Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық-қанығы 4770 3 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 12:52

Ботагөз Төлеш: Бұл мүсіннің Абайға еш қатысы жоқ!

Осыдан үш-төрт күн бұрын Abai.kz ақпараттық порталында «Шалабаеваның «шала» Абайы» атты мақала жария болды. Онда Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының ауласына орнатылған тас мүсін туралы айтылған еді.

Шындығында тұғырдағы тас мүсіннен әлеуметтік желідегі жұрт Абайдың бейнесін танып жатты. «Қазақтың бас ақынының басын ғана қылтитып қойып, мұншалық қорлауға бола ма», деді біраз жұрт. «Жаңаша үлгідегі» мүсінге жұрт түрлі теңеу айтып жатты. Наразылық білдірді. Мүсінді алып тастауды талап етті. Кейін, мұражай басшылығы ресми ақпарат таратты. «Ол – Абай емес! «Абыз ата» деген композиция», - деді. Жұрт оған да сенген жоқ. Ақыры Алматы әкімдігі тас мүсіннің бетін шүберекпен бүркеп, жұрт көзінен тасалап қойды.

Жасыратын жоқ, біз де әйдік мүсіннен әуелі Абай Құнанбайұлының бейнесін көрдік. Сосын жаздық. Біз секілді ондаған сайт жазды. Желіде қаншама жұрт шулады. Мүсін авторы – Шоқан Төлеш деген кісі екен. Мүсінші Шоқан Төлештің қызы Ботагөз Төлеш дау тудырған мүсінге қатысты Abai.kz ақпараттық порталына егжей-тегжейлі мағлұмат берген еді. Мархабат...

(Ботагөз Төлеш)

- Әуелі ескерткіштегі кім? Абай ма, емес пе?

- Әуелі бұл – ескерткіш емес! Жұрт осыған назар аударса екен деймін. Бұл жеке адамның творчествалық жұмысы. Өзініңеркін ойы, фантазиясымен жасалған авторлық композиция. Барлық ақпаратта ескерткіш деп айтылды, жазылды. Журналистерге де өкпелейтініміз – ақпаратты жарияларда бұл неғылған мүсін, оның авторы кім т.б. біліп алуы керек еді ғой. Бұл ескерткіш емес – композиция! Орысша айтқанда – арт обьект! 

(Композиция эскизі)

- Қашан жасалған?

- Идеяның өзі сонай 90-шы жылдары туған. 1994-95 жылдары алғашқы эскиздері жасалған. Мен сол жылдардағы эскиздерді де тауып, өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда жариялаған едім. Ол жерде анық жазылып тұр. Композицияның атауы – «Қария» немесе «Абыз ата» деп көрсетілген.

(Эскиз жобасы)

- Абайға қатысы жоқ...

-Иә, ол жерде Абай атамызға ешқандай қатысы жоқ. Ал енді жұрт ол мүсіннен Абайдың образын көре ме, жоқ басқа адамның образын көре ме, ол әр адамның өз талғамына, ой-өрісіне байланысты ғой. Бұл арт обьектінің биіктігі 5,5 метр. Неге үлкен етіп жасалған? Жаңағы «Абыз атаның» алыптығын көрсету үшін...

- Мұражай таратқан ақпаратта биіктігі 3,5 метр деп айтылды ғой...

- Иә, ол жерде қате кетіп қалған екен. Негізі 5,5 метр.

- Бұл мүсінің Абайға еш қатысы жоқ екенін мұражай басшылығы да айтты. Қазір сіз де айтып отырсыз. Бұл терістеме ақпаратта да жарияланлды. Бірақ, көп жұрт мұны – ақталу деп қабылдады...

- Рас, көбісі ақталып жатыр дейді. Ақталу деген сөздің өзі орынсыз деп есептеймін. Себебі біз ақталып тұрған жоқпыз. Біз ақиқатын айтып тұрмыз. Бұл мүсін – заманауи түрде жасалған. Классикалық емес, академиялық емес. Абай атамызға арналған ескерткіш емес екенін де жариялап жатырмыз. Ескерткіш деуге де келмейді. Бірақ, сонымыздың өзін ақталу деп қабылдап жатыр.

- Бұл мүсін Ә.Қастеев мұражайының ауласына қашан қойылды?

- Қараша айында. Қыс кезінде. Әкеміз хабарласып, айтты кеше. Ол композицияның бітпеген жерлері бар екен әлі. Қыста орнатылғандықтан, оның үстіне шығып, ұсақ детальдарын жасауға мүмкіндік болмаған екен. Сосын, күн жылынғанын күтіп, мастер класс ұйымдастырып жасамақ болыпты. Бірақ, ақпан айында Кипрден шақырту келгендіктен, сол жобаға кеткен. Қазір жұмыс уақытша тоқтап тұр.

- Бұл мүсін әкімдіктің тапсырысы ма?

-Жоқ. Бұл әкімдіктің тапсырысы емес. Жалпы ешкімнің тапсырысы емес. Әкемнің өз қаражатына жасалған дүние. 2011 жылы басталып, 2019 жылы ғана аяқталды. 8-9 жылдай уақыт жұмсалды. Идея мен алғашқы эскизі 1994 жылы жасалғанын жоғарыда айттым. Алғашқы мүсіні қоладан жасалған еді. 50-60 см. ғана болған. Ол мүсін сатылып кеткен.

