Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4229 0 пікір 24 Қараша, 2011 сағат 15:10

Қазақ елі – Атамекен ренессансы

Егемен еліміздің жиырма жылдық өмір­баяны тарихқа айналып барады. Жиырма жыл ес жиярлық уақыт. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дары күн тәртібінде тікелей тұрмысқа қатысты мәселелер шешімін күтіп тұрғандықтан, хал­қымыздың арғы-бергі тарихы, оның қилы-қилы қатпарлары толығымен тарқатылмай, сол түйдек-түйдек қалпымен отандық ғылымға орнығып қалғаны бар. Тарихи сана бірден қалыптасып кете қоятын феномен емес. Оның үстіне тарих­шыларымыздың дені «ескі тарих» бесігінде бөленіп шыққандар, бұл істе, әсіресе тарихқа маркстік көзқарас өзінің зардабын тигізді.

Репрессияға қазақ зиялылары ғана емес, қазақтың тұтас тарихы түсті.

Егемен еліміздің жиырма жылдық өмір­баяны тарихқа айналып барады. Жиырма жыл ес жиярлық уақыт. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дары күн тәртібінде тікелей тұрмысқа қатысты мәселелер шешімін күтіп тұрғандықтан, хал­қымыздың арғы-бергі тарихы, оның қилы-қилы қатпарлары толығымен тарқатылмай, сол түйдек-түйдек қалпымен отандық ғылымға орнығып қалғаны бар. Тарихи сана бірден қалыптасып кете қоятын феномен емес. Оның үстіне тарих­шыларымыздың дені «ескі тарих» бесігінде бөленіп шыққандар, бұл істе, әсіресе тарихқа маркстік көзқарас өзінің зардабын тигізді.

Репрессияға қазақ зиялылары ғана емес, қазақтың тұтас тарихы түсті.

Мақала тақырыбын «Қазақ елі - Атамекен ренессансы» деп атауым осы күрмеуі қиын ел тарихына қатысты әңгіме туралы. Осы мақалаға дейінгі ренессанс деп айтып, жазып жүргендерім ізденістер екен. Қазақ ренессансының нағыз мазмұны енді анықталған сияқты. Қазақ ренес­сансы екі ұғымға: «Қазақ елі» және «Атамекен» идеясына тікелей қа­тысты. Атамекен идеясы жаңалық емес. Ол әр қазақтың сана-сезіміндегі асыл, ішкі рухани иірімі. Менің қарекетім асыл, ішкі рухани иірімдерді сыртқа шығару. Атамекен - ренессанстық идея. Ол бүгінгі Қазақ елінің тыныс-тіршілігімен, рухани қуатымен, келешекке деген асыл армандарымен жүзеге асып отыр. Бұл идея ең алдымен Қазақ елінің байырғы тұрғындары тегі қазақтарға және олармен тарихи тағдырлас болған өзге де этнос өкілдеріне, ел азаматтарына тән. Себебі, олар ешқашан да атамекендерінен аумаған. Ғасырлар бойы нендей алапат, қасіреттерге төтеп беріп, бөгде аймаққа қоныс аудармай, атамекендерінде өмір сүрген. Ақыры армандарына жетіп, әлемге әйгілі егеменді Қазақ елі атанды. Бұдан асқан қазақтар үшін, ел азаматтары үшін құндылық болуы мүмкін бе?

Мемлекеттер өзгере берген, бірақ атамекен идеясы үнемі сақталып отырған. «Мәңгілік Қазақ елінің» мағынасы да осы атамекен идеясымен анықталмақ. Атамекенге болашақта да ие болу келер ұрпақтардың парызы.

Ата-бабаның мұрасы - Атамекен.

