Жексенбі, 9 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 98701. Жазылғандар — 72273. Қайтыс болғандар — 1058
1512 2 пікір 8 Шілде, 2020 сағат 13:01

Бактерияға қарсы препараттар пневманияға еш әсер етпейді

COVID-19 белгілері аз болған жағдайда вирусқа, бактерияға және тромбқа қарсы препараттар қажет емес. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер Раушан Қарабаева мәлім етті.

«Мұндай науқастар емдеу-қорғау режимін ұстануы керек, дұрыс тамақтанып, жиі су ішеді, С, Д дәрумендерін қабылдайды, дене қызуы көтерілген жағдайда оны төмендететін препараттар – парацетамол және ибупрофен қабылдайды. Сонымен қатар, бүйрек аурулары бар науқастар, әсіресе, бүйрегінда тасы бар адамдар КВИ кезінде С дәруменін қабылдағанда сақ болуы керек», - деді маман.

Қарабаеваның айтуынша, дене қызуы 38С жоғары көтерілгенде, интоксикацияның айқын белгілері (бұлшық еттің ауруы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, кеуде қуысының ауыруы) болған жағдайда, оның асқынуына, яғни пневмонияға ауысуына жол бермеу керек. Ол үшін кеуде қуысы органдарын рентгенге түсіреді немесе компьютерлік томография жасайды.

Айта кетерлік жайт, этиотроптық емдеу кезінде вирусқа қарсы препараттар тағайындалады. Қазіргі кезде лопинавир/ритонавир, гидроксихлорохин, фавипиравир және ремдесевир сияқты дәрілерді қолдану ұсынылған. Айта кетейік, бұл дәрілік заттардың гепатоуытты және кардиоуытты жанама әсерлері бар, яғни бауыр мен жүрекке жағымсыз әсерін тигізеді. Осыған орай, бұл препараттарды аурудың белгілері аз болғанда бақылаусыз қабылдау аса қауіпті болып табылады.

Сонымен қатар ол пневмониямен ауырғандардың да препараттарды бақылаусыз қабылдағаны қауіпті екенін жеткізді.

Дәрігердің айтуынша, қазіргі пневмония вирустық, сондықтан бактерияға қарсы препараттар оған еш әсер етпейді.

«КВИ жұқтырғандардың антибиотиктерді бақылаусыз қабылдап жатқанын көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес, әрі қауіпті. Антибиотиктер ағзаның иммунитетін қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Нәтижесінде, бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұнымен қоса, антибиотиктерді ешқандай белгілерсіз тағайындаған жағдайда, микроағзалар бактерияға қарсы заттарға тұрақты және төзімді болады. Бұл өте күрделі мәселе деуге болады. Адам ағзасында антибиотиктердің көптеген түрлеріне микробтардың сезімтал емес, мультирезистентті штаммдарының қалыптасуы – бұл жаһандық мәселе. Бұл келешекте бактериалды инфекцияларды емдеуде қиындықтарға әкеп соғады», - деді дәрігер.

Бүгінде ауыр жағдайда ғана қолданылатын бірқатар антибиотиктер мен гормондарды сатып алу және қабылдау жағдайлары жиілеп отыр. Бактериялық компонент болған кезде коронавирусты антибиотиктермен тек дәрігердің нұсқауымен ғана емдеу қажет.

Abai.kz

2 пікір