Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
4044 11 пікір 25 Шілде, 2020 сағат 14:25

Тарханның баласы

Биыл ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтіп жатыр. Оның тұлғасы және мұрасының түрі мен мазмұнына қатысты түрлі мақалалар, аудио және видео материалдар жарық көріп, түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Біз де осынау ұлы іске өз үлесімізді қосу ниетімен мақалада Ұлы ойшылдың жұртшылыққа мәлім емес жақтарын сөз ететінімізді айта кеткім келеді.

Ақылына қоса азат жігері бар адамның басты міндеті – өзінің ақылға негізделген еңбегінің арқасында бақытқа жету.

Аты-жөні

Ұлы ойшылдың аты-жөнін ортаға­сыр­лық тарихшылардың өздері де әр қилы жазады. Оның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Узлуғ (Узлағ) бин Тархан әл-Фараби ат-Турки. Барлық дереккөздерде, әсіресе ең көне және сенімді есімдердің бірі осы деп көр­сетіледі. Алайда әл-Фарабидің есімі кейбір қолжазбаларында Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед ат-Тархани деп жазылғаны ортағасырлық биографтардың еңбекте­рінде тіркелген. Ат-Тархани бұл жерде адам аты емес, әкесінің әскери дәре­жесін көрсететін титул, шен. Кейінгі тарихшылар Ұлы ойшылдың атындағы әр сөз сайын «бин» – ұлы деген сөзді қосып, «тар­хан» сөзін оның арғы атасы етіп жіберген.

Әбу Насыр да оның аты емес. Арабша «куния» деп аталады, қазақтың «пәленнің әкесі» дегеніне келеді. «Куния» үйленген адамға және оның үлкен баласының атымен байланыстырып беріледі. Бұл Ұлы ойшыл­дың үйленгенін көрсетеді. Егер үйленіп баласы болмаса, онда оның куниясы Абу Абдулла (Құдайдың құлының әкесі) болар еді.

Дұрысы Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлуғ Тархан әл-Фараби ат-Турки. Ұлы ойшыл Мұхаммед Узлуғ тарханның баласы. Оның әскери қолбас­шы­ның баласы екендігін көптеген орға­сыр­­­лық тарихшылар атап өткен. Қазақша Әбу Насыр Фараби деп негіздесе болады, себебі «әл» араб тілінің белгілі және белгісіздік мағынасында жұмсалатын көмек­ші грам­матикалық элементі ғана, қазақ тілінде ешқандай маңызы жоқ «бесінші дөңгелек». Мысалы, араб тілінде әл-Құран, аш-шариа, бірақ біз Құран, шариғат деп жазамыз және айтамыз.

Туған жері мен шыққан тегі

Әбу Насыр әл-Фараби шамамен 870 жылы Түркістанның (облыс деген мағы­нада емес) Фараб қаласында өмірге келген. 950 жылы Дамаск қаласында жерленген. Негізінен ортағасырлық тарихи шығар­ма­ларда «Өзеннің ар жағында түркілердің Фараб деген бір қаласында туған, шыққан тегі түркі» деп көрсетіледі. Бір­ақ ­Ұлы ой­шыл­дың шыққан жері мен тегі ту­ралы тартыс оның көзі тірі кезінен жал­ғасып келеді. Ортағасырларда оның түркі, парсы және араб екендігін дәлелдегендер болған. Кеңес заманында қазақ-өзбек деп екі жақ­қа тартты. Іс жүзінде, әл-Фарабиді қазақ қоғамына қайтарған, елімізде фараби­тану­дың негізін қалаған Ақжан әл-Машани екендігі баршаға аян. Осы геолог ақсақал әл-Фарабиді қай­тар­са, екінші бір геолог абыз Олжас мәмлүктерді қазақ­қа қайтар­ғаны ерекше кездейсоқтық!

Бет-әлпеті

Әрине, Ұлы ойшыл туралы сөз бол­ғанда оның бейнесі, түрі қандай болған деген сұрақ ойға келеді. Тарихымыздағы тұлғаларды ойдан салып, өтірікті шындай етіп көрсететін тәсілді бәріміз білетіндіктен философтың бет-бейнесі біздің бұқаралық ақпарат беттеріндегі суреттегідей емес деп ойласаңыз шындықтың ауылынан алыс кетпегеніңіз. Ұлы ойшылдың бейнесі бізге жеткен жоқ, алайда оның ортағасырлық тарихшылар қалдырған жазбаша пор­треттері бар. Әл-Байхақи «Ойшыл көп­теген түркілер секілді екі жағына мүлдем сақал шықпайтын асатт», яғни көсе бол­ған­дығын жазады. Іс жүзінде, әл-Фараби сіздер көріп жүрген суреттердегі қарасақалды емес селдір шоқша сақалды ғана болған. Әл-Фарабидің жазбаша портретінің болуы қолданыстағы қияли суреттің негізсіз, ғылыми емес екендігін көрсетеді.

