Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4023 13 пікір 3 Шілде, 2020 сағат 10:29

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады

Қазақстанның бұрынғы президенті, қазіргі Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан халқына үндеу жолдады. Елбасының үндеуі «Егемен Қазақстан» гәзетінде жарияланыпты. Біз аталған үндеудің толық мәтінін оқырман назарына ұсынып отырмыз...


Қымбатты отандастар! Қадірлі достар!

Өздеріңіз білетіндей, коронавирус инфекциясының қатерлі пандемиясы әлемнің көптеген елін, соның ішінде Қазақстанды да шарпыды. Миллиондаған адам осы ауыр дертпен сырқаттанды, ол мені де айналып өткен жоқ. Бірқатар шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының, көр­некті саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің шынайы жанашырлығын танытып, маған моральдық қолдау көрсеткені көңілімді тебірентті. Баршасы қалтқысыз ниеттестігін жеткізіп, сергектік тілеп, тезірек сауығып кетуіме тілектестігін жолдады, сол үшін бәріне зор ризашылығымды білдіремін.

Олардың қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қыр­ғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Гур­бан­гулы Бердымухамедов, Түр­кия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Біріккен Араб Әмірлік­терінің Президенті Халифа Заид Әл Нахаян, Үндіс­танның Премьер-министрі Нарен­дра Моди, Жапония Премьер-минис­трі Синдзо Абэ, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Президенті Армен Саркисян, Украина Президенті Владимир Зеленский, Корея Республикасының Пре­зиденті Мун Чже Ин, Пәкстан Президенті Ариф Алви, Израиль Президенті Реувен Рив­лин, Сербия Президенті Александр Вучич, Хорватия Президенті Зоран Миланович және т.б. бар. Бәрін түгел атап шығу мүмкін емес, бірақ мен олардың барлығының жолдаған хат-хабарымен таныстым. Қым­батты достар, сіздердің шын көңілден шыққан тілектеріңіз, ыстық ықыластарыңыз маған күш беріп, өмірге құлшыныс-қуатымды арттырды. Баршаңызға басымды иіп, зор денсаулық пен табыс тілеймін!

Мен еліміздің көптеген өн­діріс ұжымдарынан, еңбек ар­дагерлерінен, әскери қызмет­шілерден, студенттер мен оқу­шы­лардан – өз қолдауы мен тілек­тестіктерін жеткізіп, маған мықты денсаулық тілеп, толық сауығып кетуіме ниеттестік білдірген көп қазақстандықтардан хаттар мен жеделхаттар, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы жолданған хат-хабарлар алдым.

Маған шынайы жанашырлығы мен қолдауын ғылыми қоғам­дастық пен шығармашылық зиялы қауымның өкілдері де білдіргенін ризашылықпен айта кеткім келеді. Олардың арасында Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, Бибігүл Төлегенова, Төрегелді Шарманов, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Оразалин, Ғарифолла Есім, Несіпбек Айтұлы, Жандарбек Мәлібеков, Талғат Теменов және басқа да Қазақстанға кеңінен танымал қайраткерлер болды.

Менің атыма Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Илья Ильин, Әлия Юсупова, Зарина Диас сияқты белгілі спортшыларымыз ізгі тілектерін білдірді. Бар­шаңызға көп рахмет айтамын! Мен бәріңізді де білемін. Сіздер және басқа да жастар – тәуелсіздік перзенттерісіздер. Денсаулық пен бақыт тілеймін!

Дәрігерлердің күш-жігері және олардың талаптарын мүлтіксіз орындаудың, сондай-ақ баршаның қолдауы мен жылы сөздерінің арқасында мен сырқаттан сауы­ғып шықтым, қазір өзімді жақсы сезінемін, толыққанды жұ­мыс­қа кіріскелі отырмын. Хал­қыммен бірге бұл сырқаттың бү­кіл ауыртпашылығын сезіндім, қазір емделіп жатқандардың бәріне төзім мен қажыр-қайрат және тезірек сауығып кетулерін тілеймін.

Біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзаттың басына түскен сын сағат. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің еңбегіне баға жетпейді – мұны қазіргі уақыт айқын көрсетіп отыр. Болашақта да отандық денсаулық сақтау саласына баса көңіл аударып, оны дамытуға қажетті қаржылық және материалдық ресурстар бөлу керек. Осы орайлы сәтте еліміздің медицина қызметкерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін.

Естеріңізде болар, тәуел­сіз­діктің бастапқы жылдары менің шешіміммен арнау­лы Ұлттық қор құрылып, алтын-валюта резерві жасалды. Бұл бізге әлемдік екі бірдей дағдарысты жеңіп шығуға септігін тигізді және сол қаражат қазір Үкіметке пандемияға қарсы ауқымды жұмыс пен тұрмысы төмендерге қолдау көрсету барысында көмегін тигізуде. Егер алдағы уақытта оны ақылмен, үнемдеп пайдалана білсек, өзге сын-қатерлерді де тиімді еңсере аламыз. Қазақстанның басқа елдер алдында қарызы ең төмен мемлекеттің бірі екені де біздің артықшылығымыз.

Еліміздің Президенті мен Үкіметі қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдауда. Бірақ көп нәрсе өзімізге байланысты. Дәрігерлер біз үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Алайда бұл ауруды жұқтырудан сақтану көбінесе әр адамның өзіне байланысты. Төзімді болу керек, әсіресе жастарға. Қажетті гигиена талаптарын орындап, тезірек вакцина пайда боларына үміттене отырып, ауру жұқтырудан барынша ұзағырақ уақыт сау болуға тырысқан жөн. Тәртіп сақтап, өз денсаулығымызды, туған-туыстар мен жақындардың амандығын ойлауымыз қажет, дәрігерлерге сену керек.

Халқымыз басқа түскен қиын­дықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз біргеміз! Біз жеңеміз! Біздің ұранымыз осы.

Барлық отандастарымызға мықты денсаулық пен игілік, елімізге бақ-береке тілеймін!

Нұрсұлтан Назарбаев

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594