Жұма, 29 Наурыз 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4396 6 пікір 27 Мамыр, 2020 сағат 11:23

«Мырзалықтың» да шегі бар емес пе?

Қазіргі таңда еліміз мына короновирус деген қауіпті дерттің кесірінен халық қатты күйзеліп, қаржылық жағынан ерекше тапшылық көріп отырғандығы белгілі. Осы орайда бәріміздің де көрпемізге қарай көсіліп, қолда барымызды бекерге шашпай, қайта бір-бірімізге қол ұшын беріп, осы тығырықтан азбай-тозбай шығудың жолын қарастырғанымыз абзал. 

Алайда біздерде мұндай кезде де барлығы мен байлығын көрсетіп қалуға тырыстатын, өзгені емес, алдымен өздерін ғана ойлайтын, ешкімнен де айылын жимайтын «алыптар» да бар көрінеді. Солардың бірі - «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы деген алпауыт.

Әрине, әлемдік дағдарыс бұларды да айналып өтпегені белгілі. Соның салдарынан компанияның табысы алғашқы тоқсанда үш есе құлдырап, үлкен шығынға ұшарған. Сосын, амал жоқ, өз қызметкерлерінің біразын қысқартуға мәжбүр болған. Бұған таң қалатын ештеңе жоқ, әрине. Бүгіндер үлкенді-кішілі көптеген кәсіпорын қай жерде қысқарып, қай жерде біржолата жабылмай жатыр. Әңгіме онда емес. Мәселе, олардың қалайша қысқаруында. Өзге жерлерде қызметкерлер соңғы айлығын алып, жылы орнымен қоштасса, мұнда өздері «ерекше қымбат» санайтын қызметкерлерді қатты қадірлейтін көрінеді. Сондықтан да оларға еліміздің еш жерінде болып көрмеген адам таңқаларлық «мырзалық» танытыпты. Әлгіндей қысқарған қызметкерлердің әрқайсысына бірден үш айлық жалақы беріледі. Мұны аз десеңіз, олар осындай көлемдегі ақшаны бір емес, жарты жыл бойы алып тұрады. Сонымен қатар бұлар биылғы жыл бойы компания есебінен емделеді. Қазақстанның қай өңіріне де кездеспейтін мұндай жомарттық өзге өңірлердегі қысқарып жатқан қызсметкерлердің өңі түгі, түсіне енбейтін шығар. Ал мұндай аталық қамқорлықты мұндағылар «дүниежүзінде қалыптасқан аутплейсмент бағдарламасы бойынша жүзеге асырдық» деп өздеріне шыр жұқтырмайды. 

Әрине, мұндайдың шетелде бар екендігі рас. Ол бұл әдісті қандай да фирма өздер аса қадірлейтін мамандарға қолданатындығы тағы да шындық. Алайда, өз сайтында «Қазмұнайгаз» бұлардың қандай мамандық иелері екендігін ашып айтпайды. Соған қарағанда, компания қимай қоштасқан жандардың тегін адамдар еместігін жорамалдауға болар. Ал олардың айлығының қанша екендігін еш жерден де біле алмадық. Атақты Гугл де әлсіз, Википедия да дым демейді. Ал біздің кейбір дерек көздерімңіздің айтуына қарағанда мұндағы басшы құрамдардың жалақылары кем дегенде 10-15 мың доллардан яғни  3 миллионнан 5 миллион теңгеге жетіп жығылады. Әриине, мұндай мол қаржымен алты ай ғана емес, бірнеше жыл әндете жүріп, өзімізде түгілі шетелде де демалуға болады. Халыққа қажетті ештеңе шығармастан, тек мұнай мен газды шетелге сатып, қыруар қаржыны жамбасына басып жатқан компания ,әрине, несіне сараңдық танытсын. Оның үстіне «көкелері» «Самұрық-Қазына» мен Ұлттық банк болса, тіпті мұртын балта кеспейтіндігі белгілі. 

Жалпы, бұл ұлттық компания акционерлік қоғам болғандықтан мемлекеттік мекеме санатына кіретіндігі белгілі. Ал олар не себепті жалақыларын жасыратындығын түсіну қиын. Жеке меншік нысанындағы фирма болса бір сәрі. Мүмкін бұған олардың әлгі атынан ат үркетін құрылтайшылары жауап берер, бәлкім.

Ал енді біздегі ең басты сұраққа көшелік. Ау, осы өте керемет дейтіндей, жақсы кадрларға ерекше қамқорлық жасайтын аты да, заты да түсініксіз, алайда жұртқа жағымды бағдарламалар еліміздің өзге де кәсіпорындарында неге қолданылмайды? Әлде олар екінші сорттағы кадрлар ма? Оның үстіне, мынау қазіргі заманда, халық тіпті айтуға ұялатын, айналдырған 42 мың 500 теңгені әрең дегенде алып отырғанда, бұл компанияның бізге көрсеткен қыры ма? Өзінен басқаны ойласа қайтеді? Бұларда «халықтан онша ажырамайық, бүгінгі мына қиындықты халықпен бірге көтерейік» деген қарарапайым ой қаперіне де кіріп шықпай ма? Осы қазіргі жұрт қатты қысылып тұрғанда, әлгіндей «жомартттық» көрсету тым асыра сілтеу емес пе? Әлде, бұларға  жоғары жақтан міндетті түрде қаттырақ айтпаса болмай ма?

Жайберген Болатов

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610