Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Тарих 6568 15 пікір 6 Маусым, 2020 сағат 10:56

Орбұлақ шайқасы Белжайлауда болды ма?

Тәуелсіздіктен бері өткен ширек ғаcыр рухани құндылықтарымызды түгендеуде тарих ғылымы үшін аз уақыт емес. Әсіресе тарихи оқиғалар мен оларға қатысты ұстанымдарға ұлттық тұрғыдан баға берудің өзі үлкен жетістік. Алайда, ұлттың рухы мен жігері бодандықпен қалай сыналса, еркіндік пен тәуелсіздік кезінде де солай сыналады. Өз қолымыз аузымызға еркін жеткенде тарихымызды зерделеу барысында тағатсыздық танытып, содан кейбір келеңсіздіктерге ұрынып жататынымыз құпия емес. Бұл келеңсіз көріністер тарихты қолдан жасауға тырысу мен мифологизациямен байланысты. Мұндай үрдіс тарихты бұрмалап қана қоймай, елдің ішін алатайдай бүлдіріп, зиялы қауымның арасына ірткі салуымен қауіпті. Тарихи мәселеге қатысты кез-келген пікір таластың соңындағы коментарилерге көз жүгіртіңізші. Жағаңызды ұстайсыз. Соған қарап егер 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін бүгін болатын болса, онда қазақ зиялыларының біреуінің де ізі қалмаушы еді деген тұжырым жасауға болады.

Егемендік алған алғашқы жылдары-ақ зиялы, ғылыми қауымды дүр сілкіндірген құбылыс орын алды. Бұл XVIII ғасырда өмір сүрген Қазыбекбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты шығарманың басылып шығуымен байланысты болды. Аталмыш тарихи шығарма жайында оның жақтаушылары мен қарсыластарының арасында баспасөз беттерінде талай пікір-таластар орын алғаны белгілі. Бұл шынымен соңғы орта ғасырда жазылған дерек пе, әлде қолдан жасалған туынды ма? - деген екі пікір ұстанғандардың арасында ұлкен дау тудырды.

Айта кететін бір жайт, кеңес дәуірі кезіндегідей қазақ тарихына қатысты жаңа тақырыпты да, пікір-таласты да көтереген тағы да жазушы қауымы болды. Ал тархшы ғалымдар мұндайда пікір таластан неге шет қалады?! Шынын айту керек, бұның себебі сүбелі деген тарихшылардың өзі 90-жылдар тұрмақ бүгінгі күннің өзінде конформизм феноменіне бой алдырған.

Қазыбекбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты шығарма басылып шыққаннан кейін оған алғашқылардың бірі болып сын айтқан Қазақстанның халық жазушысы Қ. Жұмаділов болды. Түп нұсқасы жоқ сол кітаптың бүгінгі күннің туындысы екені туралы жазушы былай дейді: «Әсiлi, мұндай көне мұраны бағалауда бұлтартпайтын таразы – текстология, яғни шығарманың тiлi ғой. Ал «Түп-тұқиян» жалпы стиль, сөз саптау, сөйлем құрылысы жағынан сонау 18-ғасырды былай қойып, тiптi бергi Абай дәуiрiне де жақындамайды. Түп-түгел бүгiнгi күннiң қолтаңбасы, онда да өзiмiз күнде оқып жүрген «Социалистiк Қазақстанның» қасаң тiлi. Бұрынғы қазақтардың сөздiк қорында болуға тиiс емес, тек бергi Кеңес дәуiрiнде аударма арқылы енген жаңа тiркестер... кiтаптың өн бойы 18-ғасырға жанаспайтын жаңа сөздерге сықып тұр». Сонымен қатар осы мақалада жазушы аталған шығармада тарихи қисынға келмейтін, ойдан шығарылған өтірік мәліметтерге де сын айтады. Солардың ең дөрекісі біз пір тұтып жүрген Төле би мен қаз дауысты Қазыбек би қара қылды қақ жарып, әдiлдiгiмен үш жүзге үлгi болған аса бiр қасиеттi кiсiлер емес, ата салтын аяққа басқан, Әз-Тәукедей ханға опасыздық жасап, ханды да, халықты да тақырға отырғызып кеткен, көз бояушы, алаяқ. Ал, Абылай хан мен Жолбарыс хан қарадан туған тексіз біреулер болып шығады [1].

Шығарма ХХ ғасырдың туындысы екені туралы қаншама дәлел айтылып, сынға ұшыраса да Қазыбек-бек Тауасарұлының кітабын жақтаушылар ешбір талдаусыз оны ғылыми айналымға қосуға тырысып бақты. Ара-кідік осы шығармаға арналған ғылыми конференциялар мен оқулар ұйымдастырып, бұл кітаптың қазақ тарихы үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдеу үшін ол шығарманы дәріптеуді қайта-қайта жаңғыртып, ол туралы тарихшы-ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлерін алға тартатын болды. Бірақ шығарманың түбінде бір шикіліктің бар екенін сезген азаматтар ұстамдылық танытып, оны жығыла дәріптеуден бойларын аулақ ұстады [2].

Ал, біздің мақсатымыз бұл шығарманы қайта талдау емес. Оның қолдан құрастырылған еңбек екені туралы бірқатар ғалымдар мен жазушылар өз пікірлерін білдірген және білдіріп жатыр.

Мәселе бұл келеңсіз үдерістің бұдан кейін де тарихты бұрмалауға жол бастап беруінде болып отыр. Қазақстан тарихында «мифологизация» үдерісі жаппай көрініс ала бастады. Тарихи оқиғаларды өзінің қалауынша өзгертіп, ұсақ ру-тайпалық, топтық мүдде үшін ақиқатты бұрмалау кең етек жая бастады.

Мысалы, Жетісу жерінде моңғол-жоңғар нояндарының есімімен байланысты жер атаулары мен елді мекендер аз емес. Қытай шекарасынан басталып Қырғызстанға дейін мұндай атаулар жол бойы үзілмей көптеп кездеседі. Нарынқол, Байынқол, Сүмбе, Кеген, Шамалған, Қаскелең, Қалжат, Дардамты, Шонжы, Қапшағай, Боролдай, Қордай, Дордой (Бішкек маңында) сияқты атаулар бұл жерлерге бір кездері жоңғар нояндары иелік еткенін көрсетеді. Ал, қызық болғанда мұндайда мифологизацияға ұрынғандар енді тарихыңа да қарамай «қастерлі жерлерді» қолдан өзі білгенінше жасап алып отыр. Олар Қордай асуында қазақтың «Қордай батырына» арнап кесене тұрғызыпты. Енді ары-бері өткен жолаушылар арнайы ат басын бұрып, соған тағзым етуіне болады. Бұл не? Қордай деген жоңғардан қазақ батырын жасау не үшін керек болды екен?! Елді адастыратын бұдан асқан надандық бола ма?! Тиісті анамастикалық қызметтер қайда қарап отыр?! Масқара!

Бір өтірік жүз өтірікті тудырады. Сондықтан да қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларға, жер-су атауларына қатысты анықтайтын мәселелер көп-ақ.

Қазіргі кезде осындай бір даулы пікір-талас 1643 жылы Жәңгір ханның 600 сарбазбен Батыр қонтайшының 50 мың әскеріне қарсы ұрыс бергені төңірегінде, әсіресе шайқастың қай жерде өткені жайлы болып жатыр. Өкінішке орай шайқастың қай жерде өткенін дөп басып көрсететін, шайқас барысын сипаттайтын дерек жоқ. Пікір талас сол себепті өрбіп отыр. Ол туралы екі пікір бар. Біріншісі, шайқас Жаркент қаласынан 200 шақырым жердегі Белжайлауда болды десе (Б. Нұржекеев), екінші пікір  шайқас – Орбұлақта емес, Кегеннен Ыстық-көлге асып түсетін Қарқара асуында өткен (Қ. Жұмаділов) дейді. Осы мәселенің сәл де болса анық-қанығына жету үшін бірқатар сұрақтарды талдап көрейік.

Біріншіден, жалпы қазақтар XV-XVII ғғ. от қаруды жоңғарлардан бұрын қолданғаны рас, ол туралы жазба деректер мәлімдейді [3].

Ш. Уәлиханов та өз еңбектерінде қазақтардың қару-жарағы туралы айтқанда мылтыққа қатысты да қызықты мәліметтер келтірген. Ол қазақтарда мылтықтың өте сирек болатынын, атадан балаға мұра ретінде берілетінін және әр мылтықтың қасиетіне қарай «көз кеш», «күлдір-мамай» сияқты өз аттары болатынын, оқтарды қорғасыннан құйып жасайтыны туралы, сонымен қатар, мылтықты қолдануға байланысты керекті барлық қосалқы жарақтарды да толық сипаттап кеткен [4]. Сол сияқты Ш. Уәлиханов «Қазақ оқ-дәрісінің құрамы» атты еңбегінде қазақтарда оқ-дәрінің жасалу жолдары туралы құнды мәліметтер қалдырған [5].

Онда 1643 жылы 600 сарбаздан тұратын қазақ жасағы мен 50 мың жоңғар қолының арасында болған шайқастың мән-жайын түсініп, байыбына бару үшін алдымен XV-XVII ғғ. мылтықтың оқ ату сипатымен танысайық.

Бұл кезде мылтықтардың дені пілтелі (фитильные) болғаны белгілі. Алғашқы мушкеттердің ату қашықтығы орташа 300 қадам болған [6].

Енді XVII ғасырда мылтықтың қалай оқталатынына назар аударып көрейік. Терминдерден шатаспау үшін мылтаққа т.б. мәселелерге қатысты барлық мәліметті орысша беруді жөн көрдік.

«Процедура заряжания мушкета: отделить фитиль, высыпать в ствол порох из зарядца, извлечь шомпол из ложа, забить шомполом первый пыж из подсумка, забить шомполом пулю, забить второй пыж, убрать шомпол в ложе, открыть полку и высыпать на неё порох из рожка, закрыть полку, присоединить фитиль… В то время редко делали более одного залпа за сражение [7].

Көз алдарыңа елестету үшін қазақтардың пілтелі мылтық атып жатқан екі тәсілін көрсетейік, мысал үшін. (1, 2-суреттер) [8].

1-сурет

2-сурет

ХІХ ғасырдың 70-жылдары Оталық Азияға саяхат жасаған орыс зерттеушісі Н.М. Прежевальский саяхат кезінде жолшыбай кездескен  әртүрлі жергілікті әскердің қару жарағына назар аударып, олардың отқаруды қаншалықты меңгергенін және мылтықтың өзіне сипаттама беріп кетеді.

Не дегенін көрейік: «Фитильные ружья, употребляемые монголами и в особенности тангутами, гораздо лучше вышеописанных войсковых, так как имеют длинный ствол и пулю одинакового с ним калибра, притом заряд прибивается кусочком войлока. Но все-таки дальность боя и этих всегда гладкоствольных ружей не превосходит двухсот шагов, да и то с весьма малой меткостью. Изготовление же к выстрелу, даже поспешному, занимает много времени, ибо необходимо сначала установить ружье на сошки, поместиться самому возле него на коленях, вложить тлеющий фитиль в курок, снять покрышку с полки, затем прицелиться и стрелять. Если же горящего фитиля нет наготове, то прежде всего необходимо добыть огонь, вырубая его из кремня. После выстрела заряжение также весьма сложно и начинается с того, что вынимают зажженный фитиль из курка, насыпают из пороховницы в мерку, а иногда и прямо на ладонь заряд пороху, который кладут затем в ствол, забивают или спускают туда пулю, насыпают на полку порох, и если нужно тотчас стрелять, то опять вкладывают в курок тлеющий фитиль. Последний приготовляется из пеньки в виде тонкой веревки и помещается в особом кожаном мешочке сбоку приклада. Этот приклад делается длинным и узким, так что напоминает отчасти ручку пистолета; цевье же продолжается на всю длину ствола и имеет близ своего конца утолщение, к которому приделываются сошки. При ношении ружья на ремне за спиной сошки эти отгибаются кверху и удерживаются в таком положении затычкой, вкладывающейся в дуло ствола [9].

Көріп отырғанымыздай екі ғасыр ішінде мылтықтың техникалық мүмкіндіктері еш өзгеріссіз қалған. Бұл жерден шығаратын басты қортындымыз пілтелі мылтықтан бір атқаннан соң оны қайта тез оқтағанның өзінде бірнеше минут (3-5 мин.) кететіні анық.

Ал, енді Орбұлақ шайқасы өтті деген жердің бедеріне назар аударайық (3, 4 суреттер) [10].

3-сурет

4-сурет

Берілген сүреттегі жердің бедеріне мұқият қарасақ бұл жер 600 сарбаздың 50 мың қолды тоқтата алатын жері болуы мүмкін бе?, - деген сұрақ еріксіз туады. 3-5 минутта атты әскер қанша жерге шауып бара алады? Алғашқы атылған оқтан кейін есін жиған жоңғарлар қайтадан ұйымдасып қарсылық көрсететіні анық. Сол заманда жоңғарлардың от қаруы болмаса да, олар Сбір жерін жаулауға келген орыс казак әскерімен жағаласып жүргенде от қаруды қалай қолданатынын, оның мүмкіндіктері жөнінде түсінігі мен тәжірибесі жоқ емес.

Пілтелі мылтықты қайта оқтап атқанша өтетін уақыт жоңғар қолына өз қарсыластарын жапырып өтуге мүмкіндік беретіні анық.

Белжайлаудағы жер бедері жоңғарларға қазақ жасағын кез келген жерден тау бөктерлерімен ту сыртынан айналып ұруға көп мүмкіндік беретіні анық көрініп тұр (5-сурет) [11]. Ор қазылған жотаға тура шаппай айнала сай-саламен бірнеше жерден шабуылдап, қорғанысты бұзып өтуіне әбден болатын жер. Мұндай пікірді Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын тойлауға қонақ боп келген шетелдік меймандардың өз аузынан естіген куәлар да бар.

5-сурет

Сонымен қатар, орыс деректерінде қазақтардың тас арасына бекінгені туралы айтылады. 1, 2-суреттерге тағы да назар аударсаңыз шайқас өтті деген Белжайлаудағы ордың ішінде де, сыртында да, айнала тау бөктерлерінде де ескерткіштен [12] басқа бір тас жоқ.

Тағы бір мәселе ұрыс кезінде пілтелі мылтықты қолданудың тиімді тәсілі туралы келесі мәліметке назар аударайық: «Длинный ствол обеспечивал мушкету относительно хорошую для гладкого ружья точность. В человека мушкетер попадал уже не с 20-25, а с 30-35 метров. Но намного большее значение имело увеличение эффективной дальности залповой стрельбы до 200–240 метров. На всем этом расстоянии пули сохраняли способность поражать рыцарских лошадей и пробивать железные доспехи пикинеров» [13].

Ұрыс кезінда мұндай мылтықтардан 200-240 метрге дейін қашықта оқты бората атқанда ғана (залповый огонь) тиімділігі айтарлықтай артатынын назарда ұстайық. Одан басқа, сарбаздар оқты әр-жерден емес, бір-бірімен иық тіресіп, шеп құрып атқанда ғана мұндай пілтелі мылтықты қолданудың тиімділігі артады.

Сонымен қатар, шауып келе жатқан жауға қарсы тоқтаусыз оқ жаудыру үшін қазақ жасқтары үш немесе екі қатардан тұратын шеп түзеуі қажет еді. Арттағы екі шеп атып болғанша алғы шеп мылтығын оқтап үлгірер еді (5-сурет) [14].

 Қорғаныс кезінде сызық бойы шеп құру тәсілінен (линейная тактика) мысал – 1854 жыл, 25-қазан Балаклав шайқасы, британдықтар орыстардың атты әскерінің шабуылына тойтарыс беруде.

«Линейная тактика на суше получила развитие в связи с оснащением сухопутных армий огнестрельным оружием и повышением роли огня в бою. Войска для ведения боя располагались в линию, состоявшую из нескольких шеренг (их количество определялось в зависимости от скорострельности оружия), что позволяло одновременно вести огонь из наибольшего количества ружей. Тактика войск сводилась в основном к фронтальному столкновению. Исход сражения во многом решался мощью пехотного огня» [14].

Жер бедеріне, ұрыста қолданылатын қарулардың (мысалы зеңбіректің) түріне т.б. мақсат-міндеттерге қарай әскер шебінің ұзындығы мен оның қатар саны әртүрлі бола алады.

Қызық ұшін салыстырмалы мысал ретінде от қарудың озық түрімен қаруланған бүгінгі жасақтардың мүмкіндігін көрейк: «Мотострелковый взвод может вести оборонительный бой, находясь в первом или втором эшелоне роты, в боевом охранении батальона или же на передовой позиции полка. Мотострелковый взвод обороняет опорный пункт протяженностью по фронту до 400м., и в глубину до 300м. При выполнении задачи боевого охранения взвод может оборонять до 500 м. по фронту. Боевой порядок взвода состоит из позиций отделений, которые могут располагаться в линию (все отделения располагаются в первой траншее), в две линии (фланговые отделения располагаются в первой траншее, а центральное во второй траншее, уступом вправо или влево (одно из фланговых отделений располагается во второй траншее, а два остальных в первой)» [15].

Көріп тұрғанымыздай минутына жүздеген оқ боратып ататын қарумен қаруланса да, мотоатқыштар взводы (30 адам) 400-500 м. дейін ғана майдан шебін қорғай алатын болса, рота (100 адамға дейін) – 1000-1500 м., батальон (500 адамға дейін) – 3000-5000 м. дейін майдан шебін бекініп қорғай алады. Оның үстіне олар әскери техникамен де кұшейтілгенін ескеру керек.

Ал Орбұлақтағы оқпана-ордың ұзындығы қанша болды деп ойлайсыз?

Мына сөзге назар аударайық: «Өздеріңіз көріп тұрғандай, мынау оқпана-ордың жалпы ұзындығы 2,5-3 шақырымдай. Оны қазған 600 адам. Оқпананың жау жақ беті кісі түрегеп тұратындай деңгейге дейін биіктетілген. Ал сырт жағы жайдақ, 1,5 метрдей жер жотаның ең шетін ала тегістеліп отырған. Сірә, қару-жарақ қоюға, байланыс жасауға ыңғайлы болуын ойластырған. Мұның бәрі қазақ қолы күнібұрын бекініс жасап, жау қолын қайткен күнде де Жалаңтөс баһадүр келгенше бөгеп тұруды мақсат еткен деп жорамалдауға негіз берсе керек, - деді белгілі жазушы (Бексұлтан Нұржекеұлы) [16].

Сонда 2,5-3 шақырымға созылған оқпана-ордың ішінде бекініп отырған қазақ сарбаздарының арасындағы ара-қашықтық қандай болмақ?

«...войска де было с Янгиром 600 человек. И Янгир де, покопав шанцы меж каменей, и в те шанцы посадил 300 человек с вогненым боем, а сам с тремя стами, став в прикрытье за каменем» [17].

Орыс дерегінде көрсетілгендей 2,5-3 шақырымға созылған «тас бекіністерге» 300 емес, 600 адамның бәрі бекінді дегеннің өзінде сарбаздардың арасы 4-5 м. болмақ. Мұндай жағдайда пілтелі мылтықты қолданудың тиімділігі де пайдасы да мүлде жоқ деген сөз.

Ендігі бір мәселе қазақ сарбаздарының ор қазуы жөнінде. Шаруашылық өмірде күрек ұстамайтын көшпелі қазақтардың 3 шақырым оқпана-ор қазып шығуы қаншалықты шындыққа жанасады деп ойлайсыз? Орыс деректері айтып отырғандай қазақ жасақтары тастың арасына бекінді. «Покопав шанцы меж камней» деген сөз «тастардың арасынан оқпана-ор қазды» дегенді білдірмесе керек. Көп болса қазақтар тау ішінде тастардың арасына бекініп,  бір-бірінің үстіне құрастырып қойған тастардың қозғалмай мығым тұруы үшін ойып алған шыммен бекіткенін айтқан шығар. Бұны анықтау үшін көне славян тілінің мамандарына қолқа салу керек шығар.

Расында Белжайлаудағы ор бағзы заманда аң аулау ұшін, ақ-қызыл болған азамат соғысы жылдарында немесе «қызыл қырандырдың» қытайға жер ауып жаппай көшіп бара жатқан қазақ ауылдарын қыру үшін қазылған окоптың орны болуы әбден мүмкін. Не болса да сол жерде жер қойнауында жатқан тарихи жәдігерлер табылмай мәселенің анық-қанығына жету мүмкін емес. Ұрыс жұрген жерде қару-жарақтың қандай да бір қалдықтары шығу керек қой.

Қорта келгенде, жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап, 1643 жылы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқастың Белжайлауда өткені туралы пайымдаулар ешқандай сын көтермейді деп есептейміз. Шайқас өткен жер не болса да жоңғар қолын майдан алдында шеп түзеп, жаппай шабуылдауға мүмкіндік бермейтін тар жерде өткені сөзсіз.

