Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 4668 8 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 11:46

Терминдер ұлттық сипатта болуы қажет!

Бүгінгі таңда жаңа жазуда термин сөздерді таңбалау мәселесі өзекті болып, дау тудырып келеді. Бұл мәселе ХХ ғасырдың басында да жиі талас тудырған еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын «тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани код» ретінде әрдайым назарда ұстауымыз керек. Әсіресе шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. Шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет. ХХ ғасырдың басында сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталып, комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексійе түрінде жазылған. Қазақ тіліне кірген жат сөздерді де мүмкіндігінше сол заңға келтіріп жазу керек, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін бірыңғай жіңішке не жуан түрінде алу керек.

«Шет сөздердің імләсі жайында» атты мақаласында Телжан Шонанов: «Жат сөздер халық айтуына жеңіл, құлағына жағымды, түсінігіне үйлесімді, қат тануына оңтайлы болуы үшін, жат тіл імләсін тіліміздің заңына үйлестіруіміз керек. Осы күні бір жат сөз әр түрлі құбылып жазылады. Мысалы: камисериет, камисерет, камөнес т.т. Мұнан қалың бұқараның қат тануына, шет сөздерді түсінуіне зиян көп, тіліміз заңына келмеген соң қалық тілі күрмеліп айта алмайды, сондықтан шет сөздер белгілі ережемен жазылсын... Шет сөзді дыбыс негізіне тіліміздің заңына сүйеніп жазу үшін тілімізге қалық арқылы кірген араб, парсы жана ескіден кірген орыс сөздері дерек болсын. Бұл күнгі газет-жорналдар қалықтың шет тілге тілі қалай келуімен санаспаған. Сондықтан бұлар өзгертіп алған сөздер імлә жасауға дерек бола алмайды. Тілдің неге келмеуі әр тілде әр түрлі дыбыс жолы (артикуляционная база) болуынан. Қалық өзінің дыбыс жолына үйлестіріп, тілін келтіріп шет сөз алады. Тілі келмейтін газеттегі шет сөзден халыққа зияннан басқа пайда жоқ: қат танып, тілін ұстартуға бөгет», – деп жазған еді.

А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Е.Омаров еңбектерінде қазақ тілінде б, г, ғ, д дыбыстарына буын аяқталмайтыны айтылады. А.Байтұрсынұлы д, ғ, г дыбыстарын сөз соңында келмеуіне және жалғау-жұрнақтардың ешбір түрімен де үйлесе алмауына байланысты ымырасыз деп атап, өз алдына бір топ қылып жіктеген.

Қазақ тілінде сөз б, г, ғ, д дыбыстарына бітпейтіндіктен, шеттен енген, осы дыбыстарға біткен сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындыру керек. Ол туралы Қазақ білімпаздарының І съезінде Елдес Омаров та айтқан болатын (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005. – 144 б.). Қазақ  тілінің жиілік сөздігіне сүйенер болсақ, шет тілден енген мұндай сөздер өте көп:

  • аб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (араб, архесиллаб, мазһаб, масштаб, штаб, хиджаб);
  • об дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (гардероб, гидрофоб, микроб);
  • уб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (автоклуб, аэроклуб, бизнес-клуб, интернет-клуб, клуб, куб, мотоклуб, спорт-клуб, фитнесклуб);
  • аг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (аншлаг, архипелаг, бактериофаг, детритофаг, рейхстаг, рычаг);
  • орг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (комсорг);
  • ург дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (драматург, жазушы-драматург, кардиохирург, кинодраматург, металлург, нейрохирург, хирург);
  • фаг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ксилофаг, макрофаг, олигофаг, сапрофаг, саркофаг, энтомофаг);
  • яг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (варяг);
  • ог дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ағартушы-педагог, акушер-гинеколог, аналог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, барлаушы-геолог, биолог, бульдог, геолог, герцог, гидролог, гинеколог, гляциолог, косметолог, маркетолог, метеоролог, минеролог, мифолог т.с.с.);
  • ад дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бал-маскарад, жад, жиһад, лимонад, мармелад, рафинад, шоколад т.с.с.);
  • айд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (слайд);
  • ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авангард, гепард, электркард);
  • ед дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (швед);
  • ейд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (рейд);
  • еид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (нуклеопротеид, протеид, хромопротеид);
  • фуд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фаст-фуд);
  • юд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фотоэтюд);
  • ярд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бильярд);
  • ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (стюард);
  • яд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (наряд);
  • ряд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авиаотряд, отряд, разряд, снаряд);
  • ид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (альдегид, антимонид, геноцид, гербицид, гибрид, диоксид, оксид, пластид, полигибрид, силицид, суицид т.с.с.);
  • од дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (анод, бутерброд, взвод, диод, йод, катод, метод, электрод, эпизод т.с.с.);
  • оид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (астероид, гаплоид, дифтонгоид, коллоид, органоид т.с.с.);
  • орд дыбыс тіркесіміне біткен сөздердегі (аккорд, билборд, рекорд, сканворд, скейтборд, сноуборд) (Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі. - Алматы: Дəуір, 2016. - 1472 б.).

