Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
11795 54 пікір 6 Маусым, 2020 сағат 11:09

Қандай сөзді қолдануға болады, Президент мырза?

«Бүркіт қартайғанда – тышқан алады» деген сөз бар. Әлінің жеткені сол болар... Ал билік алжығанда, немесе шектен шыққанда, өзінің құзіретіне жатпайтын салаға араласады не билік айтады екен. Людовиктің «мемлекет деген – менмін!» дегені сияқты, біздің басшыларымыз да «мен - Президентпін, сондықтан болмысты да, талассыз ақиқатты да жинап қойып, өзімнің пікірімді – шындық ретінде қабылдаттырамын» дейтін сияқты.

Ең қызығы және өкініштісі, кейде президенттердің сол әрекеттері көзі ашық қоғамның тарапынан өзінің нақты бағасын алмай, шындық ретінде қабылданады, ал кейде жұртшылық оған көңіл аудармай, өзінің жолымен жүре береді екен.

Біріншісінің мысалы жеткілікті, көз алдымызда (биліктің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді жасауға тікелей араласуын алсақ та жетіп жатыр), ал екіншісіне төмендегі бір мысалды келтірейін: 90-жылдары Пастер көшесіне Мұқағалидың атын бергенде, сол уақыттағы Президентіміз теледидардағы бір сұхбатында «Пастер талай адамды өлімнен алып қалған – әлемдік деңгейдегі дәрігер.Оның атын ауыстыру қалай болар екен?» деген ой тастаған. Алайда Алматы қаласының әкімшілігі Президенттің көзқарасына пысқырып та қарамады. Шынында да, Президент жеке азамат ретінде өзінің ойын айтты. Бұл – оның құқығы. Бірақ ол қалалық ономастика комиссиясының мүшесі емес, керек десеңіз не тарихшы, не тілші ғалым да емес. Сондықтан айтылған пікір жерде қалды. Нұрсұлтан ағамыздың жаңа сөздерге, кейбір терминдерге деген («сынып» сияқты) көзқарасын да жақсы білеміз. Кейбір министрлер сол кісі айтты деп, қалаптасып қалған терминдерді қайта қараймыз деп ұрандап та жүр. Бұл – жоғарыдағы айтып өткен, мемлекет деген менмін дейтін «Людовиктің ауруы». Егер біз Президенттің жеке пікірін – талассыз шындық ретінде қабылдайтын, бас шұлғитын жолмен жүре берсек, ертең облыс әкімдерінің хирургтерге қалай операция жасау керектігін үйретуінің де куәсі боламыз.

Жоғарыдағы аурудың жалғасын кеше ғана Ресей газетіне сұхбат берген Тоқаев мырза көрсеткен сияқты. Оның «Жуырда шетелдік аналитикалық материалдардың бірінен "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген тіркесті көзім шалып қалып, өзіміздің идеологтар мен аналитиктерге мұндай тіркесті қолдануға еш болмайтынын, бұл шынайы жағдайға қайшы екенін ескерттім» деген сөздері, сыпайылап айтсақ, көптеген сұрақ тудырды.

Біріншіден, «Қазақстандағы орыс диаспорасының» бар екендігі – талассыз шындық. Оны, кешірім сұраймын, Президенттің жарлығымен де жоққа шығаруға болмайды. «Диаспора» сөзі – әлеуметтік салада мойындалған, тұрақты түрде қолданылып жүрген термин. (Диаспора (гр. διασπορά - шашыраңқы) - әлеуметтік ғылымдарда ұлттық ата-жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі. Википедия).

Екіншіден, термин, демек белгілі бір ұғымға берілген атау – ешқашан «шынайы жағдайға қайшы» болып табылмайды. Ол  - ұғымның атауы ғана.  Ал егер «орыс диаспорасы» қазақ елінде жоқ десеңіз, украина, өзбек, қытай, т.б. диаспоралар жөнінде қандай жарлық берілуі керек? Конституция бойынша ұлттардың теңдігін мойындасақ, Қазақ жерінде диаспора мүлдем жоқ деген шешімге келуіміз керек. Егер заңдарымызда «диаспора» сөзінің қолданылатынын ескерсек, бұл нонсенстен шығу қиын болар деп ойлаймын.

Үшіншіден, әрине, әрбір сөздің, ұғымның беретін мағынасын шартты түрде, жақсы, жаман, орташа деп бөлуге болатын шығар. Бұл тұрғыдан келгенде «Диаспора» ұғымы – абстракты, ешқандай негативті реңк бермейтін ұғымдардың бірі. Диаспора – басқа елде өзінің құндылықтарын, тілін, дінін, т.т сақтап, пайдаланып отырған өзге ұлттың бір бөлшегі. Егер басқа елдегі ұлттың бөлшегі – диаспора – сол елдегі мемлекет құраушы ұлттың зорлығымен немесе табиғи түрде ассимлияцияға түсіп, өзіндік ерекшеліктерінен айрылса «диаспора» атынан да айрылады. Осыны ескерсек, қазіргі қолданыста жүрген «диаспора» ұғымы, сөз жоқ, позитивті мағынада қабылданады.

Төртіншіден, Қазақ еліндегі диаспораларға қандай атауды қолдануымыз керек? Қазақстандағы орыстарды «диаспораның» орнына - «басқыншылардың ұрпағы» деп атауға өз басым үзілді келісді қарсымын. Айтпақшы, Қытайдағы, Өзбекстандағы қазақ диаспорасын қалай атаймыз? Егер ол мемлекеттер, немесе сол мемлекеттегі зерттеушілер мен аналитиктер «қазақ диаспорасы» деген сөз қолданса, біздің сыртқы істер министрлігі нота жолдауға мәжбүр болады ма?

Бесіншіден,  «өзіміздің идеологтар мен аналитиктерге мұндай тіркесті қолдануға еш болмайтынын ... ескерттім» дегеніңіз – менің Сізден күтпеген сөзім. Сөзді, пікірді айтуға немесе ғылыми терминдерді қолдануға тиым салу, ескерту – Президенттің құзіретіне жатпайтын мәселе.

Қосымша: Бұл – менің айтатын сөзім емес, әлеуметтік зерттеушілер мен аналитиктердің  сөзі болуы керек. Олардың үнсіз қалғанынан қорқамын...

P.S.Диаспора (гр. διασπορά - шашыраңқы) - әлеуметтік ғылымдарда ұлттық ата-жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі. Диаспора ұлттық шығарып жіберу, геноцид қаупі және т.б. факторлар әсерімен пайда болады.

Дос Көшім    

Abai.kz

54 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522