Сенбі, 20 Сәуір 2024
Заң жобасын талқылау 3114 0 пікір 26 Мамыр, 2020 сағат 12:35

«Жастар белсенді қатыспаған нормалардың берері аз»

Күні кеше ғана президент Тоқаев Ұлттық кеңес талқылап, Мәжіліс мақұлдап, Сенат құптаған төрт бірдей заңға қол қойды. Олар: «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы»,  «Бейбіт жиындар туралы» және «Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы» заң жобалары. Бұл аталған төрт жоба да қоғамның қызу талқысында болды.

Заңдардың толық атауы мынадай:

1. «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

3. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

4. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Аталған заңдарға қатысты ел пікірі, сарапшылар пікірі әртүрлі. Бір тобы: «аталған заңдар саяси жүйені реформалаудағы маңызды қадам», десе, екіншілері: «бұл заңдар әлі де жеткіліксіз әрі бейбіт жиын өткізу тәртібін одан әрі күрделендіреді», дейді.

Ал Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желіде пікір жазып, аталған заңдар Ұлттық кеңес жұмысының нәтижесі деп бағалапты.

Ерлан Қарин. ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Мемлекет басшысы «Бейбіт жиындар туралы» туралы жаңа заңға қол қойды. Бұл Ұлттық кеңестің аясында ұсынылып, дайындалған президенттік саяси реформалар пакетінің алғашқы үлкен нәтижелерінің бірі. Тұңғыш рет ұлттық заңнамада бейбіт жиындар мен шерулерді өткізуде рұқсат алу тәртібінің орнына хабарландыру тәртібі енгізіліп отыр.

Жаңа заңға сәйкес әрбір қаланың аудандарының орталығында міндетті түрде үш орын берілетін болады және де егер жиын я шеру барысында заң бұзушылық орын алып, ұйымдастырушылар тарапынан тиісті шаралар қабылданса ол жиын тоқтатылмайды, яғни жаңа заң азаматтарға бейбіт жиынды өткізудегі құқығын басымдық ретінде бекітуде.

Бұл заңның қабылдануы еліміздің саяси қоғамдық өмірінің одан әрі демократияландыру бағытындағы маңызды оқиға болып табылады.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің нәтижелі жұмысының айқын көріністерінің бірі. Ұлттық кеңестің мүшелері аталған заңның дайындалуынан бастап, талқылаулардың барлық сатыларына белсене ат салысып, заң жобасының жетілдіруіне үлкен үлес қосты.

Сондықтан осы заңның қабылдануымен Ұлттық кеңестегі әріптестерімді де құттықтап, алғысымды білдіремін.

Аталған заңдарға қатысты «ҚазАқпарат» сайтына Сенат өкілдері мен саясаттанушылар да пікір білдірген екен. Солардың ішінде Нұртөре Жүсіп, Айдос Сарым мен Максим Споткайдың пікірлерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру туралы қағидаты дер кезінде қолға алынған бастама болды. Қазақстан осыған дейінгі даму жолында айтарлықтай реформалар жасады: елдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени саласында көптеген өзгерістер болды, әйтсе де саяси тұрғыда біраз мәселе қордаланып та қалған еді, Президенттің халыққа Жолдауында атап өткендей, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдай туындады. Мемлекет басшысы жиналыстарды, митингілер мен демонстрацияларды өткізу рәсімін жаңарту туралы мәселені осыдан тура бір жыл бұрын ұсынды.

Сенат қабырғасында заң жобасы қызу талқыға түскені белгілі. Сөйтіп, Мәжіліске кері қайтарылды. Таяуда Мәжіліс депутаттары митинг туралы заң жобасын қайта қарап, Сенат ұсынған түзетулер мен ескертпелерді қабылдады. Бұл нені көрсетеді? Қоғамда үлкен серпіліс жүріп жатыр. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты заң жобасы талай талқылаудан өтті. Заң жобасын дайындауға сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев көп жұмыс жасады.