Келтірілген атаулардың бәрінде де б, г, д дыбыстарының орнына  п, к, т әріптерін жазу керек. Себебі бұл сөздер ұяң дауыссыздарға біткенмен, оларға қосымша ұяң дыбыстан бастап жалғана алмайды, қатаң дыбыстан басталады: арабқа, архесиллабты, мазһабта, масштабпен, штабтан, хиджабты т.с.с.

Сөз тұлғасын қосымша жалғау арқылы тексеру әдісі – А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдардың негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл әдіс осы уақытқа дейін көп еленбегенмен, орфографиялық сөздіктерде, анықтағыштарда (Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы». – Астана, 2000) ұяң дыбыстарға біткен сөздерге жалғанатын қосымшалардың қатаң дыбыспен басталатыны туралы айтылған. Күнделікті қолданысымызда да қатаң дыбыстан ғана бастаймыз. Соңғы ұяң дыбыстарды қазақ қатаң түрде ғана дыбыстай алады. Араб тілінен енген кітап сөзі б әрпіне біткен. Алайда қазақ тілінде ол сөздің соңында қатаң дыбыс (п) таңбаланып жүр. Одан қазақ тілінің заңдылығы бұзылып тұрған жоқ. Қажым Басымұлы еңбектерінде араб сөзі арап түрінде таңбаланған. Ахмет Мамытұлы еңбектерінде микроб сөзі мійкіроп түрінде берілген. Қазіргі кезде араб, микроб түрінде сөздің соңына б әрпін жазуымыз қазақ тілінің заңдылықтарына қайшы. Сол себепті тіліміздің заңдылықтарына сәйкес б, г, д дыбыстарына біткен сөздерде сөздің соңына п, к, т әріптерін жазу керек. Осыған байланысты енд (бренд, дивиденд, стенд, тренд, фотостенд), онд (алюкобонд, генофонд, евробонд), унд (карборунд) дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздерді де нт түрінде жазу керек.

Қазіргі кездегі терминдердің берілуін, жазылуын талдау мақсатында 2013 жылы жарық көрген (әзірше соңғы) орфографиялық сөздіктегі тұрпатына сүйенбекпіз (Орфографиялық сөздік. Жауапты редакторы – ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли. Жауапты шығарушылар: Құралай Күдеринова, Анар Фазылжанова. - Алтыншы басылым. - Алматы: Дәуір, 2013. - 720 бет). Орфографиялық сөздікте баобаб, анаэроб (биол.), ангидрид, анод, антрополог, антропофаг, аншлаг, антипод, арьергард (әск.), арьергардтық, бакенбард, бактериолог, бактериофаг, бард, астероид, варяг (тар.), астролог, венеролог, вирусолог, бейнежад, ватт-секунд, зонд (мед.), зоолог, йог, йод, йодты, раунд, ромб, секундөлшеуіш, слайд, ямб (әдеб.), гаплоид (биол.), бромид, бундестаг, бутерброд, гематолог (мед.), геолог, геоморфолог, герцог (тар.), гибрид, гибридтену, гибридтеу, гибридтік, гидрид, гидробиолог, гидрогеолог, гидролог, гидрометеоролог, гинеколог, гистолог, гликолипид (биол.), глицерид (биол.), голланд, гомологты, гомологтық, демагог, демагогтік, дендролог, дерматолог, диалектолог, дефектолог, карбид, кардиолог, каталог, катод, катодтық, кинодраматург, каскад, дифтонгоид, диалог, диалогтік, гуманоид, аутсайд (спорт), ахондрид, ашытқыш микроб, уролог, түрінде берілген атаулардың бәрінің соңында ұяң дауыссыздар емес, қатаң дауыссыздар жазылуы тиіс.

Сөздікте ебсек, ебсекті түрінде берілген қолданыстарда да (225-бет) б әрпінің орнына п әрпі жазылып, осы заңдылыққа бағындырылуы тиіс.

2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздікте» мәшине, мәйкі, бәнкі, пойыз, кәстөм-сым, кәлөш, кәстрөл, т.б. сөздер келтіріліп, олар «ауызекі тіл арқылы игерілген кірме сөздер» ретінде аталған. Дұрысында, бұл сөздер – қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес бейімделген сөздер. Сөздікте қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне толық бейімделген халық қолданысындағы басқа сөздер де бар. Мысалы: бәнкі (банка), кепкі, жемпір (киім), мәйкі (киім), әртел (артель), әтбекет (адвокат), байланыс кәбілі (тех.), желет (киім), желетшең, әтірет (отряд), кір, кір көтеру, кіртас, кіртасқа тарту, т.с.с. Сонымен қатар халық қолданысындағы толық бейімделген сөздерді құрастырушылар жартылай бейімделген тұрпатта берген: кофты, кофты кию; уәкіс (жерг., аяқкиімге жағатын май),тәпішке (аяқкиім); күпәйке; атбекет (адвокат); учаске; учаскелік; т.с.с. Дұрысында, бұл сөздердің дұрыс нұсқасы – копты, копты кию; тәпішкі (аяқкиім); күпәйкі; әтбекет (адвокат); ушаске; ушаскелік; т.с.с. Себебі тәпішке (аяқкиім); күпәйке сөздері бәнкі (банка), кепкі, мәйкі (киім) сөздерінің модельдері сияқты сөздің соңы е емес, і әрпіне бітуі керек еді. Бір модельдегі сөздерді екі түрлі бейімдеудің қажеті жоқ.

Кофта сөзі халық тілінде копты түрінде, муфти сөзі мүпти түрінде, вакса сөзі бәкіс түрінде икемделген. Алайда сөздік құрастырушылар бұл сөздерді кофты, уәкіс,  мүфти (діни), мүфтилік тұлғасында берген. Бұл атаулар копты, бәкіс түрінде қолданылатындықтан, сөздікте де осы нұсқа берілуі керек еді. Осыған байланысты Т.Шонанов: «Жат сөз қазаққа қол байырғы болу үшін керек жерінде барлық дыбысын өзгертуіміз керек. Өйткені әр тілдің дыбыстарының айтылатын, шығатын жолдары бар. Сол  жолмен жүрмеген дыбысты адам айта алмайды. Орысша сөйлеген қазақ он жыл оқыса да, орыс тілінің дыбысын дұрыс айта алмайтыны осыдан. Мәселен, қазақ тілінде төменгі ерінді тіске тіреп айтатын (в, ф) дыбыстары жоқ», – дей келіп, проф. Богородицкийдің еңбегіне сілтеме жасайды:  см. проф. Богородицкий «Введение в тюрко-татарское языкознание». Часть 1. Стр. 23. Таблица классификации звуков. Ғалымның бұл тұжырымы қазіргі кезде де өзектілігін жоя қоймады.

Сөздік құрастырушылар шеттен енген сөздерді бейімдеуде в әрпінің орнына әрдайым у әрпін таңбалаған. Мысалы, автогенный сөзін аутогенді түрінде бейімдеген: аутогенді (мед.), аутогенді тәсіл. Алайда шеттен енген сөздерде в әрпінің орнына әрдайым у әрпін таңбалауға болмайды. Бұл ретте в әрпінің ашық, тұйық, бітеу буында келуіне назар аудару қажет. Позициясына қарай бірде б, бірде п, бірде у түрінде таңбаланады. 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» в әрпінің қай жерде келуіне ерекше көңіл бөлгені байқалады:

Вокзал – бағзал (отарба тоқтайтын ыстанса)

Автор – аптыр (жазушы, шығарушы)

Автосани – апташана (аптамабел шана)

Автотранспорт – аптатыранспорт

Автомат – аптамат

Автоматическая телефонная станция – аптамат телепон ыстансасы

Автоматические машины  аптамат мәшине (тетікті мәшине)

Автоматически прибор аптаматты құрал

Автомобиль – аптамабел

Шеттен енген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеуде ХХ ғасырдың басында жарық көрген сөздіктер мен оқулықтарды негізге алуымыз қажет.

2013 жылғы сөздікті құрастырушылар адвокат сөзін екі түрлі нұсқада келтірген: әтбекет, атбекет. Сол сияқты кабель сөзі біресе кәбіл (байланыс кәбілі) түрінде біресе кабель (кабель, кабельге, кабелі); артист сөзі біресе әртіс (әртіс, халық әртісі), біресе артист (артист, артиске, артисі) түрінде берілген. Бұл орайда, әрине, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес, үндестікті сақтай отырып әтбекет, кәбіл, әртіс түрінде берген жөн. Келтірілген сөздерді сөздік құрастырушылар өз тараптарынан бейімдемеген. Бұл атаулар халық тілінде осы уақытқа дейін бейімделген қалпында қолданылып келеді. Оны сөздіктің кіріспесінде редактор да атап көрсетеді. Пойыз, зауыт, пәуеске, станса, кір, кіртас, т.с.с. сөздер бұрынғы сөздіктерде (ХХ ғасырдың басында жарық көрген сөздіктер мен оқулықтарда да) осы тұлғада таңбаланған.

