Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 8412 13 пікір 2 Шілде, 2020 сағат 13:25

Шаханов. Ойланалық, біз қандаймыз?

Сурет: adebiportal.kz

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні. Қырғыз Республикасының халық ақыны, Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері – Мұхтар Шаханов. Мұхтар Шахановтың кім екенін жұртқа жеке таныстырып жатудың өзі артық болар. Шахановтың аты айтылған жерде оның ақындығымен қатар азаматтық ұстанымы да қатар айтылады. Желтоқсан. Наурыз. Үш тұғырлы тіл. Қазақстандық ұлт...

Бүгін алаштың ардақты ақыны Мұхтар Шаханов 78 жасқа толды. Осыған орай, ақынның Abai.kz ақпараттық порталы мұрағатындағы өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Махаббатты қорғау
Кіріспе яки ғашықтар жазған хаттардан

I
Бiз екеумiз жолықтық,
Бipaқ тым кеш жолықтық,
Достасудан от тұтап, қоштасуға қорықтық.
Маған құйды жарығын сенiң көңiл-терезең,
Арқамызда - құзар шың,
Алдымызда - өр өзен.
Өр өзеннен өтуге кiм бередi қайықты,
Кiм бар бiздi түсiнер, қане, кiм бар байыпты?
Ал қайықшы - қиқар шал,
Жалынғанмен, не бiттi?
Қайығына қабаған итiн байлап кетiптi...
Япырай, бiз соншама дәрменсiз боп тудық па?
Бойымызда жоқ екен иттi алдайтын қулық та.

II
Көбелектiң "кеселi" -
Тұрақсыздық деседi.
Гүлден алған шапағатты ceзiмi
Келесi бip гүлге жетпей өшедi.
Өз мiнeзi өзiне үкiм кеседi...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Менiң саған айтпағым да осы едi!

III
Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмадың,
Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдiң, жете алмадың.
Жете алмадың, көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың,
Жанар майын жағып бiткен машинадай от алмадың.
Epкiң қайда,
Сертiң қайда,
(бөркiң қайда, құрып қалғыр?)
Ең шешушi кез келгенде, тiлiң тiстеп тұрып қалдың.
Еңселiм деп ойлаушы едiм,
Еркелеушi ем ерге балап,
Ең шешушi кез келгенде тұрып қалдың жерге қарап.
Артық қорлық бар ма әлемде сенгенiңнен безiнуден,
Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезiнуден...
Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған бipaқ,
Сен деп шыққан сенiмiмнiң биiгiнен барам құлап.
Махаббатқа жан пидалық етпедiң бе,
Бәрi бекер!
Ендi қалған қызығыңның нарқы кемiп, мәнi кетер.
Өзiнiң ең қасиеттi әнiн қорғай алмаған жан -
Басқа icтe де қабiлетсiз... бағы мәңгi жанбаған жан.
Cipә, бағың жана қоймас, басқан iзiң кеттi кейiн,
Әйтсе де, мен жылап тұрып,
жолың болсын деп тiлеймiн.

IV
Бақшадан алма ұрлаған баладай нақ
Кеудемде үркек сезiм салады ойнақ.
Отыздың орманында жүргенiмде
Алдымнан шықтың, айнам, ағатайлап.
Сен мендiк бар шаттықтың төресi ме ең,
Жүр едiм өткен шақтың елесiмен.
"Мұнда кел, мұнда кел" деп қол бұлғадың
Жиырманың көк балауса белесiнен.
Селк еттiм дауысыңнан шошығандай,
Жүр едiм өз мұңымды өшiре алмай.
Жиырмамда алдап кеткен махаббаттың
Kүнәciн әлi күнге кешiре алмай.
Сен болып қайта жанды-ау сағынышым,
Бәлкiм, тар маңдайымның бағымысың?!
Бәлкiм, сен менен қашқан махаббаттың
Ойланып қайта соққан шағымысың?!
Сол болсаң, қолыңды бер, жүр, қарағым,
Сен барған жерге мен де бip барамын.
Көл едiм тасымаған, тасыттың ғой,
Бақша едiм бағы тайған, гүлге орадың.
Кәнеки, жалыныңа жалға менi,
Күтiп тұр пәк махаббат, арман елi.
Өмiрде менi алдаған адамдар көп.
Тек қана сен алдаушы болма менi!

V
Ар алдында адал, ақпыз десек те,
Сан сұрақтар алар кейде жағадан.
Мүмкiн, бiздi таңар шулап өсекке,
Мүмкiн, бiздi түсiнбейдi көп адам.
Алуан ұғым алуан жаққа тартады,
Сан көңiлдiң тұйығына малтыдым.
Ғашық болып көрмегендер бар тағы,
Олар бiздi қайдан ұқсын, алтыным.
Көзiмдi алмай маздап жанған оттардан,
Саған сенем, Саған сенiм артамын.
Қорықпаймын түciнiгi жоқтардан,
Жүрегi жоқ адамдардан қорқамын!

Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек

Замана тұр бөркiн алып ойланып,
Сол түнгi ойлар кеттi бiздi қайда алып?
...Сол түнi бiз сенiң туған сiңлiңнiң
Он ceгiзгe толған күнiн тойладық.
Мен қуана тост көтердiм қызға арнап:
- Ал сапарың сәттi болсын, қызғалдақ.
Өмip мынау:
Қатар тосқан жеңiлi мен ауырын,
Қайғысы мен сауығын,
Шуағы мен дауылын.
Бүгiн, мiне, сенiң туған күнiңдe
Қандай тiлек айтсам екен, бауырым?
Саған байлық тiлер ем мен,
бipaқ ол - бiр әңгүдiк,
Есiгiңнен кiргенiмен паң күлiп,
Жүргенiмен шеру тартып, сән құрып,
Саған жолдас бола алмайды ол мәңгiлiк.
Бәлкiм, ерлiк тiлер ем мен тамыр алған төзiмнeн,
Ерлiк сезiм бipaқ сенiң табылады өзiңнен,
Онсыз адам жүре ала ма соқпақтар мен жолсызда,
Ал сұлулық тiлер едiм,
сұлусың сен онсыз да.
Қайтсем екен?
Мен одан да бүкiл адам аңсаған,
Бүкiл адам сан мың жылдар арман етiп, шаршаған,
Азы жетiп, ал сан мыңы тек елесiн тамсанған,
Кез келгеннiң бақшасында пiспейтiн,
Кез келгеннiң уысына түспейтiн,
Зор махаббат тiлейiншi мен саған, -
Деп едiм.
Tiптi сол сәт ұқпай қалдым себебiн,
Сен орныңнан кенет атып тұрдың да:
- Махаббат жоқ! - деп күрсiндiң,
ызғар шашып қабағың.
Мен жүзiңе аң-таң қалып ежiрейе қарадым,
Қарап едiм, жасқа толып кеткен екен жанарың.
- Махаббат жоқ! - дедiң тағы, -
ол - әншейiн далбаса,
Ғашықпын деп,
Сүйемiн деп,
Сенем деп,
Адамдардың бipiн-бipi алдайтыны болмаса,
Махаббат жоқ, ол - әншейiн далбаса!
Айтып-айтпай не керек,
Бip кез мен де мына сiңлiм сияқты
Ұяң едiм,
сұлу едiм керемет.
Meнiң асқақ сезiмiмнен үмiткер
Аз болмайтын бiздiң жақта жiгiттер.
Қатал-қиқар тағдырынан тек махаббат сұраған,
Махаббатты таппай қойман деп талпынса бip адам,
Ол мен едiм.
Бiрақ бүгiн сол сезiмнен не қалды?
Сондағы үмiт талдан ұшқан жапырақтай жоғалды.
Қазiр момын күйеуiм бар
және екi-үш балам бар,
Жағдайым жоқ ештеңеге алаңдар.
Не iшемiн, не киемiн демеймiн,
Мәселесiн шешiп алғам қарын менен көмейдiң.
Мiне, қара, саусақтарым көрiнбейдi алтыннан,
Тек баяғы шат қиял жоқ сан тарапқа шарқ ұрған,
Тек баяғы жiгiттер жоқ тереземдi торыған,
Олардың да бағы алыстау болған шығар сорынан.
Кездескенде жалқау тартқан басын изеп өтедi,
Ұлын epтiп соңынан.
Жылдар бойы алаңдаумен қуатымды сарқыдым,
