Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық-қанығы 4658 2 пікір 27 Мамыр, 2020 сағат 12:30

Алматыдағы жағдайдан соң Тұрғымбаев 9 полицейді жазалады

Алматы қаласы мен Алматы облысы арасындағы блок-бекетте болған қайғылы оқиғадан кейін, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы ІІД басшылығына қатысты қатаң шара қабылдапты.

25 мамырда болған қайғылы оқиғадан кейін тексеріс жүргізілген. Алдын алу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар болыпты. Тәртіп бұзған қызметкерлерге дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған екен. Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактісіне де баға берілген.

Сөйтіп, министр Тұрғымбаевтың бұйрығы бойынша 9 полицейге тәртіптік жаза берілген. 3 полицей қызметінен босатылған. 

– Алматы қаласы ПД Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары полиция подполковнигі Қ.Е. Сатаев;

– Алматы қаласы ПД Кадр саясаты басқармасының басшысы полиция полковнигі О. С. Мырзабеков;

– Алматы қаласы ПД Жеке құрам бойынша инспекция басшысы полиция подполковнигі А.О. Ақылбеков атқарып жүрген лауазымдарынан босатылды.

– Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің басшысы полиция полковнигі М. А. Саттаровқа (бұрын полк командирі қызметін атқарған);

– Алматы қаласы Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы полиция подполковнигі С. О. Көкірекбаевқа;

– Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары полиция полковнигі А.А. Нашарбековке қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілді.

– Алматы қаласы ПД басшысының бірінші орынбасары полиция полковнигі Н. С Алмасбековке;

– Алматы қаласы ПД бөлім басшысы полиция подполковнигі С.К. Әзірбекке;

– Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қ.Д.Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланды.

«Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл – үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза.

Сондықтан бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп, жаңа жағдайда жұмы істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан өз қатарын тазалайтын болады». – депті министр Тұрғымбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 25 мамыр күні Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ықшамауданындағы блок-бекетте болған қайғылы оқиғадан екі полиция қызметкері көз жұмды. Біреуі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

1992 жылғы азамат мінген көлік алдымен бақылау-өткізу бекетіне, сосын полиция көлігіне соғылған.

Қайтыс болған екі азамат:

Жарас Жанғазиев – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы.

Дастан Абдықанов (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі.

Кеше президент Тоқаев қайтыс болған полицейлерге  II және III дәрежелі Айбын орденін беру туралы Қаулы шығарды.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде блок-бекетте патруль көлігін соққан жеңіл автомобиль жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істегені туралы ақпарат тарады. Алғашында Алматы қалалық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бұл ақпаратты терістеген. Артынша, Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов күдіктінің полицияда қызмет істегенін растады.

«Ол полицияда алты жыл қызмет етті, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ ол одан кейін де өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, рөлге мас күйінде отырып, қылмыс жасады», - деген еді Қанат Таймерденов.

Коронавирус пандемияына байланысты енгізілген карантин кезінде блокпосттарда полиция қызметкерін көлікпен қағып өту осыған дейін бірнеше рет болған. 30 сәуірде Алматы қаласы Медеу ауданындағы блокпостта көлік жүргізушісі полиция қызметкерін қағып кеткен. Дәл осындай жағдай 13 мамырда Түркістан облысынан Шымкентке кіреберісте болған.

Қазақстан үкіметі елдің екі ірі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанды наурыздың 19-нан карантинге жапқан. Мамырдың 11-і күні төтенше жағдай аяқталды, бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин күшінде қалып, блокпосттар әлі алынған жоқ.

Abai.kz

2 пікір