*  *  *

Ел деген сонау Түрік қағанатынан бері ай­тылып келе жатқан мағыналы ұғым. Баба­лары­мыз «мәңгілік ел» идеясын арманға қосқан, бертін келе Асан-қайғы «жерұйық» идеясын Қазақ елінің ұлттық идеясына айналдырған. Ел деген ауқымды ұғым. Оны жіктеп қарастырсақ, алды­мен жерді (яғни, атамекенді) ауызға аламыз, одан кейін сол атамекенде болған мемлекеттер, олар­дың басшылары, содан кейін елдің субстанциясы - халық және оның тарихи-мәдени құндылық­та­ры сөз болады. Елдің басты өлшемдері: Жер, Мем­лекет және Халық. Халқымыз жерге деген қатынасын Атамекен деген идеямен айғақтаған. Атамекен ата-бабаларының өмір кешкен гео­графиялық ортасы. Атамекеннің қазақ халқы үшін қилы-қилы тарихы бар. Әйгілі «Қозы Көр­пеш - Баян сұлу» жырының тарихи контекстіне назар салсақ, ол  кезде шамамен қазіргі Қазақ елінің тер­ри­ториясы сол кезде де осы күйінде, мүмкін бұл ауқымнан кеңірек болғанға ұқсайды, себебі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры тек қазақтарға ғана емес, татар, башқұрттарға да ортақ. Сірә, ол кезде бұл халықтар қазіргідей жеке-жеке этностарға жіктелмеген. Сонда атамекенімізде қандай мемлекеттік құрылымдар болды, оны нақтылау тарих­шылар үлесіндегі іс. Жыр фабуласына сүйенсек, бұл оқиға Шыңғыс ханның шапқыншылығынан бұрын болған.

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры сол кездегі Атамекеннің рухани, көркем баяндамасы. Ол заманда түркімендермен де ара-жігіміз көп ажыратылмаған. Оған дәлел жырда бар. Жырдың бір нұсқасында Қозының әкесі Сарыбай ханның тегі түркімен еді деген ақпарат бар. Ал Лев Гумилев гуздар туралы еңбегінде: мұсылмандықты қабылдаған гуздар түркімен аталған деген тұжырымға келген. Олай болса, Қозы Көрпештің тегі түркімен. Ол мұсылмандықты қабылдаған гуз. Жырда Қозы Көрпештің мұсылмандығы туралы дерек бар. Қозы қайғылы жағдайға душар болып, дүниеден озғанда, оны Каспий өңірінен 50 мыңнан аса әскермен арнайы іздеп келген уәзірі Айбас Қозының жаназасын өзі шығарады. Ал Қарабай болса найман тайпасының ханы, бәлкім, ол әлі мұсылмандықты қабылдамаған болуы да керек. Бұл деректің айғағына Шоқан Уәли­ха­нов­тың жазбаларын келтіруге болады. Ол Қозы Көрпеш - Баян сұлу кесенесіне жолай соққанда, оның төңірегіне қойылған балбал тастар барын айтқан. Айбас Қозының жаназа­сын шығарып, оны арулап жер қойнауына беріп, зәулім кесене салып біткен соң еліне қайтқаннан кейін, жергілікті жұрт Қозы мен Баянға өзде­рінше құрмет көрсетіп, кесене төңірегіне балбал тастардан ескерткіштер қойған. Өкініштісі, Шо­қан көрген сол балбал тастар қолды болып, жоғал­ған. Осы жайларға қатысты айтарым, қазіргі Қазақстанның кең даласы бұрын біздердің және түркі тілдес тайпалардың атамекені болған. Сондықтан, Атамекен идеясы жерге тікелей қатысты дейміз. Әңгімемізді өрбіте айтсақ, тәуелсіздік алған жылдардан кейін қауышып жатқан Түркия елінің азаматтарының да атамекенге деген ынталары өте зор. Олар өздерінің шыққан тегі, яғни атамекені қазіргі қазақтың даласы екенін мойындап қана қоймай, сол атамекенге қызмет көрсетуді өздерінің борышы деп санайды. Бұл жөнінде Мағжан Жұмабаевтың айтқан жыры да айғақты дәлел:

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?

Қазіргі қазақ даласында (территориясында) ондаған мемлекеттер болған. Олардың бәрі дерлік кейін келе ру-тайпалардың аттарына, этно­нимге айналған. Мысалы, Үйсін, Қаңлы, Дулат, Найман, Керей, Қыпшақ, т.б. бір кездегі қазақ даласында болған мемлекеттің атаулары. Шы­ң­ғыс хан шапқыншылығынан кейін мемлекеттің жаңа типтері пайда болды. Олар: Алтын Орда мемлекеті, оның ыдырауымен бірге Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Астрахань Ордасы (хандығы), Башқұрт хандығы, Татар хандығы, Сібір хандығы, т.б.

