Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3993 0 пікір 25 Қараша, 2011 сағат 05:10

Ардақ Нұрғазыұлы. Омарғазы мен Олжас

Поэзия адам рухының бостандыққа ұмтылуы. Өлең өзін өлімге байлап, ақынға ой еркіндгін сыйлайды. Иосиф Бродский  О.Е.Мандельштам жөнінде жазған мақаласында осындай ойды меңзеген.

Байырғы Греция философтарының бірі «өзенді ешкім де бір уақытта екі рет кеше алмайды», - деген екен. И.Бродский жоғарыдағы ойын түйгенде оның көкірегінде де осы сөз жатқан болар. Өйткені, поэзия бостандыққа ұмтылу ғана емес, ақынды сол бостандыққа шығаратын есік. Тіршілікті - туылу мен өлудің арасында бір мезет ашылатын есікті, бір мезеттік «оянуды» сезіне алу - шекті өмірдің мәнін сезіне алғандық. Ол және әлгі Греция философының аузынан шыққан өзеннің шынында ағып жатқанын сезіне алғандық. Бұл білген адамға үлкен тығырық. Оны сезінген адам қалайда әлгі екі рет кешуге болмайтын өзенді кешуге талпынары хақ. Ақындар әне сөйтеді, немесе поэзия - ақынның әлгі өзенді бір мезгілде екі рет кешуі.

Поэзия адам рухының бостандыққа ұмтылуы. Өлең өзін өлімге байлап, ақынға ой еркіндгін сыйлайды. Иосиф Бродский  О.Е.Мандельштам жөнінде жазған мақаласында осындай ойды меңзеген.

Байырғы Греция философтарының бірі «өзенді ешкім де бір уақытта екі рет кеше алмайды», - деген екен. И.Бродский жоғарыдағы ойын түйгенде оның көкірегінде де осы сөз жатқан болар. Өйткені, поэзия бостандыққа ұмтылу ғана емес, ақынды сол бостандыққа шығаратын есік. Тіршілікті - туылу мен өлудің арасында бір мезет ашылатын есікті, бір мезеттік «оянуды» сезіне алу - шекті өмірдің мәнін сезіне алғандық. Ол және әлгі Греция философының аузынан шыққан өзеннің шынында ағып жатқанын сезіне алғандық. Бұл білген адамға үлкен тығырық. Оны сезінген адам қалайда әлгі екі рет кешуге болмайтын өзенді кешуге талпынары хақ. Ақындар әне сөйтеді, немесе поэзия - ақынның әлгі өзенді бір мезгілде екі рет кешуі.

Х.Л.Борхес «Алманың дәмі алманың өзінде емес, оны адамның аузында деуге де болмайды. Қайта алманың дәмі алма мен оған тиген еріннің екеунің арасындағы байланыста болады», - дейді. Ол поэзияны да осымен түсіндірген. Өлеңді түсіне алу да алманың дәмін алғанмен бірдей. Қағаз бетіндегі үнсіз жатқан сөзді тірілтіп, олардың қанатын қақтыру қалайда оқырманның бойынан керемет бір күштің пайда болуын күтеді. Бұл күш ақынның әлгі өзенді кешкен сәттегі жан арпалысының куәсі - өлеңнің бойында ғана жасырынып жатпайды, ол өлеңге жақындай алған оқырманның әр бірінен өлеңнің бойындағы осы қасиетке ұқсас қасиеттің өзінде де болуын, немесе ақынға ұқсас туылу мен өлудің арасындағы қамшының сабындай ғана қысқа шақтың мәнін жете сезініп, әлгі «оянуды» ақынға ұқсас өзі де бастан кешіруін, екі рет кешуге болмайтын «өзенді» кешуге талпынған жан арпалысының болуын қажет етеді.

Өлең мен оқырманның осындай сырлы қатынасының арасында қашан да көмескіде ақын тұрады. Сондықтан да мен оқырман ретіндегі ақындардың тебіренісін сыншыдан гөрі тіпті де тіке, анық ортаға түскен, поэзияға шексіз жақындау немесе оқырманның поэзияға, өзіне барынша терең бойлауы деп түсінемін. Бұл барыс оқырманның зейін-зердесін ғана сынамайды, оқырман ретіндегі ақынның ақындық тұлғалануына да сын.

