Жұма, 23 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110086. Жазылғандар — 105493. Қайтыс болғандар — 1796
Талқы 1587 6 пікір 13 Шілде, 2020 сағат 20:33

Желідегі жұрт: «Аза тұтамыз ба, «акция» өткіземіз бе?»

Бүгінгі жалпыұлттық аза тұту күнінде әлеуметтік желіге шымкенттік дәрігерлер өткізген «флешмобтың» бейне жазбасы тарады. Дәлірек айтсақ, көші бойлап, қаз-қатар тізіліп тұрған дәрігерлердің бейне жазбасы. Әлеуметтік желіге тараған ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы басшы-қосшының бұл ойлап тапқаны – пандемия құрбандарына құрмет көрсетудің бір түрі екен-мыс.

;feature=emb_title

Ал желі қолданушыларының дені мұны – мазақ деп қабылдаған. Қазіргідей індет өршіп, қауіп күшейіп, дәрігерлердің әр секунд уақыты – бір жұтым ауа, бір ғұмырға татып тұрған тар кезеңде – бүкіл ұжымды көшеге шығарып, флешмоб өткізу – өліні де, тіріні де мазақ ету дейді.

Міне қараңыз:

«Вот это позор. Как можно уставших, измотанных месяцами борьбы с вирусом врачей выгнать на улицу в день траура и расставить как пионеров, встречающих Брежнева?! Какому идиоту пришла в голову такая изуверская идея?!», - деп жазды Арман Шораев.

«Мынаған тапсырма берген кім болса да кету керек. Өліні, тіріні де мазақ еткен ессіздер! Біздің менталитетімізде жоқ нәрсе ғой, қарақтарым-ау... Не болып кетт өзі?», - деп жазды Сәуле Мешітбайқызы.

«Шаш ал десе, бас алады... Дәрігерлермен (Шымкент) далада «флеш- моб» жасағанды доғару керек. Өте өкінішті жағдай. Далада күн қапырық, дәрігер далада тұр. Сонда, ауырып жатқан пациентке кім қарап отыр? Қазір, дәрігерлердің өздеріне психологиялық, рухан, адами көмек керек. Дәрігер барша қоғам болып аялайтын тұлға! Облыс әкімдері адам трагедиясынан театр жасағанша, адам өмірін сақтайтын нақты шешім жасасын...», - деп жазды Ерлан Саиров.

«Дәрігерлерді сыртқа шығаруға кім бұйрық берді? Адамдар ауаға зар болып, дәрігерлер жетіспей жатқанда бұлары несі? Түркістан облысына қарасты аурухана! Сәкен Қалқаманов мынау не масқара? Өліп жатқан адам сіздерге аз болып отыр ма?», - деп жазды Айгүл Орынбек.

«Что за фарс устроили?!! Кто сегодня устроил это позорище!!!! Флэш-моб в Шымкенте в память о погибших от ковида!!! Живая стена из тех, кто сегодня-завтра может оказаться в черном списке жертв коронавируса! Когда же это прекратится?!!! Когда начнут уважать врачей?!!! Когда начнут уважать людей?!!! КОГДА МЫ САМИ СЕБЯ НАЧНЕМ УВАЖАТЬ?!!! UPD. Тут со всех регионов присылают скрины сообщений с рекомендациями медиками выйти на улицы и поскорбить. Одно из них прикрепила к видео», - деп жазды Зауре Мирзаходжаева.

Сонымен, бұл акция қайда ұйымдастырылған? Желі қолданушыларының бірі – Шемкентте десе, екіншісі – Түркістанда дейді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «шымкенттегі» дәрігерлер түскен видеоға қатысты пікір білдіріпті. «Тengrinews.kz» сайты жазды. Оның айтуынша: «Түркістандағы бас тудың маңында бір минут үнсіздік жарияланды - онда полицейлер, қалалық емхананың қызметкерлері, облыс әкімі мен аппарат қызметкерлі қайтыс болғандарды аза тұтты.

Ал Шымкенттегі туберкулез диспансерінің бас дәрігері қажет емес бастаманы қолға алып, аурухананың бүкіл ұжымын сыртқы шығарып акция өткізді. Дәрігерлерді осындай қиын сәтте мазалау, былайша айтқанда, қылмыстық озбырлық», - деді Қалқаманов. Қалқаманов мырзаның бұл пікірі Facebook желісінде де тарап жүр екен. Алайда, Сәкен Қалқамановтың желідегі жеке парақшасын шолып шығып, жоғарыдағы жазбаны таба алмадық...