Сыртқы бейнесі

Білім алған альма-матеріміз – әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­сите­тінің алдындағы Ұлы ойшылдың ес­керт­кіші екі рет салынды. Соңғы ес­керт­кіштегі сәлдесі дағарадай. Неге сәл­де­ге тиісіп отырмыз, себебі Ұлы ойшыл ешқашан басына сәлде орамаған. Орт­ағасырлық тарихшылар «әл-Фараби түркіше киініп жүрген, басында қа­лан­суасы болған» – деп жазады. «Қа­лансуа» араб тілінен «тақия» деп аударылады. Атақты тарихшы Ибн Халликан «Шам елінің ғұламалары жиналған мәжіліске кіріп келді. Үстіне түркі киімін киген. Ол осы киімді әрдайым киіп жүретін» – деп жазады.

Өмір салты

Әл-Фараби жалғыз болуды ұнататын жә­не салт басты болғандықтан ол елден ау­лақ жүруді қалайтын. Көптеген ортаға­сырлық тарихшылар Ұлы ойшылдың өмір сүру салтын сол заманның сопы өміріне ұқсатады. Алайда ол мүлдем жалғыз жүрді деуге негіз жоқ, себебі оның қызметшілері, кейін атағы шыққан соң қасында шәкірт­тері болған. Ол көшкен кезінде үйін сатып, қызметшілеріне бостандық беріп, аса жақын шәкірттерімен бірге кететін.
Жетпістен асқан шығында Шам өңіріне келіп, Алеппо билеушісі Сейфуд­дауланың қамқорлығында болғанда ол күнкөріске одан күніне 4 күміс дирхем алып тұрған. Бұл аз ба, көп бе? Төрт деген санға қарағанда аз. Мысалы, сол кезеңде осы билеушіні 9 жыл паналаған арабтың атақты ақыны әл-Мутанабби жылына үш мың алтын динар, яғни айына 250 алтын динарды тартынбай алған. Ал алтын динар әл-Фараби заманында 15 күміс дирхамнан, әр дирхам 100 филстен тұрғандығын есепке алсақ, Ұлы ойшыл айына 120 дирхам, яғни 8 алтын динармен шектелген. Жылына 96 алтын динар. Бұл валютаның сол кездегі құнын түсіну үшін Ұлы ойшыл заманында халифаттың жаяу әскері айына 20, ал атты жауынгері 40 дирхам айлық алғанын айта кетейік.

Халифат кезінде білімді адамдарды «әлім» және «әдиб» деп екіге бөлген. Әлімдер ғылымға берілген жоғары идеялы адамдар, ал әдибтер білімі бар, бірақ тек материалдық жағдайын жақсартуға ұмтылған оқытушылар. Мысалы, әлімдер 100 дирхемге балаларға сабақ беруге келіссе, әдибтер сол жұмысты атқаруға 1000 дирхамға саудаласатын. Әлімдердің мәнін әл-Фарабиден кейін өмір сүрген әл-Хазини деген астрономның әрекетінен көреміз. Атақты Санжар сұлтан оның еңбегін бағалап, 1000 алтын динар бергенде, ол «Маған оның қажеті жоқ. Менің әлі он динарым бар. Маған бір жылға 3 динар жетеді. Үйімде менен басқа бір мысық қана бар» – деп ақшаны қайтарып береді. Әл-Хазини аптасына үш рет қана түстенетін, ал қалған күндері екі шелпек нанмен күн өткізетін. Әл-Хазини шынында аскет адам болған.

