Жұма, 29 Наурыз 2024
Аралас мектеп 8680 48 пікір 3 Маусым, 2020 сағат 12:09

Отыз жыл бойы орыс губернаторының «дегенімен» келеміз

Біздің елдің білім саласы бұлыңғыр тұман арасында адасып жүрген адамнан аумайды. Министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім көшін бір ізге, тура жолға салуға мүмкіндік берер емес. ҚР Білім және ғылым министрлігін соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың» не бүлдіргені ел есінен әлі өшкен жоқ. Бұлардың соңғысы тіпті қыза келе «Әліппе» мен «Ана тілінен» бас тартқанын білеміз...

Білім саласындағы басты кемшілік - аралас мектептерден әлі құтыла алмағанымыз болып тұр. Бұл тіпті тұтас қоғамның қазақыланып, мемлекеттік тілдің мәртебесінің биіктеуіне басты кедергілердің бір екені белгілі. Осыдан 150 жыл бұрын, патшалық Ресей кезінен бастау алатын аралас мектептер қазақ даласында әлі үстемдік етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда «Аралас мектеп дегенміз – қазақ балаларын орыстандырудың жымысқы түрі».

Бел­гілі ғалым Ме­кемтас Мыр­зах­метұлы «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты кітабында аралас мектеп – отарлық саясаттың басты қаруы болғанын жазады. Ол кісінің дәлелдеуінше, ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде (Ақмешiт) ашылған. Сол кездегі Сырдария губерниясының тұңғыш-генерал-губернаторы фон Кауфман бірде жергілікті халық орыс тілінде оқитын мектепті тексеруге келеді. Сабаққа қатысқан ол балалардың орыс тілін жақсы үйреніп жатқанына көз жеткізеді. Бірақ жаңағы балалар сыртқа шыға сала өзара қазақ тілінде ғана сөйлесетінін аңғарады. Бұлай жалғаса берсе, балалар орыс тілін үйренгенімен, өз тілін де ұмытпасы анық. Осыны аңғарған отаршы генерал мектепте қазақ балалары мен орыс балалары бірге оқу керек деген шешім шығарады. Сөйтіп аралас мектептер пайда болды. Содан кейін барлық бала сабақта да, сыртта да тек орыс тілінде сөйлесе бастады. Осы тәжірибе бүкіл қазақ жерінде жалпыластырылды.

Ең өкініштісі, отаршылардың басты құралы болған аралас мектептер біздің елде әлі де өте көп. Бізде он қазақтың ортасына бір орыс келсе, сол орта тұтастай орысша сөйлейтін дәстүр қалыптасқан. Демек, аралас мектептерде орыстілді оқушылар мен мұғалімдер қазақ тілді ортаның қалыптасуына кері әсер етері сөзсіз. Соның салдарынан мемлекеттік тілде білім беру нәтижесі таза қазақ мектептеріндегідей жоғары деңгейде болмайды. Сол үшін де елімізде аралас тілді мектептердің санын барынша азайту керек. Тіпті аралас мектептен бас тартып, бір тілде оқытатын мектептер қалыптастырған жөн.

Нукетаева, Динар Жусупалиевна — Википедия

Бірақ аралас мектептердің саны азаятын түрі жоқ. Бұл туралы сенат депутаттары Динар Нүкетаеваның өзі дабыл қағып отыр. Депутаттың пікірінше, еліміздегі жеті мыңға жуық мектептің 30 пайызы аралас мектеп. Оның үстіне соңғы 5 жылда аралас мектепке баратын оқушылардың саны 200 мың оқушыға өскен.

«Елімізде күндізгі жалпы білім беретін мектептердің саны – 6973. Оқушылардың саны – 3 млн 250 мың. Оның ішінде қазақ тілінде оқытатын 3726 мектеп, орыс тілінде оқытатын 1181 мектеп, аралас тілде оқытатын 2043 мектеп бар. Басқа тілде оқытатын 23 мектеп бар: оның ішінде, 12 мектеп өзбек тілінде, 11 мектеп ұйғыр тілінде. Яғни, аралас тілді мектептер жалпы мектеп санының 30%-ға жуығын құрап отыр. Бұл әлемде ешбір елде кездеспейтін, тек қана Қазақстанда бар жағдай. Бұл үрдіс одан ары да жалғаса беретін болса, одан кейін қазақ тілінің тағдыры, ел тағдыры қалай болатынын ешкім болжап айта алмайды.

Еліміздегі аралас тілді мектептердің соңғы 5 жылдағы жағдайына қарасақ, 2016 жылы – 2045 мектеп, 2017 жылы – 2037 мектеп, 2018 жылы – 2046 мектеп, 2019 жылы – 2054 мектеп болған. Ал, 2020 жылы аралас тілді 2043 мектеп жұмыс істеп, онда 1 393 727 оқушы білім алып жатыр. Демек, 2016 жылмен салыстырғанда осындай мектептерде оқитындардың өсу тенденциясы жыл сайын үдей түсіп, олардың саны 196 715 оқушыға дейін артқан», - деді Сенат депутаты Динар Нүкетаева.