Босқа шаштым жiгерiмнiң жарқылын.
Жер бетiнде махаббаттың бар екенi шын болса,
Айтшы, кәне,
мен нелiктен жолықпадым,
жарқыным?
Үндемедiм,
тарылғандай кеңiсiм.
Мосқал көpшi жауап бердi мен үшiн.
- Иә, иә, өмiрiңе өкпелiсiң, қарындас,
Оған бipaз себептер бар,
Tipлiктe бip бекеттер бар кiлтiн таппай, алынбас.
Ырық бермес бөгеттер бар не түрлi,
...Алматыдан шыққан жолдың барлығы
Отырарға бастап алып бармайтыны секiлдi.
Өмiрдегi сан салалы жолығу мен жүздесу,
Табысу мен кездесу,
Талпыну мен түйiсу,
Сағыну мен сүйiсу,
Тiптi кейде одан да өзге сезiмдер
Махаббатқа бастап бара алмайтыны белгiлi,
Махаббат ол - жан мен тәннiң тiзе қосқан epлiгi.
Не болды екен сенi мұнша жүдеткен,
Үмiт қайда жүрегiңе гүл еккен?
Сұлулығың кем емес қой Баяннан,
Ақылың да кем түспейдi Жiбектен.
Сенде де бар тым сезiмтал көз, көңiл,
Көңiлi мен көздерiндей өзгенiң.
Айлы кеште саған да айтты ғашығың
Ұлы Абайдың Тоғжанға айтқан сөздерiн.
От боп өртеп ғашықтықтың ықпалы,
Ән қостыңдар...
Жұрт қуана құптады.
Талпындыңдар,
Алқындыңдар, ал бiрақ
Одан Қозы, сенен Баян шықпады.
Heгe бұлай?
Өмiр бақи бұл сұрақ
Өтер, мүмкiн, намысыңды шымшылап.
Қайда жүрсе тек өз әнiн айтатын,
Елiкпейтiн өзге шу мен сарынға,
Қажымайтын қар мен желдiң өтiнде,
Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға,
Шын дарындар аз ғой жердiң бетiнде.
Иә, махаббат - қайсар құзды жарып өтер тасты жол,
Махаббатта сезiм ғана ойнамайды басты рөл,
Ұға алмадың сен оны, айнам.
Жеткен жерге талабың мен ақылың,
Ceзiмiң мен батылың,
Қырсыққанда, жетпей қалды шыдамың,
Әне, соның кecipiнен қаншама жыл жыладың.
Шыдам жоқта, төзiм жоқта,
Көкiрегiңде көзiң жоқта,
Жүрегiңде ерлiк жоқта қорғай алар шаттығын,
Махаббат та жоқ, күнiм!
Кездер аз ба ой көргендi көз көрер,
Отын өзiң жаға алмаған,
Өзiң iздеп таба алмаған асылды
Таппайды деп неге ойлайсың өзгелер?
Қарашы, әне, мына сiңлiң сияқты
Инабатты, албырт әрi ұятты,
Алаулаған желегi
Соңымыздан асау ұрпақ, арынды ұрпақ келедi.
Оларға пәс болар әлi
Бiзге биiк көpiнeтiн төбелер.
Бiз cүpiнгeн кезеңдерден,
Бiз жүзуге жасқанған өзендерден
Солар жүзiп өтедi деп сене бер.
Бұған күмән келтiруiң азаматтық болмас та.
Бүкiл адам iздегенмен бақыт жолын, бақ жолын,
Ешкiм оңай таба алмайды Абайы мен Тоғжанын.
Өйткенi асқақ азаматтық жоқ жерде,
Қайсар сенiм жоқ жерде,
Махаббат та жоқ, жаным!
- ?
Ортамызда қалжың айтып бip жiгiт,
Отыр едi қалың жұртты күлдiрiп.
Отыр едi бiзден гөpi сiңлiңе
Жақын, сырлас екендiгiн бiлдiрiп.
- Ал мен таптым Тоғжан сынды пәк жанды, -
дедi ол масаң дiрiл қосып сөзiне.
- Өзiң Абай болмаған соң,
Мазалама Тоғжанды, -
дедi сiңлiң жас үйiрiп көзiне...
- ?..

Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты
Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты.
Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті, -
Шаршап-талып шөлдесе де арықтан су ішпепті.
Жек көргені жақын келсе, тарпып, теуіп тістепті,
Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті.
Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына,
Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да.
Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні:
- Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні,
Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың,
Айырбастап,
сатып,
сойып, неге көзін жоймайсың?
- Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі,
Аттың қиқар мінезі бар, - деп күрсінді әкесі, -
Тек бұл бейбақ - ат біткеннің зерегі,
Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа,
Жаралғандай шабу үшін алысқа
Арын салып,
күшін, терін төгеді,
Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді.
Әйгілеген елге күшін,
Сол ғаламат еңбегі үшін,
Қиқарлығын кешіруге болмай ма?!
Кешірмесек, бетте таңба қалмай ма?!
Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар,
Жуас,
көнбіс,
моп-момақан жабылар?!
Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар,
Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар.
Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы,
Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі.
Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам-ау,
Саған қылмыс ол жайында ойламау.
Толғағы кем талғамыңа бар таңым,
Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын...
Дұрыс шығып әкесінің есебі,
Қыздың жолы болмай қапты деседі.
Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап,
Өмір сенің күткеніңнен әлдеқайда басқарақ,
Еркек сұлу көрінбей ме еркімен,
Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен.
Жалғандыққа күрес ашқан ісімен,
Сүйгеніне берген қайсар сертімен
Және соны қорғай білген күшімен.
Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген,
Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,
Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы.
Жігіт жігіт санала ма бұғып жүрсе тасаңда,
Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда!
Қанаттыны кері тартып, табандап,
Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап,
Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?!
Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы,
Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген - намысы.
Мықты кім бар намыс атты батырдан,
Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті.
Бір сөз үшін жекпе-жекке шақырған
Қайсар Пушкин Дантесті.
Ар-намыстың құрбандығы
Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы.
Жердің аман тұрғандығы -
Сол намысқой еркектердің арқасы.
Әркез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын,
Қайғы келсе жеңілмейтін,
Бақыт келсе семірмейтін,
Ер мінезін қадірлейтін
Әйелдердің даңқы артсын!
Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда,
Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда.
Талғамыңды әйгілей ме талабың,
Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым.
Айтқаныңнан шықпайтын,
Меселіңді жықпайтын,
Саған момын, жұп-жуас еркек керек,
Жо-жоқ, еркек емес-ау, телпек керек.
Егер бүгін қайта туса ұлы Абай,
Ол да саған қалар еді ұнамай.
Бақаның да әніне сай бағы бар,
Іздегенің жабы болса, табылар.
Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың,
Қиялымен сұңқардың
Өлшенетін мына ұшқыр заманда
Бірте-бірте құнсызданар бағаң да.
Мен сенемін, шын еркектің алдында
Қызаратын күн туады саған да...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Тек ол күннің кеш келгені жаман да!

Әйелдер

Не толқытса соның мұңын тартасың...
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты:
- Науқастан ба ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден.
- Бәрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен ңыгандарды жүмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, -
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды
Әзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайды қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы - мұз.
Әйел біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Хас сүлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал қызғаныш күрды деп кім айта алады аз қақпан.
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куә анау төбе томпиған
Анау шындар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып жылу болмау,
Әйел болып сүлу болмау
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлғе шашылмағай шұғылаң.
Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Әйел - еркек намысының қорғаны.
Нағыз сүлу әйел табу -
Бүкіл еркек атаулының арманы. -
Нағыз сүлу әйел үшін қажет кезде жан қию,
Бұл - жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе азаматтық семеді.
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық бір әйел бар.
Ол әйел
Менде сондай күш барына сенеді!


Ойланалық, біз қандаймыз?

Соңғы он жылда, елімізде өрге басқан өрелі
Бір зор іс бар. Ол - «ТЖ»-лық, «туфли жалау» өнері.
Жағымпаздар жарысында билік шексіз құптаған,
Біз дара шың иелендік бұрын ешкім шықпаған.
Бұл өнерде біз өзгеше, елден-ерек жаңғырдық,
Тіпті Түрікменбашыны да жарты жолда қалдырдық.

Түрікменбашы кеуде қақса өз елінің ішінде,
Бөспелікті айналдырдық біз әлемдік пішінге.
Билік сөзін, билік ісін айтсақ елдің парқы деп,
«Зейнеткердің ақшасын біз өсіріппіз алты рет!»
Сол «алты зор игілікті» ойға бұрсақ бастапқы,
Құны мысық тамағының бағасынан аспапты.