Әл-Фараби әлімдер қатарына жатады, сондықтан оған ақша ғылыми және тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін ғана қажет болған. Ортағасырлық тарихшылар оның трактаттары өз қолымен және шәкірттерінің қолымен жазылғандығын атап өтеді. Әл-Фараби қанша үнемдегені­мен өзінің трактаттарын тарату үшін қағаз, сия, көшіріп жазушылар, түптеушілер мен оларды таратушылардың еңбекақысын беру үшін қаржыға мұқтаж еді. 920 жылы Ислам халифатының астанасы Бағдат шаһарына келуі. Ұлы ойшыл туралы жазғандар ол Бағдат шаһарына, жалпы алғанда, Халифаттың қалаларына білім іздеп барған деп көрсетеді. Алайда, бұл қате тұжырым. Әл-Фараби ол жаққа білім іздеп барған жоқ, өзінің білімін көрсетуге барған.
Иә, Халифат жеріне жетісімен логика, тіл білімі, медицина бойынша сол заманның мүйізі қарағайдай ғалымдарынан дәріс алған. Бірақ, оны дәріс алу емес, білімін жетілдіру деп бағалау керек, себебі мұсылман тарихшыларының өздері Ұлы ойшыл қысқа уақыт ішінде ұстаздарынан асып түсті деп жазады. Өздеріңіз ойлаңыз­даршы, әл-Фараби Бағдат шаһарына табан тірегенде жасы елуде болған. Елу жас ол кезде өмірдің қарттық кезеңі саналған. Бағдат шаһарына дейінгі өмір жолы белгісіз Ұлы тұлға Халифат жеріне кемелденген шағында келген.

Ис­лам хали­фатының Аббас әулеті билік құра бастаған тұста 751 жылы Самарқанда қағаз шығару ісі қолға алынады. Бұл ақпараттық революцияға тең оқиға ғылым мен білімнің түрлі салаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Тері мен папирусқа жазу әдіре қалып, арзан бағалы самарқан қағазы жарты әлемді жаулап алады. Халифат аумағында жылына мыңдаған қолжазбалар дүниеге келіп, олар ғылыми ортада тез таралады. Қасиетті Құранды тек қана қолмен жазу керек деген догма кітап басу ісінің кенжелеп қалуына әкелгенімен, оның есесіне құсни хат — каллиграфия адам айтқысыз түрде дамиды. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасуды тездетіп, айтары бар ғалымдарды ғылым орталықтарына итермелейді. Ұлы ойшыл Харран қаласына атақты ғұламаға барып, қысқа мерзім ішінде Бағдат қаласына қайтып келеді де, сол жерде 20 жылға жуық тұрады. Шығармаларының негізгі бөлігін осы жерде жазады. Атағы кеңге жайылған Ұлы ойшылдың төңірегіне шәкірттер жинала бастайды. Әл-Фараби 941 жылы жасы 70-ке келгенде Шам өңірінің Дамаск қаласына бағыт алады. Ары Каир қаласына өтіп, одан қайтып келіп, Дамаскіде тұрақтап қалады. Бұл заман Аббас әулеті билеп тұрған Халифаттың әлсіреген тұсы еді. Түрлі иеліктердегі билік сол жердегі билік басындағы топтардың қолына көше бастайды. Ұлы ойшыл Дамаскіге келгенде бұл аймақты Хамадани әулетінің атақты өкілі Сейфуддаула басқарып тұрады. Ақындар мен ғалымдарды ерекше ұнататын осы билеуші Ұлы ойшылдың бір жиында жиналған ғұламалардың бәрінен асып түскендігін өз көзімен көріп, оған ықыласы ерекше ауады (Хамадани әулеті шииттік династия болғандықтан француз шығыс­танушысы Анри Корбенге әл-Фараби де шиит болған деуге негіз берген). Қазір­гі за­манғы отандық фарабитанушылар ары кетсе кеңес кезінде қол жеткен ғылыми зерттеулерді айналсоқтап жүргендей әсер қалдырады. Оған кейбір фараби­тану­шы­лардың (аты-жөндерін жазбай-ақ қояйын) Ұлы ойшыл Араб халифатына барған, араб қоғамына қатты сіңген, «қарапайым бағбан» болып істеген деген үстірт сөздері айғақ болады. Араб халифаты тарихта болмаған. Бұл термин кеңестік шығыстану ғылымының ойлап тапқан қитұрқы термині. Тіпті араб ұлтшылдарының өздері Халифатты олай атауға ауыздары бармайды, себебі оның ресми атауы әл-Хилафа әл-исламия, яғни Ислам халифаты. Іс жүзінде, шариғатқа негізделген Ислам халифаты 622 жылы құрылып, оның байрағы 1259-1517 жыл аралығында қыпшақ мәмлүктердің қолында, 1514 жылдан 1924 жылға дейін Осман сұлтан­дарының қолында болды. Егер бастапқы халифатты Араб халифаты деп атасақ, онда одан кейінгісін Қыпшақ халифаты, одан соң Түрік халифаты деуге тура келер еді. Бұл бір. Екіншіден, әл-Фараби көрген Бағдат шаһары алып мұсылман мемлеке­тінің астанасы, түрлі ұлттар тұратын аудандардан құрылған ірі мегаполис еді. Мұ­сылман үмбеті түрлі тілдерде, оның ішінде араб, парсы және түркі тілдерінде сөйлеген, бірақ оларды ортақ дін біріктіріп тұрған. Оның үстіне Аббас әулетінен шыққан халифа әл-Муғтасамның (833-842) анасы түркі болғандықтан оның Мауаранахр – Өзеннің ар жағындағы жерлерден – Самарқан, Хорезм, Шаш құл базарларында сатып алынған түркілерден арнайы үлкен әскери топ құрғаны тарих ағымына үлкен өзгеріс әкелді. Тіпті халифа олар үшін Бағдаттың іргесінен жаңа қала салып, сол жерге түркі жауынгерлерді орналастырады. Қаланың атын Самара деп атайды. Арабша «сарра ман раа» – деген сөйлемнің ауызекі тілде қысқарған түрі, қазақшаға «көрген адам қуанған» деп аударылады. Түркі мәмлүктерінің саптама етіктерінің табаны тиген, адам көрсе қуанатын көркем қаланың Шығыршық мұнарасы осы күндерге дейін сақталған. Сондай-ақ, Халифаттың үкімет пен әскер бас­шылы­ғындағы арабтар мен парсылар арасындағы ашық та жасырын бәсеке түркілердің күшеюіне тағы бір себеп болады. Тарихшы Абу Шама: «Арабтың менмендігі мен парсының билік құмарлығынан таза, жастай әкелініп, арнайы әскери тәрбиеден өткен түркі мәмлүктердің Халифаттың саяси өміріндегі орындары күннен-күнге күшейіп, олар көп ұзамай мемлекетті басқару ісіне араласа бастайды. 861 жылы халифа әл-Мутауаккил өлген соң Хали­фат­тағы билік олардың қолдарына біржолата көшеді. Халифалар олардың қолында тұтқын секілді еді. Олар оны қажет деп тапса тақта қалдыратын, қажет деп таппаса тақтан түсіретін немесе өлтіретін», – деп жазады. Көзі тірі итальяндық шығыстану­шы Ф. Кардини бұл жөнінде: «Ислам әлеміндегі гегемония арабтардан түркілерге көшкен еді. Араб тілі Ислам дінінің қасиетті тілі болып қала берді, бірақ кейбір функцияларын парсы тіліне беруге мәжбүр болды. Құнарлы жерлердегі қалаларда тұратын саны шектеулі арабтар мен көшпелі тайпалар есепке алынбайтын. «Араб» сөзі «бәдеуи» сөзінің синониміне айналған еді» – деп жазды.

