Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
2672 1 пікір 16 Шілде, 2020 сағат 12:47

Орыс-қазақ шекарасында жүздеген тәжік мигранты бөгеліп қалды

Ресейдің Орынбор облысында Тәжікстанның жүзден астам азаматы орыс-қазақ шекарасынан өте алмай тұр.

Азаттықтың тәжік қызметіне жіберген видеодан мигранттардың шатырда тұрып жатқанын, арасында аяғы ауыр келіншектердің барын көруге болады. Олар 12 күннен бері шекарадан өтуге рұқсат берілуін күтіп жатқанын айтады.

"Бізді бұл жерден бірден автобус пен Тәжікстанға алып кететін шығар деп ойладық. Өзбек билігі азаматтарын алып кетті. Қазір қолдан жасалған шатырларда жатырмыз. Күндіз ыстық, түнде суық. Бізді осы жерге жеткізгендер Қазақстан мигранттар үшін шекарасын екі күнге ашты деп айтқан", - дейді мигранттардың бірі.

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігінің өкілі Имомиддин Саттори тәжік азаматтары алаяқтардың құрбаны болғанын жеткізді.

"Қазақстан шекарасы жабық. Эпидемиологиялық жағдай Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан мен Қырғызстанда да нашарлап жатыр. Мәскеуде мигранттарды шекараға дейін жеткізіп береміз дейтін алаяқтар көп. Біз оларға ескерттік", - деді елшілік өкілі.

Оның айтуынша, Ресейдегі тәжік азаматтар тек билік ұйымдастырған арнайы чартерлік рейстермен ғана ұшып кете алады.

Тәжікстанның Уфадағы консулдығы жолда қалған азаматтарға чартерлік рейс ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ мигранттар ұшаққа билет сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ дейді.

Тәжікстан 25 маусымнан бері Ресейдегі азаматтарын алып кете бастаған. Бұл үшін "Тәжік Эйр" және "Сомон Эйр" әуе компаниялары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Новосибирск және Екатеринбург қалаларынан чартерлік рейс ұйымдастыратынын мәлімдеген. Тәжік дипломаттары Ресейде еліне қайтқысы келетін мигранттар саны 8 мыңнан асатынын, олардың бәріне рейс жеткіліксіз болатынын ескерткен.

Abai.kz

1 пікір