Жұма, 26 Сәуір 2024
3172 1 пікір 28 Мамыр, 2020 сағат 14:06

«Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар стационарда жатпайды»

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болған азаматтар бұдан кейін стационарда жатуға міндетті емес. Олар 14 күндік карантинді үйінде де өткере алады.  Бұл туралы бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты.

Науқаспен жақын байланыста болған адамдарға қатысты амал-әрекетті өзгерттік. Бұдан бұрын індет жұқтырған науқаспен жақын байланыста болғандарды карантинді стационарға апаратынбыз. Бұдан бас тарттық.

Науқаспен қарым-қатынаста болған азаматты міндетті түрде тексеруден өткізіп, 14 күндік карантинді үйінде өткеруге кеңес береміз. Олар карантинді сақтап, әрі екі апта аралығында үйінде отырарын айтып, қолхат қалдырады, – дейді Есмағамбетова.

Оның атап өткеніндей науқаспен жақын байланысқа түскен және ауырған адаммен байланыста болуы мүмкін деген екі категория бар.

Жақын байланыс деңгейі: науқастың жанында 15 минут бойы немесе одан да көп уақыт және 1,5 метр арақашықтықта болумен өлшенеді.

Ал науқаспен 15 минуттан артық бір бөлмеде отырса да, тікелей қарым-қатынасқа түспеген азаматтар үшін карантинді үйінде өткерудің қажеті жоқ.

Әлбетте оларды да тексеруден өткіземіз. Бірақ мұндай азаматтар үшін 14 күндік карантин міндетті емес. Сырқат белгілері байқалған жағдайда бізге хабар беретіні туралы қолхат қалдырады, бұрынғыдай үй карантинінде отырмайды, емін-еркін жүріп тұра алады, – дейді бас санитар.

Abai.kz

1 пікір