Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Тарих 8347 20 пікір 1 Шілде, 2020 сағат 11:37

Алтын Орда туралы шындық бізге не береді?

«Қазақтар Алтын Орда ыдыраған соң пайда болған, Алтын Ордаға тікелей қатысы жоқ» деу шындыққа сая ма?

Соңғы кезде көбіне Ресей басылымдарынан жиірек бой көрсетіп қалып жүрген біржақты, жаңсақ пікірлерге орай, бұл сауалды осы саланың білгірлері - Талас Омарбеков, Қаржаубай Сартқожаұлы, Жамбыл Артықбаев сияқты тарихшы-ғалымдар назарына ұсына отырып, сонымен қоса, өз зерттеулерімізге сәйкес, төл тарихымыздың айтылмай, әлі күнге оқулықтарымызға енгізілей келген бүгінгі ұрпақ білуге тиіс кейбір ақтаңдақ,талмау тұстарын тағы бір ортаға сала кетуді де жөн көрдік.

Иә, сан ұрпақ «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсын көрдің бе» деп өскен, сай- саласынан «Жошы хан, Ақсақ құлан» күй-аңызы ескен, тастарында тарих, тұмасында шежіре тұнған қасиетті қарт Ұлытау, Алтын Орда  құпиясын  да ішке бүгіп жатқаны анық.

Өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаев осында жатқан бергісі қазақ, арғысы күллі түркі жұртының ұлыларына зиярат ете тұрып, тағы бір ұлағатты іс- Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мен оны құрған Жошы хан есімін ұлықтау жөнінде бастама көтеруі көпшілік көңлінен шыққан, тарихи батыл қадам болғаны кәміл. Кеңестік кезеңде қатаң тыйым салынған, осының салдарынан көп жұртшылық әлі де біле бермейтін бұл тақырыптар елімізде мемлекеттік деңгейде алғаш рет көтерілді.

Әйтседе, әуелгіде ауласынан «ат басындай алтын тапқандай» дүрліккен тарихшыларымыз соңғы уақытта екпіні басылып, жұртшылықты айтпағанда, өзара басқосуларының өзі саябырсып қалғаны алаңдатады. «Е,бұл да бұрынғы көп көзалдау науқаншылдықтың бірі болып қалмаса игі еді», деген күдік те арта түскені жасырын емес. 

Ал, Алтын Орда (Жошы Ұлысы немесе Ұлық ұлыс) туралы шындықтың оралуы не береді дегенге келсек, қазіргі күнде оқулықтарымызда қазақ тарихы деп жүргендерімізді түбірімен қайта пайымдап, төл тарихымызды зерттеудің жаңа дәуірін бастауға  жол ашады деген үлкен үміт ұялатары анық. Бұл бір.         

Екіншіден, түбі бір түркі әлеміне түрткі болып, ортақ құндылықтарымызды бірлесе зерделеуге,ежелгі тарихи қарым-қатынастарды жаңғыртуға  негіз жасауға тиіс, дегенді айтады зертеуші-ғаламдар.

Бұған өткен жылы қазан айында Елордада Әлемдік экономика және саясат институты шақыртуымен «Алтын Орда: тарих пен тағлым» атты келелі жиынға отандық ғалымдармен бірге Ресей,Татарстан, басқа да көрші елдерден қатысқан жетекші ғалымдар мен сарапшылар пікірлерінің өзі-ақ дәлел боларлық. Онда Шығыс пен Батыс зертеушілерінің ондаған іргелі еңбектерін негізге ала сөйлеген беделді ғалымдар, жиын соңында Д. Исхаков пен Т.Козырев көтерген: - Алтын Ордаға қатысты тарихи шындықты қайтаратын уақыт жетті! - деген тұжырымды бірауыздан қолдауы қуанарлық жәйт. Сондай-ақ, бас қаламызда өткен  кезекті басқосуда Қазақстан басшысы бастамасына алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген,әлем мойындаған Шыңғыс ханның отаны Моңғолия Премьер -министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин өз елінің бұл аталған екі шараға да қызу атсалысатын зор ықыласпен мәлімдеуі де тың  бетбұрыс нышаны.

Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тарихшылары, тарих институттары белсенділік танытпай, Алтын Орда мен Жошы хан туралы білуге құштар қалың жұртшылыққа орталық баспасөз беттері не теледидар арқылы әлі күнге жарытып ештеңе айта алмай отыруы қалай?

Осы орайда, аталған жиында айтылғандай, Алтын Орда тақырыбын бұрыннан тереңдете зертеп жүрген қазақ ғалымдары қатары тым аз (шамамен,3-4адам ғана) болуынан, әлде, Ресей билігі аузына жалтақтаған ескі бодандық әдеттен  арыла алмаудан  ба? - деген өткір сауал туындары да анық.

Алтын Орда не дейді, біздің құлдық санамыз не дейді?

Тауяда әлеуметтік желі қолданушының бірі Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге бөлінген 3,5 млрд.теңге тым аз деудің орнына, тым көп деп даурығуына (Марат Сәбиден,т.б.) не себеп? Мұны Астана күнін даңғазалатып тойлаудың өзіне 18 млрд. теңге бөлетін елдің адамы айтып отыр!...Әйгілі ғалымдардың: «бәрін де өзгертуге болады, тек сананың өзгеруі қиынның қиыны» дегені осындайда ойға оралады.

«Әй,қарағым-ау, екі ғасырға жуық орысқа бодан болған, 70 жылдан астам кеңестік ұлтсыздандыру қанды кезеңдеріне малтыққан қазақ үшін батпандап кірген құлдық санадан арылудың жалғыз жолы - бұрмаланған, өшкен,тапталған тарихымызды қайта оралту емес пе?!» - дегің-ақ келеді. Осыны жас ұрпаққа түсіндіре алмай,өз кәсіби миссияларын орындай алмай отырған тарихшыларымызға қынжыласың...

Ал, Ресей зерттеушілеріндегі жағдай басқаша. Олардың  соңғы жылдары Шыңғыс хан тақырыбына шұқшия зер салуы сонша,тіпті, өзіндік бір идеология құралына айналдырып алған ба дерсің. Кино-теле фильмдерінің өзі қаншама. Сарай Беркені ашық аспан астындағы музей жасауға ұсыныс айтып отыр. Орыс ғалымдарының ұйғаруымен Алтын орданың 750 жылдығына арнап Татарстан астанасы Қазанда басты-басты форумдар өткізілетіні мәлім.

Әйтседе, В.Н.Рудаков бастаған тарихшы-ғалымдар: «Шыңғыс хан алғашқы талқандағандардың бірі татарлардың тірі қалған бөлігі оның қол астына кірген соң, басқа да кейбір түркі тектестер соларға қосылып, жалпылама татарлар деп аталды,бірақ Алтын Ода тұсында бұлар ешқандай рөл атқарған жоқ» - деп жазады. Десе де, Ресей енді татарларды алға салып отыр.Ал қазақтар туралы пікірлері мүлде басқаша, керағар пиғылда.

Кейбір ресейлік баспасөз беттерінде және «Татары. Золотая Орда» атты (авт.Дмитрий Макаров) тарихи деректі телефильмінде кейбір жетекші ғалымдарының өзі баяғыдан айтып жүрген:«Қазақтар Алтын Орда тұсында болған жоқ, кейін ол ыдыраған соң пайда болған» - деген біржақты қасаң тұжырымдарынан айнымағанын көресіз. Ал, мұның жаңсақ, қате пікір екенін қазақтың шынайы ұлттық тарихынан (Отанымыз тарихынан) әлі де мақұрым бүгінгі жас ұрпаққа қалай түсіндіреміз? 

Осы ретте мақаламыздың бастапқы тақырыбына қайта оралып, тарихшыларымызға мынадай үш сауал қойғым келеді.

Біріншіден, Шыңғыс хан өзімен көршілес жатқан, ежелден жауынгер керей,найман(Тұғырлы хан), қоңырат,жалайыр,т.б.(кейін қазақ атанған) іргелі ұлыс-тайпаларға арқа сүйегенін батыс-шығыс ғалымдары әлдеқашан-ақ бірнеше ондаған еңбектерінде тайға таңба басқандай дәлелдеп берді емес пе?