Әл-Фараби міне осындай кезде Бағдат шаһарына келді және оның мақсаты – арабқа сіңу немесе гастарбайтер (бағбан) болып істеу емес, сөзін бағалайтын ғылыми ортаны табу еді. Жоғарыда әл-Фараби елу жасында Бағдатқа барды деп айттық. Әл-Фараби «Жас кезіңде білім байлығын жина, қартайғанда сол байлықты шаш» деген Низамидің принципімен өмір сүрген. Иә, әл-Фарабидің Бағдат шаһарына келген себебі – Харун Рашид халифа кезінде құрылған Бейт әл-Хикма (Даналық үйі), қазіргі тілмен айтсақ Мұсылман әлемінің ғылым академиясында өз білімін паш ету еді. Даналық үйі бастапқыда түрлі ғалым салаларындағы кітапхана, ескі дүниенің кітаптарын араб тіліне аудару орталығы болса, әл-Фараби заманына қарай ғылыми ізденіс, білім алу, аударма, қолжазба шығару, түптеу, тарату орталығына айналған еді. Академияның қасында кезбе ғалымдар үшін жатақхана да болған. Басқа жұмыс істегендігіне келсек әл-Фарабидің философ екендігін ұмытпауымыз керек. Ол кездегі философия – практикалық және теориялық болып екіге бөлінген. Теориялық философияға – логика, құдайтану, табиғаттану, медицина, химия, арифметика, астрономия, геометрия, музыка, метафизика жатса, практикалық философияға – экономика, саясат, этика, грамматика, риторика жатқан. Көріп отырғанымыздай осы салалардың барлы­ғында дерлік зерттеулер жүргізген Ұлы ойшылдың басқа жұмыс істеуге, оның ішінде бағбан болып істеуге уақыты да жоқ еді. Айтпақшы, әл-Фараби Бағдатқа келген алғашқы жылдары қазы – судья болып істеген, бірақ ғылыми жұмысына кедергі болған соң тастап кеткен. Тарихшылар Ұлы ойшыл сулы, ағашы бар жерге қоныс­тануға тырысқан деп жазады. Ондағы мақсаты елден жырақ болу, ғылыммен алаңсыз айналысу еді. Ибн Халликан «Адамдармен мәжіліс құрып отырмайтын, суы, ағашы бар жерді ұнататын. Сондай жерлерде шығармала­рын жазатын, сол жерде істейтіндер оған сыртынан қарап жүретін», – деп көрсетеді.

