Сенбі, 20 Сәуір 2024
Деп жатыр 6813 17 пікір 26 Мамыр, 2020 сағат 14:21

Ең «күшті» әкім кім? 

Бүгінде коронавирус пандемиясы ел экономикасы мен әлеуетіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Бұл тұрғыда Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар қаншалықты нәтижелі болады, бұл әуелі аймақ басшыларының атқарған жұмысына қарай белгілі болмақ. 

Ал жуырда Медиа технологиялар орталығының аналитикалық қызметі әкімдердің төтенше жағдай кезінде атқарған жұмыстарына баға беріп, олардың сәуір айындағы рейтингін жасапты.

Аталған рейтингті оқырман назарына ұсынып отырмыз. Сөйтіп, сәуірдегі «супер әкім» Жамбыл облысының 67 жастағы әкімі Бердібек Машбекұлы болыпты. Ал топ бастаған үштікке 67-дегі Алматы облысы әкімі Амандық Баталов пен 45-тегі Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кіріпті.

1. Бердібек Сапарбаев - Жамбыл облысының әкімі

67 жаста.

Сәуірдегі әкімидер рейтингінің көшбасында Бердібек Сапарбаев тұр. Ол Жамбыл облысына биыл ақпан айындағы қазақ-дүнген қақтығысынан кейін тағайындалған болатын.

Сөйтіп, ұлтаралық қақтығысты шешкеннен кейін ол өңірдегі өзекті мәселенің бірі білім саласына назар аударды. Сапарбаевтың аймақтағы мектептерге жасаған рейд нәтижесінде көптеген аудан мектептерінде компьютер жетіспейтіндігі, ал 125 ауылдық елдімекенде интернет деген мүлдем жоқ екені анықталды. Нәтижесінде Жамбыл облысы қашықтан оқытуға дайын болмай шықты.

Сонымен қатар, Сапарбаев қоғамдық көліктің нашар жұмыс істеуі, аялдамалардың, жолдардың сапасыздығы, қоқыстардың көптігі, ашық люктер, ағаштардың заңсыз кесілуі және тағы басқа келіп түскен шағымдар бойынша қала басшылары мен қала әкімдігінің қызметкерлерін айыптады.

Одан бөлек, Сапарбаев аймақтағы қытайлық мердігерлерден жыл сайын жұмысшылардың жалақысын кем дегенде 10 пайызға арттыруды талап етті. Сапарбаевтың бұл мәлімдемесі жергілікті тұрғындардың көңілінен шықты.

Алдағы уақытта Бердібек Машбекұлы аймақтағы суармалы жерлерге Қырғызстаннан келетін судың жетіспеушілігі мен ауылшаруашылық техникаларының жетіспеушілігі мәселесін шешуі тиіс.

2. Амандық Баталов - Алматы облысының әкімі

67 жаста. 2014 жылдың тамызынан бері Алматы облысының әкімі.

Амандық Баталов - бұл рейтингтегі басты фавориттердің бірі. Сәуір айында оның имиджіне бірнеше оқиғалар әсер еткен екен. Соның ішінде, өсімдік майларын шығару үшін майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын «Жетісу Мажико» агроөнеркәсіп кешенінің ашылғаны туралы айту керек. Зауытта 50 адам жұмыс істейді. Жалпы Баталовтың айтуынша, биыл облыста 65 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлеріне сыйлықақы төлеу үшін облыстық бюджеттен 137 миллион теңге бөлді. Бұл да оның рейтингіне оң әсер етіпті.

Өңір басшысының пандемия мен карантин жағдайында аймақты газдандыру жұмысын тоқтатпау туралы шешімі ел ішінде оң бағаланған екен.

3. Жеңіс Қасымбек - Қарағанды облысының әкімі

45 жаста. 2019 жылдың қыркүйегінен бері Қарағанды облысының әкімі.

Жеңіс Қасымбек сәуірдегі әкімдердің рейтингінде «үздік үштікке» енді. Оның фавориттер қатарынан табылуы кездейсоқ емес. Рейтинг түзген сайттың жазуынша, Қасымбек бастаған аймақ өзінің экономикалық жағдайын едәуір жақсартқан. Әсіресе өнеркәсіптік өндіріс, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және металлургия салаларында өсім байқалған.