Депутат ханым өте дұрыс мәселе көтеріп отыр. Ол кісінің мәліметі бойынша, елімізде 3726 мектеп қазақша, 1181 мектеп орысша, 2043 мектеп аралас тілде оқытады. Егер аралас мектептерде қалайда орыс тілінің үстем болатынын ескерсек, елде 3224 мектеп орыс тілінде оқытады деуге болады.

Бұл сөзді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Көкшетау қаласында 21 аралас мектеп бар. Соның бірі №1 мектеп гимназиясындағы 67 сы­ныптың 20-сы ғана қазақ тілінде бі­­лім береді екен, ал қалғаны орысша. 1883 баланың 483-і қазақ сынып­тар­ында, 1400-і орыс сыныптарында екен.

Көкшетауда қазақ ұлтының саны аз десеңіз, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясындағы 110 сыныптың небәрі 13-і ғана қазақ сыныбы, қалған 97-сі орыс сыныбы. Оның үстіне, 2019 жылы жаңадан осы мектептің табалдырығын аттаған 450 шәкірттің тек 31-і ғана қазақша оқуды таңдапты. 1-сынып саны 12 болса, соның 11-і орысша сынып.

Мұндай аралас мектептердегі оқушылар үшін қазақ тілі тек 45 минуттық тіл деңгейінде ғана болуы мүмкін. Сабақтан шыға бере генарал Кауфман үміт еткендей, барлығы орысша сөйлейді. Сол үшін де мұндай аралас мектептерді орыс мектебінің қатарына жатқызбасқа амал жоқ.

Өкініштісі, елімізде аралас мектептердің саны өте көп. Жоғарыда жазғанымыздай, 21 аралас мектебі бар Көкшетауыңызда 4-ақ қазақ мектебі бар екен. Ал елордадағы 88 мектептің 33-і қазақша, 11-і орысша, ал қалған 44-і аралас тілде оқытады. Ал Қарағанды қаласында 10 қазақ мектебі, 12 орыс мектебі, 56 аралас мектеп бар. Тіпті 99 пайыз қазақ ұлты қоныстанған Қызылорда облысының өзінде 27 аралас мектеп бар екен.

Депутат Динар Нүкетаеваның мәліметіне сай, елімізде 2016 жылы 2045 аралас тілді мектеп болса, 2020 жылы 2043 аралас мектеп болған. Демек, 2016 жылдан бері еліміздегі аралас мектептер саны бар болғаны екіге ғана қысқарған.

Қайта осы уақыт аралығында қазақ мектептерінің саны әлдеқайда азайып кеткен. Мәселен, 2014 жылы елімізде 3794 қазақ мектебі болса, бүгінде оның саны 3726-ға дейін қысқарған. Ал осыдан он жыл бұрын елімізде 3828 қазақ мектебі жұмыс істеп тұрған. Ендеше Қазақстанда аралас мектептердің азаймай, мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің мұнша азайғаны неліктен?

Тағы бір мәселе, аралас мектептерде оқитын оқушылардың көбі өзіміздің қарадомалақтар. Жоғарыда біз сөз еткен елордадағы №75 мектеп-гимназиясында оқитын 3595 оқушының 2875-і, яғни 80 пайызы қазақ балалары. Қазағы көп Қызылорда облысында 27 аралас мектеп бар дедік, сол 27 мектепте оқитын 6988 оқушының 4486-ы қазақ балалары. Оны аз десеңіз, аймақтағы 4 орыс мектебінде оқитын 2826 оқушының 1880-і қазақ. Шие­лі ауданындағы №127 мек­теп-лицейінде (аралас мектеп) оқитын 906 оқушының 691-і қазақтың балалары (2019 жылғы дерек).

Одан да қызығы, Арал қаласындағы орыс мектебінде оқитын 688 баланың 9-ы, Жалағаштағы орыс мектебіндегі 422 баланың 39-ы ғана өзге ұлт өкілі екен. 9 өзге ұлттың баласы үшін орыс мектебін ашып, 679 қазақ баласын сонда оқытатын елміз (2013 жылғы дерек). Демек, Қызылордадағы қазақ мектебінде де, аралас, тіпті орыс мектебінде де қарадомалақтарымыз оқып жүр. Ендеше бұл аймаққа сонша аралас мектеп не үшін керек?!

Аталған өңірде ғана емес, бүкіл елде аралас мектептен бас тартатын кез келді. Мұндай мектептердің кезінде не үшін ашылғанын, қандай мақсатта жұмыс жасап келгенін бәріміз біліп отырмыз. Аты аралас мектеп болғанымен, онда орыс тілі басты орында тұратыны сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, аралас мектеп пен бүгінгі Қазақстан бірдей. Заң бойынша, мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, екеуінде де орыс тілі үстемдік құрады. Сол үшін де аралас мектептерді жабу керек. Оқушылар қалауына қарай, не таза қазақ тілді мектепте, не таза орыс тілді мектепте оқысын!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584