Жексенбі, 5 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Аласапыран 1321 5 пікір 30 Мамыр, 2020 сағат 12:44

Қуғын-сүргін мен ашаршылық – қазақ ұлтына қарсы жасалған қылмыс!

Қайдар Алдажұманов,

Тарих ғылымының кандидаты, профессор,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология
институтының бас ғылыми қызметкері:

Қайдар Алдажұманов - тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

(Сурет Азаттық сайтынан алынды)

Ашаршылықтың қалай басталғанына келсек, Кеңестік Социалистік Республикалар одағының басшылығы 1920 жылдардың екінші жартысында бүкіл ел бойынша индустрияландыру жүргізіп, өнеркәсіптік державаға айналуды мақсат етті. Бірақ ол кезде Кеңес мемлекетінің экономикалық жағдайы мәз емес, шетелден қарыз алудың да мүмкіндігі болмады: алдыңғы қатарлы державалар – АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа елдер КСРО-ны экономикалық және саяси блокадада ұстаған еді. Себебі, 1917 жылы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті өзінің саяси-қоғамдық құрылысы бойынша мүлде басқа мемлекет болатын. Сондықтан шетелдер КСРО-мен байланыс орнатуға шектеулер қойды, яғни Кеңес мемлекетін мойындамады. Америка Құрама Штаттары 1917 жылы үзілген Ресеймен ресми дипломатиялық қарым-қатынасын тек 1933 жылы 30 мамырда ғана қайта орнатты. Тіпті 1929 жылдан бастап АҚШ КСРО-ға қарсы экономикалық соғыс жүргізді, ол 1929-30 жылдардағы «Ұлы депрессия» кезінің өзінде тоқтамады. Басқа елдерге де Кеңес мемлекетімен сауда-саттық жасауға тыйым салды, тек қана астық сатып алынсын деді. Бұны Ұлыбритания, Франция, Италия, тіпті Болгарияға дейін қолдады. Индустрияландыру барысында Кеңес елінің әр жерінде ірі құрылыстар, теміржолдар салу басталды. Сталиндік бесжылдықтар бойынша Қиыр Шығыста Амурдегі Комсомольск қаласы, Норильскіде никель комбинаты, қар мен мұз құрсаған Архангельскіде зауыттар салынып жатты. Әрине, олардың барлығын азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Бұл үшін алдымен бүкіл елде шаруа қожалықтарын біріктіріп, колхоздар құру қолға алынды. Ұжымдастыру жөніндегі шешім 1927 жылы ВКП(б) XV съезінде қабылданды.

1929 жылы желтоқсан айында КСРО-да жаппай ұжымдастыру жүргізу жөнінде А.Яковлев басқарған комиссия құрылды. Комиссия мүшелері бұл науқанның бағыт-бағдарын, көлемін, өткізу қарқынын белгіледі. Сонда Қазақстанды ең соңғы кезекке қойған екен, себебі территория үлкен, жол қатынасы, байланыс жүйесі жоқ, халқының көпшілігі негізінен мал шаруашылығымен айналысады, сондықтан асықпай ең соңынан өткізу керек. Алайда, кейбір басшылардың ұсынысымен Қазақстандағы ұжымдастыруды Ресейдің ішкі губернияларымен бір мезгілде және жедел қарқынмен өткізу басталып кетті.

Қазақстандағы 1929-30 жылдары ұжымдастыру науқаны көшпелі, жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа көшіреміз деген сылтаумен өте тұрпайы жүргізілді. Аздаған малы бар орта шаруалардың өзін қудалап, мал-мүлкін тартып алды. 5 мыңнан астам адамды жер аударды. Шын мәнінде ол кезде қазақ халқы көшпелі емес, өйткені 1930 жылға қарай 20-30 шақырымға дейін көшіп-қонып, қыстауы мен жайлауына баратындар 30-ақ пайыз, 5-10 шақырымға кететіндер 15-20 пайыз, ал шын мағынасында көшпелі өмір сүргендер небары 6 пайыз болған.

Кеңес мемлекетінің саясатына сәйкес (бұл жөнінде Мәскеудегі Саяси бюроның құжаттары бар), қазақтардың кең байтақ жеріндегі әрбір елді мекенге мектеп, емхана салмау үшін, бәрін жинап орыс поселкесі үлгісіндегі орталықтарға жинап қоныстандыру керек – міне, «отырықшыландыру» дегеннің астарында осындай мәселе жатыр.

