Бейсенбі, 6 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 94882. Жазылғандар — 67031. Қайтыс болғандар — 1058
46 - сөз 5219 4 пікір 6 Шілде, 2020 сағат 19:09

Өлең

Туған күнің құтты болсын, Нұраға!
Сендей тұлға тумайды ма, туа ма?
80 жасқа барамын деп жүр едім,
Бара алмадым!
Карантинді кінәла!

Бір ауырып тұрыпсың ғой,
Ауырма!
Денсаулықты ұстау керек бабында.
Ауырғаның дұрыс болды, ертерек,
Аспирин пен парацетамол барында.

Сұлтан - қала қалай нұрмен жуынған?
Шенеунік көп дейді дерттен жығылған.
Билік қалай ауырып жүр вируспен,
Маска киіп жүрген жоқ па бұрыннан?

Ескерткішің құтты болсын!
Алып па?
Құны қанша? Миллиардқа барып па?
Сол ақшаға дәрі - дәрмек берсең ғой,
Бір ескерткіш қояр еді халық та.

Ал, ауылда...
Күрк - күрк жөтел әр үйде.
Ауыруда кәрі, жас та, сәби де.
Жағымпаздар шулағасын жаныңда,
Сізге ештеңе естілмейді, әрине.

Ауыл жақта ауырып жүр жүрегім!
Науқастардың жасайды екен кім емін?
Аурухана, емханада орын жоқ,
Қара жерден табылар - ау бір орын.

Нұр - Сұлтан жақ карантинмен араз, ә?
Мұндай күні шырқалатын ән - аза.
Елордада бүгін айқай туған күн,
Біздің жақта жаназа да жаназа!

Бауыржан Ширмединұлы,

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.

Abai.kz

4 пікір