Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 4168 7 пікір 9 Шілде, 2020 сағат 11:39

Конституцияға өзгеріс енгізу Ресейге не береді?

Жалпы Ресейдің тарихы қызық. Үнемі соғыс. Мемлекет сыртқы жаумен күрестен өзіне өмір сүруге қажетті оттегі алатындай. 1990 жылдары батыс елдеріне тән демократияға аздап түсіп те көрді. Регион басшыларын жергілікті халық сайлап, олигархтар президенттің басына мініп, мемлекетінің түбіне жете жаздады.

Қытай мен Ресейге батыста бар демократия дәл сол форматында берілсе өте қауіпті секілді. Болмысы, менталитеті, мемлекеттік құрылымы мен аумақтық ерекшелігі сәйкес келмейді. Болашақта демократиялық барқару формасына түссе де ақырындап жүзеге асырмаса түбі жақсы болмасы анық. "Гласность" деп айқайлап жүріп Горбачев та Кеңес үкіметінің түбіне жеткен.

Конституцияға өзгерту енгізу Ресейге не береді?

1. Ең басты өзгеріс 67 жастағы қазіргі президент Путин мандатына обнуление жасап алды. Енді 2036 жылға дейін сайланамын десе де өз еркі. Халқының басым бөлігі қолдады. 4-5 жыл санкцияда өмір сүріп жатса да жалпы қарсылық болмады. Ол түсінікті де. Орекеңдерге сыртқы жау факторы маңыздырақ.

2. Жаңа өзгертулер бойынша президенттің құқығы мен мүмкіндіктері артты.

3. "Мемлекет құрушы ұлт" түсінігі келді. Бұл деген сөз алдағы уақытта региондарда орталық биліктің саясаты күшейе береді дегенді білдіреді.

Бұл өзгерістердің бізге ықпалы молынан болады. Бір нәрсе анық. Ресей өзгермей Қазақстан өзгермейді. Ұшақ апаты болса да қара жәшікті Мәскеуге апарып оқытатын елміз. Әуе қорғанысымыз Ресеймен бірігіп қорғалады. Әскери базалары да орналасқан. Бұл қарапайым ғана екінің бірі білетін мысалдар. Білмейтініміз қаншама. Біздің халықтың не айтып, не қойғанына дейін олар үшін ашық карта іспеттес шығар. Қазақстанда президент бола алады деген әрбір саяси салмақты тұлға жайлы компроматы да, басқа ақпараттарды да жан-жақты жинап тастаса таң қалуға болмайды. Себебі, империя құрып келген елдер үшін бұл қалыпты жұмыс тәртібі. Осы нүктеден біздегі демократия мен өзгерістің келешегі келіп шығады. Қаласаң да, қаламасаң да бұл шындық.

Алдағы уақытта Ресейде форс-мажорлық жағдай орын алмаса бәрі бақылауда болады. Путин 2036 жылға дейін отырса біз де алдағы 16 жыл соның айналасында жүреміз. Бұл реали фактор. Бірақ көбі мойындағысы, қабылдағысы келмейді. Ондай максималистерден қорқу керек. Солтүстіктегі көршінің реали күшін есептемей саясат жүргізетіндер билікке келсе ақымақтығымен халықты жанып тұрған отқа айдаудан тайынбайды. Кең болсаң кем болмайсың дейді қазақ. Бізді кім басқарса да эмоция мен қоғамдық пікірге көп ермейтін, кең ойлап, салқынқанды шешім шығара алатын тұлға болсын деп тілеймін.

Бауыржан Серікбайдың жазбасы

Abai.kz

7 пікір