Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өзекті 3937 2 пікір 9 Шілде, 2020 сағат 12:12

Адамға деген құрмет... өлген соң да болу керек!

Мемлекеттің өркениеттігі оның қоғамда кәрі адамдар мен балаларға деген қамқорлығымен өлшенеді деген бір қағида бар. Бірақ осы көрсеткіш бойынша біз қатарына енеміз деп отырған озық 30 елмен салыстырғанда оңып тұрғанымыз шамалы.

Кәрілік – Құдайдың сыйы. Кәрілікке жеткен де бар, жетпегендер де бар. Қоғамымызда кәрі кісілерге қаншалықты жағдай жасап отырғанымыз олардың өмір сүруінің орташа жасы (қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 73 жас. Ер адамдар – 69, әйелдердікі – 77 жас.) мен зейнеткерлікке шығу (ерлер – 63 жаста, әйелдер – 59 жаста) жасынан байқалады.

Тәуелсіздік алып, нарықтық экономиканы құру барысында, тіпті бүгін де қаншама қарт адамдар үй-ішінің, бала-шағасының қамқорлығынан айырылып, қарттар үйіне түсіп, өмірінің соңғы күндерінде немере-шөберелерін бір көруге зар болып дүниеден өтіп жатыр. Әрине, біреулер шет елдердегі қарттар үйлерін мысалға келтіруі мүмкін. Бірақ ондағы қарт адамның күтімі мен біздегінің айырмашылығы жер мен көктей екенін естен шығармайық. 1990 жылдардың ортасында ел анасындай болған бір кісінің аузынан: «Қазақтардың аталары мен әжелеріне зейнетақының не керегі бар, оларды бала-шағасы асырамай ма?» – дегенді де естігенбіз.

Қалай ойлайсыздар, мұндай жағдай қазақ халқының төл құндылықтарына немесе өркениеті озық елдерге жараса ма? Жоқ. Сондықтан да қарт адамдарға қамқорлық көрсету жағынан біздің қоғамды өркениетті деуге шартымыз толыңқырамайды.

Мақұл, қарттар мәселесінде әлемнің озық елдеріне ілесе алмай қалдық. Ал, балаға қамқорлық қандай деңгейде екен, соған көз жүгіртіп көрейік те, тағы да 1990-жылдары нарықтық қатынастардың қалыптаса бастаған кездерін есімізге түсірейік. Сол 1990 жылдары туу азайып кеткендіктен бе, әлде Үкімет қазақстандықтар енді бала таппайтын шығар деп шешті ме, неге екен, бала-бақшалардың көбі жеке меншікке өтіп қойма, көтерме сауда дүкендері т.б. сияқты комерциялық құрылымдарға айналды. Тек бертін келе, естеріңде болса, 2007 жылы «100 мектеп пен 100 емхана» салу бағдарламасы қабылданып, дағдарысқа байланысты бітпей қалған. Ал бала-бақша салу туралы мәселе көтерілмеді де. Бүгін, қарап отырсаңыз, кез келген мөлтек ауданда 2-3 қабатты котедж үйлерді қолынан келгеннің бәрі бала-бақшаға айналдырып алғанын байқайсыз. Соған да шүкір дейміз! Әке-шешелері бар мұндай балдырғандарды бақытты десе де болады.

Ал, әке-шешелері жоқ кішкентай жетім қазақстандықтардың тағдыры қандай болды дейсіз ғой? Олар Қазақстанның табыс көзіне айналды. Шетелдік азаматтарға қазақстандық жетім баланы асырап алу үшін ресми түрде 15800-38500 евро аралығында ақы төлеулері тиіс болды. 1990-жылдардың аяғынан 2017 жылға дейін Қазақстанда 9 мың бала шет елдіктердің асырауына берілді. Негізінен олар Испания, Италия, Франция, Канада, Бельгия, Англия сияқты 6 елдің азаматының қолына тиді. Тек АҚШ азаматтарына 2012 жылдан бері Қазақстаннан бала асырап алуға тыйым салынды. Өйткені олар асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына қатысты есеп беруден бас тартты (https://24.kz/ru/news/delovye-novosti/item/296359-okolo-9-tysyach-kazakhstanskikh-detej-usynovili-inostrantsy).

