Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 4530 23 пікір 26 Маусым, 2020 сағат 11:01

Мәдениет және спорт министріне ашық хат!

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А.Р. Райымқұлова ханымға

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! 

Өзіңізге хат жазуға түрткі болған соңғы бес жылда Қазақстанда жүрген тәжік режиссері Барзу Абдраззаковтың әлеуметтік желіде берген сұхбатының барысында айтқан ойы. Ол мырзаның айтуы бойынша қазақ театрының болашағы күңгірт, алдағы  5-10 жылда құриды екен. Өйткені театрдағы режиссерларының барлығы көрінгенді көшіргіш, бір-біріне еліктегіш, әртүрлі шоудан құралған, өз беті, өз қолтаңбасы жоқ, таптауырындылыққа ұрынған режиссерлар екен. Тіпті бір адам да ол кісінің назарына ілікпепті. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Нұр-Сұлтандағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің де құны көк тиын дегенді меңзейді. Тіпті бізде театр мектебі болмаған және қалыптаспаған дейді. «Футбол командалары шет елден жаттықтырушылар алдыратыны секілді Қазақстанға дәл қазір Ресейден, болмаса басқа мемлекеттерден режиссерлер шақыртып олардың мектебін ашу керек» депті. Оған не дейсіз?

Сонда біз Қазақстанның Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов бастаған ұлы көшті жалғаған, Р.Андресиян, М.Байсеркенов, Б.Омаров, Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтметов, Мен Дон Ук, Ж.Хаджиев, Ч.Зұлқашев, Б.Атабаев секілді аға буынмен бірге бүгінгі күнгі Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген режиссерлерді қайда қоямыз? 95 жылдық тарихы бар Әуезов театрынан бастап еліміздегі 57 театрдың өмір сүруі, сонымен қатар, орыс, кәріс, ұйғыр, неміс, өзбек сынды этникалық театрлардың болуы Қазақстан Республикасындағы театрлардың барлығының айғағы емес пе?!.  Және осы театрлардың түгелдей дерлік тікелей Мемлекеттің қамқорлығында екенін қайда қоямыз? Қазақстандағы облыстық театрларды былай қойғанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы театрлардың шығармашылық жолына ықыласпен зер салмай, олардың репертуарларын білмей, бірді-екілі спектакльді қарай салып бүкіл қазақ театр өнеріне үкім шығаруы Ұлттық өнерімізді сыйламағандық деп білеміз.

Қазақ театрының пайда болуы, дамуы, бүгінгі тынысы, өсуі мен шарықтауы, Еліміздегі көптеген театрлардың Халықаралық фестивальдерде бас жүлделерді бағындыруы соның бір дәлелі. Ресейдегі «Театральная жизнь» журналының бас редакторы, Өнертану ғылымдарының докторы,  сыншы О.Пивоваровтың  айтуынша «бүгінгі қазақ театры жаңашылдығымен жаңа кезеңге, асқар биікке көтерілген әлемдік озық театрлардың қатарынан орын алғаны хақ». Бұл кәсіби маманның пікірі.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай I Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің тұсауы кесіліп, оған Грузия, Жапония, Литва, Латвия, Корея, Австралия, Израил, Англия, Франция, Германия, Италия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Иран, Башқұртсан, Татарстан секілді мемлекеттердің қатысуы Қазақ театр өнерінің әлем театр кеңістігіндегі өзіндік орнының айқын дәлелі. «Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, Біздің осындай ұшан-теңіз еңбегімізге қара күйе жағуы – бұл да оның рухани саяздығы. Режиссермін деп өзіне айдар таққан Барзу Абдураззаков мырзаның Қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихын, дәстүрін білмегі былай тұрсын, Біздің театр өнеріміздің болашағына үкім айтып, жол көрсеткені оның адамшылығына сын болары сөзсіз...

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!

Өз елі Тәжікстанда қадірі кетіп Қырғызстан мен Өзбекстанда жаман атқа ие болған режиссердің ішімізге іріткі салуы – қазақ халқы мен тәжік елінің мәдени ортасына сызат түсіре ме деп алаңдаулымыз. Қазақ Елінің бірде-бір драматургын М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтен бастап Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, С.Жүнісов, О.Бөкей, Д.Исабеков, И.Ғайып, Р.Отарбаев т.б қадау-қадау таланттарымызды елемей бірде-бір авторымызды сахналамауы қонақ боп келген азаматтың арына сын...

Иә, театр – тірі организм. Оның да өсу, өркендеу, тоқырау, қайта өрлеу кезеңдері болуы заңды. Өйткені бұл - өнерге тән құбылыс. Біз оны жақсы білеміз. Сол үшін де Ұлы өнер үшін аянбай еңбек етіп, тер төгудеміз. Және театр Ана тіліміздің тал бесігі екенін естен шығармақ емеспіз!

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қазақ театр өнеріне қашан да қолдау білдіргенсіз және солай болады деп сенеміз! Және де болашақта осындай кезбе режиссерлердің келуіне, ішімізде осындай іріткі тудыруына жол бермеуге, ықпал етеді деп үміттенеміз! Өйткені Қазақ театр өнері болған, бар және бола береді. Ол - өнер заңы, ол - өмір заңы.

Құрметпен,

Асанәлі Әшімов,

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының Президенті, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі.

Тұңғышбай Жаманқұлов,

ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы.

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино режиссері.

Еркін Жуасбек,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры.

Мұрат Ахманов,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы-режиссері.

Нұрлан Жұманиязов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының  режиссері.

Болат Ұзақов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының  режиссері.

Әлімбек Оразбеков,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының  режиссері.

Досжан Жанботаев,

Қазақстанның Халық артисі, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театрының артисі.

Құсейін Әмір-Темір,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі.

Нұрнияз Мұқанов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының директоры.

Юрий Якушев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры.

Азамат Сатыбалды,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен жасөспірімдер  театрының директоры.

Любовь Ни,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Корей музыкалық комедия театрының директоры.

Наталья Дубс,

Республикалық Неміс театрының көркемдік жетекшісі.

Сансызбай Бекболатов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының директоры.

Ялқынжан Шамиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі.

Мағзом Бақытжанов,

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының негізін қалаушы.

Шалқия Бақытжанова,

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының негізін қалаушы.

Бейбіт Бахтыгереев,

Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының директоры.

Икрамжан Хашимжанов,

Шымкент қалалық Өзбек театрының директоры.

Спартак Рамазанов,

Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының директоры.

Бақыт Срайылов,

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры.

Тілеген Ахетов,

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының  көркемдік жетекшісі, театр және кино режиссері.

Алия Баймаханова,

І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі.

Мұратбек Оспанов,

Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры.

Руслан Сенкебаев,

Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының директоры.

Ернар Жұматаев,

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының директоры.

Жұлдызбек Жұманбай,

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері.

Берік Джаменов,

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының директоры.

Мұқанғали Томанов,

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі.

Дінмұхамед Ұябай,

Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры.

Сахан Әкелеев,

Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері.

Ержан Исатаев,

Түркістан облыстық Р. Сейтметов атындағы қазақ сазды драма театрының директоры.

Ербол Жуасбек,

Семей қаласы Абай атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі.

Амангелді Бахтинов,

Семей қаласы "Дариға-ай" жастар театрының директоры.

Еркебұлан Нұғыманов,

Семей қаласы "Дариға-ай" жастар театрының көркемдік жетекшісі.

Арман Темірбек,

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры.

Дунай Еспаев,

К.С.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының көркемдік жетекшісі.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505