Тәуке ханның тұсында XVII ғасырда Атамекенде би Едіге бас­таған билік үрдісі қайта жаңғыра бастады. Тұлға - қажеттіліктен қа­лыптасады. Осы заманда ел аты­нан, елдің сөзін ұстаушы Әйтеке би тұлғасы тарих алаңынан өз орнын ала бастады. Үш ұлысқа ортақ Болат ханның билігі әлсі­реген шақта билер институтына әкімшілік тұрғысынан қажеттілік туды. Ел билігіне хандардың шамалары жетпейтін халге келдік. Жер-жерден билер шыға бас­тады. Олар ел сөзін ұстаушылар болып, халық солардың сөзін сөйлейтін, соларды тыңдайтын еді. Билер халық ішінен өздерінің парасатты­лықтарымен, кемеңгерліктерімен көрінген тұл­ғалар, бүгінгі лексикаға салсақ, лидерлер. Әйтеке биден кейін іле шала Төле би мейлінше қадірлі тұлғаға айналды. Қажеттілік қажеттілікті туғызады, Сарыарқа өңірінен суырылып Қаз дауысты Қазыбек би шықты.

Сөйтіп, халық ортасынан шыққан билер әкім­шілікке қатысты істерді толығымен өз қолдарына алды. Қазыбек биге қатысты сол заманның тарихынан бір мысал. 1748 жылы күллі қазақ даласын дүр сілкіндірген ауыр оқиға болды. Ол Барақ сұлтанның Батыс аймақта хандық құрған Әбілқайырды өлтіруі. Осы оқиғаға араласқан Қазыбек би өз билігін айқын әрі ашық көрсеткен. Ол Бараққа арнап: - Уай, Барақ! Ойланбай жа­саған қылмысыңмен Орта жүзді ойсыратып кетер салмақ түсірдің сен. Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жаулығын бастадың сен. Бәрінен де бұрын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын босаттың. Ханыңды қарадай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың. Жауыздық қақпасын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал егер еліңді ығыр қылғың келмесе, жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Бірақ өлгеннің ісін жалғастырып, өшкеннің отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды. Жайлауымды өрт, жұртымды дерт шалмасын десең, Әбіл­қайыр­дың Орынбордағы ұлы Айшуақ сұлтанды ауыстырып, орнына аманатқа өз ұлыңды бер де, қаның мен құлыңды кешірсін десең, бола алсаң - Әбілқайырдың орнына хан бол. Әйтпесе ұлдары­ның алдына барып, кісілігіңді тастап, кісеңді мойныңа сал! Кіріптарланып қол қусыр! Қа­ныңды шаша ма, құныңды кесе ме, қылмысыңды кеше ме - солар, құныкерлер шешеді. Сен үшін жақыннан жат табар, ағайыннан алашы іздер Орта жүз жоқ! Кісәпірге кешірім етер де Орта жүз жоқ! Кесіміме көнбесең, бүкіл Орта жүз тұрмақ, бүтін Найманға да сыймассың. Сыйғызбаспын! Ауып кетем деп дәмеленбе, жоңғарға да өткіз­беспін!» - (Қаз дауысты Қазыбек би. Түркістан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-мұражайы, 2011.) деген. Байқап отырсыздар, билік Қазыбек бидің қолында берік. Кезінде хан шешетін істі өз қолына алған. Үш би заманында хан билігі деген ойландыратын мәселе. Хандар көбінесе конституциялық монархтар деңгейінде болды десек те болғандай, бұл жерде тек таби­ғатынан ерекше екі тұлғаны атамасқа болмайды, олар: Орталық өлкедегі сұлтан, содан кейін хан атанған - Абылай мен Батыс өңіріндегі - Әбіл­қайыр хан. Бұлар талантты ел басшылары еді, бірақ олар билермен билікті бөліскен. Олар билер кеңесінсіз тарихи шешімдерге бара алмаған. Осындай ерекше саяси континуумды әлі толық зерттегеніміз жоқ. Егер оқиға осылай өрби бергенде Қазақ елінде биліктің тармақтары табиғи түрде сұрыпталып, анықталушы еді. Амал нешік, бұл үрдісті омыртқасынан үзіп, өз тәртібімен Ресей әкімшілігі өз үстемдігін орнатты. Жаңа әкім­ші­лік қазақтарға мүлдем жат еді. Хакім Абайдың «ұрысса орыс, елге болыс, үйден үрген итке ұқсап», - дейтіні сондықтан. Үйден үрген, ол иттің жаманы. Олай болса, болыстық қызметтің мәні не болғанын ойлай беріңіз.

