Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 5523 4 пікір 1 Шілде, 2020 сағат 17:17

«Жазушының өмірі өкінішті аяқталады деп кім ойлаған...»

Қуандық ағамыз жылт еткен жақсы ойы, жөндем сөйлемі бар жазарман жастарды елеп, дем беріп, үміт етіп жүретін, әдебиетке жаңа келгендер түгілі жуан қабырғалы жазушылардың өзін іздеп жатпайтын осынау қаталдау уақытта өзінен кейінгілерге назар салуы, байыпты ой айтып ақ жол тілеуі – оның нағыз ағалық қасиеті еді, адал ниетін байқататын. Сөйткен ағамызды жарық жалғанның көкжиегіне сіңіп кетті дегенге көңіл сенер ме...

Мейірхан ағамыздың «Алтын Ордасында» жүрген кезде Қуандық ағайдың сауатты, өресі биік мақалалары жиі шығып тұратын, ол кісі «Алтын Орданың» Қарағандыдағы меншікті тілші Айша апайдың күйеуі екенін сол кезде білдік. Одан кейін «Əлем əдебиеті» журналының 2011, 2012 жж. бір-екі санында монғол жазушыларының прозасы осы кісінің аудармасы арқылы шықты. Ал, кейінгі жылдары ағаның жазушылық қыры анық жарқырап көріне бастады.

«Алтайдың арғы жағы» деген әңгімесіндегі Нәзірханның саяси тапсырманы орындаушы жендеттің қолына түскенін көзбен көргендей бергені... таңғалдырмай ма? Дәрігері анау болса, басқасы туралы ойлау да қорқынышты дейсің. (Ағамыздың қазасы оны білетіндердің бәріне батты, осы кезде жазушының шығармасы оның тағдырын болжайтыны туралы қисындар да есіме түскенін жасырмаймын)...

Бұл шығарма тақырыбына қарасаң тым қарапайым, ал, өзі... жай қағазға оралған бриллиант сияқты ерекше, өте күрделі дүние. Шыңжаңдағы қазақ тағдыры мен осындағы жағдай екі линиямен өрбиді. Алтайдың ар жағы мен бер жағы, жазушының саяси сауаты, көрген-түйгені өз алдына, сол азапты бастан кешкен адамдармен байланыс, хабары бардай көрінеді. Кезі келгенде бұл шығарманың ел мен елдің арасына қырағы көз жіберген, халықтар тағдырын, адам байғұстың шыбын құрлы екенін көрсететін көркем шығарма ретінде танылып, әдебиетте кәдімгідей жаңалық болары сөзсіз.

«Темір құрсау» сол хирург жігіт туралы әңгіменің жалғасы секілді, Жарқынбек қалай қашып шығар екен деп ішің біртүрлі болып қалтырап, ара-арасында ғана тыныс алып оқисың, автордың қытай тарапынан біздің елді зерттеу, астыртын әрекет арқылы жайпауға байланысты үлкен жоспары барын сыналай жеткізгені жаныңды жай таптырмайды, Лайн Лян мен анау Люо ма, сол екеуінің араларындағы диалог арқаңды шымырлатады, бұл сұмдығы мен сұрқиялығы мол соғыстың басталғаны анық, түбі не болады? Сунь Цзының саясаты мен философиясы төбе шашың тік тұрғызардай сұмдық, біз болсақ қаннен қаперсіз неғып отырмыз? деп ойлайсың. Түсінсеңіз, автордың бұл еңбегі жай шығарма емес, қауіп ойлататын сәуегей шығарма, проза түрінде берілген саяси тұспал. Жазушы Қуандық Шамахай шығармасында іштен-сырттан іріту саясатын анық, дәл жазады. Шындаса тапал қытайдың шағын уысына сыйып кететін біздей аз ұлтты сақтануға, қорғануға шақыратын осыдан артық қандай инструкция керек?

«Төзім» деген әңгімесіне тоқталайық. Шынында біздің жерге, елге қатысты үн қату мен жиынымыздың арты осылай аяқталатын болып кетті, халықтың мұңынан, жанайқайынан, мұқтажынан басшылардың беделі, репутациясы мың есе маңызды. Көбіне көз алдау үшін жұмыс істейтін биліктің митың тірлігі отыз жылда сөйлемеген мылқау адамның да тілін шығарғаны – автордың өзі ойлап тапқан тәсілі, таза жетістігі. Құстың қанаты талатын жеріміз бар дейміз, бірақ, автор содан халыққа ұлтарақтай жер тегін тимейтінін жеткізеді, басқа шаруаға ақорданың пәрменін күтсін, ал, ең болмаса халықтың жер телімі мәселесін шеше алмайтын әкімдер өздерінен «мен осы орында неғып отырмын» деп сұрай алмайтыны біздің де жуас, езілуге бейім жұрт екенімізді көрсетпей ме... Сөйтіп Найзағай тұңғыш рет сөйлеп, сол бойда абақтыға қамалды, ол біздің бұрқ етіп тұтанған намысымыз бен рухымыз еді...

Ағамыз о баста журналист еді, мақала жазса да, тв-дан сөйлесе де қоғамның қотырын ашып көрсететін, бірақ келе-келе өзі көрген, байқаған жайдың бәрін көркем шығарма арқылы айтқысы келді, оның «Күшеншегін» оқып, әрі күліп, әрі аяйсың, қаншама күшеншек жүр ғой... сарказм дүние. Ал, «Орынбасарды» оқып нағыз бейшараны көресің, кім үшін, не үшін ғұмырын рәсуа қылған? Өмір бойы мекемедегі бірінші басшы болуды армандап, енді жеттім бе дегенде, ол мекемесі тарап кеткенде кейіпкердің инфаркт алмағанына шүкір дейсің. «Сүрткіштегі» - оқиғалар біздің елде ғана болатын сияқты көрінеді, лоқсисың... эффектісі сұмдық!