Олжас Сүлейменов кезінде Махамбет Өтемісұлы туралы екі өлең жазған. Ұқсамаған кезде жазған осы өлеңдерде ақынның Махамбет туралы ойы да, сезінуі де ұқсамайды. Өлеңнің алдыңғысы «Нұрлы түндер» кітабына кірген де, соңғысы «Мешін жылы» кітабіна кіріпті. Орыс тілінде жазылған осы өлеңдерді ақын Қадыр Мырза - Әли қазақ тіліне аударған.

 

Бірінші өлең:

Біссіміллә!

Жорықтарда өткен күнді өлшемен,

Жүрек толы ашу -ыза,

Мол шемен.

Ат үстінде туған ерді,

Дүние - ай,

Кіріптар ғып айдап өтті - ау көшемен!

 

Қош тұлпарым, болған талай ақ көбік!

Жатырмын мен көр -зынданға шақ көніп,

Шауып - шауып бұралқы итке тастайды - ау,

Қайран басты

Жүрген кеше бақ қонып!

 

Өтті -кетті жауға салған сүреңім,

Алмас қылыш сияқты еді -ау түр-өңім.

Тот - өкініш кеміреді

Көмейге

Шабынады оқ жыландай жүрегім!

 

Тіфә!  Тіфә!

Қайда барсаң -бір өлім!

Жүнін жұлған қырғыи-менің жүрегім.

Ұмытыла ма асыл дұғам,

Арманым!

Ұмытыла ма қанды майдан,

Жыр -елім!

 

О,  аруақ!

Ішімді кек тырналар.

Жүзімді ертең құбылаға туралар.

Өмір болса баяғыша

Құм кезіп,

Бара жатыр аруаналар,

Буралар.

 

Айран ашып төгіледі

Сабадан.

Таласады өңшең төбет қабаған . . .

Мен зынданда,

Ал толық ай аспанда,-

Күлше нандай,

Қол созамын мен оған!

Соңғы өлең:

Неткен жомарт,

Неткен батыр,

Ер еді!

Ер еліме мендей сарбаз керегі.

Зарлы әуенге жерік болсам,

Мен үшін

Оның өзін қуана айтып береді.

 

Олар бірге түңіледі,

Түңілсем.

Олар бірге бүгіледі

Бүгілсем.

Теңіз біткен кеуіп қалған тәрізді,

Қайран Жайық,

Қайраныңа үңілсем.

 

Мойнымда елдің жаны, малы,

Астығы ...

Көрген емен ешуақытта бастығып.

Елдің мұңын,

Елдің жоғын жоқтағам,

Көмейіме қойса да хан тас тығып.

 

«Кешіре біл ағайынды суысқан,

Ел бақытты - сен жымисаң,

Туысқан!»

Деғенде ғой,

Тұра тұрған болар ем

Тізгінімді шығармай -ақ уыстан.

 

«Жайық барда ортаймайды,

Көлге сен.

Ақын барда қартаймайды,

Елге сен.

Сен тірі де - біз де тірі» дегенді

Айтпады олар,

Айтқанда олар,

Өлмес ем!