Үш би мұрасы (билер көп болған, үшеуінің геополитикалық орындары ерек­ше болған соң, бөліп айтып отыр­мын) жан-жақты зерттеуді талап ететін тақырып. Үш бидің іс-қарекеттері Би Едіге заманы мен қазіргі Қазақ елі (яғни, жаңа дәуір) арасындағы - көпір. Қазақ елінің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруде, осы мәселе ескерілуі қажет. Әрине, дәп солай болмас, бірақ елді басқарудың басты-басты принциптері, атамекеннің ең ауыр кезінде анық­та­лып, іске асқанын қалайша естен шыға­руға болады. Үш би заманы елді саяси басқарудың ізденіс заманы болғаны анық. Билер мұрасы сонысымен құнды.

«Қазақ елі» кешенінен сөзсіз орын алатын тұлғалар Ер Едіге және оның дәс­түрін жалғастырмақ болған Әйтеке, Төле, Қазыбек билер болмақ. Бұлар Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан төл тари­хымыздың қасиетті ардагер тұлғалары.

Атамекенде 1822 жылы Ресей патша­сының жарлығымен хандық билік өз күшін жойды. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары. Оның 1848 жылы опат болуымен қазақ хандығы келмеске кетті. Ішкі Бөкей Ордасы туралы айтсақ, Бөкей және Жәңгір хандардың биліктері өте шектеулі болған. Ішкі Бөкей Ордасын Ресей әкімшілігі қазақ халқын басқарудағы бір үлгісі ретінде ұсынды. Бірақ одан нәтиже шықпады. Бұл мәселеге нүкте қой­ған Исатай - Махамбет бастаған көтеріліс еді. Исатай - Махамбет баста­ған көтеріліс хандық билікке қарсы шы­ғып, халыққа өзгедей әкімшілік басқару жүйесінің қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Қазақ халқы саяси тәуелсіз­дігінен айырылып, Атамекенде Ресей әкімшілігі ұсынған жүйе орнықты. Қазақ жері губерния-губернияларға бөлініп, одан уездерге, жергілікті жерлер волостной старшина (болыс) билігіне берілді. Осындай халден кейінірек большевик­тердің идеологиясы нәтижесінде дүниеге келген Қазақ Советтік Социалистік Рес­публикасы деген мемлекеттік құрылым қалыптасты. Бұл формальды түрде мемлекет атанғанымен, шын мәнісінде ке­ңес­тік жүйенің бір әкімшілік бөлшегі ғана болатын. Халық тұтастығы, оның мәдени-рухани құндылықтарының дара­лығы есепке алынбай, жаңа социалистік тәртіп орныға бастады. Бірінші басшы­лықты Мәскеудегі орталық тағайындап отырғанымен, бұл мемлекетті үш қазақ басқарды, олар: Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхамед Қонаев және Нұрсұлтан Назарбаев. Әрине, кеңестік жүйе болған соң, басшылықта орыс, поляк, украин, грузин, армян, еврей, ұйғыр өкілдері де бол­ды. Бұл социалистік мазмұндағы мемлекеттің құрылы­мы табиғи түр­де, жаңа дәуір ағы­мына орай өзге де дербестігінен айырылған тағ­ды­рлас елдермен бірге 1991 жылы тәуелсіз мемлекетке айнал­ды. Бұл Атамекендегі жаңа мазмұндағы, шын мәніндегі, нағыз халықтық мемлекеттің құрылғаны еді. Мемлекет басына бұрынғы замандардағыдай, міндетті түрде тақ мұрагері болып төре тұқымынан, немесе кеңестік дәуір­дегідей өзгелер тағайындайтын емес, халықтың өкілі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев демокра­тиялық жолмен Президент болып сайланды. Бұл ХХ ғасырдың соңындағы өркениетті елдердегі орныққан елдің басшысын сайлау рәсіміне сәйкес жасалған шара болатын. Сөйтіп, қазақ халқы өз Атамекенінде өзінің қалауымен басшы сайлап, ренессанстық оқиғаға тап болды. Олай дейтінім, түркі жұртында бағзы заманнан билік сайлау негізінде болған. Биліктің басында би болған. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында сол кездегі алып территорияны басқарып отыр­ған би болған. Хан деген ол заманда тайпалардың көшбасшысы. Мысалы, жырдағы Қарабай бір тайпаның, Са­рыбай бір тайпаның ханы, ал оларды басқарып отырған би болған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін бас­қарудың бұл жүйесі «түзетіліп», хан дәрежесі биден жоғары болып қа­лыптасқан. Себебі, Шыңғыс ханның өзі тайпа көсемінен шыққан адам. Ол сол хандық дәрежесін өзімен бірге көте­ріп, биліктің жоғарғы формасына айналдырған. Бұл жағдайда саяси рефлексия білдірген Ер Едіге болатын. Едіге би халық тарихындағы пассионар­лық тұлға. Академик Қаныш Сәтбаев­тың «Едіге жырын» зерттеуінің сыры тегін емес. Ол кезінде «Едіге жырын» зерттеуді қолға алуы арқылы отандық тарихтың бастау арнасын дөп тапқан. Сол үшін академик жұмыстан қуылды, бірақ ол Қаныш Сәтбаевтың тарих алдындағы ерен ерлігі еді.