1929 жылдың 1 қаңтарына қарайғы статистикалық дерекке сәйкес, Қазақстанда 44 миллион 723 мың 200 бас мал болған, мал дайындау жоспары – 156 200 бас. 1930 жылы – 29 миллион 549 200 бас мал болса, мемлекетке 2 миллион 718 мың 857 бас мал өткізу жоспарланған. 1931 жылғы дерекке сәйкес, 8 миллион 612 800 бас мал қалыпты, жоспар – 4 898 011 бас. Ал 1932 жылдың соңында қалғаны – 3 миллион 500 мың бас мал. Міне, 1929 жылға дейінгі ресми есепке енген 45 миллионға жуық малдан 1934 жылдың 1 қаңтарында 3,5 миллион мал қалған!

КСРО билігі Қазақстанға таусылмайтын азық-түлік көзі бар аймақ ретінде қарады. Сауда және жабдықтау халық комиссариаты (Анастас Микоян басқарған) жыл сайын жоспар жасайды, Қазақстанға міндетті түрде ең көп мал басын өткізу тапсырылады. Микоянның өзі 1931 жылы қаңтардың аяғында Алматыға келеді. Жергілікті басшылыққа «1931 жылғы Қазақстанның мемлекетке өткізетін мал басының 70 пайызын осы қыста (ет бүлінбейтін кезде) тапсырыңдар» деп нұсқау береді. «Шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділерді айдап салып, елдің қолындағы малды күшпен тартып алады. Негізі, ол кезде мемлекетке алған мал басы үшін өтем ретінде азын-аулақ ақша төленген. Бірақ қазақтарға сол ақшаны да бермепті.

1931 жылы А.Микоян Алматыға сол тапсырмамен тағы келеді. Қазақстанда ол кезде егін көп емес, негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Соның өзінде Қазақстанды 1929 жылдан бастап жыл сайын 52 млн пұт астық өткізуге мәжбүрлеп отырған. Тіпті анау ашаршылық шегіне жетіп, халық жаппай қырылып жатқан 1932 жылы 42 млн 300 мың пұт астық тапсыру міндеттелген.

Архив деректерінде бұл нәубеттің адам шығыны тіркелген.

Демографияда халықтың кемуі деген ұғым бар. 1930 жылы халыққа қысым күшейе түскен кезде Қазақстан халқының саны 317 373 адамға кеміген. 1931 жылы – 754 888, 1932 жылы – 769 160, 1933 жылы – 690 020 адамға кемігені тіркелген. Барлығын қосқанда – 2 миллион 531 мың 441 адам. Оның ішінде аштан өлгені, аштықтан қашып жан-жаққа кеткендері бар. Жалпы ашаршылық жылдары өзге елге босып кеткендердің 330 мыңы елге 1935-1938 жылдары оралды. 1940 жылға дейін барлығы 600 мыңдай адам Қазақстанға қайтып келді.

Сонымен, ашаршылық жылдары қаза болғандар – 2 миллион 200 мың адам. Оның 1 миллион 750 мыңы қазақ, қалғаны басқа ұлт өкілдері. 200 мыңдай адам жер ауып келгендер.

Бұл статистиканы 1991-92 жылдары аталған комиссияның құрамында болған демограф ғалым Мақаш Тәтімов бізбен қатар отырып есептеп шығарған. Аталған цифрларды мен ҰҚК-нің архивіндегі мұрағаттық істерден алдым. Жалпы, НКВД, ОГПУ деген Үкіметке елде болып жатқан шынайы жағдайды жеткізетін мекеме болды. Осы арнайы қызмет облыс, аудандар бойынша ашаршылыққа қатысты мәліметтерді тіркеп отырған.

Қазақстандағы мал басының кемуі, адамдардың қырылуы туралы деректер сол мұрағаттан алынды. Атап айтарым, бұл нақты деректер. Оның рас екеніне көзім анық жетті. Осыдан 4 жыл бұрын Мәскеудің мемлекеттік архивінде материал қарадым. Сондағы құжаттарға сәйкес, ВЦИК – Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің (қазіргіше айтқанда – үкімет) құрамында көшпелі және жартылай көшпелі халықтарды отырықшылыққа көшіру жөніндегі комиссия құрылған. Мұндағы көшпелі және жартылай дегеннің ішінде қазақ, қырғыз, қалмақ, якут, тува, моңғол, бурятқа дейін бар. Комиссия сол халықтардың статистикасын берген. Біріншіден, бұл құжатта Қазақстандағы адам санының кемуі НКВД-дан мен алған цифрлармен сәйкес болып шықты. Екіншіден, сол құжаттар бойынша, 1930 жылдары қазақтан басқа көшпелі халықтар аштан өлмеген. Бұл тек бізде болған сұмдық уақиға. Кеңестік саясат осылайша қазақты мүлде жоюға итермелеген.

