Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4740 14 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 13:40

Қазақстанда қанша қазақ тілді қазақ бар?

Мүмкін бұл жазбам сізге ұнамас. Мүмкін менімен келіспейтін шығарсыз. Ендеше комментте пікір жазып, сойып салыңыз. Әрине, мәдениетті түрде. Оған толық құқығыңыз бар. Құдай берген һәм Конституция бекіткен құқықты айтамын.

Қазақстанда 13 млн қазақ бар. Статистика бойынша айтып отырмын. Жеке куәлігінде солай жазылып тұр. "Ұлты қазақ" деп. Бірақ шынайы тұрғыдан қанша қазақ бар. Тілі қазақ, жаны қазақ, сөзі қазақты айтамын. 8 млн бар ма, жоқ па? Қазақ тілін толық білетінді айтамын.

Өйткені ұлтты анықтайтын басты фактор тек қана тіл ғой. Тіл болмаса ұлт жоқ. Түр ұлтты анықтаушы фактор емес. Түрі аумайтын кәріс, қытай, жапон бар. Ұлттық ойын мен тағамдар да анықтаушы фактор бола алмайды. Көкпарды барлық түркі халықтары ойнап, етті бәрі жейді деген сияқты дүние ғой. Дін де ұлтты анықтай алмайды. Түрлі ұлттар бір дінді ұстанып жүре береді немесе керісінше бір ұлт түрлі дінді ұстануы мүмкін. Мұсылман қазақ, христаин қазақ, атеист қазақ, тіпті агностик қазақ бар дегендей. Сондықтан тек қана тіл ұлтты анықтаушы фактор. Тек ТІЛ!

Сонымен ана тілін білетін қазақ қанша Қазақстанда? Ондай статистика бар ма, жоқ па?
Орыс тілінде ғана сөйлейтін қазақтар түрлі сылтау айтып жатады. "Билік қазақша сөйлесін", "қоғам қазақша емес", "қазақ тілінде мүмкіндік аз", "қазақша курстар болса" және тағысын тағы. Ал шындығына келгенде бұның бәрі тек сылтау. Ешкімде сенің шекеңі тапанша тақап, "орысша сөйле" деп тұрған жоқ. "Қоғам қазақша емес" дейді. Қазақша болуы үшін әр адам қазақша сөйлесе жеткілікті ғой. Оған үлкен логиканың қажеті шамалы. Егер сіз бір қап бидай жинағыңыз келсе, ол үшін қаптың түбіне бір түйір бидайдың дәнін тастайтын сияқты дүние ғой.

Ақиқатында тілді үйрену жоғарыда айтылған барлық сылтауды ысырып тастағанда тек қана ұмтылысқа байланысты. Біз Қазақстанға келіп, 8 айда қазақша үйренген американдықты да көрдік. Қазақстанда тұрып, 30 жылда қазақша бір ауыз сөз білмейтін қандасты да көріп жүрміз. Қызық қоғамбыз. Осының өзі-ақ жоғарыда айтылған сылтаудың барлығын сызып тастап, шынайы көріністі ашып көрсетеді. Себебі біреу: үйренгісі келмейді! Басқа себеп жоқ.

Мемлекеттік билікті бұл сәтте бір ғана тұстан кәнілауға болады. Және ол үлкен кінә! 30 жылда қазақ тілін карьера жасаудағы басты құрал ретінде қалыптастырып, әлеуметтік лифт бойынша көтерілудің басты тетігінің бірі ретінде жасай алмады. Егер осыны шешкенде, онда қазіргі қоғам әлдеқайда қазақ тілді болар еді. Мансап жолында көтерілгісі келетіндердің бәрі ағылшын тілінде IELTS оқығандай, қазақ тілін оқып жүрер ма еді. Ал балалары болашақта жақсы мансапта болуын қалайтын ата аналардың барлығы баласын мектепке берер еді.

Жоғарыда айтқанымдай қазақ тілін білмейтіндер "үйренгісі келмейді" (бұл шынайы себебі), ал билік олар "үйренгісі келетін" тетікті жасамауда.

ПыСы: Ех, Англияға барсаң ағылшын тілін білмесең аштан қатасың. Тіпті қара нан да сатып жей алмайсың. Еврейлер мың жыл бұрын өлген тілін тірілтіп алды. Бізде сондай күн туа ма? Әлде армандаумен өтеміз бе? Айтпақшы басты сұрақ: ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ҚАЗАҚ ТІЛДІ ҚАЗАҚ БАР?

Асхат Қасенғалидің желідегі жазбасы

Abai.kz

14 пікір