Қазақ халқының төл тарихы Ер Едігеден бастау алатынын Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын­дағы сөзінде нақты айтқан болатын:

«Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Астананың дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы да үлкен орталықтың бірі болғанын ғалымдар дәлелдеп берді.

Астананың қазіргі жарқыраған жаңа көшелеріне Сарайшық, Сығанақ, Түркіс­тан деген аттардың берілгенін байқаған боларсыздар.

Бұл төл тарихымызға деген бүгінгі ұрпақтың құрметі.

Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандары­мыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек» (Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың Астананың 10 жылдығына ар­нал­ған салтанатты жиындағы сөзі. 06.07.2008).

Жаңа тарихтың басы дегенде, Ел­басын ренессанстық тұлға деймін. Сон­дағы айтпағым, халқымыздың тарихын­дағы «Ақ Орда» дәуірі, оның билеушісі Едіге биге қатысты айтылған сөз. Ноғай Ордасының тарихы екі жарым ғасырдай мерзімді алып жатыр. Әрине, Ноғай Ордасының осылайша аталуы Ноғайға қатысты деген тарихи дерек бар. Ноғай Ордасының күшейген кезі билік басына Ер Едігенің келуімен байланысты. Едіге­нің туған жері Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданындағы Құмкент деген елді мекен. Зираты Құмкенттен солтүстікке қарай 300 шақырым жердегі, Жезқазған өңіріндегі Ұлытауда деген түсінік бар. Ер Едігенің билік құрған жері - Сарайшық. Бұл: «Бар қазақ - бір қазақ», деген сөздің дәлелі боларлық жағдай. Халқымыздың менталитетінде «еншісі бөлінбеген қазақ», «қарға тамырлы қазақ» деген аталы ұғымдар бар. Ноғай Ордасы қазіргі Қазақстанның солтүсті­гінен оңтүстігіне, одан батысына дейінгі аймақты алып жатқан. Халқымыздың Ел мен Едіге деген ұғымдарды қатар айтуы да тегін емес. Елдік сана Ер Едігенің істерінен мазмұн тапқан. Бұл тасқа басылған түркі жазуларындағы «Мәңгілік ел» деген идеямен үндес.

Едіге тарихта «ел қамын жеген Едіге» деген формуламен қалған. Ол ешқашан да өзін ханмын деп атамаған. Жырларда оны Ер Едіге, би Едіге деп айту дәстүрі қалыптасқан. Едігенің қолындағы билік хандардың билігінен жоғары болғаны да тарихи шындық. Ер Едіге дәстүрі қазақ халқының тарихында хандық билік әлсіре­ген кезде билікке үш әйгілі биі­міздің келуіне мүмкіндік туғызды. Ұлан-ғайыр Атамекенді тиімді басқару үшін билер үш аймақты өз иеліктеріне алды. Батыс аймақты толығымен Әйтеке би басқарса, Жетісу өңірін және Оңтүстікті Төле би, ал Солтүстікті, Шығысты және Орталық Қазақ­станды (Сарыарқаны) Қазыбек би басқарды. Әрине, бұл билер кезінде хандар да болды. Бұл заманда хандар елдің ішкі ісі емес, сыртқы істерімен көбірек айналысты. Елдің ішкі істері билерде болды. Биліктің бұл тәжірибесі әлі зерттеуді қажет етеді. Бұл тәжірибе қазақтың менталитетінде бар биліктің архетипі. Олай дейтінім, халқымыздың бай мәдени-әдеби мұрасын қайта қарап, саралап отырғанымызда биліктің осы архетипі ойымызға орала береді. Қазіргі кезде билік толығымен Еуропалық үлгіде құрылған. Ал, халқымыздың дәстүрін еске алсақ, онда ойланатын жайлар баршылық.

