Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 4594 27 пікір 13 Шілде, 2020 сағат 10:34

Бұл Тәңірдің сынағы!

Қазіргі біздегі пандемияның ушығуы осыдан 2-3 ай бұрын Иран, Италия, Испанияларда болды. Олардағыдан біздің жағдайдың айырмашылығы - олар сенбей үрынса, біз карантинді тиімді пайдаланбағандықтан жағдай ушықты. Оған, осындай індеттің кезінде қазына қаржысын тонау, Ұлттық парктерді сату, ескерткіштер салып отшашудан қолдары босамаған, яғни, ел қайғысына немқұрайлы, коррупцияға былыққан билік пен Сарыағашта имамды жерлеу кезінде сақтық шараларын саналы түрде бұзып, шұбырып жүрген 600-700 ессіз тобырдың өздері кінәлі.

Қасиетті Құранда: «Егер белгілі бір қауым өз мүддесі үшін тірлік жасамаса, ол құриды», деген мағынада жазылған.

Көрші қырғыздың осы індетке қарсы істеп жатқан жан сүйсінерлік бірлігі мен тірлігінен болар, елдің болашағын көрсек. Біздегі біреулер әлеуметтік желіде «Қонаев татар ма?», «Егер солай болса, оны басшылыққа сайлаған Оңдасынов кінәлі?!» деген қанден иттің сарығанынан аса алмай жүр.

Бұл «Құм жиналып тас болмас, Құл жиналып ел болмастың» тірлігі!

2009 жылы Оңт. Кореядағы инвестфорумда LG, Хюндай т.б. компанияларда болғанда, олардың мақтанып айтатындары 1997 жылғы дағдарыстан шығу үшін барлық қыз-келіншектер алтын, бағалы сырға-сақиналарын, барлық азаматтар бағалы заттарын жинап Президентінен дағдарыстан шығаруды талап еткен. Ол ел кеме, кабель шығарудан әлемде бірінші, авто шығарудан бесінші, жалпы даму көрсеткіші 13-ші орында.

Бұл, өз бағасын білетін, бірлігі берік, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған елдің берекелі тірлігі. Ондай, бірлігі мықты елді жау да, пандемия да алмайды. Қазіргідей кезді қазақ, «әкемді алған құдайға сенбеймін» дейді.

Дәрі мәселесімен айналысқан он күнде көргеніміз, Қабиболла Жақыпов ағамыз қорға қаржы аударып, оған әріптестерін жұмылдырса, Асқар Мырзахметов әкімдерді ұйымдастырып, Қырымбек Көшербаев алдыңғы күні екі борт (самолет) Ресей мен Үндістанға дәріге кеткенін хабарлады. Талғат Теменов, Алма Түсіпбекова, Бешір Жаңалтай (Лондоннан), Несиев Омарбек (Мәскеуден), Бақтияр Мәкен т.б. әркім шамаларынша көмек беруде. Бұл біз білетін әр жердегі жақсылар. Басқа ағайындардың ел тағдырына алаңдаған тірліктерін естіп жатырмыз.

Бірақ бұл, көп түкіргенде болатын көл емес, тамшы ғана. Қазақ елін екінші соққан пандемия да біріктіре алатын емес!.. Себебі, Асан қайғы бабамыз айтатын «нармая сирек, айыр көп». Махамбет мұндайда, «тіршілікте сыйласпаған ағайын, өлгеннен кейін көзіңе қан құйылсын» дейді.

Бізге ұлт болып бірігіп, ковидпен күресу үшін бейбіт уақытта қанша қандасымыз, отандасымыз өлу керек? Әлде, қанша қоңырат, дулат, адай... өлді деп статистика жүргізіп отыра береміз бе?

Бұл Тәңірдің сынағы!

Біз білетін Нұх пайғамбардың кезіндегі топан суынан бастап, Иесус пайғамбарды дарға асу... 1337-1345 жж. Еуропа халқының 1/3 жалмаған оба, 1918-1920 жж. 200 млн адамның өліміне себеп болған «испанка» т.б., бұлар әркез болып тұратын сынақтар...

Билігі ел үшін қызмет ететін Тайланд мемлекеті 03.01.2020 күні хабарды естіген күннің ертеңіне түгелдей шекарасын жауып, карантин жариялады. Ол елде 6 млн қытай тұрып жатса да, індет тараған жоқ, адам өлімі де, коррупция да жоқ.

Әлемнің алдына шыққан біздің бүгінгі қайғылы жағдайымыздың негізгі себебі, - ол өз міндеттерін білмейтін биліктегі езбелер және заң мен тәртіп дегенді білмейтін кезбелердің кесірінен оларға дес беріп келген ессіз елдің олақтығынан болып отыр.

Қазақ, «Салақтан олақ жаман» дейді. Салақ адам болса да, олақ ұлт болмайды. Яғни, мәңгүрттер жиналып мемлекет болмайды.

Бұл күндер де өтер. Біз одан тиісті сабақ ала аламыз ба?! Әлде ойды тойға, өмірді өлімге, елдікті құлдыққа, адамдықты надандыққа, намысты нақұрыстыққа айырбастап жүре береміз бе?! Мәселе осында ғой...

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3529