Жұма, 26 Сәуір 2024
2927 1 пікір 15 Шілде, 2020 сағат 14:27

«42 500 теңгеге өтінішті бұл жолы азаматтардың өзі емес, жұмыс орны беруі тиіс»

Коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантин кезінде табыссыз қалғандар 17 шілдеден бастап бір рет төленетін 42 500 теңгеге өтініш бере алады.

Бірақ бұл жолы өтінішті азаматтардың өзі емес, жұмыс берушілер береді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

Министрдің айтуынша, алдағы екі күнде әлеуметтік жәрдемақыны төлеудің механизмдері пысықталады. Нұрымбетов бәрі ойдағыдай болса, бейсенбі, 16 шілде күні жәрдемақыны тағайындау ережесі жарияланатынын, азаматтар жұмадан бастап өтініш бере алатынын айтты. Құжаттар дүйсенбі, 20 шілдеден бастап қаралады.

Бұл жолы жәрдемақы алу үшін әлеуметтік төлем (Бірыңғай жинақ төлем, жеке кәсіпкер ретінде салық) төлеу міндетті емес.

“42 500 теңге төтенше жағдай кезіндегі ереже бойынша табысынан айырылған азаматтарға, оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға беріледі” деді министр.

Нұрымбетов ең төменгі жалақы саналатын 42 500 теңгенің аз қаражат екенін мойындады.

2 шілде күні Қазақстанда екінші рет карантин шектеулері енгізілетіні белгілі болғанда, вице-премьер Ералы Тоғжанов “[42500 теңге] төтенше жағдай режимімен байланысты болды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді оны төлеуге ешқандай негіз жоқ” деген болатын.

Бастапқыда 5 шілдеден бастап екі аптаға созылатын карантин бүгін, 14 шілде күні 2 тамызға дейін ұзартылып, толық бір айды қамтитын болды.

Карантиннің ұзартылатынын жария еткен премьер-министр Асқар Мамин төтенше жағдай жарияланбаса да, шектеуге байланысты қызметі шектелген азаматтарға 42 500 теңге көлеміндегі бір реттік көмек берілетінін айтты.

Abai.kz

1 пікір