Мен Қазақстан, Мәскеу архивтерінің құпия грифтері алынған мұрағаттық істерінен 1921-22 жылғы ашаршылықтың статистикасын арнайы қараған едім. Бұл аштықтың 1930 жылғыдан елеулі айырмашылығы бар. 1921 жылы мамыр айында Кеңес үкіметіне елдің көптеген жерінен хабар түсе бастайды, себебі, көктемгі егістен кейін қуаңшылық пен зиянды жәндіктердің кесірінен қылтанақ болып шыққан егін құрып кетті. Содан мамыр-маусым айларында тексеру жүргізіліп, жағдай анықталады. Сол 1921 жылдың жазында Лениннің өзі «Бұрынғы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті осындай қиындыққа душар болып отыр, сондықтан біз әлемдік қауымдастықтан жәрдем сұраймыз» деп, әлемдік қауымдастыққа үндеу жариялайды. Сөйтіп, Америкалық көмек қоры (ARA – American Relief Administration), Нансен қоры, Ұлыбританиядағы Квакерлер қоғамы сияқты халықаралық ұйымдар аштық жайлаған КСРО-ға көмек көрсетіп, азық-түлік жіберген. Архивте шетелден келген көмектің мөлшеріне дейін бар. Айта кетерлігі, азық-түлікті жан-жаққа жіберген кезде негізінен жол бойындағы орыс елді мекендеріне көмек көбірек беріліп, алыстағы қазақ ауылдарына жетпей қалған.

Ал 1931-33 жылдары Қазақстанда халықтың аштан қырылып жатқанын шетел білген жоқ. Айталық, Мәскеудегі архив қорларындағы халықаралық Қызыл крест, Қызыл жарты ай қайырымдылық қоғамдарының қызметі туралы мұрағаттық істерде Қазақстан туралы бір де бір сөз жоқ. Тек Украинаның батысында, Ресейде адамдар аштан қырылып жатқаны және оларға аталған қоғамдар тарапынан көмек көрсетілгені туралы деректер бар.

Аштан қырылған халық зорлық-зомбылыққа шыдамай көтеріліске шықты. Алғашқы қарсылық 1929 жылы Қостанай облысында Батпаққарада басталды (қазіргі Жангелдин, Амангелді аудандары). Көтерілісшілер аудан орталығы Батпаққараны басып алып, партия, атқару комитеттері басшыларын тұтқынға алады. Билікті таратып, өздерінің Халық кеңесін құрған. 1929 жылы қыркүйектің аяғында Амангелді көтерілісіне қатысқан Омар Бармақов деген ақсақалды хан сайлайды. Тартып алынған астық пен малды халыққа қайтарып береді. Сөйтіп олар бір апта билік жүргізеді. Одан кейін большевиктер жан-жақтан әскер әкеліп, көтерілісті күшпен басты. Жауапқа тартылған 530 адамның қатарында ОГПУ үштігінің үкімімен О.Бармақов ату жазасына кесілді.

Микоян мал басын жаппай өткізуге тапсырма берген 1930 жылдың ақпан айында оңтүстік Қазақстандағы Созақ ауданында көтеріліс бұрқ етті. Бұл көтеріліс арнайы дайындалған. Бұрын болыс болған Сұлтанбек Шолақов деген азаматтың бастауымен 400-дей адам жиналады, кейін 700-ге жетеді. Көтерілісті басуға Ташкенттегі Ленин атындағы әскери мектептің курсанттарын әкеледі (өзбек, қырғыз, түркмен, тәжік, т.б.). 350 курсант, аттың үстіне бөлшектеп тиеп алған зеңбіректері бар, таңға жақын Қаратау жотасынан өтіп Созаққа келіп түседі. Қанды шабуылдан көтеріліске қатысқан 394 адам қаза табады. Бұл көтеріліс туралы құжаттарды КГБ-нің архивінен көрдім, соның ішінде көтерілісті басқарған, штабқа мүше болған 6 адамға акті жасалыпты.