Трагедиясы

Енді менің ойымша әңгіменің ең маңызды тұсына келдік. Жалпы алғанда, ислам діні поэзия мен философияның құдайтану саласына, шек тудырады деп ақындар мен философтарға күдікпен қараған. Философия адам ақыл-ойының жемісі, ислам ақидатына қарама-қайшы, керағар келеді, себебі ислам мен философия өмірдегі сұрақтарға екі түрлі жауап береді. Философтар «Адам деген кім?», «Әлемді танып білуге болады ма?», «Құдай бар ма?», «Материя мен сананың қайсысы бірінші?» және тағы басқа сансыз сұрақ­тарға жауап іздейді, яғни «неге» және «қалай?» – деген сұрақтар қояды. Ал ислам дінінде бұл сұрақтарды қоюға болмайды. Сон­дықтан мұсылман теологтары филосо­фияға қатысты қатаң айқындама ұстанған. «Философия – ақылсыздық пен құлдыраудың, шатасулар мен алдаудың негізі, ауытқу мен дінсіздікке әкелуші» – деп санаған.

Философтардың басты «виртуальды жендеті» бұрынғы философ Имам Ғазали болды. Ғазали грек философиясы қайшы­лық­тарға толы, ислам діні негіздеріне қарама-қайшы деп санаған. Осы Ғазали «Таһафату әл-фаласифа» (Философтардың далбасасы) деген еңбегін жазып, мұсылман философтарының басына қара бұлт үйірген фундаменталист ғалым. Ол 20 мәселе бойынша әл-Фараби мен Ибн Синаға айып тағып, оның 3 мәселесі бойынша екеуін «кәпір», 17 мәселе бойынша «зиндиқ» деп жариялады («кәпір» – Алла, оның пайғамбары мен шариғатын қабылдамайтын адам, ал «зиндиқ» өзінің сондай екенін жасыратын екіжүзді адам). Имам Ғазали «Адасудан құтқарушы» деген кітабында: «Әл-Фараби, Ибн Сина сол секілді шииттенген мұсылман философтарын діннен аластату (такфир) керек» деп жазған. Имам мұсылман рациональдық философиясын жоюдың негізін салып кеткен тұлға саналады.
Есектермен есек бол – шын бейнеңді көрсетпе!
Көк есектен сұ­расаң – ол «Мен ұлымын» дер.
Егер біреуде есектің құлағы жоқ болса,
Ол есектер үшін – нағыз зиндиқ!
(сөзбе-сөз аударма – Қ.С.) – деген өлең жолдарын Ибн Сина осындай кезде жазған.

Осы тұрғыдан алғанда «әл-Фараби мұрасына діни тұрғыдан қарау қаншалықты орынды?» деген сұрақ туады. Біздің кейбір отандық фарабитанушылар тіпті философия деген сөздің көне грек сөзі екендігіне күмән келтіреді. ««Пәлсапа» сөзінің философияны «фалсафа» деп ар абша айтылу варианты екендігіне қарамастан, «пәл» деген – «жақсы сөз», «сапа» деген – «сапалы» деген мағынаны білдіреді және сапалы сөз Құдайдан ғана шығады», – дейді. Адам өз қиялына ерік берілсе оның апарып тығатын қалтарыстары сансыз ғой. Кейбір замандас кәсіби тарихшылардың, зерттеушілердің дін, теология шоқпарын белдеріне байлағандары сырт көзге оғаш көрінеді екен. Тақырыпқа жанама түрде қатысы болғандықтан айта кетейік. Жақында, бір тарихшы ортағасырлық мұсылман жазба ескерткіштерінде Тәңіршілдік туралы бірде-бір сөз жоқ деп, кесіп айтты. Тарихи зерттеу методологиясы мен тәсілдерін ысырып қойып, құдды бір шалғайдағы ауылдағы мешіттің имамы секілді сөз саптады (имамдардың құлақ­та­рына алтын сырға). Осы сәтте сонау студент­тік жылдары оқыған Ибн Фадланның «Еділ бұлғарларына сапар» деген туындысындағы түркілер иектерін көтеріп, «Бір Тәңірі» деп айтады деген жолдары ойыма сап ете қалды. Ал бұл тақырып мақсатты түрде зерттелсе теологияға іш тартқан кәсіби тарихшылар мүлдем ыңғайсыз жағдайға түсер еді деп ойлаймын.

