Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Коронавирус 3889 16 пікір 16 Шілде, 2020 сағат 10:54

30 елдің қатарына кірдік. Өкінішті...

Елімізде коронавирус дерті дендеп барады. Кеше бір тәулікте елде 1759 науқас тіркелді. Осыдан-ақ, індеттің беті қатты екенін байқауға болады. Вирус жұқтырған алғашқы науқас тіркеле сала төтенше жағдай жариялап, екі айдан аса қатаң карантин енгізілсе де бүгінгі жағдай мынадай болып отыр. 

Жері кең, халық саны аз Қазақстанда коронавирустың осынша тез әрі көп таралғаны таңқалдырмай қоймайды. Бұған халық билікті, билік халықты кінәлайды. Билік басындағылардың ойынша, халық карантинді елемей сақтық шараларын жасамады, той өткізді. Ал халық биліктің төтенше жағдай кезіндегі дәрменсіздігіне наразы. Елдегі емханалардың, маман-дәрігерлердің жетіспегеніне, дәрі-дәрмектің тапшылығын айтады. Тіпті індет жұқтырған науқастарды емдейтін медициналық апараттарды халық өзі ақша жинап алып жатыр.

Халық пен билік кінәні бір-бірінен іздеп отырғанда елде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар 63 514 адамға жетіпті. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 30-орынға бірақ шықтық. Ал бір тәулікте (15 шілде) індет жұқтырғандар саны бойынша 15-орында тұрмыз (1759 адам).

Осылайша Қазақстан әлемді озық технологиясымен, бай экономикасымен емес, коронавирусты жұқтыру көрсеткіші бойынша таңқалдырып отыр. Бізден бір саты жоғары тұрған Беларусь (65 269) мүлде карантин енгізген жоқ. Ал Қазақстан алғаш вирус жұқтырғандар анықтала сала, тетенша жағдай мен карантин жариялаған. Коронавируспен күреске бөлінген қаржы да шаш-етектен. Жақында ғана тағы 150 миллиард теңге бөлінді. Сөйте тұра індеттің беті қайтар емес.

Індет жұқтырғандар төтенше жағдай режимін алып тастағаннан күрт көбейіп кетті. Осыған орай елімезде шілде айының басынан бастап қайта карантин енгізілді. Карантин тамыз айының екісіне дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда маусым айында пневмониядан 628 адам көз жұмған. Бірақ оларды коронавирустан көз жұмғандардың тізіміне енгізбеді. Оған сонымен бірге COVID-19 вирустан көз жұмған, бірақ комиссия шешімімен басқа індеттен деп көрсетілген жүздеген марқұм да енбей қалды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда өршіп жатқан белгісіз пневмония шын мәнінде коронавирус инфекциясы екенін мәлімдеді.

Abai.kz

16 пікір