Сондай-ақ, Қарағанды ​​облысында былтырғы жылмен салыстырғанда егіс көлемі өскен. Тұқыммен толық қамтамасыз етіліп, субсидия ретінде қомақты қаражат бөлінді.

Және тұрғын үй құрылысының өсімі 7% құрады. Өндіріс пен инжиниринг саласында жаңа өндірістер іске қосылған (Yutong автобус зауытының құрылысы).

Коронавирусқа байланысты сәуірде Қарағандыда вирусология зертханасы мен жаңа емхана ашылыпты. Онда 20 мың адамға дейін тіркеуге болады делінген, ресми ақпаратта. .

Қасымбектің рейтингіне оң әсер еткен шешімі - карантин кезінде мемлекеттік қызметтерге тарифтерді 5% төмендету болған-мыс.

4. Архимед Мұхамбетов - Қостанай облысының әкімі

47 жаста. 2015 жылдың қыркүйегінен бері Қостанай облысының әкімі.

Архимед Мұхамбетовтің Қостанай облысының әкімі ретіндегі басты жетістігі - облыстың тұрақты экономикалық дамуы дейді. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісі, атап айтқанда машина жасау және металлургия салаларында өсім байқалады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі өсіп, бірнеше құрылыс нысаны аяқталған. Және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі де артыпты.

Коронавирус пандемиясына байланысты өткен айда өңірде COVID-19 диагностикалық зертханасы ашылған.

5. Даниал Ахметов - Шығыс Қазақстан облысының әкімі

65 жаста. 2014 жылдың қарашасынан бері ШҚО әкімі.

Үздік бестікті Ахметов түйіндейді. Оның беделіне әсер еткен басты оқиға - Өскемендегі 56 жыл бойы жаңартылмаған трамвай рельстерін қайта жөндеу жұмыстарының қолға алынғаны және Семейде жаяу жүргіншілерге арналған көше құрылысының басталуы болды.

Облыста коронавирус кезінде инфекция ошағы дер кезінде оқшауланды.

Алайда, жеке кәсіпкерлер берген рұқсатнамалар басқа мақсаттарға пайдаланылды және талондардың бір бөлігі ақылы түрде берілген.

6. Ермек Маржықпаев - Ақмола облысының әкімі

50 жаста. 2019 жылдың наурызынан бері Ақмола облысының әкімі.

Оның рейтингіне әсер еткен жағымды фактор - аймақтағы су тасқыны жағдайының тұрақты болуы. Себебі, биыл қардың қалың түсуі көктемдегі су тасқынының қаупін арттырды. Алайда, жедел әрекет пен алдын алу шараларының нәтижесінде тұрғын үйлерді су басқан жоқ.

Бірақ, Маржықпаевтың беделіне аяқ асты көтерілген дауыл кері әсер етті. Көкшетауда болған дауыл салдарынан 162 үйге зақым келіп, облыс орталығы мен облыстың бірқатар аудандарында электр қуаты үзілді. Тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың шатыры, көше жарығының барлық дерлік шамдары мен кабельдік желілері зақымдалған. Дауылдың әсерінен аялдамалар бұзылды. Салдарынан адамдар зардап шекті. 30 адам әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алып, екі адам реанимацияда қайтыс болды.

Бюрократиялық мәселелерге байланысты көптеген үйлер үш аптадан астам уақыт бойы шатырсыз тұрды.

Коронавирусқа байланысты әкімдік өз бюджеті есебінен көшелер мен аулаларды залалсыздандыруға арналған шағын көлемді машиналар сатып алды. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясын тексеретін елдегі алғашқы зертханалардың бірі ашылды.

7. Бақытжан Сағынтаев - Алматы қаласының әкімі

56 жаста. 2019 жылдың маусымында Алматы әкімі болып тағайындалды.

Сағынтаев карантин кезінде 280 адамға арналған аурухана құрылысын бастады. Құрылыстың модульдік технологиясы 18 күнде карантиндік орталық құруға мүмкіндік берді.

Тағы бір жағымды жаңалық ретінде медицина қызметкерлеріне жалақы  тағайындау мен коронавирустың алдын алуға бағытталған насихат жұмыстарын атап өтуге болады.

Сондай-ақ, ол бизнес үшін берешек пен қаржылық ауыртпалықты азайту үшін жүйелі шаралар қабылдады.

