Сенбі, 20 Сәуір 2024
2645 0 пікір 1 Маусым, 2020 сағат 10:16

Нұр-Сұлтан мен Алматы маңындағы блокбекеттер алынды

Нұр-Сұлтан мен Алматыда 1 маусымға қараған түні сағат 00.00-де блокбекеттер алынды.

«1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттерді аламыз. ТЖ режимі кезінде бұл бекеттер қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл — коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажет болды. 

Елдегі және қаладағы жағдайдың тұрақтануы шектеулерді алуға мүмкіндік берді. Бұл ретте барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда санитарлық қауіпсіздік күшейтіліп, қауіпсіздікке басымдық берілді. Үйлерге, аула алаңдары мен көшелерді залалсыздандыру жүргізілуде. Белгіленген тәртіпке бағынып, сангигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!»,- деп жазды Алматы қаласының әкімдігі.

Карантин уақытында Алматының маңайына 27 блокбекет қойылған болатын.

Сонымен қатар, 1-маусымға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласының аумағына қойылған бекеттер де алынды. Қала аумағына 6 блокбекет қойылған.

«Өткізу-бақылау бекеттерін алу - қалыпты өмір сүру дағдысына ораламыз дегенді білдірмейді. Қалада медициналық маска киіп жүру қажет. Тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек. Маска киіп, ара қашықтықты сақтап, қолды антисептикпен өңдеген жөн»,- деп хабарлайды қала әкімдігі.

Abai.kz

0 пікір