Қазақ елі дегенде Атамекен және Мемлекет үнемі бір-бірімен сай келіп отырмаған. Бұл екеуінің үндес келуі бүгінгі күнде шындыққа айналып отыр. Өткен тарихи замандарға зер салсақ қазақтың байырғы территориясында орын алған мемлекеттердің бәрі бірдей Атамекен идеясына үндес бола бермеген. Мемлекет басын­да болған көсемдердің байырғы көне тарихты өшіруге, не қайта жазуға немесе өңдеуге ынта­лары болғандарын да есепке алған жөн. Солай болғанымен қазақ халқы өзінің байырғы тарихы­нан, Атамекен идеясынан ажырамаған. Қа­зақ халқының менталитеті деген осы. Содан кейін барып халқымыздың тарихи-мәдени құндылық­тары туралы баяндау жөн болмақ. Халқымыздың құндылықтары деп екі феноменді ерекше айтуымыз парыз. Бірі - тіл. Қазақ этносының қалыптасуының бір факторы тіл ортақтығы. Тіл дегеніміз тарих, этнография, өнер, білім және дүниетаным. Осы аталған салалардың қайсысына тоқталмасаңыз да, сіз тіл мәселесіне барып тірелесіз. Тілдік лексика ол, былайша айтқанда, тарихтың мазмұндамасы, баяны. Екінші феномен - ол дін. Бұл күрделі мәселе. Түркітілдес халық­тардың діни саналарында қат-қабат дү­ние­та­нымдық ізденістер бар. Ол туралы кейінгі кездері басылым беттерінде жиі айтылуда. Соның бірі - тәңірлік дүниетаным, екіншісі - ислам діні.

Қазақ дүниетанымы бірнеше тарихи-мәдени синтездерден өткен. Төменгі синтез - түркілік. Түркілік синтез Олжас Сүлейменовтың «Язык письма» деген ауқымды еңбегінен кейін мүлдем күрделеніп кетті. Түркілік тамырлар тереңдеп, майя, шумер, санскрит, латын тілдері, иудаизм діни лексикасына қатысты ақпараттар күннен-күнге көбеюде, мысалы, ағылшынның «Human» - деген сөзіне тоқталсақ, «Human»-ның мағынасы орысша «гуманизм», яғни «адамшылық» деген ұғым. Солайы солай, бірақ «хью» - дегеннің мәнісі не дегенге жауапты Олжас Сүлей­меновтың «Тюрки в доистории» деген кітабынан тапқандай болдым. Ол «Закон Перестройки слога» деген тақырыпшада былай дейді: а) «Появляется прототический согласный (губной - w, или гортанный - h) в начале слова перед гласным. Напр., осемь > восемь, ойлык > войлок. На межязыковом уровне: *omo - «мужчина», «человек» > homo (лат.), uomo (ит.)» (Олжас Сулейменов. Тюрки в доистории. Алматы, «Атамұра», 2002. С.40).

Сонда «omo» - мужчина деген болса, оның жалпы түркі тіліндегі аталуы «еркек» немесе «Ата». Алғашқы ер адамның есімі - Ата. Енді «оmо»-ның алдына h түскенде латынша «homo» болып, ол «адам» дегенді білдірген. Сонда «man» - дегеніміз адам болса, хью, яғни «еркек» деген мағынада. Олай болса, ағылшын тіліндегі «Human», еркек адам болып шығады. «Оmо» + «ман» = «Ата» + «адам». Орыс тіліндегі «Ата» - «ман» қайдан шықты дейсіз.

«Ата» - «ман», «Ата» - «адам». Қазақша «Адам Ата». Гуманизм дегеннің дүниетанымдық мағынасы Адам Ата дәстүрінде болу деген емес пе?