Қоғам болған соң қарама-қайшы пікірлердің болуы да заңды. Алайда, үздіксіз талқылаудан соң оңтайлы нұсқа жасалды.

Бұл Заң – Қазақстанда барлық бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін жаңа заң. Тұжырымдамалық тұрғыдан алғанда тұрпаты мен мазмұны мүлдем өзгеше. Шәкірім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген сөзінің сорабына салсақ, бұрынғы заңнан шын мәнінде өзгерек. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру ісінде жауапкершілікке баса мән беріліп отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей сияқты елдердің осындай заңнамалары мұқият зерделенді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елі бейбіт митингіні ұйымдастыру және өткізуде қоғамдық қауіпсіздікке айрықша мән береді.

Мұның бәрі үлкен өзгерістер. Біз көбіне «митинг» дегенде тек қана оппозициялық тұрғыдағы түсінікпен қарайтынымыз рас. Шын мәнінде бейбіт жиналыстар - митинг, шеру, пикет деген азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогтың түрі ғой. Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген қағидаттың бір көрінісі. Сосын тағы бір мәселе – бейбіт жиналыстарды өткізу мәдениетін қалыптастыру. Бұл да өзекті мәселе. Қоғам болғасын толғандыратын жәйттер болады. Соларды мәдениетті түрде билік тармақтарына жеткізу үрдісі қалыптасады. Ең алдымен мемлекеттік органдардың халықпен байланысы жақсаратын болады. Сонымен қатар, азаматтардың кез келген мәселені ашық және еркін жеткізуіне мүмкіндік туады.

Максим Споткай, Сенат аппараты басшысының орынбасары:

- Таяуда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Осынау сәтке ұлттық кеңес байыпты нәтижемен келіп отыр. Бұл - Мемлекет басшысы қол қойған заңдар және тағы бірқатар заң осы аптада Сенатта қаралатын болады

Іс жүзіне келгенде, Ұлттық кеңес қызметіне түрлі көзқараспен қарауға болады. Дегенмен, фактілер өздігінен-ақ сөйлеп тұр. Қоғамның, қазақстандықтардың сұранысына жауап бере алатын, қоғам көтерген саяси реформалар топтамасы бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл отандық заңнамадағы барынша байыпты өзгерістер деуге де болады. Атап айтар болсақ, жаңа партия құру үшін тіркеу шегі 2 есе төмендетіліп, жастар мен әйелдерге арналған квота енгізіліп отыр. Жалпы, алдағы парламеттік сайлаулардан кейін жаңа саяси шынайылықты көретін боламыз. Президент қол қойған барлық заңдар, толықтай алғанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар топтамасы саяси кеңістікте плюрализм идесін өмірде шынайы іске асыруға жағдай жасайды.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Қабылданған жаңа заң - ҚР Президенті айтқан бірінші саяси реформалар пакетінің бөлігі. Бұл жағдайда заң жас депутаттардың санын арттырып, гендерлік құрамға ықпал етеді. Бізде Мәжіліс пен Сенаттан бастап, облыстық, аудандық мәслихаттарға дейін ерлер саны басым. Жаңа заңға сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісіне, қалалық мәслихаттарға жаңа сайлауға үміткерлер партиялық тізім бойынша қатысады. Қазір елімізде айтарлықтай қызықты процестер жүріп жатқанын түсіну керек. Бұл - саяси өмірге қатысқысы келетін барлық адамға мүмкіндік. Ұсынылып отырған шешім де жаман емес.

Жастар белсенді қатыспаған нормалардың берері аз. Бұл - қолданып қалуға тұрарлық үлкен мүмкіндік. Қазір белсенді болу керек. Егер қоғамда беделі бар, танымал тұлға болсаң, партиялардың өзі-ақ бірлесіп жұмыс істеуді ұсынады. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, осы нарықты жаулап алу қажет.

Abai.kz

0 пікір