Есесіне Шымкент қалалық Денсулық сақтау басқармасының ресми жауабы Facebook желісінде тұр.

«Әлеуметтік желіде видеосы тарап жүрген ақ халаттылардың қатысуымен өткен іс-шара Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұйымдастырылмағанын ресми түрде мәлімдейміз. Бейне-роликтегі туберкулез диспансері Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме болып табылады», - депті Басқарма.

Түйін. Флешмоб! Желідегі бейне жазбадағы бұл акция – қалай десеңіз де, флешмоб! Анығында, басқа-басқа, осындай сәтте дәрігерлерді көше бойына қаз-қатар тізіп қойып, акция өткізу - Қалқаманов мырзаның өзі айтпақшы - қылмыстық озбырлық! Аза тұтуды акция деп ұққан «ақылдылар» қоғам алдында жауап беруі керек!

Жауап беру демекші, «Тengrinews.kz» сайты акцияны ұйымдастырушы, «Ұлттық медицина» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова дейтін адамның пікірін жариялапты.

Бүйдейді:

«Акцияны ұйымдастыруға ешқандай шенеунік қатыспаған. Барлық дәрігерлер өз еркітерімен көшеге шыққан. Қайтыс болған дәрігерлерді еске алу үшін...

Меніңше, қанша уақыттан бері індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің ерлігі үшін құрмет көрсету – бұл халықтық идея. Міне, бесінші ай. Көбісі өздерінің үй-жайын, бала-шағасын көрген жоқ. Жұмыста қонып жүр.

Сондықтан, біз барлық дәрігерлерге 11:55 пен 12: 00 аралығында, 5 минутқа сыртқа шығып, ауруханалардың алдына шығып, еске алуды ұсындық. Менің ойымша, халықтың көбісі дәрігерлерге құрметпен және түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», - депті.

Садықова ханымның айтуынша, мұндай теріс пікір тек Шымкенттегі жағдайға ғана қатысты болған. Ал Қазақстанның басқа қалаларындағы акцияға қатысты мұндай негативті пікір болмаған-мыс...

Садықованың жауабы жарияланар-жарияланбастан, Шымкент қаласында орналасқан, Түркістан облысының қарамағына кіретін облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болат Сағымбековтың да жауабы шығыпты:

«Құрметті қазақстандықтар! Ел президенті жариялаған жалпыұлттық аза тұту күнінде әлеуметтік желіде біздің әріптестеріміздің коронавирус пандемиясына байланысты мезгілсіз қайтыс болған отандастарымызды еске алу үшін көшеде өткізген минуттық үнсіздік акциясы тарады.

Алайда бұл шараны сынап жатқан азаматтар бар.

Осыған байланысты, Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансері ұжымының атынан ресми түрде мәлімдеймін: 

Аталған іс-шара Ұлттық медицина ассоциациясы төрайымы Садықова Айжан Бегайдарқызының эпидемиямен күресте қайтыс болған өз әріптестерімізді еске алу туралы үндеуін қолдау мақсатындағы біздің ортақ шешіміміз.

Біздің әрістестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Сондықтан, дәл осы жалпыұлттық аза тұту күнінде оларды еске алу біздің адами және азаматтық борышымыз деп есептеймін. Біз олардың әрқайсысы мұндай құрметке лайық деп есептейміз.

Өз кезегімде, аталған іс-шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік органдарының да ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаймын», - депті.

Президент пәрмен беріп, дәл осы күні, 13 шілдені жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Бүгін еліміздің барлық қалаларында мемлекеттік тулар түсіріліп, телеарналардан ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылды. Мешіттерде пандемия құрбандарына құран бағышталып, басқа да діни орындарда діни жоралғылар атқалылуда. Бұл аза тұту күні атқарылған, атқалылуы тиіс амалдардың бір легі. Ал көше бойлап, акция өткізуге қатысты, онда да басқа-басқа емес, дәрігерлерді қаз-қатар тізіп қоюға қатысты желідегі жүздеген, тіпті мыңдаған жұрттың пікірі: «Аза тұтамыз ба, акция өткіземіз бе?»... 

Факті! Әлгі акция Шымкент қаласында болған. Оны өткізген түркістандық дәрігерлер. Ал акцияны ұйымдастырушы - Ұлттық медицина ассоциациясы һәм ассоциация төрайымы Садықова Айжан Бегайдарқызы. 

Сонымен, желі қолданушылары бұл акциясы - «мүлде орынсыз» дейді. Ал акцияны ұйымдастырушылар мен қатысушылар - «дұрыс» дейді. Сіз не дейсіз?

Abai.kz

6 пікір