Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4763 5 пікір 6 Шілде, 2020 сағат 19:22

Шамалғанда орталық саябақ ашылды

Елорданың туған күніне орай, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында орталық саябақ ашылды. Балаларға арналған демалыс орны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, Астана күнінде қолданысқа берілді.

«Ана-Нұры» саябағының жалпы ауданы бір жарым гектар. Ал, ұзындығы 380 метр. Ойын алаңына бір уақытта 150 адамға дейін келе алады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, саябақтың Шамалған өзенінің жағалауында орналасуы келушілерге өте ыңғайлы көрінеді.

Демалыс орнының ашылу салтанатына аудан тұрғындарынан бөлек, аудан әкімі Жандарбек Далабаев және спорт ардагері әрі кәсіпкер Серік Бакишев қатысты. Олар Аймақ халқын мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.

«Саябақ аумағында екі ойын алаңы және футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Одан бөлек, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ ойнауға арналған үстелдер орналасқан. Үстел теннисін өзім де бір рет ойнап көрдім»,-деді аудан әкімі Жандарбек Далабаев.

Жаңа демалыс орнында балдырғандар спортпен шұғылданып қана қоймай, Қазақстан тарихын да қызығушылықпен зерттейтін болады. Себебі, алаңның бір бөлігіне қазақ хандарының, билерінің батырларының өмірбаянынан сыр шертетін тақта қойылған. Тәрбиелік мәні зор орында Сүйінбай Аронұлының, Абай Құнанбаевтың, Жамбыл Жабаевтың қанатты сөздері жазылған.

«Бұл саябақ 20 мың шамалғындақтар үшін жақсы демалыс орны болды. Ауыл тұрғыны ретінде айтарым, бұрындары бұл жерлермен жүру қорқынышты болатын. Әсіресе, жаңбырлы күндері жол батпақ болып жататын. Ал, қазір бұл жер аулымыздың көркін келтіріп тұр. Тағы бір айтарым, ауылға жас әкім келгелі, көптеген түйіткіл мәселелер шешімін тауып жатыр. Ауыл тұрғындары атынан рақметімді айтқым келеді», - деді ауыл тұрғыны Ақылбай Қаңылбаев.

Аудан атқамінерлерінің айтуынша, алдағы уақытта саябақтың аумағын 250 метрге дейін ұлғайтып, орталық көшеге жеткізу жоспарда бар.

Айман Асыл

Abai.kz

5 пікір