Бұл бұл ма, ҚР 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» атты Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жетілдіруге арналған бағдарламаның өзі неге тұрарлық?.. Бұл бағдарлама бойынша дәрігерлер дайындайтын ЖОО-да педиатрия мамандығын, ал ауруханалардан педиатрия бөлімі алынып тасталды. Құдайға шүкір, соңғы жылдары оларды елдің айғайымен қайта орынына келтіре бастадық.

Мінекеи, бір-екі мысалмен, қазақстандық қарттар мен балалардың қаншалықты мемлекет қамқорлығына ілінгенін көріп отырмыз.

Бірақ, бұлардан басқа қоғамның даму деңгейін көрсететін тағы бір көрсеткіш бар. Ол түбінде әр адамның басынан өтетін – өлімнің дәмін тату.

Соңғы айларда дүние жүзіндегі эпидемиалогиялық ахуалға байланысты ел ішінде өлім-жетімнің күрт өсуі біраз мәселелердің бетін ашты.

Әсіресе мәйітханаларда (моргтарда) мәйіттердің сақталуы мен соңғы сапарға шығарып салу үдерісі тұрғындардың жаппай наразылығын тудырып отыр. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. Аруақ пен сүйекті  ерекше қастерлейтін қазақ үшін қазіргі жағдайда мәйітханалардан туыстарының денесін алу көп қиындықтар тудырып, сүйекті қорлау, тіріге қиянат етумен бірдей болып отыр.

Соңғы бір аптаның өзінде ғана бірнеше рет жерлеуге қатыстым. Сондағы байқағанымыз  – мәйітханаларда дәрігер мамандар мен қызметкерлердің жетіспеуінен және мәйітханалардың жабдықталуының нашарлығынан қайтыс болғандардың туыстарына мәйітті қайтару өте көп уақыт алатыны.

Ресми статистиканың қандай екенін білмеймін, бірақ 7 шілдеде біз барған Алматыдағы Қалқаман емханаларына тиесілі мәйітхананың қызметкерлері соңғы тәулікте 86 сүйекті әкелгенін, соның салдарынан оларды рәсімдеп үлгірмей жатқанын айтты. Емханадан кеше жіберілген мүрделер мәйітханадан табылмай жатты, денесі табылса «историясы» табылмай әлек боп тұрған ондаған отбасы қайғыға тұншығып тұрды. Ақіреті мен киізін көтеріп таңертең 8-де барған адамдар өз туыстарының денесін кешке дейін ала алмай қиналғандары сонша, қайғығадан ашу-ызаға булығып, наразылықтарын білдіре бастады.

Оның үстіне соңынан келген өзге біреулер жолын тауып мәселені шешіп жатуы қолдарында артық қаржысы жоқ адамдардың ашу ызасын тудырып жатты. Сол ашу-ызаның өршіп кетпеуін қадағалағын патрульдік полиция мәйітхананы айналып жүрумен болды.

Сонда келген бір ой, ендігі әлеуметтік сілкініс бола қалса, осы мәселенің айналасында өрбуі әбден мүмкін. Сондықтан да, мәйіттерді беру рәсімін тез арада дұрыстау қажет. Ал өркениетке сай жаңа үлгіде жабдықталған мәйітханаларды салу  –  жақын арадағы уақыттың талабы.

Алда қандай заман болатыны белгісіз. Бірақ адамға деген құрмет ол өлгеннен соң да болу керек. Әйтпесе адамның қадірі жоқ кешегі тоталитарлық жүйе сияқты мәйіттер тау-тау боп үйіліп, аты-жөні жоқ ортақ зираттарда (братская могила) жерленетін болады.

Аруақ атып жүрмесін, ағайындар...

Арман Жұмаділ

Abai.kz

2 пікір