Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 6044 3 пікір 18 Маусым, 2020 сағат 16:36

Ұшақ аулау

Әлемде көңіл көтеру мен бос уақытты тиімді өткізуге арналған көптеген әуесқойлық түрлері бар. Солардың басым көпшілігі бізге беймәлім болып келетіні де рас. Сондай ермектердің бірі – ұшақ аулау. Иә, ұшақты да аулауға болады. «Аң аулау», «балық аулау» сияқты ермек түрлерімен таныс қазақ тілді қауым «аулаудың» мұндай түрін бірінші рет естіп отырған да болар бәлкім... Бұлай дейтін себебім, әлемдік деңгейдегі қызығушылықтың бұл түрі туралы интернеттен қазақ тіліндегі мәліметтерді таппадым десем де болады. Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінгі мақаламда ұшақ аулау ісі туралы баяндаймын. Ал орыс тілді аудитория бұл мәселемен аз да болса таныс деуге болады.

Сонымен, ұшақ аулау дегеніміз не? Бұл ермектің ресми атауы – «споттинг» немесе «плейнспоттинг». Аталмыш терминнің этимологиясына келер болсақ, ағылшынның «to spot» – «көру», «тану» деген сөзінен шыққан. Ал «plane» - дегеніміз ұшақ.  Қарапайым тілмен айтсақ, споттинг дегеніміз ұшақтарға қарау, оларды бақылау, суретке және бейнетаспаға түсіру. Ұшақ аулау ісімен шұғылдану дегеніміз осы. Балық немесе аң аулау сияқты хоббидің бір түрі. Ол үшін тек қолыңызда кәсіби суретке түсіретін фотоаппаратыңыз болса жеткілікті. Хоббидің бұл түрімен шұғылданатын адам(дар)ды споттер(лер) деп атайды.

Қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін бейтаныс болып саналатын қызығушылықтың бұл түрі әлемде, әсіресе дамыған елдерде өте кең таралған және ең заманауи, әрі ең қызықты хоббилердің бірі болып саналады. Тіпті, өркениеттіліктің ажырамас бір бөлігі болып кеткен деуге де келетіндей.

Жалпы споттинг екі мағынада қолданылады: кең мағынасында ұшақтарды бақылаумен, олардың есебін жүргізумен, ал тар мағынасында ірі қозғалыс құралдарын барлаумен, аңдыумен айналысу. Споттингтің екі түрі болады: плейнспоттинг және трейнспоттинг.

Плейнспоттинг дегеніміз ұшақтарды, тікұшақтарды және басқа да ұшу аппараттарын, ал трейнспоттинг дегеніміз көбіне пойыздарды, теміржолдарды, сондай-ақ автобустарды, жүк көліктерін, трамвайлар мен троллейбустарды бақылау, суретке немесе бейнеге түсіру. Әлемдегі ең кең таралған түрі – плейнспоттинг. Кейберулер оны «әуе споттинг» немесе «авиаспоттинг» деп те атайды.

Споттерлер де екі түрге бөлінеді. Бірінші топқа жататындар қолдарына фотоаппарат емес, бинокль, қалам және блокнот алып ұшақтың борттық номерін, қай уақытта қонғанын немесе ұшқанын жазумен ғана шектеледі. Әлбетте сұлулығын да тамашалайды. Екінші топқа жататындар фотоаппаратпен қаруланып, алып темір құстарды суретке және бейнеге тартады. Споттингтің бірінші түріне қарағанда екінші түрі әлдеқайда қызықты және кең таралған. Бірінші түрі тек Англияда ғана кездеседі.

Нағыз споттер үшін ұшақтарды суретке немесе бейнеге тарту жеткіліксіз. Ол сондай-ақ ұшақтардың типін, борттық және сериялық номерін, рейсі мен қай авиакомпанияға тиесілі екенін жақсы білуі керек.

Әлемдік деңгейдегі хоббидің бұл түрінің тарихы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде басталды. Сол кезде Ұлыбританияда «Корольдік бақылаушылар корпусы» құрылды. Ол жерде азаматтарды ұшақтарды бақылап, моделін, борттық номерін және қай бағытқа ұшып кеткенін жазып алып, арнайы органға хабарлап отыруға дайындады. Соғыс аяқталды, бірақ ұшақ аулауға деген қажеттілік хоббиге айналды.