Алғашқы өлең өзінің тасасында тұрған ақынды оқырманына, онда да Орыс оқырманына бірден жат әрі шыт жаңа тұлға ретінде көрсеткен. Өйткені орыс ақындарында кездеспейтін сарын өлеңнің алғашқы жолынан- ақ ортаға бірден секіріп шыққан. Анау «Біссіміллә» деген сөзбен басталған өлең соңын құмда жортқан буралармен, саба толы айранмен жалғасын табады. Бұлар орыс ақындарының өлеңдерінде кем кездесетін өмір қиықтары. Бұлар тек О.Сүлейменов сияқты орыс тілінде жазатын өзге ұлт ақындарында ғана болатын қасиет. Дегенмен, ақын бәрібір орыс мәдениетінен сусындағанын, орыс тілінде жазатынын өлеңде жасыра алмаған. Жоғарыда кездескен белгілерден тыс өлеңнің өн бойынан ерлікті, жырды сүйетін, жылқы құмар орыс халқының да тәбиғатына жақын бейнелер мен мұндалайды. Жұрт жиылған көше, зындан осының бәрі -бәрі орыстарға өте таныс бейне. Егер, жоғарыда көзімізге бірден оттай басылатын белгілер (бізге таныс, бізге қарағанда өзге ұлттарға жаттау сезілетін) болмағанда О.Сүлейменовтың бұл өлеңінен Пушкинді, Мандельштамды, Пастернакты оқығандай болар едік немесе Декабристерді, Пугачев көтерілісін жазған орыс ақындарының бірін елестетер едік. Бұл өлеңді орыс оқырмандары осы үшін де өздеріне жат көрмей-ақ қабылдайтыны анық. Мұндай екі жақтылы сипат О.Сүлейменовтың  табиғатына да үйлеседі. Сондықтан да О.Сүлейменов орыстар үшін әрі таныс, әрі жат тұлға. Ақын осы қасиетін бір тұлғаландыруға тырысқан сияқты. Алайда орыс тілді қазақ ақыны ретінде О.Сүлейменов осы екі өлеңде өзінің бөлшектенген ақындық тұлғасын анық көрсеткен немесе бұл ақынның «АзиЯ» да көтерген тақырыбы «Игор жасағы туралы жырды» орыс пен көшпенділердің арасынан шыққан ХХII ғасырдың екі тілді (бүгінгі О.Сүлейменовке жақындау) ақыны жазған деген оймен сабақтасады. Алайда, бұны О.Сүлейменовтың ақын ретіндегі толық тұлғасы деп қарауға келмейді. Өлеңде менмұндалап шыққан жоғарыдағыдай екі жақтылы, бөлшектенген қасиеті бар О.Сүлейменовке бір ұлттың ұранына айналған қаһарман Махамбеттей ақиық ақынның образы оңай олжа болмаған. Махамбетті жырлау ерлігі мен елдігін жырлаған, рухы өр, ерлік жырын ауыздан-ауызға жалғап ұрпағына мұра етіп қалдырып келген халықтың рухын жырлау екенін, немесе өз тілі орысша шықса да «шумер» дегенге тілі орала кететін ақынның өз бойындағы, өзі де аңғара бермейтін қанына сіңген қасиетті  жырлау екенін кешірек болса да бәрібір О.Сүлейменов білген (осы аралықта О.Сүлейменов «Махамбетке» деген тақырыппен тағы бір өлең жазған. Онда ақын Махамбетке деген ойын еш бүркеусіз ақтарған). О.Сүлейменовтың Махамбетті жазған соңғы өлеңін осындай күрделі толқыу, күңірену, өзінде қалыптасқан шеңберді бұзу, басы қосылмайтын тақырыпты зорлап қосудан жалтару, өзін-өзі азат етіп, ақын ретінде өзін-өзі тани білу, ең маңыздысы Махамбеттей ақиық ақынды терең түсіне алудан барып туған.

Соңғы өлеңнің бойындағы қасиет адам ретінде, онда да ақын ретінде О.Сүлейменовтың толық тұлғасын айқын көрсете алған. Ақын туған халқын шексіз сүйеді. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңуға бар. Оның елдігін де, ерлігін де, тіпті, ездігін де біледі. Солайда ақын ретінде ол бөлшектенбейді. Өйткені, нағыз ақын әділет пен шындық, жауыздық алдында бөлшектеніп көрген емес. Ол жазып отырған Махамбетте бөлініп-жарылмайтын болаттай кесек тұлға болған. «Елінің жанын, малын» қорғай жүріп өлерін, тіпті, халқынан бірде-бір арашашы шықпай қор боларын білсе де Махамбет бәрібір бөлінбейтін бір тұлға күйінде қала бермек.

 

«Жайық барда ортаймайды,

Көлге сен.

Ақын барда қартаймайды,

Елге сен.

Сен тіріде - біз де

тірі» дегенді

Айтпады олар,

Айтқанда олар,

Өлмес ем!

 

Өлеңнің соңын О.Сүлейменов осылай ақырластырған. Ол Махамбеттің монологын өлерінде аузынан беріп, өзін де Махамбетпен айырылмайтын бір тұлғаға айналдырып жіберген. Түсінген жанға ақынның жетпек мақсаты да сол емес пе?