Бұл көтерілістің тағы бір ерекшелігі бар. Қазақстан ол кезде жеке республика аталғанмен, Кеңес мемлекетінің бір бөлшегі. Яғни, халықаралық қауымдастық үшін КСРО – басты объекті. Созақта болған көтеріліске дем беріп, айдап салушының бірі – жергілікті халық арасына сіңіп кеткен, осында он жылдай тұрған Асадулла Османоғлы Ибрагим деген ағылшын тыңшысы. Қазақша білетін ол өзін ауғандықпын дейді, емшілік қасиеті болған, қазақтан әйел алған. Сол кейде «Ташкенттен дәрі-дәрмек алып келемін» деп 1- 2 ай жоқ болып кетеді екен. «Бізге Ауғанстаннан 1 миллион әскер келуге дайын тұр, мына Кеңестің зорлығына қарсы шығыңдар» деп үгіттейді халықты. Енді қазір оңтүстіктің кейбір адамдары «Асадулла Ибрагимоғлы деген керемет жақсы азамат болған» деп әспеттейді. Ол Созақты көтерілісшілер басып алған кезде аудан басшыларын, сол жерде аурухана, мектеп салып жатқан 12 орысты бауыздап өлтіріп, құдыққа тастатады. Ал көтерілісті басуға Ташкенттен әскер келгенде жарты күн бұрын қашып кеткен. Асадулланы 20 күннен кейін Қазалы стансасында теміржол вагонының ішінен ұстайды. Мен оның тергеу кезінде берген жауаптарын оқыдым, алғашқы 3 жауабында «ауғандықпын» дейді, ал төртінші жауабында шынын мойындап, ирандық екенін айтады. Иран 1918 жылдары ағылшындардың ықпалында болғаны рас. Олар Асадулланы барлаушылар мектебінде оқытады. Сөйтіп Баку арқылы Самарқанға өткізіп, одан Ташкентке жіберген. Содан Созаққа келіп орналасқан. Арасында басшыларынан тапсырма алып тұрады. Міне, шетел барлау қызметі Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды пайдаланып, іштен ылаң салу, т.б. әрекеттер жасаған. 1920 жылдары басмашылар қозғалысына дем беріп, қоздырған да ағылшын барлауы болатын. Ашаршылық жылдары бұдан басқа Адай, Ырғыз, Қарақұм, Абыралы, Шоқпар көтерілістері болды. Ең үлкен көтеріліс Ақсу-Бүйен ауданында болған, жетекшісі – Бейсетбай Қылиев. Бүкіл Қазақстан бойынша 1929 жылғы күзден 1932-нің аяғына дейін 80 мыңнан астам адам қатысқан қанды көтерілістер болған.

Жазалау науқаны 1937-38 жылдары жаппай саяси репрессияға ұласты. Жалпы кеңестік билік өз режиміне қауіпті деп тапқан топтарды бұған дейін де тазалаған болатын. 1928 жылдың желтоқсанында шаруаларды ұжымдастыру науқанына кірісер алдында, бүкіл КСРО бойынша Азамат соғысы кезінде большевиктерге қарсы шығып, Колчак, Деникин әскерінде болғандар алдын ала тұтқындалды. Оның ішінде «Шуро-и-Исламия», «Шуро-и-улем», «Тюрк ода¬ми марказият фиркаси», «Алашорда» сияқты ұлттық ұйымдарға қатысқандар бар. Олар Кеңес мемлекетінде өткізілетін жаппай ұжымдастыру науқанында басты қарсылас болуы ықтимал деген оймен алдын ала қоғамнан аластатылды.