Қырғи-қабақ соғыс жылдарында АҚШ-та көптеген ерікті авиа-әуесқойлар социалистік елдерден ұшып келген ұшақтардың номерлерін жазып алатын. Уақыт өте келе жазбалардың орнын фотосуреттер алмастырды. Осылайша, авиация табынушыларының саны артып, споттинг бұқаралық ермек түріне айналды.

Споттингтің әлемдік деңгейге көтерілуі - өткен ғасырдың 80-жылдарына сәйкес келді. Бұл тіпті, «темір шымылдықтың» бергі жағына да өтіп, Кеңес Одағына да жетті. Кеңестік споттерлердің ерекшелігі – олар ұшақтарды алыстан және үлкен ракурспен түсіретін.

Қазірдің өзінде, әрбір секунд сайын, әлем бойынша жүздеген, мыңдаған ұшақ аулаушылар фотоаппараттарын шыртылдатып, ұшақ аулап жатыр. Кейбір қалалардың әуежайларында споттерлер үшін арнайы площадкалар да ашылған және жылына бірнеше рет авиакомпаниялардың өздері де ресми споттингтер өткізіп тұрады. Қазақстандағы ең алғашқы ресми споттинг 2011 жылы сәуір айының соңына таман Air Astana әуекомпаниясының ұйымдастыруымен Алматы халықаралық әуежайында өткізілді. Қазіргі таңда Қазақстан споттерлерінің саны «екі таңбалы» санның әріжақ-беріжағында. Олардың басым көпшіліні Алматы қаласында. Олардың арнайы клубтары да бар. Ал дамыған елдердің әрбір қаласының өзінде мыңдаған ұшақ аулаушылары бар.

Споттерлердің негізгі жұмыс алаңы – әуежайлар мен оның маңайындағы жерлер. Әдетте олар ұшып-қону жолағының глиссидаларын таңдайды да көкке көтеріліп бара жатқан немесе жерге қонуға келе жатқан ұшақтарды түсіреді. Бірақ бұлай жасау міндетті емес. Жерде қонып тұрған ұшақты да кез-келген ракурста түсіру споттинг бойып саналады. Ең бастысы түсірген суретініңіз сапалы болса болғаны.

Түсірілген ұшақ суреттерін жинайтын airliners.net, jetphotos.net, planespotters.net сияқты әлемдік дерекқорлары бар. Онда күн сайын споттерлерден миллиондаған суреттер келіп түсіп жатады. Бірақ ол жерде іріктеу өте қатаң түрде жүргізіледі. Ең сапалы суреттер ғана сайтқа шығарылады. Ол жерге түсірген суретінің жариялануы кәсіби споттерлер үшін үлкен қуаныш және атап өтуге тұрарлық мереке. Егер сіздің де түсірген суретіңіз жарияланып жатса жолым болды деп есептей беріңіз...

Споттинг үшін әлемнің ешбір елінде заңдық жауапкершілік қарастырылмаған. Демек, кез-келген адамның ештеңеден қорықпай хоббидің осы түрімен айналыса беруіне мүмкіндігі бар. Осы уақытқа дейін әлем бойынша споттерлерді жауапқа тарқан бір ғана оқиға болды: 2001 жылы Грекияда әскери әуе базасындағы ұшақтарды суретке түсірген 14 споттер қамауға алынды. Тергеу бірнеше айға созылып, кейін бәрі де босатылды. Мұннан өзге оқиға тіркелген емес.

Қалай дегенмен де, ұшып бара жатқан ұшаққа жай ғана көз тастаудың өзі қиялыңызды шарықтатады емес пе...?

P.S. Споттинг болашағы бар хобби түрі. Тіпті, туризмге де айналып келе жатыр. Қазақстанға жыл сайын шетелден ондаған споттерлер де келіп жатады. Боингтер мен Эйрбастарды түсіруден жалыққан шетелдік споттерлер үшін әлем бойынша қатары сиреп бара жатқан, алайда Қазақстанда әлі де болса қолданыста жүрген кеңестік ескі ұшақтар тапсырмас фотомодельдер. Сондықтан да, соғыс ардагерлері сияқты қатары күннен күнге сиреп бара жатырған ескі ұшақтарды утилизацияға жібермей, арнайы алаңдар құрып, ашық аспан астындағы экспонат ретінде сақтап қойсақ және жарнамаласақ алдағы уақытта әлем споттерлерін өзіне магнитше тартатыны анық. Туризм экономикаға үлкен кіріс әкелетін табыс түрі. Әлемде тек туризмнің ғана есебінен өмір сүріп отырған елдер бар...

Оралбек Ж. Өтеғұлов

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564