А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, шеттен енген терминдерді сол заңдылыққа сәйкестендіруіміз қажет.

Қазақ тілінде дыбыстардың тіркесуінде заңдылық бар:

- Екі дауысты дыбыс қатар келмеуі керек. Алайда орфографиялық сөздікте бұл заңдылыққа қайшы келетін сөздер көп: аорта (биол.), аортат (мед.), бақаот (өс.), баобаб, батаоқыр (кәде), батаоқырлық, какао, қараот (өс.), қараөзек, қараөкпе (мал ауруы), қараөлең (өс.), қараөрік, мегаоралым, траектория (әск.), автоағаштасығыш, автоалаң, автоара, автоаспа, автоаударғыш, автоаялдама, антикоагулянт (мед.), аэроалаң, аэроәдіс, аэротозаңдандырғыш, аэротүсіру, аэрофлот, аэрофотоаппарат, биоайналым (экол.), биоакустика (биол.), биоәдіс (биол.), биоәлеуметтік, биоәртүрлілік, биоәртүрлілігі, геоақпарат, геобиосфера, геоботаника, геоботаникалық, геогигиена, географ, география, гидроавиация, гидроавтомат, гидроагрегат, гидроайырғыш, гидроакустика, гидроакустикалық, т.с.с. Байқап отырғанымыздай, екі дауысты қатар келген кірме сөздер ғана емес, төл сөздер де көп.

- Сөз басында екі дауыссыз қатар келмеуі керек. Орфографиялық сөздікте қазақ тілінің бұл ерекшелігі де сақталмаған: брасс (спорт), браунинг, брахман, брезент, брейкер, бригада, бригадалық, бригадир, бридж, брикет, брикеттеу, брифинг, бройлер, брокер, брокерлік, бром, бромдалу, бромды, бромид, брон, бронх, бронхит, брошюра, брутто, бруцеллез, драйвер, драма, драматизм, драматург, дренаж, клапан, кларен (кен.), классик, классикалық, классификатор, классицизм, кластер, клаузула, клеймс (экон.), клейстер, клизма, климакс (мед.), климат, клуб, клумба, князь, кран, крахмал, крематорий, кремний, креп (мата), крепдешин, креп-шифон, крест, кристалдану, плазма, плазмолемма (биол.), плакат, планетарий, планиметр (мат.), планшет, пласт (геол.), платина, платформа, плаунтектес, плацкарт, плащ, плеврит, плеврококк, пленум, пневматика, пневматолиз (хим.), пневмоавтоматика, пневмококк (мед.), пневмокониз, пневмония, спектакль,  спектр, спектрогелиоскоп, спектрометр, спектроскоп, спидометр, спиннинг, спираль, спирт, спонтанды, спортзал, стақан, станок, стансы, старшын (көне), статист, статиске, статоскоп, стеарин, стенд, стенографист, стереометр, стереоскоп, стильдік, стоматолог, стоп-кран, стратег, стратегия, стратонавт, стрептококк, студент, сканер, сканерлеу, скетч, склерометр, скоч, славян, славянтану (терм.), слайд, слесарь, смета, т.с.с.

1926 жылы жарық көрген «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» мен 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» сөз басында екі дауыссыз қатар келген атауларды таңбалауда протеза, эпентеза құбылыстарын ескергенін көреміз:  наблюдательная станция – бақылау ыстанса; станция – (бекет) ыстанса; телефонная станция – телепон стансасы, т.б. (Орысша-қазақша әскерлік атаулары); гидроэлектрические станции – су електір ыстансасы; гусеничный трактор – жылан бауыр тірәктір; машинно-тракторная станция — мәшине тірәктір ыстансасы; станок ыстанок; станция — ыстанса; субстанция – субыстанса, т.б. (Атаулар сөздігі).