Жоғарыдағы екі өлеңнен О.Сүлейменовтың бір-біріне ұқсай бермейтін екі келбеті танылады. Орыс мәдениетінен сусындап, орыс тілінде жазған,  өзі айтқандай «Достоевскийді, Пушкинді, Маяковскийді оқып өскен» ақынның шын келбеті де ұқсамаған осы екі түрлі бейнесінің арасында деп қарау ақылға қонады. Оның бойында ақын оқып өскен, мәйегі қалған мәдениеттің қасиеті мен қанындағы туған топырақтың, өз ұлтының қасиеті осылай тай-құлындай тебісіп бірге өскен, бірге жетілген. Ұқсамаған бұл іздердің сорабын - бойына жинап қордалаған О.Сүлейменовтың «дәстүрі» деуге болады. Бұл белгілі жақтан «дәстүрге мұрагер бола алмайсың, оған тек армай - талмай еңбек етсең ғана қол жеткізе аласың» деген аталы сөзді растап тұр. Ұқсамаған өркениеттік негізі бар, ұқсамаған мәдениеттің ықпалын қабылдаған ақын ретінде О.Сүлейменов осы заманымыздың көп негізді мәдениетінің өкілі бола алады. Оның тіпті ана тілінен басқа тілде жазатындығы да соны дәлелдеп тұрғандай. Алайда, көп негізді өркениет пен мәдениеттер тоғысқан бүгінгі дүниеде өз мәдениетін, жүйеден өз ана тілін сақтай отырып көп негіздену адамзат тарихы бүгінгі даму сатысындағы бет келген ерекше бір құбылыс. Бүгін біз әне соның тасқынындамыз.

О.Сүлейменовтың замандасы, қазақтың тағы бір тарлан ақыны Омарғазы Айтанұлы да ұқсамаған мәдениет пен өнер бұлағынан нәр алған талант иесі.О. Айтанұлы да О.Сүлейменовке ұқсас XX ғасырдың 50 жылдарынан бастап орыс -кеңес мәдениетінен, онда да орыс әдебиетінен, айталық Достоевский, Пушкин, Маяковский сияқты ақындарды оқып жетілген. 50 жылдардың соңында жазған өлеңдерінде О. Айтанұлы орыс ақындарының, онда да орыстың осы заман ақыны Маяковскийдің «шашпа өлең» немесе «тоникалық өлең» үлгісін жетік меңгере білгенін көрсеткен. Кейін «Құсжолы» жинағына кірген сондағы өлеңдерінен біз ақынның сол тұстағы жалынды жаңалығын анық көреміз.

Қытай қазақ әдебиетінде «Омарғазы поэзиясы» деп аталып, сыншылар қашанда көлеңкесінен Маяковскийді көретін осы өлеңдер бейне О.Сүлейменовтың бойындағы қасиетке ұқсас, оңай -оспақ сіңіруге болмайтын күрделі қайшылықтың бірлігін сақтаған. Бұл өлеңдер формалық жақтан Абайдан басталған қазақ өлеңінің үлгісіне ұқсамай қалғанымен ғана емес, жазған тақырыптың ұқсамастығы, сол тарихи дәуірдегі ұлттың тыныс-тіршілігімен, тағдырымен біте қайнаспағандығымен де ерекшеленген. Саясидың әдебиетке сіңіп кіруі О.Айтанұлының поэзиясында дәуір рухын көрсеткендей көрінгенімен, ұлттық рухтан айырып қойған.

 

Қызыл атпен келемін,

Қамшы бастым,

Тау самалымен желпініп,

Құз - қиялардан ту алып өтемін.

Дүркіре, атымның жалы!

Күн күркіреп, жаңбыр сіркірейді,

Азия таулары,

Мен сенің мұз жоталарыңды дірілдетемін.

«Қызыл атпен келемін» (1959 ж.)

Алдыда жаңа бекет

Жаңа сарай,

Сіріңке қорабындай,

Қойған жиып.

Арқырап келеді ауыр дөңгелектер,

Қос болат - қос реліс белі иіп.

 

Сондағы шал басынан өткен қиял,

Міне осы

Бүгін қайта бір оралып.

Отырды шылбырынан ұстап атын,

Қасында кемпірінің сәл ойланып:

-Е, солай

Өтті, кетті,

Бұл бір күндер

Құрылған сол күндердің есесіне.

Ішкендей болды ақсақал

Бақытты өмір

Шарабын бір толтырып кесесіне.

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

«Тау арасындағы пойыз даусы» (1963 ж.)