Адам Ата ислам дінінде алғашқы мұсылман. Сондықтан Адам Атаның (гуманизмнің) күллі адамзат жүретін жол екеніне еш шүбә жоқ.

Немесе, Әділ Ахметовтың «Түбі бір түркі өркениеті» деген еңбегінде «балдыз», «бай», «бояу», «шығу», «екі», «өкше», «сату», «тіс», «тоқ­­пақ», «тұр», «шұқыр», «тік», «киік», «жа­сыл», т.б. сөздер майя және қазақ тілдерінде бірдей қол­данылатыны айтылады. Тағы бір мысал, «аkil» - (ақыл) деген сөз шумер тілінде бол­ға­нына таңым бар, мен бұл сөз бізге араб тілінен ен­ген деген пікірде болатынмын. Латын тілінде «ауыз» деген, яғни орысшасы «рот» дегенді білді­ретін түрік сөзі бар екен. Осы жағдайлар түр­кілік синтездің күрделілігіне нақтылы мысалдар емес пе?

 

*  *  *

Қазіргі заман бәсекелестік заманы. Бұл аксиома. Бәсекеге қабілеттілік, сөзсіз, қажетті іс. Бә­секеге қабілеттілік сапаға бастайды. Ал сапа дегенім - ұлттық идея. Тек бәсекеге қабілетті ел ғана болашаққа жолдама алмақ. Мен бұл тұста бәсекеге қабілеттілікті үш деңгейде айтпақпын. Ең алдымен, бәсекеге қабілетті Мемлекет. Одан ба­рып бәсекеге қабілетті Идея және бәсекеге қа­білетті Тұлға қажет. Осы үшеуінің бірлігі бәсе­кеге қабілетті Елді қалыптастырады. Бәсекеге қабілеттілік елдің табиғи иммунитеті. Ел бәсе­кеге қабілеттілігінен айырылған кезде ел болудан қалмақ. Оған тарихта мысалдар көп. Кезінде Ал­тын Орда бәсекеге қабілеттілігімен Алтын Орда атанды, бірақ бір замандарда бәсекеге қабілет­тілігінен айырылып, бытырап, ыдырап кетті. Кезіндегі кеңестік империяның да жағдайы солай болды. Бұл «құрама» империяларға тән заңды­лық. Тарихи жағдайларға байланысты қажет­ті­ліктен біріккен халықтар, тайпалар, этностар бір замандарда дәл сондай қажеттіліктен ыдырап, өзге күйге өтпек. Бұл тарих заңы, қажет десеңіз, зат алмасу, энергия алмасу заңы. Пассионарлық қуат сынап сияқты, ол ауысып отырады. Сондықтан көне түркі жазуларындағы «мәңгілік ел» идеясы қай заманда болмасын - идея. Ол өз қуаты жағынан бәсекеге қабілетті идея. Бірақ, ол идеяның өміршең болуы үшін бәсекеге қабілетті елдің сол елді бәсекеге қабілетті ететін тарихи тұлғалары болуы тиіс. Осындай жағдайларды ойластыра келіп, Қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылдығында нақты айтарым, бүгінде бәсекеге қабілетті Қазақ елі бар, оның бәсекеге қабілетті идеясы бар. Ол - сапа. Және бәсекеге қабілетті тұлғасы бар. Ол Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және бәсекеге қабілетті қазақ халқы.

 

*  *  *

Қазақ елі бүгінде ренессанстық ел. Олай дейтінім, ол өзінің Атамекен идеясынан ешқашан, нендей қиын замандар болса да ажырап қалмаған. Қазақтар негізінен ата-бабалары ғұмыр кешкен территориядан ешқайда ауып кетпеген. Қандай қиын жағдайлар болмасын сол атамекенінде өмір сүруді дәстүрге айналдырған. Бұл Қазақ елінің қуаты, субстанциясы. Оның ертеңгі күнге алған жолдамасы.

Атамекен ренессансы дегенде Қазақ елінің Тұңғыш Президенті кешегі өткен ер Едігенің ісін жалғастырушы, жаңғыртушы деген түйінді сөзімді айтпақпын.

Елдік сана дәстүрі деген «ел қамын жеген ер, би Едігеден» бастау алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салған 20 жылдық тарихы бар Қазақ елінің нұрлы жолын айту азаматтық парыз.

Ғарифолла ЕСІМ, академик.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530