Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3823 12 пікір 15 Шілде, 2020 сағат 13:19

Қазақстандағы коронавирус һәм Тәжікстанға көмек...

Кешеден бері әлеуметтік желіде «Қазақстан Тәжікстанға коронавируспен күресуге көмектеседі екен» деген гу-гу әңгіме тарады. Белгілі журналист Ерқанат Көпжасарұлы Facebook-тағы жеке парақшасында аталған жайтқа қатысты 1,5 минуттық бейне жазба жариялапты. Ондаға ақпаратқа сенсек, Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде 100 дана өкпені жасанды желдету аппаратын тарту етпек екен.

;fbclid=IwAR1Zob4FzUNUKYD_KbtdIe6uXBCSSP06TWwMuQdANkhNJHO4luz04L9vh98

Бұл ақпарат қайдан шықты? Қайда шықты? Іздедік. Таппадық! Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің де, Денсаулық сақтау министрлігінің де, Үкіметтің де ресми сайттарын шолып шықтық. «Қазақстан Тәжікстанға гуманитарлық көмек жібереді» деген екі ауыз сөз жоқ!

Анығында, дәл осындай ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланған екен. Кейін белгісіз себептермен, алынып тасталған көрінеді.

Журналист Ирина Советжанқызы Facebook-тағы жеке парақшасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жоба түрінде кеше, 14 шілде күні жарияланған құжаттың скрин нұсқасы мен бейне жазба жариялады. Ол құжатта:

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тәжікстан Республикасына коронавирус пандемиясымен күресуге ресми гуманитарлық көмек көрсету мақсатында «Тәжікстан Республикасына ресми гуманитарлық көмек көрсету туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.

Жобаны қабылдау негіздері – халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия отырысының ҚР Премьер-министрінің орынбасары Р.В.Скялрдың 2020 жылғы 25 маусымдағы № 25 хаттамалық тапсырмасы.

Жобаны қабылдау Тәжікстан Республикасына 100 дана өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу және жеткізу арқылы гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деп жазылған.

Қазақстан Тәжікстанға неше рет гуманитарлық көмек берді?

Жалпы, коронавирус пандемиясы басталғалы бері Қазақстан өзге мемлекеттерге алғаш рет гуманитарлық көмек ұсынып отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше елге көмек берілді.  Соның ішінде Тәжікстанға гуманитарлық көмек жіәберілгені туралы ақпарат сәуір және мамыр айларында шықты. Жалпы көлемі 3 миллион доллардың көмегі жөнелтіліпті.

Қазақстанның Душанбідегі Елшісі Асқар Тәжібаевтың айтуынша, 2006 жылдан бері Қазақстанның Тәжікстанға берген гуманитарлық көмектерінің жалпы сомасы 38 миллион долларды құраған екен.

Рас, мемлекетаралық қарым-қатынас, көрші-қолаңмен диалог орнату, бірлесе күресу, қиын-қыстау кезде көмек қолын созу дегенді адамгершілік позициясынан түсінуге болады, әрине. Алайда, Қазақстанның дәл қазіргі жағдайы оған көне ме?

Қазақстанға кімдерден гуманитарлық көмек келді?

АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Үндістан, БАӘ, Пәкістан, Катар, Ресей... Бұл тізім жалғаса береді. Көп.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы маусым-шілде айларындағы ақпараттарды шолып шықтық. Қазақстанға кімдерден гуманитарлық көмек келді? Міне қараңыз:

15 маусым. Түркиялық компания Атырау облысына гуманитарлық көмек жіберді.

4 шілде. Қазақстанға Қытайдан кезекті гуманитарлық жүк келді.

6 шілде. Гүржістаннан гуманитарлық көмек келді.

6 шілде. Ресейлік дәрігерлер Қазақстанға келді.

8 шілде. Қазақстанға Ресейден гуманитарлық көмек келді.

63 миллион...