1937-38 жылдары құрбан болған басшы қызметкерлердің дені тікелей осы ашаршылыққа қарсы шыққаны үшін жазаланды. Мен архивте көптеген тергеу құжаттарымен таныстым. Кеңестік билік ашаршылық нәубетін біреулерге жабу ниетімен репрессия жүргізді. Оған қоса, КСРО-ны билеп отырған большевиктер партиясының өз ішінде де бірлік болмады. Сталинмен билікке таласқан Л.Троцкий, Л.Каменевтердің жақтастары көп еді. Олар Ленин қайтыс болғаннан кейін партия ішінде фракциялық күрес жүргізді. 1927 жылы Қазан төңкерісінің он жылдығы кезінде Мәскеуде, Ленинградта ресми биліктің демонстрациясымен қатар Троцкий, Зиновьев, Каменев, Бухарин өз демонстрациясын өткізіп, қақтығыс туғызуға дейін барған. Сол кездің оппозициясы ғой. Осыдан кейін Кеңес билігі Л.Троцкийді Алматыға жер аударуға шешім қабылдайды. 1928 жылы қаңтарда Мәскеуден поезға отырғызып, Пішпекке, одан Алматыға жеткізеді. Қазіргі «Көк базар» маңындағы «Түркістан» қонақүйінің орнында ол кезде екі қабатты ағаштан салынған үлкен үй болған. Троцкийді сонда орналастырады. Жергілікті ОГПУ органы бақылауда ұстайды, тіпті аңға шығуға, балық аулауға да рұқсат етіледі. Шетелмен хат алмасып отырады. Бірақ астыртын қадағалауда болған. Сонда Троцкийді көреміз деп барған қазақтар бар. 1928 жылдың желтоқсанында кеңестік билікке қарсы жұмысын тоқтатпағаны үшін Троцкийді Мәскеуге алдыртып, Түркияға қуады. Содан тоғыз жылдан кейін, 1937-38 жылғы қуғын-сүргін кезінде Троцкийді көруге барған адамдарды тауып алып жазалаған. Тағылған айып – Троцкийден арнайы тапсырма алып, қастандық әрекет жасады-мыс.

Қазақстанда 1920 жылдары, одан кейін 1937-38-де саяси репрессияға ұшырағандардың жалпы саны –125 мың адам. Оның ішінде 25 мыңы атылған.

Аштық күшейген кезде Қазақстандағы лауазымды қызметтегі тұлғалар орталыққа бірнеше дүркін хаттар жазғаны мәлім. Демек, кеңестік билік Қазақстанда аштық болып жатқанын білді. 1932 жылы 17 қыркүйекте Мәскеуде Сталиннің қатысуымен Большевиктер партиясы Саяси бюросының мәжілісі өтіп, «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жөнінде» деген қаулы қабылданады. Қаулының көлемі бір жарым-ақ бет, ішінде ашаршылық туралы бір де бір сөз жоқ. Тек азық-түлік тапшылығы болып жатқаны ғана айтылады. Осы Қаулының өзі жарты жылдан соң ғана орындала бастады. 1932 жыл – ашаршылықтың ең шегіне жеткен жылы, адам етін жеу фактілері болды. Бұл жөнінде жоғары жаққа түскен арыздардың бәрінде жазылған. Бірақ қаулыда айтылмайды. Кеңес Одағының ең жоғары органы – Саяси бюро мәжілісінде бұндай мәселені қарап, қаулы қабылдау үшін белгілі бір құжаттық негіз болуы керек, мен осындай негіздемені іздестірдім. Сөйтсек, қаулы қабылдауға негіз болған материалдар арнайы құпия сақтауға жіберілсін деген нұсқау болған екен. Саяси бюроның өзі құпия мекеме, сонда құпиядан құпия жасалып отыр ғой. Сол себепті Мәскеу архивтерінен мұндай құжатты табу мүмкін емес.

Жалпы, Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылықты зерттеу кеңестік тарих ғылымында жабық тақырып болды. Жағдай тек 1980 жылдардың соңына қарай өзгерді. Демократиялық күштердің ықпалымен бұрынғы ақтаңдақтар, жабық мәселелер туралы айтуға мүмкіндік туды. 1988 жылы қараша айында бүкіл Кеңес Одағында бірінші рет Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты «Қазақстандағы және Орта Азия республикаларындағы ұжымдастыру: тарихы және тағылымы» деген тақырыпта бүкілодақтық конференция өткізді. Оған Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейден ғалымдар келді. Сонда тұңғыш рет Қазақстанда 1930 жылдардағы халықтың аштан қырылуын зерттеу керек деген мәселе қойылды. Бұл бастаманы көтерген сол кездегі институт директоры, атақты ғалым Манаш Қозыбаев болатын. Міне, ашаршылықты зерттеу осы конференциядан кейін басталды.

