Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ел іші... 4167 18 пікір 27 Мамыр, 2020 сағат 16:01

Ұлттық кеңесте қандай мәселелер талқыланды?

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық кеңестің үшінші отырыс өтті. Бұған дейін мәлім болғандай, кеңес отырысы білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды.

Сонымен Ұлттық кеңес отырысында қандай ұсыныстар айтылды? Қандай мәселелер талқыланды? Президент Тоқаев не деді? Кеңестің онлайн отырысында Президент айтқан басты тақырыптық тезистерге шолу жасадық...

Ғылым мен білімге бөлінетін қаражатты өсіру туралы...

Аталған жиында Мемлекет басшысы Білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша реформаларды қайта қарау қажеттігін айтты. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетін болды.

«Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Ол жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтуіне қаржы бөлінуі керектігін және бірлескен зерттеулер жүргізу үшін жетекші шетелдік ғалымдарды тарту қажеттігін айтты.

ЖОО оқытушыларының жалақысын көбейту туралы...

«Қазіргі таңда көпшілік оқытушылардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Біз «Педагогтар мәртебесі» заңы аясында мұғалімдерді ынталандыру шараларын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде ЖОО оқытушыларының жалақысы мектеп мұғалімдерінің жалақысынан аз болып қалды. Осыған орай, Үкімет ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыру керек», - деді президент Тоқаев.

Студенттерге жеңілдетілген несие беру туралы...

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін оларға жеңілдетілген несие беруді ұсынды.

«Аз қамтылған отбасылар, азаматтар мен жастардың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін грант санын көбейту мәселесін қарастыру керек. Жоғары білім ақысын төлеу үшін жеңілдетілген несие беру - қолдаудың тағы бір түрі болар еді. Үкіметтен, сондай-ақ Ұлттық кеңес мүшелерінен осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын беруді сұраймын», - деді Тоқаев.

Қала мен ауыл мектептерін теңестіру туралы...  

«Келесі бір маңызды міндет – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. PISA мәліметтері бойынша қазір арадағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Барлық балалар тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі керек. Айта кету керек, қалалық және ауыл тұрғындары арасындағы білім алшақтығы үрдісі бірқатар мемлекетте бар», - деді Ол.

Оқулықтың сапасы туралы...

«Елімізде оқулықтардың сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едәуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің міндеті. Мен тіпті оны басымдыққа ие тапсырма деп айтар едім», - деді Президент.

Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар екенін айтып:

«Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек. Басқаша болмайды», - деді.

42 мың теңге стипендия беру туралы...

Сонымен қатар, Президент педагогика мамандықтарының стипендиясын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге арттыруды тапсырды.

Тіл комитетін Білім министрлігінің қарамағына беру туралы...

«Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз керек. Бұл мәселеде Еуропа елдердің тәжірибесіне назар аудару қажет. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді.

Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді», - деді Президент.

Дәрігерлердің жалақысын көтеру туралы...

Дәрігердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек.

«Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін шын мәнінде ауыр сынақ болды. Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігердің тапшы екендігін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәігерлер алады», - деді Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды.

«Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық», - деді.

20 жаңа клиника салу туралы...

«Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек.

Сонымен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады», - деді Мемлекет басшысы.

Дәрі-дәрмектің бірыңғай жүйесін құру туралы...

Президент Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталғандығын баса айтты.

«Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Формакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Фармацевтика өнеркәсібін дамыту туралы... 

Үкімет отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауы қажет.

«Фарцевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технология тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн. Осыған орай фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі», - деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев саланы дамыту және қалыпты, тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керектігін баса айтты.

Түйін. Біз бүгінгі Ұлттық кеңестің үшінші онлайн отырысында президент Тоқаев тоқталған тақырыптарды тізіп шықтық. Сіз не дейсіз?

Abai.kz

18 пікір