Әлеуметтік желіде Тәжікстанға 100 дана өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу туралы Үкімет қаулысының мәтіні де жарияланды. Оны Ирина Советжанқызы, Ерқанат Көпжасарұлы, Қазыбек Иса секілді белгілі журналистер желіде жазды, таратты. Ондағы ақпаратқа сенсек, жаңағы 100 дана аппаратты «СҚ Фармация» компаниясы сатып алуы тиіс  екен. Кімнен? Көкшетау-3 ӨЖЖ 50 дана, Көкшетау-4 П ӨЖЖ 50 дана, барлығы 100 дана. Ол үшін Қаржы министрлігі «СҚ Фармация» компаниясына 63 миллион 250 мың теіге аударуы тиіс көрінеді.

Әлеуметтік желідегі жұрт Үкіметтің бұл бастамасына ылғи сыни пікір айтуда.

Қазақстан Үкіметі індет өршіп тұрған өз еліміздегі барлық ауруханалар мен емханаларды жаңағы ӨЖЖ аппараттарымен қамтып болған жоқ. Оған қолдан жасалған дәрі-дәрмек тапшылығын тағы қосыңыз. Күн сайын коронавирус жұқтырған мыңдаған адам тіркелуде. Өткен бір тәулікте елімізде 1759 адам індет жұқтырған. Ал ковид диагнозы анықталғандардың жалпы саны 63 514 адамға жеткен. 396 адам осы індеттен қайтыс болған. Бұған пневмония жұқтырған 100 мыңнан аса адамды тағы қосыңыз. Жүздеген адам пневмониядан қайтыс болған.

Әне, соңғы 2 аптада Қазақстанға шетелден 98 дана жасанды тыныс алдыру аппараты жеткізіліпті. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты. 30 аппарат – Түркиядан, 25 аппарат БАӘ-нен, 10 аппарат – Гүржістаннан, тағы 30 аппарат – Джек Ма қорынан...

Министрліктің жауабы

Айтпақшы, бүгін дәл осы Тәжікстанға жөнелтілетін гуманитарлық көмек мәселесіне қатысты ҚР Денсаулық сақтау вице-министр Людмила Бюрабекова брифинг өткізіпті.

«Қазіргі уақытта барлық ел бір-біріне көмек көрсетіп жатыр. Елімізге де басқа мемлекеттер гуманитарлық көмек беруде. Расында да Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға жылдың соңына қарай портативті өкпені жасанды желдету аппараты түріндегі гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарастырылуда. Бұл портативті аппарат екендігін атап өткім келеді. Ол пациентті жедел жәрдем көлігімен тасымалдау үшін қолданылады», - дейді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай аппараттар өз елімізде шығарылады екен. Ақмола облысында. ҚазАқпарат сайты жазды.

Сонымен, әуелде Тәжікстанға жөнелтілетін гуманитарлық көмек - өкпені жасанды желдету аппараттары делінді. Жоғарыдағы скрин құжаттарда (Министрлік сайтын да да, Үкімет қаулысында да) «өкпені жасанды желдету аппараттары» деп жазылған екен. Ал ҚР ДСМ вице-министрі Бюрабекова ханым: «Бұл өзімізде өндірілетін портативті аппараттар», - дейді...

Қалай десек те, коронавирус пен пневмония қос бүйірден қысқан осындай тар кезеңде Қазақстан Үкіметі халықты медициналық жабдықтармен қамтуға дәрменсіз болды. Оны біз ғана емес, Президент те айтты.

Елде дәрі-дәрмек тапшылығы пайда болды. Ал табылған дәрінің бағасы бір-ақ күнде аспандап шыға келді. Сол себепті де, Қайрат Жолыдыбайұлы, Айнұр Тұрсынбаевалар бастаған белсенділер халықтан жылу жинауды бастады. Сөйтіп, 100 миллионнан артық ақша жинады. 1000 дана ӨЖЖ аппаратын шетелден сатып алып, еліміздегі ауруханаларға тегін таратуға кірісіп кетті. Осылайша, ел өз күнін өзі көріп жатқанда, Үкімет Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде өкіпені жасанды желдету аппараттарын жібереді деген ақпарат шықты. Қоғамның наразылығын тудырғаны да осы. Сондықтан ел медицинасының тізгінін ұстаушылар - әуелі өз азаматтарымыздың денсаулығын ойлауды басты міндет тұтуы талап!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір