Жұма, 29 Наурыз 2024
Тарих 11573 14 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 14:59

Алаша хан кесенесінде кім жерленген?

Қазақ елі тарихын қалыптастыруда күні бүгінге дейін шешімі табылмай келе жатқан түйіткілді мәселе санатындағы Алаша хан жұмбағының төркініне үңілгенде, тарихи және шежіре деректерін, ел аузынан алынған аңыз оқиғаларын орайластыра қарау аталмыш ұлы тұлғаның кім екенін нақты анықтауға мүмкіндік береді екен. 

Орыс этнограф-ғалымы А.И.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордасы мен даласын суреттеу» атты жинағындағы ел аузынан жазып алған көне аңызда қазақ рулары татар тайпасымен бір мемлекет құрамында дәуірлегені, кейін келе билеуші әулет сұлтандары арасында өрбіген тақ үшін талас салдарынан мемлекет ыдырап, сұлтандар өздеріне тиісті еншілік аймақтары негізінде жеке-жеке хандықтар құрып алғаны, осы бөлшектенуден Алаша хан бар билікті өз қолына алған соң ғана құтылғаны баяндалады (Қ.Салғараұлы, «Қазақтың қилы тарихы» 1992 ж. 125 бет).

Нақ осы аңыз деректерінен ғасырлар тереңінде жатқан ауқымды тарихи оқиғалар тізілімін көріп отырмыз. Аталған аңызда елдің дәуірлеу кезеңі ретінде тілге тиек болған мемлекеттік құрылым Көк түріктер қағанаты екені анық. Қытаймен терезесі тең ұлы мемлекет ретінде дәуірлеген  Қағанат  тағына 742 жылы отырған Білгі ханның ұлы Тәңір хан аға ұрпақ салып  берген сара жолды жалғастыра алмады. Ол орда жұмысына қарапайым тарқанды араластырды. Ежелден келе жатқан хандық дәстүрге қайшы келетін бұл қадам шығыс және батыс шадтарының ашу-ызасын тудырды. (Тарихи деректерге жүгінсек, хан орталықта билігін жүргізсе, оның батыс және шығыс қанаттарына орталық билікке бағынышты мұрагер ханзадалар- шадтар әмірлік еткен).Тәңір ханның бұл наразылықты басу үшін батыс шадын өлім жазасына кесуі жағдайды одан әрмен ушықтырып, ордада  төңкеріске әкеліп соқтырды. Шығыс шады Паңкүл ордаға басып кіріп, Тәңір ханды өлтіреді. Таққа оның ұлын отырғызады. Бұнымен тыныштық орнай қойған жоқ.

Төңкерістер әрі қарай жалғаса келе сұлтандар орталық билікке бағынуды доғарып, қазақ руларын жеке-жеке бөліп алып билеуге көшті. Қалқа даласындағы орда сақталғанымен Қағанатты сақтап қалу енді мүмкін емес еді. Аңызда айтылған мемлекеттің ыдырауы осылай орын алған. Бұндай жағдайдан Алаша хан бар билікті қолға алғаннан кейін құтылатыны А.И.Левшин қағаз бетіне түсірген халық аңызында айтылады.

Бұл аңыз дерегі тарихшы Л.Гумилевтің: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы және Қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрлердің екі рет үзілгенін ескермесек, онда бізге Орталық Азия тарихы түсінікті бола алмайды», деген әйгілі сөзімен («Көне түрікткр»,340 бет.Алматы, 1994 ж.) сәйкес келіп тұр емес пе?  Аңыз бен Л.Гумилев жасаған тарихи қорытынды Алтайдағы тайпаларды біріктірген Алаша ханымыз басқа ешкім де емес,  Шыңғыс ханның тап өзі екенін анық меңзейді. Ескерілуі тиіс тағы бір жағдай, ол басқа жақтан емес, Оғыз ханнан бермен қарай хандар әулетінің бесігі болған Қалқа даласынан шығып отыр ғой. 

Аталмыш аңыз дерегіндегі Алаша хан құрған мемлекеттік құрылымға енген тайпалар  туралы ҚР Ұлттық ҒА академигі Тілеуберді Сайдулдин былай дейді «Тарихи деректер бойынша, Алты алашқа—Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда замнында татарлар өз басшысының атымен Ноғай атанды. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қайтқанда, ноғайлар батыста қалды. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған». («Дат», 27-08-2014 ж.)