1643 жылы Жәңгір мен Батыр қонтайжының арасында орын алған шайқас туралы әлі де ойланатын сұрақтар көп. Мысалы, Жоңғар қолы қырғызды Қарқара асуынан асып Ыстық-көлдің жанынан неге шаппай Тоқмаққа Шуға  дейін жортадыды? Әлде жоңғарлардың қолы екіге бөлінді ме екен? Бір қол Тоқмаққа, екінші қол Ыстық-көлдің жағалауымен жылжып Шу бойында кездесетін болып шешті ме? Ол жағы белгісіз. Бірақ, жоңғар қолы тосқауылда жасырынып отырған қазақ жасағына қалай ұрынып жүр? Қалың қолдың алдына бір күндік, ең болмаса жарты күндік жерге алға жіберілетін шолғыншылар, барлаушылар қайда? Мүмкін діттеген жеріне жету үшін ол жерден басқа өтетін басқа бір өткел не асу жоқ болды ма екен? Қарап тұрсаңыз сұрақ көп...

Осы мәселе бойынша тарихи шындыққа жету үшін әлі де біраз жүйелі түрде іздену қажет. Өтіріктен өрнек өрушілер көбейіп кеткені сонша бүгін Отандық тарихтың ең басты ұстанымы – елді алжастырмау болатын болды! Кейде біз өзімізді ғана емес, дүниежүзін де алдап келіппіз ғой. Биліктегі біреулерге жағыну үшін бе, әлде асығыстықтан ба тарихымызға қатысты айтылған өз пікірлерімізден талай рет опық жеген жоқпыз ба?! Соның салдарынан, бір кездері Түркістан қаласының мың жарым жылдығын  бүкіл әлемге жар салып, асығыс ЮНЕСКО көлемінде дүркіретіп ұлан асыр той өткізіп, конференциялар ұйымдастырып атап өткізген едік. Артынан одан да көне екі мың жылдың қабаты шыққан кезде тілімізді тістедік...

Жалпы, тарихпен айналысып жүргендерге тағатсыздық пен асығыстық жақпайды. Әр бір тарихи мәселені сабырлықпен, асықпай зерттеп талдау қажет. Бұл патриоттық сезімнің аздығынан емес, бұл ақиқат пен қисынға арқа сүйейтін ғалымдардың ұстанымы.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1, Жұмаділов Қ. Бір шежіренің құпиясы. Немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында // Қазақ әдебиеті. – 1993. – 5 қараша.
2, «Аңыз адам» жорналы, 2019, № 20 (224).
3,https://ehistory.kz/ru/publications/view/kazahi_polzovalis_ognestrelnim_oruzhiem_ranshe_dzhungarov__2741

4, Ш. Ш. Уәлиханов. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи / Бес томдық шығармаларының толық жинағы. Т.1. – Алма-Ата: Ан Каз ССР, 1961. – 463-468-бб.
5, Ш. Ш. Уәлиханов. О состовной части киргиз-кайсацкого пороха / Бес томдық шығармаларының толық жинағы. Т.3. – Алма-Ата, Ан Каз ССР, 1964. – 21-22-бб.
6, Карл Расселл. Ружья, мушкеты и пистолеты Нового Света. Огнестрельное оружие XVII-XIX веков.
7, Время мушкетёров. Тактика европейских армий XVII века. 
8. 1, 2-суреттер Казахи пользовались огнестрельным оружием раньше джунгаров.  © e-history.kz
9, Прежевальский Н.М. Из Зайсана через Хами в Тибет и на верховья желтой реки. – М.: Директ-Медиа, 2015. – 662 с. – С. 368.
10, «Қабдештің қырық өтірігі...»
11, https://kazakh-tv.kz/ru/programms/viewArchive?id=9655
12, По местам казахско-джунгарских сражений. Орбулакская битва
13, Огнестрельное оружие средних веков
14, Википедия. Линейная тактика.
15, Веремеев Ю. Анатомия армии. Тактика Сухопутных Войск. Оборона мотострелкового взвода Советской Армии (восьмидесятые годы). 
16, «Қосқолаң таудың етегі, тарихтан сыр шертеді» // Ана тілі. – 10.09.2009. 
17, Русско-Монгольские отношения. 1636-1654 / Сборник документов. – Док. № 64.

Жұмаділ А.Қ. 

т.ғ.к., ҚБТУ қауымдастырылған профессоры,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525