50, 60 жылдарда саясидың ықпалында кетсе де О.Айтанұлы 80 жылдарда нағыз әдебиетке қайтып оралды. 80 жылдарда жазылған «Тырналар» өлеңін былай бастайды ақын:

 

Кәдімгі Жоңғария,

Құбының бір шетінде

Таныс бізге,

Кәрия жүз жастағы

Жүз бірге айналғанда

Осы күзде,

Тұра алмай төсегінен

Қу сүйек, қардай таза, пәк тәнімен:

Көз алмай шаңырақтан жатқан еді,

Қоштасып атқан таңмен,

Батқан күнмен.

 

Оңаша дем алсын деп,

Отырған шал - кемпірлер қораланып,

Тарасып кеткен еді,

Бір әредік, қалғанда шал оңалып.

Көрінген шаңырақтан кішкене аспан-

Аспаны күзгі күннің

Шайдай ашық.

Кей -кейде әкетуші ед

Жүз жылғы ескі елеске

Ала қашып.

.  .  .  .  .  .

«Тырналардан» бастап 90 жылдардың басына дейінгі уақыт О.Айтанұлының поэзияда өзін іздеген, ұқсамаған мәдениеттерден қорытып алған, өз басына ғана тән, «өзінің дәстүрін» тұлғалауға ұмтылған уақыты. «Тырналардан» Маяковскийше «тоника» мен ұлттық бояу шебер қиысып, сәйкесін таба түссе де, бұл өлеңдер бұрынғыдай саясаттың қанжығасында кетпегенімен, мазмұныннан гөрі форманың басым болу ерекшелігін баяғысындай сақтаған. Өлеңнің формасы баяндаудан ары аса алмай, тек соған ғана қызмет етіп, жалаңаштанып қалғаны бірден көзге түседі.

О.Айтанұлының Маяковскийше «тониканы» лақтырып тастап немесе оны сіңіріп, өзінікіне айналдырып, нағыз ақындық биігіне шыққан шағы өмірінің соңындағы қысқа өлеңдер жазған кезі (айтадық 1993 жылы жазған өлеңдері) айақтастыра алмаған «Қорқытты» жазған шағына тура келеді.

Ақын осы кезінде ғана бөлініп-жарылмаған нағыз ақындық таланытын, ақыл-ойын, өзінде бар поэзияның жауһарын өлеңге айналдыра алатын дәрежеге жетіпті.

Егер поэзияны рух пен тәннен жаралған тұлға десек, оның жаны ырғақта. Ырғақ қана поэзияның өзіне ғана тән ұйқасы мен формасын туғызады. Поэзия деген көрінбейтін рухтың толқыған сәтте жылт еткен сәуледей елесінің ырғақ пен ұйқаста белең беруі. Сондықтан да болар поэзия үшін ырғақ пен ұйқас көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін жұмсақ нәрсе. Оның бар екенін тіпті ақынның өзі де тек жан-тәнімен берілгенде ғана аңғарады. Оны ақынның бойындағы өзіне ғана тән бояу мен жеке басының зердесі ғана жаратады. О.Айтанұлы поэзияда зәр шағына жеткенде осы түйінді анық аңғартқан. Ақынның 90 жылдарда жазған бір қатар қысқа өлеңдерінде «қаншалық аз болса, соншадық көп дүниені қамтиды» деген эстетикалық өлшем негіз етілгген. Бұл өлеңдерде ақын болмыс жөніндегі қалыпқа түскен, тұрақтанған көзқарас айтудан гөрі, болмысқа үңілу, болмыстың бір бөлегіне айналуға бейім тұрады. Сондықтан да оқырман бұл өлеңдерді оқыған сәтте оны салған жерден түсініп кете алмайды. Қайта, арада көлеңке, перде тұрғандай сезімде қалады. Дегенмен оқырманның бұлай тоқырауы өлең техникасынан туып отырған жоқ. Қайта ақынның тіршілік, өмір, болмыс, өлім турасында жастық шақтан қарттыққа қарай басқан әр бір қадамында, өз болмысының әр бір парағынан кездестірген түсініктер мен болжамдарынан қорытылып ортаға түскен. Ақын тіршіліктің мәнін қаншалық терең сезінген сайын өзінің шын бейнесіне соншалық жақындайды, өз рухани дүниесін соншалық терең қазбалайды, соншалық тебіренеді. Бұндай тебіреніс қашан да күрделі рухани қозғалысты тұлғалайтын күрделі өнер үлгісінің - форманың болуын қажетсінеді. Мұндай тебіреніс, әсте жаттанды ұйқас пен қалыптасқан ырғақтың шеңберіне сыя бермейді. Қайта ол өзінің ритміне сай тың ырғақ пен ұйқастың болуын қажет етеді. Толқын атқан тебіреніс пен сол тебіреніске сай туған өнер үлгісі қашанда бар мен жоқтың арасында малтығып, ақынның рухын серпілтіп әкетеді, немесе ақын қиялда болса да әлгі «Бір уақытта екі рет кешуге болмайтын өзенді» кешеді. «Арылу» міне осындай өлеңдердің бірі.

