Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 7458 15 пікір 28 Мамыр, 2020 сағат 13:53

Президент дөп басты немесе «Жоғалған буыннан» дат!

Алдымен Мемлекет басшысы көтеріп отырған «жоғалған буынның» кімдер екенін анықтап алайық. Әлем әдебиетін түп-түгел сүзіп шыққан Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш рет әйгілі Э.Хемингуэй, Э.М.Ремарк сынды суреткерлердің шығармаларына арқау болған осынау ұғымды жайдан-жай айтпағаны кәміл   

Тәуелсіздікке қол жеткен сәтте мемлекеттік, әкімшілік қызметте, сондай-ақ қоғамдық салалардағы кадрлық құрам бірнеше буынды қатар қамтыған жағдай туды. Олар, яғни бұрынғы Кеңестік комсомол мен партия желісімен жүріп ірілі-ұсақты мансап жасап үлгерген орта және аға буын өкілдері, онан кейін дәл сол жылдары ЖОО-ларды бітіріп, жас мемлекетті құруға қажет болғандықтан қызметке тартылған жас буын еді. Мінеки, содан бері отыз жыл өткенде елуіңізді ерттеп мініп қалған «жоғалған буыныңыз» осылар.

Енді мұндай «категорияның» бүгінгі күн тәртібіне шығуының себебіне келсек, жұмысты жаңа бастаған кезде бұлар «сендерге әлі ерте, жассыңдар» дейтін санатқа жатып, алдыңғы шепке, жоғарылау лауазымдарға әлгі айтылған орта, аға буынның өкілдері шыққаны белгілі, ол кезде мұндай тәртіп табиғи саналып, ешқандай қайшылық туғызбайтын. Қайта, бірнеше буын арасындағы үйлесімді іскерлік ахуал орнап, қызметке енді кіріскен сол жастар,  ағаларының ақыл-кеңесіне сүйене отырып, Тәуелсіздікті нығайтудың аса ауқымды жүгін көтере білген нағыз қара нарлары бола білді. Осындай көзжұмбайлық энтузиазммен кемел келешекке әне-міне жетеміз деп жүргенде отыз жылыңыз сырғып өте шығып, ендігі өздері ортадан да асыңқырап, аға буынға жетіп қалғанын аңғармай да қалғандай. 

Сөйтіп жүргенде, осы кезең ішінде елдің ішін былай қойып, алыс-жақын шет елдерде, тіпті мұхит асып әлемдік білімді сіңіріп, алты тілде ағып тұрған жаңа бір жойқын буын пайда болыпты. Елдің ендігі тағдырын осыларға тапсыру керек деген жасампаз ой-пікір туып, бастапқыда бейресми, артынша ресми тәртіп орнатыла бастаған. Ал, әлгі комсомолдың мызғымас мектебінен өтіп, оның қитұрқы кабинеттік ойынының қыр-сырын әбден қанына сіңірген баяғы аға буыныңыз шалдыққа шектеу қоймайтын парламентіңізден тарта, орталық органдар мен әкімшіліктеріңізде жабысқан күйінен жақын жылдары, анығы, ана дүниеге өтпей айрылар емес. 

Осылайша, екі ортада еңбек жолын тәуелсіздікпен бірге бастап, таңның атысы, күннің батысы құмырсқаша тірлік жасап, көбінесе жалдамалы пәтерде жабырқай жүрсе де жасымай елге қызмет жасап, отбасын асыраған бүтіндей бір «жоғалған буын» пайда болғаны – қазіргі қоғамның шындығы. Ал, бүгінде барлық саланың кадрлық негізін құрап тұрған осынау үлкен стратегиялық топтың тоқыраушылық көңіл-күйге түсуімен тығыз байланысты мұндай теріс, яғни елдікке, қоғамға, болашаққа, жалпы дамуға аса зиян ахуал еліміздің әртүрлі құрылымдары қатарында сыртқы саясат, шетелдегі  дипломатиялық корпус саласына да тән екендігі жасырын емес.     

Сондықтан Мемлекет басшысы терең маңыз беріп, жаңа сапалы деңгейдегі аппарат құру үшін Президент Әкімшілігінен бастап барлық тиісті органдарға тапсырып отырғанындай, «әр салада ротация болуын, карлерді жаңалау, кәсіби дайындығы бар, патриоттық сезімі басым, жүйкесі тозбаған», бұған біздің қосарымыз, халықпен адамша қазақ тілінде аудармашысыз сөйлесе білетін адамдарды, әсіресе орта буын өкілдерін тартып, мемлекеттік билік жүйесінде түпкілікті ротация жасау - елімізді өркениет жолымен дамытудың, халықаралық мәртебесінің артуының бірден-бір баламасыз ақиқат жолы. 

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499