Егер жөнсіз мақтанбауды ұқсақ билік салты деп,
Ет пен сүттің құны неге қымбаттады алты рет?
Кеуде ұрамыз игі істерде бірінші орын алардай,
Онда неге әр ай сайын қымбаттауда жанармай?
Біз шығарар мұнай араб елдерінен кем емес,
Тым құрыса бір ісіміз неге оларға тең емес?

Арабтардың бізден бөлек елдікке тіл қатысы.
Неге оларда оқу тегін, тегін пәтер ақысы?
Олар неге әр сәбиге доллар сыйлап жеті мың,
Жел өтіне тастамайды қартын, жесір, жетімін?
Алпыс төрт мың доллар алмақ жаңа үйленген отбасы.
Неге оларда үлкен байлар игі істердің жақтасы?
Бар ғұмыры даңғойлыққа болғанымен ашына,
Пәтерақын тегін етті тіпті Түрікменбашы да.

Ал біздегі бос мақтану, бос кеуде ұру сорың ба?
Дарын емес, қарын шығып ең негізгі орынға,
Демократия бұл күндері «жемократия» торында,
Еліміздің бар байлығы жиырма адамның қолында.
Біздің байлар неге сараң тіс сындырар тиынға,
Ізгіліктің ұшқыны жоқ неге олардың миында?

Еліміздің «зор байлығын» дастан етіп толғаймыз,
Байлықтағы жұрт үлесін...Мүлде ауызға алмаймыз
Тек «ТЖ»-лық өнерінде шырқау көкке самғаймыз,
Нақ осылай кете берсек ел боп, ұлт боп оңбаймыз,
Құлдық сана аясында майға піскен нандаймыз...
Ойланалық, біз қандаймыз, мінекей, біз қандаймыз?


“Тек баюдың жолын үйрен,
бiр күнiңдi бос етпе!”
Адамдығың бар ма, жоқ па, алынбайды есепке...

Нарықта мың қалтарыс бар жең ұшынан бұрылар,
Елдегi ең құрметтiлер – ең тойымсыз ұрылар,
Байлық кiмде болса, соның маңдайының нұры бар,
Ұрлық заңға айналған соң рух жырын кiм ұғар?..

Қайда барсаң көз арбайды тойшыл мейрамханалар.
Түнгi клуб, түнгi күлкi – ойсыз сайранханалар

Шаршау бiлмес табыс көзi ретiнде танылды.
Тек Байлық пен Қызықшылық басты мұрат саналып,
Ғасыр түпкi рухани компасынан жаңылды.

Базбiр шағын қалаларда үш жүз мыңдай халқы бар,
Сөз жоқ, үш мың нәпсi күйттер арнаулы үй сән құрар.

Әр адамның пенделiк осалдығынан,
Даңғаза шуға, думанға босаңдығынан

Саудагерлер ардан аттап, бақ табуға талпынар,
Қазiр Ар мен Намыстың да материалдық нарқы бар...

Көшелерде жұртты бұрар пендешiлiк арнаға,
Жан-жағыңнан анталайды,
Нәрсiз көзi қанталайды,
Кiлең арсыз, пайда-нарқы ақырған бiр жарнама,
Көре алмайсың iзгiлiкке шақырған бiр жарнама,
Жарнама емес, секiлдi бiр Орнама не Торнама.

Қандай бедел ұсынбақпыз бiздер келер заманға?
Неден қаштық,
ненi шаштық,
ненi бастық табанға?
Талай табан нұрлы ойларды айналдырды сабанға,
Сол сабанға қарап ендi айқындалар бағаң да.
Ескермедiк,
сенiм арту қылмыспен тең екенiн
Рухани байлығы жоқ, айдыны жоқ адамға...


«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен  өлшенер.

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан...

...Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні.
Даңққа мойын созғанымен,
Том-том өлең жазғанымен,
Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі!
Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны?
Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады.
Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,
Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»...

Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,
Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы...
Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны,
Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны!

Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,
Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,
Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,
Және оның қасіретін,
Ұлтқа, тілге бас иетін,
Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.
Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,
Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.
Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,
Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!

Ақынға егер сөзіне сай шындық парқы қонбаса,
Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса...
Кейде ұқсап көрінгенмен заңғарға,
Сөзі басқа, ісі басқа, екіжүзді жандарға,
Батыл, қарсы бағыт ұстау – әділ өмір талабы.
Пенделікпен тірескен жан,
Шындық үшін күрескен жан,
Сол шындықтың айбыны мен беделі боп қалады!
* * *
Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564