 

Жұтып кетеді қара орман,

Жақын барма

Есің дұрыс болса, егер сенің-

Орап алады

Жасыл торы

Жарық пен көлеңкенің.

 

Тоқтатпайды аққан су,

Кетеді ол тағы бірге ағызып-

Сені өзімен.

Қарайсың сонда екі жағаға

Адамның емес

Албастының көзімен.

 

Ойдан тоқтап

Тас боласың беттегі.

Өлеңге де, әнге де ұқсас

Инелік пен араның

Ұшып өткені.

 

Философия якіи бір дін,

Қоғамдық ойлар жоқ мұнда.

Көміп жатқан сияқты

Табиғат адамды

Орауыш етіп

Жасыл шалғын мен көк қияқты.

Сергисің

Құтыласың өзіңді

Адамдықтан тыңайтып.

Отырасың сонан соң

Баяғы сол өз тегіңе қайтып.

О.Айтанұлының ертеде жазған «Қызыл атпен келемін» өлеңінің тасасында ақын емес, қоғам немесе соған ұқсас қандай бір топ, белгілі бір қоғамдық күш тұрады. Сен өлеңнен соның ой-қиялын, мақсатын, көзқарасын естисің, білесің. Одан жеке О.Айтанұлын көре алмайсың. Автор ретінде қабыл алсаң да ол бәрі бір сол көптің өкілі. Өлеңде оның жеке тұлға, жан иесі пенде ретінде өмір сүруіне, жеке адам ретінде ойлануына орын жоқ. Өлеңді жазып отырған ақын да олай өмір сүргісі жоқ. Бірен-саран өлеңдерінде болмаса осы тұста жазылған өлеңдерінде О. Айтанұлы өз тұрғысында, өлеңді де осылай деп түсінген. 80 жылдардан кейін жазған өлеңдерінде ақын адам ретінде, ақын ретінде өзін тыңнан сарапқа салған, тұрғысында жаңадан қарастырған. Бұл дәуірде О.Айтанұлы тониканың атына мініп, романтиканың екпінімен ұшып жүргендей елес береді. Алайда, «Тырналардан» бастап ақын Азия тауларын аралап, шығыс диалектикасын сарапқа салып, Құсжолына барып келгендей көрінсе де, ақыры айналып өзі сияқты ет пен сүйектен жаралған адамды, оның жер басып жүргенде басынан кешкен қайғысы мен қасіретін, тағдырын жазуға бағытталған. Дегенмен, бұл кезде де О. Айтанұлының өлеңі ақындықты, өлеңді жер басып жүрген адамның болмысынан гөрі, жеке адамнан жоғары тұратын, адамдар ортақ табынатын, сол адамдарға өкілдік те ететін, адамдарды бас шұлғытатын сыртқы күш деген түсініктен толық арылмаған. Оның бойындағы романтиканың әуені әне соның сарыны.

О.Айтанұлының барлық жасандылық біткенді сыпырып тастап, құлан таза өзін, адамды, оның трагедиясын жазған шағы (Омарғазы жасаған дәуір тек трагедия ғана жасалған дәуір болды) 90 жылдардағы жасампаздығы болды. Ол осы кезде ғана енді қайтып айбынды қолдың ту ұстаушысы да, құс жолына самғаған керемет күштің иесі де емес, тек адам, адам болғанда алдамшы өмірдің қырық құбылған мазағында ыстық пен суыққа бірдей түскен, туылу мен өлудің арасында қамшы сабындай ғана сапар шеккен уақыттың уысындағы адам болды.