Мұрасы

Әл-Фараби сансыз ғылыми трактаттар жазғанымен оның 40 ғана біздің заманымызға жеткен (32 араб, 6 иврит және 2 латын тілдерінде). Ибн Халликан: «Әл-Фараби еңбектерін кітап, брошюра түрінде өте сирек жазған. Ол көбінесе ғылыми еңбектерін қысқаша тарау, түсіндірме түрінде қалдырған»,– деп көрсетеді. Шәкірттері оларды топтастырып, кітап түрінде шығарған. Әбу Насыр әл-Фараби Платон және Аристотель ілімдерінің ислам әлеміне әкелген ислам ойшылдарының бірі және ол өзінен кейінгі мұсылман философтарына үлкен әсер еткен. Әл-Фараби философияны теологиядан, яғни діннен бірінші болып бөлді. Орта ғасырларда өмір сүрген және оның көзқарастары әсер етпеген мұсылман немесе христиан философын табу қиын. Әл-Фараби Аристотель мен Платонның шығармаларын аударып, оған үлкен толықтырулар жасағаны үшін ол «Екінші ұстаз» атағын алды. Сол кездегі ғылыми ортада ғалымдарға жасаған еңбегіне қарай осы секілді лақап ат беру әдеті бар еді. Мысалы, жоғарыда айтылған философтар­дың жауы Имам Ғазали «Ислам дінін құтқарушы» деген лақап атқа ие болған!

Әл-Фарабидің де бір жерге тұрақтамай байыз таппай Халифаттың қалалары арасында көше беруінің бір сыры бар. Оның өлімі де көптеген сұрақтар туындатады. Ұлы ойшылдың өмір жолы түрлі деректер бойынша 79-84 жас аралығында үзілген. Халифат аумағында 30-34 жыл, оның ішінде 9 жыл Дамаск қаласында тұрған Ұлы ойшыл осы қаладан Жерорта теңізі жағалауындағы Асқалан қаласына кетіп бара жатқанында, кейбір деректер бойынша келе жатқанында жол тонаушы қарақшылардың шабуылына тап болады. Бастапқыда қарақшыларға «Көлік малды, қару-жарақ пен киім-кешегімді алыңдар, бірақ жан сауға» – дегеніне қарамастан, олардың өлтіретініне көзі жеткен ол аттан түсіп, садақпен атысып, шайқаста шейіт болып өледі.

Сонымен Ұлы ойшылдың денесі Дамаск қамалының Баб сағир (Кіші қақпа) қақпасының қасындағы зиратқа қойылды (Қазіргі кезде Дамаск қаласының ортасында). Жаназасында Сейфуддаула ғана төрт нөкерімен болады. Дін адамдары, мешіт имамдары философты жерлеуге қатыс­пайды. Сейфуддаула қандықол қарақ­шылар­ды ұстатып, оларды философ қабірінің жанында жерге қағылған бөренелерге керіп өлтіреді.

Әл-Фарабидің әртүрлі салалардағы көптеген идеялары мен пікірлері сол кездегі түсінікке және діни постулаттарға қайшы келді. Алайда әл-Фараби толерантты «Исламның алтын ғасыры» кезінде өмір сүрді және оның символдарының бірі болды. Ислам ренессансы деген атпен тарихқа енген құбылыс Халифат құрамына енген түрлі конфессия, этникалық топтардың, оның ішінде түркі халықтары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асты. Ислам дініндегі фундаменталистік бағыт күшейген сайын мұсылман рациональдық фило­софиясының шоғының қызуы да кеми бастайды. Ал діни фанаттардың ортағасырлық мұсылман рационалды философиясына тосқауыл қоюы түбінде мұсылман әлемінің тоқырауына әкеліп соқты.

Қайрат Сәки

Abai.kz

11 пікір