1991 жылы Кеңес мемлекеті тарағаннан кейін, Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесіне демократиялық жолмен жаңа депутаттар сайланды. Соның ішінде академик Шахмардан Есенов, Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов сияқты ғалымдар болды. Манаш ағамыз депутат ретінде 1930 жылдардағы ашаршылық пен жаппай саяси репрессияның себеп-салдарын зерттеу жөнінде мәселе көтерді. Сөйтіп, 1991 жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1920-30 жылдардағы ашаршылық және жаппай қуғын-сүргін себептерін зерттеу жөніндегі арнайы комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына Жоғарғы соттың төрағасы, бас прокурор, белгілі тарихшылар мен заңгер ғалымдар кірді. Мен де сол комиссияның мүшесі болдым. Бұған дейін ҰҚК (НКВД) архивінен Созақ, Ырғыз көтерілістері турлы тергеу материалдарын қарау үшін Үкіметке хат жазып жүріп қиындықпен рұқсат алған едім. Сондықтан комиссия құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын, республиканың Бас прокурорын, Жоғарғы сот төрағасын, ішкі істер министрін енгізу жөнінде ұсыныс жасадық. Олар өздеріне қарасты мекемелердегі жабық құжаттарға қол жеткізуге көмек көрсетуге тиіс еді. Өйткені біздің архивтерде «құпия» деген грифтер алынбаған болатын.

Сонымен, бір жыл бойы зерттеу жүргізу нәтижесінде комиссия «Қазақстанда 1930-жылдары болған ашаршылық геноцидтік сипатта болды» деген қорытындыға келді. Бұл тұжырым тарихшылар тарапынан ашық айтылып, бүкіл елге жарияланды.

Ал кейбір шетелдік ғалымдар ашаршылыққа қазақтардың көшпелі өмір сүруі себеп болғанын айтудан танар емес. Бұның себебі тереңде жатыр. Негізі Батыс елдері Кеңес мемлекетіне қатысты біржақты таптаурын көзқарас бар. Мысалы, Роберт Киндлер деген Германия тарихшысы «Сталинские кочевники» деген еңбек жазды. Олар үшін Сталин – сынауға ыңғайлы объект. «Сталин – жауыз. Бәріне кінәлі сол». Иә, солай екені рас, бірақ бұл ішкі фактор ғана. Алайда бұдан басқа сыртқы – экономикалық, саяси факторлар бар емес пе? Егер Америка, Франция, Ұлыбритания сол кезде КСРО-мен қалыпты экономикалық-саяси қарым-қатынас жүргізсе Қазақстандағы трагедия болмас та еді! Тіпті болған күннің өзінде мұндай масштабта емес, аз көлемде болар еді. Әлі күнге дейін Батыс елдері үшін бұрынғы Ресей империясы, одан кейін Кеңес мемлекеті мәңгі бәсекелес, соларды қалайда тұқырту, кінәлі көрсету олар үшін маңызды.

1991 жылы наурыз айында Қырғызстанға барып, ашаршылық жылдары сол елге босқын болып барған қазақтар туралы құжаттарды бір ай бойы қарадым. Ол кезде КСРО әлі бар. Құпия құжаттарды қарауға рұқсат беретін КГБ анықтамасы қолымда. Қырғыз КСР Үкіметінің Архив істері жөніндегі мемлекеттік комитеті болды, соның басшысы Бибінұр Құрманова деген жасы келген адам екен. Мен алдымен сол кісіге кіріп, қандай мақсатпен келгенімді айттым. Сонда ол: «Қазақтар, сендердің күндерің туды. Ашаршылықта талай қазақ қырылып еді. Мен ол кезде жас комсомолмын,біз бригада құрып, Пішпектің көшелерінен аштан өліп жатқан қазақтарды жинап жерлейтінбіз» деді. Өзі кейін жауапты қызметтер атқарып, Қырғызстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы болған. Содан құпия бөлім қызметкерін шақырып алып, маған қажетті құжаттың бәрін беруді тапсырды. Қазір бүкіл баспасөзде, кітаптарда, интернетте жүрген ашаршылық кезіндегі сұмдық суреттер сол Қырғызстан архивінен табылған. Ішінде адам етін жеп отырған әйелдердің суреті, қазанда қайнап жатқан баланың денесі, шөптің үстінде жатқан баланың басы, т.с.с. Сол суреттерді тауып әкелген – мен.

