Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3735 3 пікір 28 Мамыр, 2020 сағат 11:02

Биыл Павлодардағы барлық мектепте қазақ сыныптары ашылады

Павлодарда жаңа оқу жылында барлық мектептерде қазақ сыныптары ашылады,- деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралинның айтуынша, бүгінгі күні қалада қазақ сыныптары жоқ 4 мектеп бар. Олар: № 23, 16, 34 және 13 жалпы орта білім беру мектептері екен.

- Жаңа оқу жылынан бастап осы мектептерде қазақ сыныптары ашылады. Бұл мақсатқа қосымша бастауыш сынып мұғалімдері жұмысқа қабылданады. Осы орайда, ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытуға ниет білдірсе екен деген сұранысымыз бар. Себебі, көптеген ата-аналар өзіміздің тіліміз шорқақтау, баланы оқытуға қиын болады деген түрлі сылтаулармен балаларын орыс сыныптарына береді. Ашығын айтқанда, ата-аналар тарапынан жоғары деңгейде сұраныс бар деп айта алмаймыз,-дейді Қ.Қыдыралин.

Бөлім басшысының орынбасары қазақ сыныптары ашылатын мектептерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыс орталығында барлығы 43 жалпы орта білім беру мектебі бар.

Оның ішінде біреуі - жеке меншік, 31-і - аралас, сегізі - қазақ және төртеуі - орыс тілінде білім береді.

Abai.kz

3 пікір