«Мерейтой» - жалған абырой үшін жасалған тойды сынайды, адамның өлермендігі қандай, ең ақыры шаруа баққан момын адамға да өтірік айтқызды, тура сол тойға қатысып, шаршап шыққандай боласың. Еңбек жолын зоотехниктен бастадым деуге арланып, совхоз директорлықтан бастадым дейтін, тек керек адамдармен араласқан, бәлен бастықтың,түген қайраткердің өзін танымаса да «дежурный» мақтап кеткенін мәртебе санайтын байғұс кедей Бекжанды келсін, көрсін, менің қандай адам екенімді деген шығар. Бекжанның өмірінің жалғаны мен жарқыл-жұрқылы аз, бәрібір мағынасы бар ғұмыр екенін білмейді ау, ондағы арнау айтқыш ақындарды жем іздегендерге теңемеске амал кем... кім жем шашады, соны мақтау парыз оларға, жүректен бұрын құлқын...

«Бет» деген әңгімеде ажарымен, әдемі бетімен алысқа ұзағандар жайлы айтылады. Әбіш ағамыздың «Шеткері үй» деген әңгімесі бар еді, сұлу ажарымен еркектерді арбап, ең соңында жалғыз өткен, өлігін пошташы тауып алған аянышты өмір еді ол. Қуандық ағаның әңгімесінде де мына әйел бір дөкейдің көңілдесі, қолы ұзын болғасын келісіп жүріп талай шаруаны бітіреді, бірақ, Дәрмен айтпақшы талайға кесірі тиеді. Автор қоғамға залалын тигізетін залымдықтың бір шет жағасын көрсетуге тырысқан.

«Кішкентай адам» біздің ғылым саласындағы жүгенсіздіктер мен берекесіздіктің құрбандығы, әділетсіз қоғамның өлсе құны сұраусыз бейшарасын суреттейді. Автобустағы немқұрайлылыққа еті өлген атмосфера әбден таныс бізге. Әдетте қағазға қатты шұқшиғандар кедей әрі әркім үстінен басып өте беретін көнбіс,байғұс болатыны несі? ... себебі олардың эгрегоры, ішкі ындыны басқа, материалдықтан алшақ, оны ақшасы барлардың кез келген уақытта күресінге лақтыра салса обалсыз көретіні әділдік пе? Өзі тірліктің есебіне шорқақ болғасын да кіріптар ғой. Әйтеуір, басқада есесі кеткен, еңбегі еш, тұзы сор болғандардың образы сені де бей-жай қалдырмайды.

«Шөлейт жақта»деген әңгімесінде өмірді таныған сұңғылалық бар. «Әркімнің өз ізі бар» дегендегі Рәбиялардың бар жерде жүргеніне күмән жоқ, сондай ақ, «Шөрік ағайдағы» тас мүсін бастықтар да таныс. «Шал» - басқалардың көз жасымен келген тәуелсіздіктің бар игілігін көрген, семірген, Құдайын танымай кеткендердің бірі. Бұл да жалғыздық тақырыбы, осылай бейтарап,үшінші жақтан әңгімелеген ұнайды, оның үстіне бұл жалғыз шал кіммен диалог құрады? Құдайсыздық мәселесі және тәубеге келу, ол туралы ашық айтылмаса да көрінеді, негізі шал тәубеге келді, бірақ, кеш... «Ыстанбұл самалында» әке махаббаты бар. Иттер туралы әңгімесінде әр итке (шынында ит емес)характер беріп, ит-өмірдегі итжығыс тірлікті береді. «Жиырма жыл өткенде» Медетбек бақытын ұзақ күтіпті. Қыз Медетгүл осы кісінің қаны шығар деп ойлайсың. Мәдина Медетбекті көргенде қайтер екен , соңы не болады? Автордың өзі «үкімді оқырман шығарсын» деп шешкені анық.

Қуандық Шамахай ағамыздың бір-екі әңгімемізге пікір айтып, мақала жазып, республикалық «Таң-Шолпан» көркем-әдеби журналына (редакторы Нұрлыбек Саматұлы) шығарғанын қалай ұмытайын. Сондай ағалардың кейінгілерді қарап жүретінін, оқитынын, ой түйетінін ойласаң жалқаулану қылмыс секілді. Ағамыз өзінің алдында өткен пәтуалы сөзі, басалқы пікірі бар үлкендердің дәстүрімен мақаласында маған да ақ жол тілеп еді, әр сөйлемінен назарсалғыш, мән бергіш яғни жазушылық көзі, ең алдымен «бір түйір жақсысын байқайын» деген ниеті көрінген еді…

Қуандық ағамыз бір сөзінде «Шығармаға рецепт жазылмайды, сюжет кейде авторға бағынбайды» дегені бар еді, оның өмірі де соңы болжай алмастай болып жұмбақ күйде үзілген шығармадай болды... жазушының өмірі осылай кенеттен, адам сенбестей, өкінішті аяқталады деп кім ойлаған...

Айша апайға, балаларына көңіл айтамыз, Алла алдынан жарылқасын ағамызды...

Жадыра Ғазиздің әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

4 пікір