Алайда, елдегі коронавирус бойынша ең нашар көрсеткіш Алматыда болып отыр.

Сондай-ақ, сәуірдің басында БАҚ алматыдағы үйсіз адамдардың қаладан шығарылған видеосын жариялады. Алайда, Алматы әкімі мұны жоққа шығарып, үйсіздер үшін 300 орындық шатырлы лагерь құрғанын айтты.

8. Оңдасын Оразалин - Ақтөбе облысының әкімі

56 жаста. 2019 жылдың ақпанынан бері Ақтөбе облысының әкімі.

Оразалиннің рейтингіне әсер еткен факторлардың бірі - ТЖ кезінде коммуналдық қызмет тарифтері қалада 20%-ға, аудандарда 50%-ға дейін төмендетілді. Вирус жұқтырған адамдарды емдеу және тексерумен айналысатын дәрігерлер наурыз айында жалақыларын екі есеге арттырды.

Сонымен қатар, О.Оразалин карантин кезінде Ақтөбе қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін мекемелерді және қалыпты жұмыс істейтін тамақ өндіретін кәсіпорындардың жұмысын тексерді. Айтпақшы, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өңір бюджетінен 800 миллион теңге бөлінген.

Айта кетейік, сәуір айында Ақтөбеге Қытайдан гуманитарлық көмек келді.

9. Ғали Есқалиев - Батыс Қазақстан облысының әкімі

50 жаста. 2019 жылдың маусымынан бері БҚО әкімі.

Өңірдегі жұмыс орындарының сақталуы және инвестициялық жобалардың арқасында жаңа жұмыс орындарының ашылуы Есқалиевтың беделіне оң әсер етті.

Бірақ аймақтағы сыбайлас жемқорлық деңгейі Ғали Есқалиевтің рейтингіне айтарлықтай кері әсерін тигізді.

10. Гүлшара Әбдіхалықова - Қызылорда облысының әкімі

55 жаста. 2020 жылдың наурызында Қызылорда облысы әкімі болып тағайындалды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында облыс әкімі болған алғашқы әйел.

Әбдіқалықова әкім болған сәттен облыс аудандарын аралап, медициналық мекемелердің, автовокзалдардың және басқа да әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

Енді оның алдында апаттық жағдайда тұрған Қызылорда су электр стансасын қайта құру, экономиканы әртараптандыру, «Көшербаев» дәуірінің экономикалық көрсеткіштерін, атап айтқанда инвестициялар көлемін сақтау міндеті тұр.

11. Құмар Ақсақалов - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

54 жаста. 2017 жылдың наурызынан бері СҚО әкімі.

Өткен айда Ақсақаловтың беделіне бірнеше факторлар кері әсерін тигізді. Оның негізгілері - көктем келсе де қала көшелерінің қоқыстан тазаланбауы, өңірдегі ет тапшылығы мен мал шаруашылығы саласының тоқырауы т.б.

Алайда, аймақтағы сегіз аумақтық департаменттердің бірігуі және басқа агенттіктің таратылуы жергілікті билік қабылдаған оң шешімдердің бірі болды. Болашақта мұндай қысқарту бюджет қаражатын үнемдеуге, басшылық пен шешім қабылдау уақытын қысқартуға әсер етеді.

Бірақ, Солтүстік Қазақстан билігінің имиджіне сыбайлас жемқорлықтың көбеюі кері әсерін тигізді.

12. Махамбет Досмұхамбетов - Атырау облысының әкімі

59 жаста. 2019 жылдан бері Атырау облысының әкімі.

Махамбет Досмұхамбетов бұқаралық ақпарат құралдарында ең аз айтылған әкім.

13. Мұрат Әйтенов - Шымкент қаласының әкімі

38 жаста. 2020 жылдың қаңтарынан бері Шымкент қаласының әкімі.

Әйтеновтің де әкім болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, оңтүстік мегаполис - коронавирусқа шалдыққан адамдарға арналған модульді аурухана салынуға тиіс қалалардың бірі еді. Алайда көп ұзамай құрылыс жұмысы тоқтатылды. Әкімдік нысанның алғашқы жобасы қабылданбағанын, қазір жаңа жоба қарастырылып жатқанын айтты.

