Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 4699 0 пікір 1 Шілде, 2020 сағат 13:51

Ел амандығын, бас амандығын тілейік!

Адам басына ауыр түскен осынау індет  күннен  күнге өршіп келеді, бұрын  соңды мұндай қайғымен бетпе бет келмеген біздер, не істерімізді білмей қалған халдеміз, адам болғасын мұны жасыра алмайсың.

Бұл ауыр кезең өтеді, әлемде қарсы вакцина да табылады, басқаша болу мүмкін емес, тек осы кезде денсаулығымызға, өмірімізге,  жанымыздағы жандарға  мұқият болайық, үйде де, түзде өзімізді таза ұстайық, барына қанағат етейік,  біреуді   кінәлауға, не біреуден  көруге мүлдем хақымыз жоқ, бәріне кешіріммен, сүйіспеншілікпен қарайық, үлкен болайық, кіші болайық жақын адамдарымызды бос әбігерге салмайық,  қажетсіз дәрі дәрмекпен әуестенбейік, уайымға салынбайық, адамшылығымызды  сақтап, қарапайым  жанашарлық білдіруді ұмытпайық!

Біз әлемдегі ең сабырлы және төзімді халықтың біріміз, қазір де сол  ішкі сабырлығымыз бен төзімділігімізді сақтауымыз керек. Талай тарихи өткелдер мен асуларда, сын сағаттарда елдік пен бірліктің үлгі өнегесін талай көрсеткен қазақпыз, өмір мен өлім сәтінде шыдамдылық танытқан халықпыз. Әрқайсымыз қазақтың төзімді табиғатын жақсы білеміз, сол қасиеті үшін бірімізді біріміз жақсы көреміз, сыйлаймыз.

Біздің ата - бабаларымыз әрқашанда жақсылықтан үміт үзбеген, бастарына ауыр күндер түскенде іштерінен жеңе білген, зар қағып жүріп, рахатқа жеткен, ауырлықпен бірге жеңілдік барын, қиыншылықпен бірге оңайлық барын, белін қайыстырған жүктің түсетінін, көңілінің ашылатынын,  абыройының көтерілетініне сенген, сондықтанда болар олар қиын кездерде абыроймен өткен, сабырлық сақтап, өздерін аман сақтаған.

Біз әрқашанда ел амандығын ойлаған, бәле келсе  «кетер» деп төзімділік сақтаған елміз. Қазір де сенім мен үміттен айырылмайық! Сабыр сақтайық! Өзімізге сенейік! Барша болып ел амандығын, ауырып қалған жандардың амандығын тілейік!

Салауат Кәрім 

Abai.kz

0 пікір