Екіншіден, Жошы  хан Дешт Қыпшаққа келгенде, оның әскерінің дені жаңағы аталған жергілікті (қазақ) тайпалардан болмады, ал, осынау ұлан даланы ежелден Дешт Қыпшақ (Қыпшақ елі) атандырған 92 баулы (92 тайпалы) қалың қыпшақ (негізінен қазіргі қазақ) өз жеріндегі алып мемлекет -Алтын Орданы құруға атсалыспады дегенге кім сенеді?!

Ал, жоғарыда аталған ұлыс-тайпалар қазіргі қазақ ұлтының белді-белді рулары. Демек, ол тұста «қазақ» деп бір шаңырақ астына бірікпесе де басты руларымыз аталған екі империяны да қолдан құрысты емес пе?

Ол кездері орыстар да бір ұлт, мемлекет болмаған кез ғой.

Үшіншіден, алтынордалықтардың бас сүйегін,қаңқасын генетикалық тұрғыдан 30 жыл зерттеген  ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский  бастаған ғалымдар бұл сүйектер тек қазіргі қазақтарға ғана келеді,  ал,палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі алтынордалық аристократтар гендік,қандық тұрғыдан қазақтарға жақын, деген тұжырым жасаған жоқ па? Мұны антрополог-ғалымдар Баязит Юнисбаев, Оразақ Смағұловтар да толық дәлелдеген. 

 Моңғол империясы деген атауды көп ұлттың ортақ бірлестігі ретінде өзі берген Шыңғыс ханның Ордасы төріне тіккен ең ықпалды 9 ұлыстың тулары ортасында аталған қазақ тайпа-ұлыстарының да туы тұрды деуге әбден негіз бар. Демек, қазақ соғыспен бағынған басқа түркіледей емес, өз еркімен аталған екі империяның да негізін құраушы этностардың бірі.

Олай болса, қазақ хандығының негізі Керей-Жәнібектен емес, мүлде әріден, Алтын Орданың құрылу кездерінен басталуға тиіс емес пе?-дегенге жетелейді. Жошыдан бастасақ 250 жыл әрі жылжымай ма?

Жошы ханның үлкен ұлы неге Орда хан деп аталған?  

Ең алдымен ойымызға қазақтың біртуар шайыры Мағжан Жұмабаевтың сонау қанды, аласапыран 1923 жылдың өзінде-ақ жазған «Түркістан» атты өлеңі оралады: «...Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер, Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер...»-дей келе,былайша толғайды: 

Шыңғыстан- Жошы, Шағатай,Үкітай,Төле-

Атаға тартып туған бәрі бөрі.

Шыңғыстың қол бастаған екі көзі:

Жолбарыс Сүбітай мен көкжал Жебе!...

Сан ғасырлар бойы шаң басқан шежіре беттеріне үңілсек, Шыңғыс ханның қазақтың Қоңырат руының сонау қияндағы Қият бұтағынан шыққан бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлының үлкені Жошының еншісіне ұланғайыр Дешті Қыпшақ билігі бұйырған екен. Батыс пен араб-шығыс жылнамаларында көбіне Дешт Қыпшақ ханы ретінде аталатын Жошы құрған алып империя-Алтын орда  осынау Ұлы Даланың (қазақ даласының) тұтастығын сақтап, батысы мен солтүстігінде «ормандай қылың» орыс кнәздіктерінен, шығысында алпауыт қытай шеріктері қаптауынан үш ғасырға жуық қорғап, қорған болып келгенін білеміз. 

Қалай десек те, Жошы хан қазақ хандарының арғы атасы. Бұған бұлтартпас дәлел-сан ғасыр ұлт тағдыры небір қыл үстінде қалтыраған қиын кезеңдерден аман қалып, қазақтың халық болып қалыптасуында шешуші рөл атқарған  Жошының үлкен ұлы Орда еженнен (ханнан) тараған қазақтың 36 ханы осы Ұлытауда ақ киізге көтеріліп, хан сайланғанын айтсақ та жеткілікті. Жошының алғашқы Хан ордасы Ертіс бойында,ал Алтын Орданың құрылуы Талас-Шу бойындағы құрылтайдан бастау алғаны мәлім. Зерттеушілілердің айтуынша, 10 млн.шаршы км.аумақты алып жатқан Алтын Орда мемлекеті аумағына қазіргі қазақ жерінің 65 %-і кірген екен. Осыдан-ақ пайымдай беріңіз.   

Орыстар өз тарихында ойсырай бодан болған кезең: 

Ресей де Алтын Орданың «шекпенінен» шықты емес пе? 

«Жарты әлемді алған Шыңғыс пен Бату жеңістерін қарғыс атқан Ақсақ Темір әлсіретті. Көне шығыс пен батыс өркениеті үндескен Еуразия кіндігі- Алтын Орданы да күйретіп тынды» - деп жазады жылнамашы-тарихшылар. 

Алтын Орда ыдырағанымен оның барлық айбар-қуаты заңды мұрагері қазақ даласында жатқандай сескенген Ресей империясы орыс- казактарды, Еділ қалмақтары мен башқұрттарды, ал Қытай болса Жоңғария қалмақтарын (түрлі ұлыс-тайпалардан құралған) ұдайы айдап салудан бір сәт тыйылған емес.     

Мұны бүгінгі демократиялық ашықтық заманда сол елдердің өз жылнамалары арқылы молынан оқып біліп отырмыз.

Әлеуметтік желілердегі деректерге сенсек, I Петр:«А басурман тихим зело сколько можете убавляйте»-деп өсиет қалдырса, императрица Екатерина Екінші: «казахи не знают свою историю,если бы знали, то завоевали бы весь мир!» - деп қауіптенуі де тегін болмаса керек...

Алтын Ордадан бөлінген ноғайларды, қырым татарларын,қазақтарды жою үшін Патша әкімшілігі тарапынан астыртын тапсырма беріліп отырғанын ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыз да растайды. Жошыдан тараған ұлы хандарымыз ұлтқа ұйытқы бола білмегенде ноғай ағайындар сияқты тоз-тоз болып кетер ме едік дегенді айтады.

Иә, Алтын Орда құлағаннан кейінгі кезеңдерде Ресей тарихы ұлыдержавалық-шовинистк пиғылмен бүтіндей қайта өзгертіліп, қаншалық өрескел бұрмаланып жазылғанын қарапайым орыс халқының өзі енді-енді аңғарғандай. Ресей патшалығы нығайған сайын  кезінде Алтын Ордаға бодан болғандығын жасыру, оған қатыстының бәрін түбірімен жою саясатын қатты ұстанғаны мәлім. Ал кейінде Ресей империясы құрамына енген қазақ сияқты бұратана халықтар тарихы ежелгі «жеңілген елдің тарихын жеңген ел жазады» кебін киіп,аяусыз бұрмаланды..

Орыс, украйна историографтары Алтын Орда туралы тарихи құжаттар Патша самодержавиесі тұсында әдейі жойылғанын,ал одан да сорақысы кеңестік кезеңде жалғасқанын жазса, танымал тарихшы Марат Әбсеметов: «Шыңғыс хан діни орындарға, шіркеулерге тигізбеген,оларды салықтан босатқан. Осының арқасында біраз құжаттар  соларда сақталып қалған»,-деген дерек келтіреді. 

Осы саланы тереңдете зертеген тарихшы- ғалым Талас Омарбеков былай деп жазады:«Бірін-бірі мойындамайтын майда орыс кнәздіктерінің басын Бату (Сайын) хан ғана топтастыра алды. Бату хан 1238 жылдың ақпанына дейін 14 орыс қалаларын (ішінде Мәскеу де бар) басып алғаннан кейін орыс кнәздері оған түгелдей тізе бүкті. 1243 жылы Ярославль кнәзі,1247 жылы Новгородтың  атақты кнәзі Александр Невский, 1249 жылдан бастап...т.б. кнәздіктер”. 

Белгілі татар зерттеушісі Р. Фахредин осы жөнінде кеңінен тоқтала келіп, былай тұжырымдайды: «Русские перенияли приемы управления войсками, искусство ведения войны, научились также управлять государством. В сущноси, именно уроки Чингис хана и Бату хана, а также огромное влияние Золотой Орды и превратили Русь в ту Россию, которой она позже стала»

Бұл батыс ғалымдары дәлелдеп, Ресейде революцияға дейін-ақ ашық айтылып жүрген дүниелер. Әйтсе де,сіз мұны ешбір орыс оқулығынан таппайсыз.”Моңғол-татар езгісі (иго дегенді ойлап тауып, осыған қатыстының бәрін бірнеше ғасыр бойы әбден күстәналап, ұрпақ санасына тек біржақты-жағымсыз, жабайылар, қорқаулар деп сіңіріп келгеніне не айтасыз? Өкініштісі,бұл әдет әлі де жойыла қойған жоқ. Таяуда Мәскеу телеарналарынан көрсетілген “Золотая Орда”атты көркем фильмін қараңыз, сол баяғы жабайы етіп көрсету,тарихи шындықты бұрмалау...

Кеңес тарихшылары атын атауға қорыққан хан 

Жалпақ Русьті уысында ұстаған, Шығыс Еуропаны жойқын жорықпен көктей өтіп, Шыңғыс ханның Жошыға жүктеген өсиетін орындап, жер шеті Адриат теңізінен ат суарып қайтқан Бату хан (Сайын хан) осынау Ұлытау баурайында ат жалын тартып мініп, ер жеткенін біреу білсе біреу білмес. Бату-әрі қаһарлы, әрі Сайын (мейірімді) хан атанған күрделі тұлға. Кеңес-қазақ жаушылары (Мұхтар Мағауиннен басқа) Шыңғыс ханның атағын асырған немересі ұлы баһадүр Бату жайлы жақ ашудан қорықты. 

Әлі күнге солай!...Қорқатын жөні де бар.

 БК(б)П ОК-нің 1944 жылдың 9 тамызындағы ”Татар партия ұйымының жұмысы туралы”деп аталатын одақтас республикаларда түркі халықтары тарихын оқытуға қатаң тыйым салған, қаһарынан қан тамған қаулысы зардабын аға ұрпақ әлі ұмыта қойған жоқ.Онда Алтын Орда (Жошы ұлысы),Бату хан,осы Ұлытауда жатқан Жошы,Тоқтамыс хандар, Едіге жыры,т.б. атап көрсетілген еді. Қазақтың бірқатар бетке ұстарлары істі болды, сөзге ілікті (ішінде Қ.Сәтбаев та бар).

Тарихымыз тоналып, «қазақ ешбір мәдениеті, жазу-сызуы болмаған, қой бағудан басқа қолынан түк келмейтін халық» деп кемсітудің,қорлаудың не түрін көріп өстік емес пе...Демек, төл тарихынан көз жазып қалған, ұлттық идеологиясы әлі де қалыптаса қоймаған қазақ ұлты үшін жас ұрпаққа тарихи шындықты жеткізу-қазір қай кездегіден де, қай іс-шарадан да маңызды екені айтпаса да түсінікті.  

Міне, «Қазақтар Алтын Орда тұсында болған жоқ!» дегенге қарсы уәж- ойымызға оралғаны осылар еді. Тарихшы-ғалымдарымыз толықтырып, одан әрі дәлелдер деген сенімдеміз.Енді мына бір мәселеге тоқтала кетейік.

Жаңа Отан тарихы оқулықтарын шығару қашан қолға алынбақ немесе Қазақ тарихшылары неге қауқарсыз?           

Бұған басты себеп, қазіргі күнде олардың барлық ғылыми зерттеу жұмыстарын бір жүйеге түсіріп, бірлесе талдап-талқылап, кесімді ортақ шешім шығарып отыратын дербес бір орталықтан басшылықтың болмауы, дейді ғалымдар.

Абай хакім айтқандай, «Бас-басына би болған...» әлденеше тарих институттары,Түркі академиясы, қаптаған Жоғары оқу орындарындағы тарих факультеттері мен кафедралары әрқайсысы бас-басына өз ғылыми кеңестерін ашып алып өз білгенімен шығарып жатқан еңбектері көбіне бір-біріне үйлес келмейді, керағар. Жұртшылықты одан әрі шатастыруда...

Осыдан келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығы жүйелі  зерттелген жоқ. Асығыс,атүсті атап өтілді. 

Ал, қазақ тарихын зерттеудің жаңа дәуірін бастап береді деп отырған-Алты Орда мен Жошы ханды зерттеу де осының кебін кие ме дегенді жоғарыда айттық.Бұл бір.

Екінші. Зерттеуші Дархан Қыдырәлінің айтуынша, елімізде Алтын Орда дәуірін зерттеумен айналысатын небәрі 3- 4 ғана ғалым бар екен. Жас ғалымдар тартылмаған. Ал,7-ші,10-шы сынып тарих оқулықтарында баяғы сол «Монғол шапқыншылығы» дегеннан аса алмай отырғанын білеміз. ЖО орындарында да солай. Кейбір тарихшылар (И.В.Ерофеева, К.Хафизова,т.б.) еңбектері кеңестік ескі сарыннан, Монғолиядан келген тарихшылар моңғолды дәріптеуден ұзай қоймаған. 

Қазақ үшін ең қауіптісі- төл тарихымызды жүзге, рушылдыққа, жеке басқа табынуға бұрмалау індеті бой көрсете бастауы... Сонда бұл сорақылық қашанға дейін жалғаспақ?

Үшінші. Тарихшыларымыз кеңестік кезеңнен әрі аттап баса алмай, тарихымызды басқа ұлт өкілдері жазған кешегі кеңестік тоталитарлық тұстың өзінде ұлттық тарихымыз құндылықтарын талмай терген Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, қазақтың тұңғыш кәсіби архивариус-тарихшысы Амантай Сатаев және т.б.артына қалдырған мол мұраларын жинақтап,жариялар күн енді туды емес пе? Қашан, кім қолға алады?

Қазақ жыраулары тарихын үш ғасыр әріге жылжытып, Алтын Орда-қазақ хандығы дәуірінен бастатқан, «Қазақ тарихының әліппесін», Шыңғыс хан туралы 4 кітап жазған Мұхтар Мағауин, сондай-ақ «елім-ай» лап жүріп бірнеше тарихи роман жазған Софы Сматаев сынды ондаған жазушы-тарихшы ағаларымыз бүгінгі мынау Ұлытаудан басталған ұлы дүбірден неге шетқақпай қалып отыр? Бұл да ҒА деңгейінде ортақ басшылықтың болмауынан болар... 

Түйіндеп айтсақ, Алтын Орда мен Жошы хан тақырыбына оралу- біріншіден, қазақтың төл тарихын зерттеудің жаңа дәуіріне қадам басу, екіншіден,бұрын көрсек те көзіміз үйреніп кеткен, көкейізде айқайлап тұрса да айта алмай келген,көрші елдерде кездеспейтін аса бай ұлттық тарихи мұраларымызды- Президент Қ-Ж.Тоқаев атап көрсеткендей, мүлде басқа қырынан- бүгінгі адамзатқа ортақ әлемдік өресі биік өркениет тұрғысынан көре,бағалай білудің, осы арқылы  қазақ атты ұлтты әлем елдеріне таныта білудің уақыты жетті дегенді алға тартады. 

Олай болса, ақын Қасым Аманжолов ағамыз бір кездері Ұлы Отан соғысында оқ тескен жауынгерлік шинелін жамыла тұрып: - «Ей,тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы, Мен қазақтың баласы!» -деп арман еткендей, «жер-дүниені жаңғыртып» келер жаңа толқын-жас ұрпақ Ұлы даласын, ұлағатты бабалар тарихын мақтан тұтар кез де алыс болмас дейміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1.Бартольд В.В. Тюрки-двенадцать лекций по истории турецких народов Ср.Азии.-Алматы,1998.

2.Гумилов Л.Н. Көне түркілер.-Алматы,1994.

3.Есенберлин І. Алтын Орда: тарихи трилогия.-Алматы,1982.

4.ОмарбековТ. Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны.-Алматы,2015.

5, Макаров Дм. Татары.Золотая Орда.-М. 

6.РудаковВ.Н.:Народы Золотой Орды:были ли татары в Золотой Орде?  

7.Злыгостев В. Великий полководец (баахадур) Субэдей. -М,2011.  

8.Қинаятұлы З.  Қазақ мемлекеті және Жошы хан.-Астана. Елорда,2004.

9,Амантай Сатаевтың Әлкей Марғұланға жазған ашық хаты.- «Қазақ дебиеті»,1966.және т.б.  

Болат Жәмкенұлы Жәмкенов

Қазақстанның құрметті журналисі

Abai.kz

20 пікір