Академик Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде: «Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздер еш уақытта екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Ол екі дауыссыз дыбыстың не алдында (сөз басында), не ортасында ы, і дауыстыларының бірі қатысып айтылады. Бұл фонетикалық заңдылыққа жалпы есімдер де, жалқы есімдер де (соның ішінде кісі аттары да) бағынады. Сондықтан соңғы жылдары кітап, газет-журнал беттерінде орын теуіп бара жатқан Рза, Сматай, Сланов, Рсалды, Смайыл, Сқақ сияқты жазулар мүлде қате. Бұл есімдер қазақша жазғанда Ырза(немесе Риза), Сыматай, Сылан(ов), Ырысалды (немесе Ырсалды), Ысмайыл (немесе Сымайыл), Ысқақ түрінде таңбалануы керек», – дейді. Ғалымның бұл тұжырымынан қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін тап басып, тани білгенін аңғарамыз.

- Қазақ тілінде сөздің соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, сарт, шарт, қаңқ, саңқ, кент, серт жәнет.с.с.) келеді. Мұндай дыбыстық тіркестерді Қ.Кемеңгерұлы «дауыссыз дифтонг» деп атаған еді (Стенографический отчет научно-орфографической конференции‚ созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. - Алматы‚ 1930. - 58с.). Үнді және қатаң дауыссыздар тіркесіне (нк, лк, мп, лт, льт, нс, рс, рт, рш, нт, рм, фр, т.б.) біткен сөздерге қосымша ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша жалғанады: финанс+қа, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, цифр+ға, цифр+ы (цифрысы емес); хлороформ+ға, хлороформ+нан, хлороформ+ы, фунт+қа, фунт+ы, формант+тар, формант+ы, банк+ке, автопарк+тен, пульт+ке т.с.с.Себебі сөз соңындағы үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі қазақ тіліне жат емес.

Орфографиялық сөздікте сөз соңы үнді мен ұяң б, г, д дыбыстарына біткен шеттен енген сөздерге қосымша әртүрлі жалғанып жүр. Мысалы: гаплоид (биол.), гаплоидтер, гаплоиді; ватт-секундыға, ватт-секундысыголланд, голландтар; исланд, исландтар; корунд, корундыға, корундысы;  радиозонд, радиозондыға, радиозондысы; раунд, раундыға, раундысы;  секунд, секундыға, секундысы; секундтай, он секундтай; секундтық; стенд,стендіге, стендісі; ромб, ромбыға, ромбысы; слайд, слайдқа, слайды; ямб (әдеб.), ямбқа, ямбы, т.с.с. Басқасын былай қойғанда, секунд сөзіне қосымша біресе дәнекер ы дыбысы арқылы жалғанса (секундыға, секундысы), енді бірде тікелей түбірге жалғанған (секундтай, он секундтай; секундтық). Себебі сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінің» 716-бетінде екі түрлі қағида берілген; біресе: «б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Мысалы: штаб-тан, клуб-қа, парад-тан, парад-қа, актив-ке, пассив-тен, резерв-тік, педагог-тер, геолог-тер, геолог-ке, Ашгабад-қа, Мадрид-тен» (716-бет), – делінеді де 4 параграфтан кейін «§41. нд, мп, кт, нк, мб, ск, фт сияқты дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалар ы, і дәнекері арқылы қосылады. Мысалы: штамп – штамп-ы-лау; факт – факт-і-ге; митинг – митинг-i-ге; объектобъект-і- лер, объект-і-ге; ромб – ромб-ы-ның», – деп жазылған. Екі қағида бір-біріне кереғар. нд, мб сияқты ұяң дауыссыздарға біткен сөздерді мп, кт, нк, ск, фт сияқты дыбыс тіркестеріне біткен сөздермен қатар қоюға келмейді. Дұрысында, қазақ тілінде сөз соңында б, г, ғ, д ұяң дауыссыздары келмейтіндіктен, ол сөздердің соңына қатаң сыңарларын таңбалау керек те одан кейін қатаң дауыссыздан басталатын қосымша ешқандай дәнекерсіз жалғануы керек.

Сол сияқты рг дыбыс тіркесіміне біткен (комсорг, драматург, жазушы-драматург, кардиохирург, кинодраматург, металлург, нейрохирург, хирург); йд дыбыс тіркесіміне біткен (слайд, рейд); рд дыбыс тіркесіміне біткен (авангард, гепард, электркард, стюард, аккорд, билборд, рекорд, сканворд, скейтборд, сноуборд) сөздердің соңындағы ұяң дауыссыздың орнына қатаң дауыссыз таңбаланып, қосымша «дауыссыз дифтонг» заңдылығына сәйкес дәнекерсіз, тікелей түбірге жалғануы керек.

Орынай Сағынғалиқызы Жұбаева,  

филология ғылымдарының докторы. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің меңгерушісі.

Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек,

филология ғылымдарының докторы, доцент. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері.

Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов,

филология ғылымдарының кандидаты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері.

Abai.kz

8 пікір