Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2218 3 пікір 8 Шілде, 2020 сағат 10:03

Ақан Сатаев «Қазақфильм» АҚ президенті болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президент болып Ақан Сатаев тағайындалды.

Ұжымға жаңа басшыны Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов таныстырып, алдағы қызметіне сəттілік тіледі.

Бұл туралы Сатаев әлеуметтік парақшасында да жазды.

"Қымбатты достар, мен бүгіннен бастап еліміздің басты киностудиясының - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның басшылығына кірістім. Мен өзімнің әріптестерімнің және барлық біздің Киноға мүдделі адамдардың сенімін ақтауға бар күшімді саламын. Ия, жұмыс көп - құнды мұрамызды алып, жаңа шешімдер мен реформаларға сүйеніп, алға өрлеуіміз қажет... Отандық Кино саласын әлемдік деңгейге көтеретінімізге сенімдімін!",- деді ол.

Айта кетейік, бұл қызметті бұған дейін Арман Асенов атқарған болатын.

Ақан Қарғамбайұлы Сатаев 1971 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін тəмамадаған.

2003 жылы «Sataifilm» студиясының негізін қалап, 2007 жылы «Рэкетир» атты алғашқы толықметражды фильмін, «Адасқан» мистикалық триллерін (2009), «Ағайынды» сериалын (2009), «Ликвидатор» психологиялық драмасын (2011), «Жаужүрек Мың бала» тарихи фильмін (2012) түсірген. Сондай-ақ «Районы» криминалдық драмасы мен «Анаға апарар жол» тарихи драмасының (2016), «Бизнесмены» (2018), «Томирис» (2019) жəне тағы басқа туындылардың режиссері.

2014 жылы киноиндустрия саласының үздік өкілі ретінде "Халық сүйіктісі" ұлттық сыйлығына ие болды.

2016 жылы жас режиссерлерді қолдауға бағытталған Astana Film Found қорының негізін қалаған.

Abai.kz

3 пікір