Өкінішке қарай, кейіннен ашаршылық трагедиясын саудаға салғандар да кездесті. Деректі кино түсіруші Қалила Омаров пен жазушы Валерий Михайлов аштық жайында «Нәубет» деген фильм түсірмек болды. Солар фильм жасау кезінде қиналып, біздің Тарих институтынан көмек сұрады. Институт директоры М.Қозыбаев осы мәселемен айналысып жүрген мені шақырып алып, көмек беруді тапсырды. Содан телестудияда ертеден кешке дейін отырып сценарийін қайта жаздық. Фильмді жасау кезінде мен Қ.Омаровқа өзім архивтен тапқан жиырма шақты суретті бердім. Сонымен фильм шықты. Бірақ, режиссер Қ.Омаров консультант ретінде қатысқан менің аты-жөнімді атауды артық көріпті. Халықтың трагедиясы ғой деп үндемедім. Институт директорының орынбасары болып жүргенімде бір күні маған Финляндия, Германия журналистері келді, қолдарында бағанағы суреттер. Қайдан алдыңдар десем, «бізге Қ.Омаров сатты» дейді. В.Михайлов «Казахстанская правда» газетіне аштық туралы мақала жазып, суретті өзі тапқандай жариялап жіберді. Деректің қайдан алынғанын айту оның міндеті ғой. Міне, ашаршылық трагедиясын саудаға салып, жеке басы үшін пайдаланушылар да болғанын айту керек.

Сондай-ақ, біздің қоғамда 1918, 1921, 1930 жылдардағы ашаршылық туралы қисынсыз пікірлер бар. Мәселен, «1918 жылы Түркістан республикасында 1 миллион қазақ аштан қырылған» дейді. Жоқ, ол кездегі Түркістан республикасында 1 миллион қазақ болған емес. Бұл республиканың құрамына қазіргі Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан кірген. Сол «Түркістан автономиялық республикасында 1 миллионға жуық адам аштыққа ұшырады» десе, ол басқа мәселе. Мәселен, мен ҰҚК архивінде ашаршылық, көтерілістер мен қуғын-сүргінге қатысты тергеу істерін қарап алты жарым ай отырдым. Мұнда Сырдария (қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары), Жетісу облыстары (қазіргі Жамбыл, Алматы облыстарының аумағы) халқының 1918, 1920-21 жылдардағы статистикалық мәліметтерін қарадым. Сонда елді мекендер тұрғындарының санынан 418 мың адам кеміген, олардың барлығы түгел қырылған жоқ, басқа жаққа ауып кеткендері бар. Міне, сол Түркістан автономиялы республикасы басшыларының бірі Григорий Сафаров «Түркістан республикасында бір миллионға жуық адам ашаршылыққа душар болып, қиындық көріп жатыр» деп айтқан екен. Енді оны біреулер баспасөз бетінен іліп алып, анығына жетпестен, «1918 жылы 1 млн, 1921-22 жылы 2 млн адам қаза болған, тарихшылар мұны ескермейді» дейді. Бұл ұшқары пікір.

Аштық мәселесін зерттеу ісі жалғасып жатыр. Дегенмен, мұрағаттардың ашықтығы, қаражат жағынан да қиындықтар бар. Мәселен, қазір Өзбекстан бізді өз архивтеріне жібермейді. 1991 жылғы тамыз айында (Мәскеуде бүлік болған кез) мен Ташкент архивінде болған едім. Архив ол тұста ашық, оның үстіне құпия құжаттар қарауға рұқсатым бар. Сонымен 20 күн отырып Өзбекстан үкіметінің, Халық комиссарлар кеңесінің мұрағаттық істерін қарағанда осы елге аштықтан босып барған қазақтар туралы бір де бір құжат таба алмадым. Бір істі ашқанда «Совет народных комиссаров Узбекской ССР» деп жазылған ресми бланктегі қаулы тұр, бірақ парақтың жартысы жыртып алынған. Атауы: «Рассмотрение вопроса об устройстве казахов-голодобеженцев». Яғни, ашаршылықтан босқын болып келген қазақтарды орналастыру жөніндегі қаулы. Асығыс жұлып алынған болуы керек, бас жағы қалып қойған. Ақырындап залдың меңгерушісінен «Біз өзбек еліне 200 мыңнан астам қазақ босқын болып кеткенін білеміз. Бірақ бұл жөнінде бір де бір құжат жоқ» деп, жұлып алынған бетті көрсеттім. Сонда жаңағы қызметкер Шараф Рашидов басшы болған кезде ашаршылықта келген қазақтар туралы құжаттардың көзін жою туралы арнайы нұсқау болғанын айтты. Сөйтіп архивтерді тазартқан, бұл істерді арнайы сақтауға берді ме, әлде мүлде құртып жіберді ме, ол жағы белгісіз. Бәлкім, облыстық архивтерде бар болар. Ал Ташкенттің орталық мемлекеттік архивінде жағдай осындай.