Жергілікті ТЖ бөлімі толыққанды жұмысын тоқтатқаннан кейін Әйтеновтің рейтингі төмендеді.

Сонымен қатар, сәуірде қаладағы кейбір жол тосқауылдарында тамақ тапшылығы сезілді.

Рейтинг аутсайдерлері

14. Серікбай Тұрұмов - Маңғыстау облысының әкімі

55 жаста. 2019 жылдың маусымынан бері Маңғыстау облысының әкімі.

Сәуір айында Тұрұмов өз позициясын күшейтетін ештеңемен ерекшеленбеді. Өткен айда ол ірі нысандар құрылысының сапасын тексеріп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті. Оның жедел жәрдем қызметкерлеріне екі жалақы мөлшерінде сыйақы үшін 78 миллион теңге бөлу туралы шешімі беделіне оң әсер етті.

Жалпы, аймақта коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты.

Әкімнің белсенділігінің төмен болуы оның беделіне нұқсан келтіруде.

15. Өмірзақ Шөкеев - Түркістан облысының әкімі

56 жаста. 2019 жылдың ақпанынан бері Түркістан облысының әкімі.

Өткен айда Өмірзақ Шөкеевтің рейтингі кенет төмендеді. Бұл Түркістан облысындағы қырыққабаттың дұрыс игерілмеуіне байланысты болды. Әкімнің айтуынша, басқа аймақтар қырыққабат сатып алудан бас тартады, сондықтан Ресейге көкөністерді экспорттауда үлкен қиындықтар бар. Ал,  блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары Шөкеевтің қырыққабат мәселесін шеше алмағанын сынға алып, оны: «Орталықтан көмек сұрай алмайтын менеджер», деп таныды.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны және облыс әкімдігінің блогер Айгүл Орынбекті қудалауы да оның келесі айдағы имиджіне әсер етпек.

Әрине, Түркістандағы барлық құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде жүріп жатқанын және уақытында аяқталатындығын, сондай-ақ облыс орталығындағы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын ескерген жөн.

Алайда, Түркістан облысы ерлер, әйелдер және кәмелетке толмаған балалар арасындағы суицид бойынша республикада алғашқы сапта. Тағы бір алаңдатарлық мәселе - кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны бойынша Түркістан облысы бірінші орында тұр.

16. Әбілқайыр Ысқақов - Павлодар облысының әкімі 

45 жаста. 2020 жылдың қаңтарынан бері Павлодар облысының әкімі.

Павлодар облысында вирус жұқтырғандар саны тез өсуде. Мұның басты себептері - карантиннің бұзылуы және шенеуніктер мен дәрігерлер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Мәселен, Екібастұз тұрғындарына  карантин кезінде пикниктерге шығуға рұқсат берілді. Аймақта вирус жұқтырғандардың 65 пайызы Екібастұз қаласында. Ысқақов бұған байланысты қала әкіміне сөгіс жариялады.

Одан бөлек, Павлодар облысының билігі зиянкестермен күреске 600 миллионнан астам теңге жұмсау туралы шешім қабылдады. Бұл басқа өңірлердегі шығыннан 10 есе артық. Алайда, әкімдік бұған әлі түсінік берген жоқ.

17. Алтай Көлгінов - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

42 жаста. 2019 жылдың маусымынан бері Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Сәуір айының қорытындысы бойынша астананың әкімі Алтай Көлгінов ең төменгі орында қалды. Оған себеп - Астана іргесіндегі су тасқыны, алғашқы нөсер және басқа да мәселелер болды.

Өткен айда астаналықтар аулалардағы тазартылмаған қоқыстарға шағымданды.

Сондай-ақ, 125 млн.теңге тендерге байланысты дау Астана әкімінің сәуірдегі беделіне айтарлықтай кері әсер етті.

Түйін. Сонымен, медиа орталық жасаған әкімдердің сәуірдегі рейтингі осындай болыпты. Бұл - аталған орталық ұсынған пікірді жалпақ жұртқа таңу емес, түзілген рейтингті оқырман талқысына ұсыну. Елдегі әкімдердің атқарған немесе атқармаған жұмысы туралы әр адам өзінше пікір білдіруге құқылы. Ендеше, ел басқарған шенділердің жұмысына сіз қандай баға бересіз? Сізше елдегі ең «күшті» әкім кім?

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір