Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 2889 1 пікір 1 Маусым, 2020 сағат 17:24

Бұл тарихи қасіретті ешқашан ұмытуға болмайды

31 мамыр - Саяси Қуғын-Сүргін және Ашаршылық Құрбандарын еске алу күні. Бұл күн мемлекетшіл ұрпақ үшін өте ауыр күн. Осы тарихи қасіретті ешқашан ұмытуға болмайды.

Саяси репрессия кезінде қазақ зиялыларына пана болған шетжұрт қазақтарын да бүге-шігесіне дейін зерттейтін уақыт келді. Елде саяси зобалаң басталарда қазақтың ұлтшыл зиялылары арғы бетке асып Алтай, Іле мен Тарбағатайды пана тұтқаны анық. Арғы бетке асқан зиялы қауымды сол жақтың қазағы еш жатсынбады, жылдам баурына басты. Бұның түпкі себеп, мәні "Сарыарқа" газетінде (1918) айтылғандайын "патшамыз бөлек болса да, ұранымыз Алаш, нәсіліміз Қазақ болғандықтан" еді.

Алапат аштық пен репрессияға дейін де саяси, мәдени әм рухани қарым-қатынасын үзбеген екі жақтағы қазақтар зұлмат басталғанда бір-біріне көмек атаулының барлығын жасап бақты. Алтай, Тарбағатай, Іле мен Үрімжіге қарасты он екі ауданда мұның мысалы жеткілікті.

Саяси сүргіннен қытайға асқан қазақ зиялылары сондағы елде әртүрлі салада жылдам жұмысқа тұрды. Алды өлкелік үкімет министрлер құрамында, өлкенің орган газет-журналында, баспаүйде, мәдениет мекемесінде тұрғылықты қазақпен тең дәрежеде қызметке араласты. Тұрғылықты қазақтың саяси, мәдени әм рухани саласының гүлденуіне теңдессіз үлес қосты. Осы тұс қытай қазақтары үшін АЛТЫН ДӘУІР.

1917-1924 жж арасында Орынборда ашылатын қазақ-қырғыз съезді енді Үрімжіде ашылғандай тарихи үндестік пен жаңғыру пайда болды. 1934-1935-1937 жылдары Үрімжіде дүркін-дүркін қазақ-қырғыз құрылтай жиналысы өтті. Қытайдағы қазақтың төрелер институты, байлар инсититуты мен жаңа буын зиялы қауым инсититуты бірігіп Үрімжі, Құлжа, Шәуешек және Алтай қалаларында ұлттық рухани, мәдени жаңғыру революциясын жасады. Бұл жылдары (1934-1939) әрбір қазақ аулында заманауи мектеп ашылды, әрбір қазақ ауданында ұлттық театр ғимраты бой көтерді, қазақтілді газет-журнал неше он мыңдық тиражбен тарады, қазақша оқу құралдары неше он мың таралыммен шықты, тб айта берсеңіз барлық өркениет құбылыстары дерлік жаңғырып жатты. Ташкен, Алматы, Зайсан, Семей, Әндіжан және Мәскеуге 300-ден астам оқушы білім алуға үкімет грантімен жіберілді.

Үрімжідегі педагогикалық инсититут пен әскери колледж, саяси-заң инсититутына неше жүздеген оқушы білім алуға түсті. Қазақтың жігіттері былай тұрсын қыздарының өзі сауаттық жақтан оқ бойы озып шыға бастады. Қазақ қыздары Абай, Шәкерім мен Міржақып шығармаларын оқып тіпті алды Міржақыптың "Бақытсыз Жамал" шығармасының кейіпкерлеріне сын-пікір мен ойын айтатындай мәдени жаңғыру деңгейіне өтіп кетті. Ол тұста тұрғылықты қазақтың байлары мәдени, рухани жаңғыру үшін бүкіл мал-мүлкін атап жатты. Қазақ мектебі, қазақ баспасөзі, қазақ шаруашылық ұжымы түгелдей бай-манаптардың күшімен құрылды. Арғы бетке ауған қазақ зиялыларын тұрғылықты бай-манаптар өз ауылына шақырып алдырып өзі ашқан заманауи мектепке, медресеге жоғары жалақымен жұмысқа алды. Кейбіріне қарындасы мен қызын үйлендіріп жеке ел болып кетуін қамтамасыз қылды. Бұндай мысал жүздеп, мыңдап саналады.

Аштық жылдары арғы бетке босқан елге тұрғылықты қазақтар сан-санақсыз қолұшын созды. Шекара аудандардағы ел ағалары мешіт-медресе ауласында арнайы тамақтандыру орнын ашты, көбі енші мал бөліп босқан елге көктеулік, қыстаулық және күзеулік жер ажыратып берді. Қазақтың төрелер және байлар инсититуты бұзылмай жақсы сақталғандықтан исі қазақтың ауқымды мәселесін дер кезінде шешіп отырды. Бүгінгі күндері осы тарихи маңызды кезеңдер аса көп тілге тиек етілмей келеді.

Елдес Орданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

1 пікір