірінен елімізде жазтоқсанның басында індет өршіп шыға келді. Мәселеге салғырт қарау – еңсеңді салы суға түсіретін ең басты кесапат екенін білсек те, осы жолы бейғамдық танытамыз деп пневмониядан оңбай таяқ жедік. Иә, өзге елдермен салысырғанда індеттің әдепкі арыны қатты болмағандықтан, халық сақтық шараларына немқұрайлы қарай бастады. Тіпті, ел ішінде бұл аурудың қауіптілігіне күмән келтіріп, қалың бұқараны дәркүмән күйге түсірушілер де көп болды. Осындай ала-құла күй кешудің салдарынан сан соғып қалдық. Эпидемияның таралуы қарқынды күш алып, алдын алуға бой бермей кетті. 

Десе де, халық болып, мемлекет болып бірлесіп күресудің арқасында соңғы күндері індет кері шегінді. Мемлекет қайтадан қатаң карантин шараларын қолға алғандықтан және пневмонияның жүрдім-бардым қарайтын ауру емес екеніне халықтың көзі жеткендіктен, елдегі өлім-жітім аз да болса азайды. Бұйырса, мемлекет бақылауды күшейтіп, халық сақтық шараларын ынты-шынтымен орындаса, сондай-ақ, жемқорлыққа жол берілмей әрбір азамат өз міндетін адал атқарса, бұл эпидемияны да түбегейлі еңсере аламыз деп ойлаймын. 

Түйін: «Хакім Абай өзінің ғақлиясында: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлы боласың» – дейді. Иә, ең бастысы сол – Алаш баласының бір-біріне деген мейірімі мен махаббаты атқақтап тұрса, ондай Алланың сүйген құлдарын ешбір індет, ешбір жау ала алмайды. Ендеше, Алаш баласы ауру-сырқаудан аман болып, баршамызға Алланың сүйген құлы болу нәсіп болсын деп тілеймін!    

Ермек Мұқатай, 

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

Abai.kz

4 пікір