Қазақстандағы ашаршылық жайында әлемдік қауымдастықтың мойындауы мәселесіне келсек, шетелдік ғалымдар қазақ тілінде жазылған еңбектерді оқымайды, білмейді. Негізінен орысша басылымдарға жүгінеді. 1998 жылы «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане 1931-33 годах» атты мен шығарған орыс тіліндегі жинақ шетелдік ғалымдарға мәлім. Сондай-ақ, «Крестьянские движения сопротивления» деген 50 беттік үлкен ғылыми мақала да шетелдік басылымдарда жарияланды. Онда Қазақстандағы шаруалар көтерілістеріне шолу жасалып, көптеген деректер қамтылды.

Украинада болған «Голодомор» болса, өте саясиландырылған мәселе. Ол Кеңес одағы мен АҚШ секілді державалардың өзара бәсекелестігінен туындаған. Сондай-ақ украин диаспорасының шетелде ықпалды тұлғалары көп. Олар аштық мәселесін сонау 1960 жылдары-ақ көтерген. Америка ғалымы Роберт Конквест кітабын солардың сөзіне сүйеніп жазды. «Голодомор» содан көпке белгілі болды. Одан беріде Ресей мен Украина арасында текетірес басталды. Олар осыны пайдаланып аштық мәселесін БҰҰ деңгейіне дейін жеткізді.

Қазір елімізде ашаршылықтың тарихи, саяси бағасы берілмегені жөнінде сөз қозғалып жүр. Ашаршылық трагедиясын зерттеу ісі басталған 1992 жылдан бері көп уақыт өтті. Енді қазір кейбір ұйымдар, жекелеген журналистер ашаршылықты тарихшылар ешқашан зерттемегендей сыңай танытады. «Көрмес түйені көрмес» дегендей, олар Қазақстандағы ашаршылық тарихын өздері жаңа ашып жатқандай көрсетеді. Бұны көпшілік біле бермейтін болған соң, әрине, оларға сенеді. Шын мәнінде мүлде олай емес. Тарихшылар сол мемлекеттік комиссия құрылған 1991 жылдан бері көптеген архивтерді көтеріп, зерттеулер жүргізіп келеді. Олардың ғылыми еңбектері арнайы жинақтарда, оқулықтарда бар.

Комиссия жұмысының қорытындысы жайлы мақалалар 1992 жылы 21-22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Халық кеңесі», «Советы Казахстана» газеттерінде жарық көрді. Сондай-ақ, 1998 жылы «Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы күштеп ұжымдастыру және ашаршылық» атты жинақ құрастырып, сол жинаққа өзіміз жазған комиссия қорытындысын тұтастай бердік. Одан кейін тарихшы Жұлдызбек Әбілхожин екеуміздің «Этноцид» атты көлемді мақаламыз «Егемен Қазақстанның» 1992 жылғы 30 мамырдағы нөмірінің бірінші бетінен бастап жарияланды. Яғни, «геноцид» – бір халыққа қарсы жасалған қырғын болса, «этноцид» – этносқа, ұлтқа жасалған қырғын. Сөйтіп, біз «Қазақстанда 1930 жылдары болған ашаршылық – қазақ ұлтына қарсы жасалған қылмыс» деп тұжырымдадық және соны дәлелдедік.

1930 жылдардағы Қазақстанда болған ашаршылық – бұрын- соңды болмаған алапат трагедия. Соғыс өз алдына, ал бейбіт уақытта адамдардың осылай қырылуы адамзат тарихында ешқашан болған емес. Себебі, елімізде тұрған 6 миллиондай халықтың 2 миллион 200 мыңы, яғни 40 пайызға (!) жуығы қырылған. Бір миллионнан астамы шет елдерге босып кетті. Бұны Украинадағы аштықпен салыстыруға келмейді. Ол кезде украин халқының саны 40 миллионға жуық болатын (3,5 миллион адамынан айрылды). Екі елде тұратын халықтың санына шаққанда Қазақстандағы ашаршылық адам айтқысыз сипатта өткені анық көрініп тұр. Кеңестік биліктің қазақ халқына эволюциялық жолмен емес, күшпен басқа даму үлгісін таңуы оның дәстүрлі шаруашылық жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. Соның салдарынан қазақ халқы жартысына жуығынан айрылды. Бұл өз кезегінде тіл аясының тарылуына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне жойқын кесірін тигізді. Сондықтан ашаршылықты этноцид деп қабылдауға тиіспіз.

Жазып алған Дина Имамбаева

Дереккөзі: Facebook

Қосымша: Фотода Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш. Авторлары: Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев, Қанат Бегулиев.

Abai.kz

5 пікір