Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сайлау 7122 22 пікір 8 Шілде, 2020 сағат 15:15

Шығыстан депутат болатын бір қазақ табылмады ма?

2020 жылы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді

Биыл 2014 жылы сайланған депутаттардың өкілеттілік мерзімі толады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірлерден сайланған 17 депутат орнын босатқалы отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған сенат сайлауын өткізу туралы қаулы жарияланғаннан бері өңірлер кезекті сайлауға дайындалып жатыр. Әр облыс сайлауға түсетін кандидаттарды анықтайды. Сол қатарда Шығыс Қазақстан өңірі бойынша үш кандидат тіркелгені хабарланды.

Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Облыстық Сайлау комиссиясының хатшысы Галина Романовскаяның айтуынша, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттардың деректерінің заңға сәйкестігі анықталған соң, облыстық Сайлау комиссиясы отырыс өткізіп, депутаттардың сенімді өкілдерінен өтініштер қабылдаған.

- Сайлау туралы еліміздің конституциялық заңы мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутаттарды сайлауға дайындық пен оны өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес, облыстық Сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутаттығына үміткерлердің сәйкестігін анықтады. Сайлау туралы заңға сәйкес, әр үміткер Қазақстан аумағында 10 жылдан, ал Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3 жылдан кем емес уақыт тұрғылықты тұруы қажет. Облыстық Полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, барлық кандидаттың бұл нормаға сай екендігі анықталды. Барлық кандидаттың соттылығы, сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысы болған жоқ. Жоғары білімді, еңбек жолдары бес жылдан жоғары. Сондай-ақ, олардың жастары 30-дан жоғары, - Романовская.

Сенат депутаттығына ШҚО-дан үш адам өз кандидатурасын ұсынған. Олар: Бородулиха ауданының әкімі – Ольга Булавкина, Риддер қалалық мәслихатының хатшысы – Игорь Панченко мен облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігері – Юрий Старокожев.

- Бұл азаматтардың барлық деректері заңға сәйкес және олар Қазақстан Республикасының азаматтары, – дейді облыстық Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова.

Бізді таңқалдырғаны білдей бір облыстан сенат сайлауына түскелі отырған үш кандидаттың бірде-беруі қазақ ұлтынан емес. Биыл ел болып 175 жылдығын атап өтіп жатқан Ұлы Абай туып-өскен өңірден сенат депутаты болатын бір қазақ табылмағаны ма?!

Мұны аз десеңіз, биыл өкілеттілік мерзімі толып, орнын босатқалы отырған ШҚО-дан сайланған депутаттың да ұлты қазақ емес. Сонда бұл өңірден сенатқа тек қазақтан өзге ұлт өкілдері бару керек пе?

Сергей Плотников

60 жаста. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. 2014 жылы ШҚО-дан сайланған.

Abai.kz

22 пікір