Шыңғыстың Алтайдың күнгейін мекендеген бұл алты тайпа негізінде Алты алашты құруы оп-оңай жүзеге аса қойған жоқ. Хандық билікке бауыр басып қалған Шыңғыстың қандастары оған қарсылық көрсетіп бақты. Алайда Қалқадағы орданың шынайы мұрагері Шыңғыстың ұстанымы халықтық қолдауға ие болды, сөйтіп қазақ елдігінің іргетасы болған Алты алашты құрудың сәті түсті. Шыңғыс ханның Алаш жұртын құру барысындағы еңбегіне сол кездері бүгінгі қазақ жерін жайлап отырған тайпалардың барлығы дерлік  қолдау көрсетті. Тек Еділ бойындағы Қыпшақ тайпасының ханы ғана Шыңғыс ханның туыстастарға тән бейбіт ұсынысын дұрыс қабылдамай, Сүбедей баһадүрді күш қолдануға мәжбүрледі.

Шыңғысты ғайбаттаушылар Отырар соғысын тілге тиек етеді. Отырар билеушісі Қайыр хан, лауазымынан көрініп тұрғандай, Қағанат дәуірінен келе жатқан хандар ұрпағы болуына қарамастан, Сыр бойындағы жұртты Хорезм шахына байлап беруге бағыт алған сатқындық жолда тұрды. Ол Хорезм шахы айтқан ақылға сүйеніп, Шыңғыс хан жіберген елшіні және тарту жасау ниетімен барған 450 керуеншіні қырып салды, сөйтіп бейбіт қадамның жолын кесті. Ол Хорезм шахының жіберген 10 000 сарбазына және тағы да жәрдем берем деген уәдесіне сеніп, Шыңғыс ханды соғысқа арандатты. 

Осы ұрыстан соң Отырар толық қирап қалды, үйіндіге айналды деген сөз бекер. Сол қалада Темірлан әскербасыларымен бірге қыстап, Қытай жорығына дайындық жасау барысында 1405 жылы қайтыс болғаны мәлім. Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыс Темірланмен ұрыста жеңіліс тапқан соң Ұлы жібек жолы тоқырап, қеруен сарайлар, базарлар керексіздігінен Отырар, Сыр бойындағы өзге қалалар бірте-бірте елсізденіп, жойылып кетті. 

Шыңғыс ханды қазақ ешқашан бөтен деген емес. Оны Алаш елін құрған көшбасшы ретінде Алаша хан деп, әрдайым құрмет тұтты. Қолдағы шежіре, тарихи жазбалар мен аңыз деректеріне сүйеніп, оның тәні Алаша хан кесенесінде деген қорытындыға келдік. Енді соларға тоқталайық. 

Шыңғыс ұрпақтары қатарына жататын Әбілғазының «Түрік шежіресінде» (Алматы, 2007 ж.) қағанның Ұлытауға келуіне қатысты оқырман назарын аударатын «Шыңғыс ханның өз жұртына оралуы», сондай-ақ «Шыңғыс ханның ауырып, қайтыс болуы және балаларына айтқан өсиеттері» деп аталатын екі тарау бар. Аталмыш тараулармен кітптың Шыңғыс ханға қатысты бөлігіне нүкте қойылады екен. Осы арқылы автор қаған өмірінің ақыры қай өңірде аяқталғанын анық білетінін байқатады. Алайда Ресей патшасы II-Екатеринадан бастап, қызыл коммунист Сталин де  Шыңғыс ханның шыққан тегіне қатысты тарихи деректерді бақылауда  ұстағанын және солардың  ырқымен тарихымыз бұрмаланғанын  білетіндіктен екі тараудың аты өзгермегенінің өзі бізді қанағаттандырды. Елді адастыру мақсатын көздеп, шежірелік баянның  мазмұнымен үйлеспейтін жалған деректерді сыналап жібергенін көрдік және оларды назарға алмадық. 

Сөз етіліп отырған екі тараудың біріншісі былай деп басталады: «Шыңғыс хан жазғытұрым өз жұртына қарай бағыт алды. Жол бойғы уәлаяттар мен қалаларға билеушілер мен даруғалар қойып, Әму суынан өтіп, Бұқараға келді. Бұл жерде оған жан-жаққа жіберілген ханзадалар мен нояндар қосылды»(90 бет).

Шыңғыс хан Бұқарадан шығып, Самарқандқа келген соң Жошыға шапқыншы жіберіп, келе жатқанын хабарлайды. Жошы  әкесін құрметпен қарсы алып, жүз мың жылқы тарту етеді. Оның жиырма мыңы -  көк, жиырма мыңы – торы, жиырма мыңы – қара, жиырма мыңы – шұбар, жиырма мыңы – боз болатын. Шыңғыс хан осынша бұл мол тартуды қабылдайды және өз тарапынан баласына деген әкелік сезімін білдіріп, сыйлықтар жасайды.  Жошы хан інілерін бауырына тартып, ағалық сезімін білдіреді (91 бет). Жоғарыда елге бет алған қағанның қасына ханзадалар мен нояндар қосылғаны айтылды ғой. Демек, бұл сапардың қаған үшін де, ұрпақтары үшін де маңызы зор болғаны анық. 