 

«Жұп-жұмсақ бұйра шаштарды

Бұзған кім?

Алтын сырға астындағы

Ақ дидарды сызған кім?»

Енді ол адамның осы тыныс-тіршілгін жазды. «Арылу» О.Айтанұлының қазақ поэзиясының алтын қорына қосқан тамаша өлеңдерінің бірі. Ақын бұл өлеңде өлім туралы айтқан. Тіршілік үшін аяқталу, бет келмей қоймайтын болмыс ретінде, үрей мен торығу, қасіретке балама ретінде ортаға шығатын өлімді ақын қарапайым, табиғи етіп шешуге тырысқан. Қасіреттен гөрі сұлулыққа жақындатуда тағы да сол романтиканың сарыны бар десекте, өлең эстетикада табысқа жеткен. Өлеңнің өн бойынан өлімнің өзі емес елесі менмұндалайды. Ақын өлімнің қасіретін ғана айтып қоймаған, оған қосып өлімнің сірә не екенін де аңғартқан. Алайда ақын оны трагедия деп түсіндірмейді. «Қара орманда» жұтып кететін қасиет болса да, ол да табиғаттың тіршілікпен еншілескен, тіршілікке сыйлаған сыйы. Бейне сапарға кеткен адамның қайтып оралғанындай, табиғаттың қайтып оралған түлегіне құшағын ашуы. Мұндай қайтып оралудан мен «қоғамдық ойлар» іздемеймін, оны «табиғаттың шығыны» деп қана түсінемін дейді ақын. Ақынның ойынша адамды өлімнің өзінен емес, оның үрейлі көлеңкесінен шығарудың, азат етудің, қасіреттен «арылтудың» тетігі де міне осында (ақын өзін де осылай азат еткен). Осылай қабыл алғанда ғана «сергисің», «құтыласың» дейді ақын. Ақын тіршіліктің аяқталуы ретіндегі өлімді, трагедияны осылай қабыл алып, осылай түсіндірген. Бұл әсте көзқарасты өлеңге зорлап тықпалау емес. Қайта, бұл аз жазылсада сазды жазылған өлеңнің бойындағы эстетиканы қабылдағандық. Өлеңнің тасасында мен мұндалап жатқан сезім мен ой әрбір сөз-сөйлемге сіңген осы эстетиканың қанатымен қанатын қағып, тасадан шығады. Егер оны түсіне, сезіне алмасаң, онда өлең саған өзінің тізгін-шылбрын әсте ұстатпайды. Қағаз бетінде үнсіз жатқан сөздерден ой мен мазмұнның бұлай « белең беруі» осы мезгілдегі О.Айтанұлы поэзияасындағы бір үлкен ерекшелік. Ол терең сезіну мен ден қоя аңғаруды қажет етеді. Оның ізін «аздан көп мағына шығару» немесе дәл өзін айтпай, аңғарту мен жетелеу арқылы ізге салатын өнер эстетикасынан табуға болады. Мұндай меңзеу О.Айтанұлының енді бір өлеңі «Жоруда» тіпті айшықты берілген. Омарғазының жасампаздығында махабат, әйел және әйел тәнінің алатын орыны ерекше. Соңғы өлеңде ақын тау табиғатынан қаламның ұшымен әйел тәнін сызып шыққан.

 

Тыр жалаңаш тау,

Бір қабат лыпасы

Ақ тұман - бу.

Ұзын-ұзын қыраттар

Борбайларыңды жу.

 

Сұлудың аппақ қабығы

Бір білініп, бір өшіп

Тұрушы еді ғой солай -

Жұп-жұмсақ бұлт көшіп.

 

Тесіп шығады сонда

Боз жамылшыны

Көкпеңбек мұз заңғардың ұшы.

Көлкілдейді төменде ақ тұман,

Көре алмайсың бірақ

Құпия жатады

Ең тереңінде махаббаттың күші.

Бұл өлеңдер ана тіліміздің жемісі ретінде қазақ поэзиясының эстетикасында ашылған жаңа бір бет екенін уақыттың өзі көрсетеді.

Поэзия адам рухының бостандыққа ұмтылуы болады екен, онда ол қалыптасқан шеңберде қала алмайды. Поэзияға келген әр бір жаңалық ескінің қалпын бұзып, өз кеңстігін өзімен бірге әкеледі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір