Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6482 6 пікір 17 Маусым, 2020 сағат 11:35

Патсайы көйлек киген қыз

(әңгіме)

Күндіз құлың, ақшамда жарың болайын
(Қарақалпақ қосығынан)

«Қарамаңызшы олай, ұяламын...»

Жүрегі аласұрып кетті. «Неткен ерке қылық, сұлу наз. Дауысы да сыңғырлап тұр. Күміс қоңыраудың үніндей. Жымиғанда миығында пайда болатын оймаққа дейін әсем, жарасымды. Аласы аз, қарасы мол жәудіркөз. Табиғат неткен шебер, неткен сахи, шіркін. Бір адамның басына сонша сұлулықты үйіп бергенін қарасаңшы...»

Елдос өзінен-өзі қысылды. Сұлулыққа арбалып, бір сәт қыздан көзін айыра алмай қалған. «Қарамаңызшы олай, ұяламын» деп еді қызара жымиып.

Есік қағылды.

– Ағай, шай  дайын болды.

Жымиып күліп тұр. Миығында оймақ ойнайды.

– Қазір, қазір барам.

Елдос қапелімде сасып қалды. Ұрлық үстінде ұсталған адам сияқты қыбыжықтап, әр нәрсені бір  түртпектеп, жуынатын бөлмеге кіріп кетті.

– Соңғы кезде шаршап жүрсіз-ау, аға, – деді Гүлайым бұл столға отыра бергенде.

– Иә, жұмыс көп. Қызметкерлердің біразы еңбек демалысына кеткен.

– Сол арақ деген пәлені ішпей-ақ қойыңызшы.

Сәл-пәл мұң кіреукелеген мөлдір жанар өзіне бір сәтке тесіле қарады да тайқып кетті. Ерекше қылық, ерке наз бар дауысында.

– Иә, өзім де солай ойлап жүрмін. Шаршағанда былай ...нетіп... ішіңкіреп қойып...

Бір сөздің басын құрап, дұрыс айта алмай әбігерленіп қалды. «Сиқыры бар шығар мына қыздың».

– Жарайды, шайыңа рахмет, мен болдым.

Бөлмесіне келді де төсегіне құлады. Көз шырымын алайыншы деп ойлаған. Бірақ, қайдағы ұйқы. Көзі жұмулы, көкірегі ояу. Есіне Гүлайымның ағасы түсті. Өзінің досы, қандыкөйлек жолдасы – Айбар. Оқуға бірге түсті, бірге бітірді. Ленаға үйленерде қарсы болып бағып еді. «Атасы басқа, елі бөтен, кәрістен қатын алып не опа табасың» деген. Бірақ, бұл тыңдады ма. «Мен – ғашықпын, – деді. – Махаббат ұлтқа қарамайды», – деді. «Мен оған үйленбесем, мәңгілік үйленбей өтем», – деп қасарысты. Шынында да Лена көзің қиып, көңілін қалдыратындай емес еді ғой. Қылығын айтпайсың ба оның...

Ал, енді не болды? Қайда сол сұлу өзіне ғашық еткен? Қайда сол қылық өзін арбаған? Қайда, сол өзі аңсаған, арман болған қимас сәттер?... Бәрінің де баянсыз болғаны ма?

Есікті қағып, ішке Гүлайым кірді.

– Кешіріңіз, аға, мына көйлектеріңізді шайып тастайын. Кір жуып жатыр едім.

Гүлайым етегі сусылдаған шәйі көйлек киіп алыпты. «Киімнің жарасқышын», – деп ойлады Елдос. – Не кисе де әріне әр қосады». Ұры көз шығып бара жатқан қыздың бөксесіне түсіп кетті. «Пәк емес» деген ұры ой санасында жарқ етті. Ұры көздің көргенін ұры ой дәлелдейтін сияқты. «Кім екен ол бақытты адам, қызыл гүлдің шырынын алғаш сорған?...» Кеудесін қызғаныш кернеді. «Маған не көрінді, не болған өзі. Көңіліме сайтан ұялап алған жоқ па? Досымның қарындасын жаман ойға қалай қиып отырмын...?!»

Орнынан атып  тұрды. «Мына сайтан ұялаған көңілді тазартайын, арам ойдан арыла алмаған басты жөндейін».

* * *

Басы мең-зең. Ойы ұйқы-тұйқы. Қайда барады, неге барады, өзі де білмейді. Біраз жүрді. Біраз сенделді. Көшеде адам көп. Сеңдей соғылысады. Сергелдең ойдың бір сәтке серпілетін түрі жоқ. Қараса, «Аққу» кафесінің жанына келіп қалыпты. Баяғыда, үйленер алдында Ленамен келгені бар еді. Күн тамаша болатын. Қыз болса ғажап! Етегі кестеленген, белі қынамалы көк жібек көйлек киіп алған. Қылығы ерке, назы ерекше...

Еріксіз бұрылды. Сағынышқа айналған өткен күндерін есіне түсіріп, біраз отырғысы келді...

– Ішетін неңіз  бар?

– Ішетін бәрі бар. Коньяктан басқа түк жоқ.

Көзіне қара көзілдірік киіп алған, шашын желкесіне түйген, қос анары төсін керген ақсары қыз қалжыңдасқысы келетін сыңайлы. Балтыры әппақ екен. Мен мұндалап тұр. Елдос қыздың басынан аяғына дейін асықпай шолып өтті.

– Қалай, ұнаймын ба? – деді қыз. Әлде шын, әлде кекесін.

– Ғажап. Тек көзілдірігіңізді алыңызшы. Адамның көркі көзінде ғой.

– Талып қаласыз, мен қылимын.

Қыздың қалжыңдап тұрғанын сезсе де Елдостың тәтті ойының бәрі тас-талқан болды. Біртүрлі суып қалды.

– Жарайды, уақытыңызды бөліп қалжыңдасқаныңыз үшін рахмет. Бір коньяк әкеліңіз.

– Бір дегеніңізді қалай түсінеміз? Бір жүз грамм ба, әлде бір бөтелке ме?

– Кейінгісі.

– Өзіңіз ғана ішесіз бе, әлде біреуді күтіп отырсыз ба?

– Ол менің жұмысым.

Иығын қиқаң еткізіп, бөксесін бұлтыңдатып бара жатқан даяшы қыздың соңынан көзін алмай қарап қалды. «Неше еркектің құшағында болды екен. Санынан өзі де алжасқан шығар».

Алғашқы рюмкені толтырып құятын әдеті. Тәбеті алмай тұрса да көзін жұмып тартып салды. Бір сәтке бойы жеңілденіп, сергіп қалғандай болды. Баяғыда Ленамен келгені тағы есіне түсті. Өзінің Ленасы. Жоқ. Бұрын өзінікі болған, бүгінде жат, басқа Лена.

Бәрі жақсы басталған. Оқуды бітіре сала редакцияға жұмысқа орналасты. Алғашқы кезде енесінің қолында тұрды. «Пәтер алғанша тұрыңдар» деген соң. Бірақ, қазақи өмірге жат, осы бір күшік күйеулік тұрмысқа көндіге алмағаны рас. Дегенмен, пәтердің ауылы алыс. Бұдан бұрын істеп жатқандардың кезегі де үміт күттірерліктей емес. Үмітсіз – шайтан. Көну керек, шыдау керек.

Сонымен, көптен күткен бақытты күнге де жетті-ау, әйтеуір. Обалы не керек, енесі көп жүгірді. Беделін, абыройын ортаға салды. Негізінен, енесін жаны жомарт еді дей алмайды. Бәрін қызы үшін істейтінін де мойындайды. Ленаның айтуынша, шешесі жалғыз қызының қазаққа  тұрмысқа шығатынын естігенде бұлқан-талқан ашуланыпты.

Кейін заман сан өзгеріске ұшырады. Одақтың күлі көкке ұшты. Жұмысынан қате-кемшіліктер табылған енесі орнынан түсті. Жылы жер, жұмсақ орынға үйреніп қалған ол  табан астынан айныды. «Енді қазақтар бізге күн бермейді» дейді. Неше жыл бойы Қазақстанның дәмін татқан адамның сөзі. Алматыдағы төрт бөлмелі пәтерді Владивостокқа сондай пәтерге ауыстырды. Қашанда іші тар, өзге емес, өзіме болсын деп үйренген долы әйел енді бұлардың үйлеріне ауыз салды. «Айырбаста немесе сатасың, бұл үйге менің еңбегім сіңген», – дейді енесі. «Мен ешқайда бармаймын, – дейді бұл. – Лена да бармайды». «Бармасаң бадалып қал, қызымды тастап кете алмаймын, үйді бөліске саламыз», – дейді ол.

Ал, Ленаның кеткісі келмейді. Бірақ, шешесінің айтқанынан да шыға алмайды. Ит-ырғылжыңмен өткен алты ай шаршатып бітті. Бір жеңіліс, бір жеңіс. Жеңгені – үй бөліске түспейтін болды. Ленаның кесімімен. Жеңілгені – Ленамен айырылысты. Бұған араша түсетін құдірет табылмады. Долы шешесінің айтқанынан шыға алмады.

«Әлі шешемді көндіремін. Қайтып келемін», – деген қоштасарда. Қане келгені. Келмек түгілі бір хабарласуға жарамады. «Ах, Лена, Лена. Ақылың көп, ақымақтығың да жетеді».

Қолын бөтелкеге созды. Ортайып қалыпты. Мас бола бастаған сияқты. Рюмкеге құйылған коньякті сыздықтата жұтты да көзін тарс жұмып отырып алды. Оң қолын маңдайына тіреген. Қалың ой қажытты ма екен, қимылсыз сол күйі біраз отырды. Оқыс дауыстан селк ете қалды. Қараса, қарсы алдында даяшы отыр, қолында темекі.

– Не дедіңіз? – деп сұрады Елдос.

– Кешіріңіз, сіздің үйіңіз бар ма? Біраз шаршаған сыңайлысыз. Барып демалыңыз. Мына коньяктің қалғанын аузын тығындап алып кетіңіз. Кафені жабатын уақыт болды.

– Сенің атың кім? Лена ма?

– Жоқ. Рашиназ.

– Сен мені кешір, Рашиназ. Бүгін біздің – әйелім Лена екеуміздің махаббатымыздың өлгеніне бір жыл болды. Соның жылын атап өтіп отырмын. Менің қайғыма ортақ бол, кел, екеуміз ішейік...

... Оянып кетті. Алғашқыда қайда жатқанын  түсіне алмады. Өз төсегіне ұқсамайды. Қасында біреу жатқан сияқты. Пысылдай демалғаны сезіліп жатыр. Сүрініп жүріп жарықты жақты. Масқара, қасында даяшы қыз. Жарықтан ол да оянып кетті.

«Не іздедің, Елдос» деп керілген қыз бері аударылып түсті.

– Шөлдедім.

– Тоңазытқышты аш, ішетіннің бәрі сол жерде. Маған бір рюмке коньяк құйып бере салшы.

Кенезесі кепкен Елдос салқын сыраны басына көтеріп, мейірлене жұтты. Рашиназға рюмке толы коньякті ұстатты.

– Өзің ше?

– Жоқ. Жүрегім көтеріліп тұрғаны.  Айтпақшы, мен бұл жерге қалай келдім?

– Біріншіден, аш қарынға ішпеген дұрыс. Екіншіден, бас жазу үшін көп ішпеу керек. Үшіншіден, махаббат, махаббат деп көп қайғыру дұрыс емес. Махаббат дегеніміз – төсек. Ол сен сияқты жігіттерге жыр емес. Төртіншіден – ... Қыз қулана жымиды. – Айтайын ба, айтпайын ба?

– Айт, несі қалды енді?

– Айтсам, төртіншіден, маған ұнамауың керек еді... Міне, солай келдің  бұл жерге.

Елдос үндеген жоқ. Қыз да үнсіз қалды. Әркім өз ойымен әуре. Сыртта тырс-тырс еткен тамшының даусы естіледі. Ол орнынан тұрды да киіне бастады. Қыз ләм-мим демеді. Сол жатқан орнынан қозғалған жоқ. Киініп болған Елдос оған жақындап келді де ернінен сүйді. «Есікті жауып ал».

– Енді қашан келесің?

– Күнде келетін боламын. Біржола келіп алсам қайтеді осы?

Ол бұрылып артына қарады.

– Еркің білсін, сен үшін есік ашық.

Сыртқа шықса, жаңбыр толастамапты. Кәдімгі өзі жақсы көретін мақпалдай майда жауын. «Махаббат деген – төсек». Рашиназдың сөзі есіне түсті. «Шынында да солай сияқты. Көрді. Танысты. Жатты. Есімін ғана біледі. Ол бұның есімін. Басқа не біледі. Атасы кім, тегі қандай? Кімі бар? Кімі жоқ? Бұл одан сұрамады, ол бұдан сұрамады. Біреуі «енді қашан келесің» дейді. Екіншісі «біржола келіп алсам қайтеді» дейді. «Махаббат деген – төсек...» Кафедегі ойы есіне түсті. «Неше еркектің құшағында болды екен?».

Көшеде жарық мол. Тып-тыныш. Осы бір құлаққа ұрған танадай тыныштықтың шырқын анда-санда өткен машиналардың даусы ғана бұзады. Қайтадан жым-жырт. Су сепкендей.

«Сол арақ деген пәлені ішпей-ақ қойсаңызшы». Көңілі құлазып сала берді. Етегі сусылдаған шәйі көйлекті Гүлайымның бейнесі тұра қалды көз алдында. Ерекше қылық, ерке назбен айтқан жаңағы сөзі естілгендей болды. «Не істеп жатыр екен. Ұйықтап қалған да болар».

* * *

Белгілі адамның сұхбатын газетке дайындап жатқан. Есіктің қоңырауы шылдырлады. «Кім екен, беймезгіл жүрген» деген оймен есікті ашып қалса... бір қыз тұр жымиып. «Міне, мен келдім», – дейді. «Кел, – деді абыржып қалған бұл  – төрлет». Қыз қымсына ішке енді.

– Қайдан жүрсіз? Аспаннан түстіңіз бе?

– Жоқ. Пойыздан түстім.

Миығынан күліп тұр. Әрі, «танымадыңыз ба» дегендей сұрақтың белгісі бар жүзінде.

– Мен ауылден келдім, аға. Айбардан хат алдыңыз ба?

– Ә, кешір, қалқам, танымай қалғаным рас. Айбардан хат алмадым. Келмеді хат.

– Оқуға тапсыруға келдім. Бағымды сынап көрмекпін. Ертеңнен бастап пәтер іздеймін.

– Жоқ, жоқ, ол не дегенің. Үйде бола бер. Ешкім сені мазаламайды, сабағыңа дайындал. Ештеңеге алаң болма.

– Жеңешем қайда? – деді қыз. – Айбар ағам әзілдеп отыр еді, кәріс жеңешеңе сәлем айт деп.

– Кәріс жеңешең алыс-алыстарға жол жүріп кетті. Жақын арада айналып келе қоймас.

Үй ішіне бағдарлай көз салған қыз бірдеңені түсінген болуы керек, үндемеді. Сол күннен кейін бұл тақырыпқа сөз қозғалған жоқ.

...Біраз жаяу жүрген ол қалың ойдың құшағында келе жатып үйге жақындағанын да сезбепті. Міне, мына биік үйдің жетінші қабатында өзі тұрады. Қалтасынан кілтін алып, есікті ашуға ыңғайлана бергенде Елдос қолын тартып алды. Домбыраның күмбірлеген үні, Гүлайымның сыңғырлаған даусы естілді. Бұған таныс, бала кезден құлақ сіңді болған ән, қарақалпақ қосығы:

Патсайы көйлегің ігіре тізеңнен,

Суға барсаң, мен барайын сенің ізіңнен,

Зүлфыңны қайырып, өпсем жүзіңнен,

Өзім һәр жайдаман, көңілім сенде-дүр.

Адам өмірінде аңсаған шақ, қимас сәттер өте сирек болады және сонша қысқа. Көңілді торлаған мұңнан аз уақытқа арылып, сол шақты аңсайсың, сол сәтті сағынасың. Ұзағыраққа, ұзағыраққа және ұзағыраққа созылғанын тілейсің. Елдос тап сондай күйде еді. Зарлы әуеннің қайталана  түскенін, мұңлы дауыстың үзілмеуін тіледі.

Көк көйлек ішінде ілгекті түйме,

Ашығың болайын, мені күйдірме.

Өзімнен басқаға әркез сүйдірме,

Өзім һәр жайдаман, көңілім сенде-дүр.

Мұңлы әуен. Ғашығын аңсаған, бақытын іздеген бейбақтың жүрегін жарып шыққан запыран зары. Кім екен, сол бейбақ? Жетті ме екен, арманына? Тапты ма екен бақытын?..

Сар хауыз бойында талың болайын,

Күндіз құлың, ақшамда жарың болайын,

Ақ жүзіңде ноқат-ноқат қалың болайын,

Өзім һәр жайдаман, көңілім сенде-дүр.

Әуен талып барып үзілді. Елдос өкініп қалды. «Неге тез аяқталды, неге сонша қысқа болды?». Көкірек сарайы ашылып қалды, құлазыған көңілде сенім пайда болғандай. Осы қас қағым сәттің құдіреттілігі неде... Не сиқыр, бұны арбаған...

Есікті ашып, ішке енді. Қолында домбыра, өз төсегінде отырған Гүлайым ұшып тұрды. Жанарындағы мұң бірте-бірте сейіліп, нұрлана бастағандай. Әсем кірпіктерінің арасынан үзіліп түскен мөлдір тамшыны байқатпағысы келіп, сүйріктей саусағымен сылып тастады.

– Мұнша кешіктіңіз. Жаурап қалыпсыз. Шай да, тамақ та суып қалды, ысытып жіберейін.

– Жоқ, жоқ, Гүлайым, өзім-ақ ысытып ішемін. Сен неғып осы кезге дейін ұйықтамай отырсың?

– Қазір тез ысытып жіберемін, ұйқым қашып кетті, неге екенін білмеймін. Сіз ылғал киімдеріңізді шешіңіз, құрғағын ауыстырып киіңіз.

Шынында да жаурап қалыпты. Бір кесе ыстық шайдан кейін денесі балбырап, өзі маужырай бастады.

– Емтихан қашан?

– Жақындап қалды. Жүрексініп жүрмін. Талапкер көп, бір орынға он адамнан артық. Нартәуекел деп көреміз де. Айтпақшы, сіздің мақалаңызды оқыдым. Жақсы жазыпсыз. Бірақ...  Қыз күмілжіңкіреп барып сөзін қайта жалғады – бірақ, отбасының бұзылуына әйелдерді көбірек кінәлағаныңызға түсіне алмадым.

– Сының орынды. Дегенмен, әркімнің пікірі әртүрлі. Мен өзімнің көзқарасымды, өзім жете білетін жағын ғана көрсеттім ғой. Ертең отбасылық дәурен өз басыңа да түседі. Бұл – аса күрделі әлем. Нәзік тұсы...

– Білемін, – деді қыз асығыс, жігіттің сөзін бөліп, – Басымнан өткен.

– Қалай?..

Елдос енді ұрттай берген шайына шашалып қалды. «Менің ұры ойымның дұрысқа шыққаны ма? Шынымен... Кім екен, өз бақытын уысынан шығарған. Кім екен, мына қыздың қадірін түсінбеген. Әлде өзі кінәлі ме. Жоқ, мүмкін емес. Бұлардың отбасын мен жақсы білемін ғой. Ондай ортада тәрбие алған қыз жаман болмауы керек. Айбар қандай жігіт еді, жібектей есіліп тұрған».

Ойын қыздың сөзі бөліп жіберді:

– Иә, аға, солай. Әрине, өткен өмірім үшін ешкімді кінәлай алмаймын. Оған кінәлі – қыз деген жолы жіңішке сорлының талайлы тағдыры. Мен күйеуімді өңім түгіл түсімде көрмегенмін. Танымаймын. Алып қашты. Барғаннан кейін бір-ақ білдім. Ол қандай жігіт, туған-туыстары кімдер, олар қандай адамдар, ең  болмаса осыларды білмей тұрып, оған қалай жар боласың? Дегенмен көндім. Тағдырымды қарғай-қарғай көндім. Ертеңгі қаулаған өсектен қорықтым. Ертеңгі мүсіркей қарайтын көздерден сескендім.

Сөйтіп көндім. Мүмкін дәм-тұзымыз жарасып кетер деп сендім. Бірақ сенімім ақталмады. Ол бірте-бірте өнер аша бастады. Ішіп келіп сабайтынды шығарды. Шектен тыс қызғаншақ. Егер мен  оны өзім қалап, оның етегінен өзім ұстап, сол үйдің табалдырығынан өзім аттағанымда, бәріне көнер едім. Өзім жаққан отқа өзім күйер едім. Ал ол өзі мені қалаған екен, арманына жеткен екен, енді неге қорлайды..?!

Гүлайым сөзінің соңын айта алмай булығып қалды. Нәркес жанарға, мөлдір тамшылар үйіріле бастады.

– Балалар бар ма еді? – деді Елдос мұңайып қалған қызға тіктеп қарап.

– Иә, бір  бала бар.

– Мүмкін сол бала дәнекер боп, қайта қосыларсыңдар. Қанша дегенмен ол түсінер, өткеніне опық жер. Ішкенін, қызғанғанын қояр...

– Жоқ, аға, үміт дәуірінен өтіп кеттік. Сенім жібі үзілді. Ресми түрде ажырасқанбыз. Кешіріңіз, өз басымның қайғысын айтып, басыңызды ауырттым-ау деймін, шайдан алыңыз.

Елдостың жүрегі елжіреп кетті. Қарсы алдында отырған мұңлық қызға жаны ашыды, аяды. Жылы-жылы сөздер айтып жұбатқысы келді. Бірақ не айтады? Қалай айтады? Ақыл айтам деп, басу айтам деп, онсыз да сынық көңілдің күлпәршесін шығарып алса қайтеді... Есіне бағанағы ән түсті. Зарға толы, мұңлы әуен. «Кімге арнап айтты екен сол әнді. Кімді аңсап, кімді сағынып айтты екен. Күйеуін емес. Ол белгілі. Сонда кім? Жақсы көретін адамы бар шығар. Сол есіне түскен болар. Бұл кіріп келгенде жанарынан үзіліп түскен мөлдір тамшы сол жігітке деген сағынышы болар».

Елдоста бір қызғаныш пайда болды. Сол, өзі танымайтын, көрмеген жігіттен Гүлайымды қызғанды. «Жігітің бар ма?» деп сұрауға оқталып қалды да, өзін ірікті. Расы, қысылды әрі қорықты. Қысылғаны «қыз бұны аға тұтып отыр. Қорыққаны  – бір ауыз сөз – «бар» деген сөзден үрейленді. Сол сөзді естігісі келмеді.

* * *

Сол күннен бастап Елдос мазасыз күй кешті. Барлық сырын ақтарып тастап, ойын айтайын десе қысылды. «Ағам деп, ағамның досы деп келсем, сіздің айтып отырғаныңыз не?» десе, қандай күйге түседі. Айтпайын десе, ішкі дерт өртеп барады. Шын ұнатқанға ұқсайды. Жан-тәнімен ғашық болып қалған сыңайлы. Екі оттың ортасында қалды.