Шыңғыс хан Ұлытау сапары қарсаңында бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына еншілік аймақтар бөліп берген болатын. Үлкен ұлы, яғни хандық дәстүр бойынша тақ мұрагері саналатын Жошыға бүгінгі қазақ жерін, екінші ұлы Шағатайға Сартауылды (ол кезде Өзбек ұлысы деген ат қалыптаспаған), үшінші ұлы Үкітайға орталығы Ұйғырстан астанасы Қарақорым болған Шығыс Түркістанды, кенже ұлы Толыға әулеттің қара шаңырағы  саналатын Қалқа даласын бұйырады.Біздің ойымызша, Бөрте бегім кіші ұлы Толының қолында, яғни қара шаңырақта болғаны жөнге келеді. Жорықтарда жанынан тастамай алып жүрген кіші әйелі Құлан Алтын орда көшімен бірге Ұлытауға келіпті.

Әбілғазы өз шежіресінде Жошының тегіне байланысты жалғаншылар айтып жүрген өсек-аяңға нүкте қоюды да ұмытпапты: «Жошы хан анасының аты Бөрте қошын еді, ол екіқабат кезінде Шыңғыс хан жоқта Меркіт халқының ханы Шыңғыстың үйін шапты. Бөрте қошынды олжа қылып алып кетті. Оң ханның қатыны Бөрте қошынның жеңешесі еді. Оң хан мен Меркіт ханының арасында достық бар еді. Оң хан Бөрте қошынды сұратып алдырып, Шыңғыс ханға жіберді. Өйткені Оң хан мен Шыңғыстың әкесі Есукей баһадүр дос еді. Бөрте қошын жолда Жошыны туды». Қуанған Шыңғыс ұлының жолда туғанын ескеріп, Жолшы -  Жошы қойыпты (111 бет).

Алайда Жошы ханның саятшылық кезінде қаза табуынан Шыңғыс хан үлкен ұлына билікті тапсыру ниетіне жете алмайды. (Қазатың «Ақсақ құлан- Жошы хан» күйін еске алыңыз). Осы қайғылы оқиғадан соң Жошыға кесене салдыруға Шыңғыстың өзі бұйрық берген деп болжадық. Өзі дүниеден өтерде Алтын ордасы  мен хандық билікті Сайын хан лауазымдық атымен немересі Батуға тапсырады (117 бет). Бұл оқиғалар туралы шежіреде: «Жошы хан мажар,  башқұрт, орыс, кәрел және неміс жұрттарына аттанбақ болып: «Жеті жылдық сапар жорығының қамын жесін», деп  елге жарлық қылды. Әскер жиналып жатқанда өзі ауырып, көп ұзамай қайтыс болды. Шыңғыс хан ол кезде тірі еді, немересі Батуға (лақабы Сайын хан): «Әкең қай жерге барайын деп дайындалса, сол жерге бас болып барасың», деп хүкім қылды. Сайын хан әскерін жиыстырып жүргенде Шыңғыс хан өлді». 

«Шыңғыс хан бұл дуниемен алты жүз жиырма төртінші тауық жылы (жаңаша 1227 ж.) қоштасты... Үш ай бойына жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалардың қайғысына ортақтасты. Аза тұту аяқталған соң әркім өз жұртына кетті, мемлекеттің болашақ құрылысы жайында ешкім ешнәрсе ойлаған жоқ. Екі жылдан кейін (мұрагерлік салтымен) Үкітай қаған болды. Ол Сайын ханға «Аттан», деп жарлық қылды», деп жазады Әбілғазы. Шыңғыс ханның Алтын ордасына әкесі Жошының орнына ие болып қалғанымен қағандық билік  Сайын ханға  тиісті емес екені анық, өйткені ол-немере. Ел аузына Алаша хан атымен мәлім болған қағанға кесене тұрғызу Сайын хан үшін Еуропа бағытына жасалған аттанысқа дейінгі екі жыл толығымен жеткілікті еді. 

Алтын орданың Ұлытауда тігулі тұрғанын, оған Шыңғыс әйелдерінің бірі иелік етіп отырғанын бұл өңірге 1245 жылы келген италиялық жиһанкез Плано Карпини көріпті. Ол: «...там на одной прекрасной равнине, возле некоего ручья между горами, был шатер, называемый у них «Золотой Ордой», деп осы өңір табиғатын әдемі суреттеген. 

Шыңғыс хан шатырына өзі өлгенше иелік еткен сүйікті жары Құланға топырақ Ұлытаудан бұйырыпты. «Құлан ана» кесенесі Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында, Жошының қызы «Болған ана» кесенесінің қасында тұр. Шыңғыстың сүйікті әйелі Құлан қатунның Ұлытауда жерленуі Алаша хан кесенесінде кімнің жатқанын айғақтайтын бұлтартпас дәлел ретінде тарихта қалды. 

Оңғар Нақып

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601