(Сурет arasha.kz сайтынан алынды)

- Неге сұрап отырмын... Даулы дискуссиядан кейін әкімдік мүсінді шүберекпен бүркеп қойыпты...

- Иә, мына дау шығып, халық шулағаннан кейін жергілікті әкімдік ол мүсіннің бетін матамен жауып тастады. Әр адамға жеке-жеке жеткізіп, түсіндіру мүмкін емес қой. Авторы халыққа ақпарат беріп, мән-жайды түсіндірсін деген шығар. Өзім желіде жаздым. Сұхбат бердім. Мұражай басшылығы да, біз де әкімдікке хат жазып, жағдайды түсіндірген соң қазір мүсіннің бетін ашты.

- Егер ол әкімдіктің активінде болмаса, жеке адамның жеке көрмеге қойған композициясы болса, ол жеке мүлік қой. Әкімдіктің оның бетін бүркеп немесе орнынан алып тастауға құқы бар ма?

-Менің ойымша ондай құқы жоқ. Мен заңгер емеспін. Ол жағын нақты айта алмаймын. Мен де өнер адамымын. Қалайша өнерді түсінбейтін, өнерден мүлде хабары жоқ адамдардың сөзін тыңдап, өнердің бетін жауап, тұмшалап тастауға болады? Соны ойлаймын...

Бір жағынан біз қалада тұрып жатқандықтан, өзінің бір заңдылықтары бар шығар. Бүкіл халыққа ұнамай жатқан соң, ондай шараға баруы мүмкін. Бірақ, ондай  шараға барардың алдында әкімдік те мән-жайын біліп алуы керек деп ойлаймын.

- Биыл Абайдың 175 жылдығы. Осыған байланысты сіздерге жергілікті немесе басқа өңірлердегі әкімдіктерден тапсырыс түсті ме?

- Абай туралы айта кетейін... Осыдан бірнеше жыл бұрын Францияның Рен деген қаласында Абай атамызға бюст қоямыз деп конкурс жарияланды. Сол конкурсқа менің әкем де қатысты. Сол конкурсқа 2 эскиз ұсынған. Бірақ, ол кезде біз жеңіп тұрып, басқа адам өтіп кетті. Ол жарыс, ол сайыс болғандықтан оған түсіністікпен қарадық. Дау қуған жоқпыз.

(Конкурсқа дайындалған Абай бюстінің жобасы)

(Конкурсқа дайындалған Абай бюстінің жобасы)

Ал бүгінгі күнде ешқандай тапсырыс түскен жоқ. Әкімдіктен де, басқасынан да. Абайға арналған ескерткіш жасау деген тапсырыс болған жоқ.

Тағы бір айта кететіні - классикалық жанрда жасалған мүсін бе, жоқ заманауи, стилизацияланған жұмыс па, басқа форма ма,  әуелі соны ажыратып алмай, қалай ескерткіш деп жариялауға болады? Анық-қанығына жетпей қалайша балағаттауға болады? Соған ренжуліміз.

- Терістеме берілді ғой...

- Мақсат Толықбай деген журналист... Даудың басы сол кісінің парақшасынан басталды. Мен ол кісіге хабарластым. Ол жігітке мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі көзі жеткен соң, өз парақшсында ақпаратты түзеп жариялады. Сол ақпаратты таратқан басқа да кісілер жай ғана парақшасынан өшірді, бірақ терістеме берген жоқ. Сол Мақсат Толықбайдың парақшасындағы сурет барлық ақпараттарда жарияланды. Ол өзекті тақырып болып, жандарына батып бара жатса неге сол мұражайдың ауласына барып, сол мүсінді өздері түсірмеді? Неге өз көздерімен барып көрмеді? Неге авторды іздемеді? Неге бізден сұраған жоқ?..

- Көрмеге қойылған дедік қой. Көрме қашан өтіп еді?

- Ақпаратта: «Бұл Абайдың 175 жылдығына арнап қойылған» деген сөз болды. Шындығында олай емес. 2019 жылдың желтоқсанында әкіміздің үлкен көрмесі өткен еді. 65 жылдығына арналған. Сол көрмеге қойылған. Ол жерде тек жаңағы «Абыз атамызды» ғана көріп қапты. Ол мұражайдың ауласында басқа да мүсіндер тұр ғой. Олардың да форма, стилдері өзгеше...

Мысалы барлығы даурықты. «Абай  атамызға ескерткіш қойыпты» деді. Мақұл! Абайға ескерткіш қойыптық делік. Бірақ, оның өз регламенті болады ғой. Егер ол Абайға арналған ескерткіш болатын болса, оынң ашылу рәсімін жергілікті әкімдік ұйымдастырады. БАҚ өкілдері мен зиялы қауым жиналады. Ресми ашылуы жасалады. Мұның бірі де болған жоқ. Өйткені, ол ескерткіш емес, көрмеге қойылған композиция! Біз өзіміз қалап, қаланың кез келген жеріне апарып ескерткіш аша салмаймыз ғой... Сондықтан, бұл мүсынның Абай атамызға еш қатысы жоқ екенін айтқым келеді.

- Уақыт бөліп, пікір бергеніңізге рахмет!

- Сіздерге де рахмет!

;feature=youtu.be

Әлихан Жанарбек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1561
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504