Арада көп өтпей ол іссапарға аттанды. Барғысы келмей сырғақтап еді, редактор көнбеді. Бір аптада айналып келесің дейді. Бастықтың аты бастық.

Іссапар бір апта емес, он күннен асып кетті. Бірақ, біраз жұмыс бітірді. Енді асығу керек. Үйге. Гүлайымға. «Барған соң бәрін айтам» деп ойлады Елдос.

Әуелі қоңырауды басты. Үн жоқ. Екінші рет және басты. Тағы үнсіз. Аптыққан күйі қалтасындағы кілтпен есікті ашты. Тым-тырыс. Көңілі құлазып сала берді. «Шынымен кетіп қалғаны ма. Емтиханы не болды екен. Әлде бір жаққа шығып кетті ме?». Үстел үстінде жатқан қағазға көзі түсті.

«Аға! – деп басталыпты қағаздағы жазу. – Мен емтиханнан құладым. Бірақ сізді күтіп жата беруден ыңғайсыздандым. Онсыз да бір апта іркілдім. Қанша дегенмен... ыңғайсыз ғой. Өзіңізді көріп, қоштасып кеткім келді, амал не! Күтпеді деп өкпелемеңіз. Көп нәрсені жазғым келеді. Бірақ әйел жолының жіңішкелігі жол бермеді. Сорымыз да, бағымыз да сондай ғой. Айтайын дегенімнің бәрі ішімде кетіп барады. Ол сырларым ешкімге, ешқашан айтылмайды. Егер кездесу жазса, өзіңізге ғана айтам, ақтарам. Кездесу жазбаса, өзіммен бірге кетеді. Мәңгілік!

Салматтығыңызды тілеп, бетіңізден сүйдім. Гүлайым. 19 тамыз. Бүгін сағат 11-де ұшақпен ұшамын».

Елдостың жүрегі атқақтап, қанасына симай кетті. Бүгін ғой 19-ы. Сағатқа қарап еді, он болған екен.

Әлі бір сағат бар. Үміт оты қайта жанды. «Үлгерем, – деп ойлады ол. – Үлгерем. Қазір такси ұстап жетуім керек». Есігін асығыс кілттеді де көшеге жүгіріп шықты. Ол таксиде келе жатып қағазға қайта көз жүгіртті. «Ол сырларым ешкімге, ешқашан айтылмайды. Егер кездесу жазса, өзіңізге ғана айтам, ақтарып. Кездесу жазбаса, өзіммен бірге ала кетем. Мәңгілік!». «Қандай ақымақпын, қандай топаспын, қыз жанын түсінбеген». Өзін-өзі сыбап келеді. Өзін-өзі жерлеп келеді.

«Алматы – Нөкіс» бағытына ұшатын рейстің ұшу уақыты техникалық себептерге байланысты екі сағатқа шегеріледі». Елдостың қуанғаны соншалық, көзінен жас ыршып кетті. «Үлгердім, – деп ойлады Елдос, – үлгердім. Гүлайым қайда екен». Әуежайдың екінші қабатындағы жолаушылар залында ине шаншар жер жоқ. Толып отыр. жан-жағына мұқият қарап келе жатқан Елдос қатар қойылған орындықтың ең шетінде теріс қарап отырған Гүлайымды көріп қалды. Ол ештеңеге назар аудармастан мұңлы жанары бір нүктеге қадалып қалыпты. Терең ой құшағында.

– Гүлайым!

Орнынан ұшып  тұрды. «Аға!». Жанары жәудіреп тұр. Жанына таяп келген Елдостың бетінен сүйді. Елдос болса оны құшағына қысты да, үлбіреп тұрған ерніне ернін тигізді. «Жүр, кеттік, үйге қайтамыз» деді сыбырлап.

Шарафаддин Әміров 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590