Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4976 6 пікір 3 Маусым, 2020 сағат 16:09

Көшпенділерді жаладан қорғауға өмірін арнаған ғалым

Лев Николайұлы Гумилев, кеңес ғалымы, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, философ, қос ақын Николай Гумилев пен Анна Ахматованың отбасында дүниеге келген. Өзінің естеліктерінде, балалық шағынан қатарластары батыс мәдениетіне, тарихына қызығып жүргенде, өзінің шығыс мәдениетіне, нақты айтқанда көшпенді мәдениеті мен тарихына қызыққандығын айтады. Бұны өзінің шыққан тегінің түркілік болғандығы себебінен болуы ықтимал деп түсіндіреді.

Орыс шовинизмі мен евроцентристік пікірлер кеңінен қанат жайып, қайнап тұрған заманда, еш қаймықпастан көшпенді түркі-татарлардың, орыс және адамзат тарихындағы елеулі орыны жайында ғылыми еңбектер жазды. Сол үшін ғылыми қоғам тарапынан айыпталып, ғылыми жұмыс жасауына әртүрлі кедергілер келтірілді, алайда Гумилев ғылыми ізденісін тастамай, көшпелі қоғам тарихына қатысты талай құнды деректер мен ойлар қалдырды. Ғұндардың, түркілердің, татарлардың тарихына байланысты "Хунну", " Көне түркілер", "Тартария шөлі" "Қара аңыз" сынды еңбектер қалдырды.

Тарих ғылымына жалпы адамзатқа жасаған ең үлкен еңбегі ол "Гумилевтің Пассионарлық теориясы" болды. Гумилев еңбектерінде кейбір қателіктердің де, орын алғанын жоққа шығаруға болмас, әйтсе де, көшпенділер тарихына қатысты, болашақ тарихшыларға айнымас бағыт көрсетіп, анық жол салып кетті.

Өзінің тарихын білуге құмартқан Ұлы Даланың әр баласы Гумилев еңбектерін оқып шығуға міндетті. Тағы бір естелігінде Лев Николайұлы "Мен өмір бойы көшпенділерді, әділетсіз жабылған айыптардан қорғап келемін",- дегені бар еді. Өмір бойы өзі "қорғап келген" ғұн, түркі, татарлардың бүгінгі ұрпақтары Гумилевтің көшпенді елдер тарихына сіңірген еңбегінің алдында бас иіп, құрмет ретінде, көшпенді мәдениетінің қара шаңырағы саналатын Қазақ елінің астанасында Лев Гумилев есімін Еуразия Ұлттық Университетіне берді. Көшпенділердің бүгінгі ұрпақтары атынан Лев Николайұлы Гумилевке үлкен алғыс айтамыз!

Рустем Ашетаевтың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

6 пікір