Жұма, 29 Наурыз 2024
Өзекті 3249 10 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 13:39

Құқын қорғай білетін сауатты ұрпақ дайындауымыз керек!

ҚР Білім және ғылым министрі
А.Қ.Аймағанбетов мырзаға!

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов атамыз: «Ел боламын десең бесігіңді түзе», деген екен. Білім мен ғылымның алтын бесігі мектеп екені баршаға аян. Мектептегі тәрбие мен білім қандай болса, елдің болашағы да сондай болары сөзсіз. Ендігі жерде білім мен ғылымды алға қоятын кез келді.
Білім министрлері жиі ауысқан сайын мектеп науқандық, қажетсіз «реформалардан» көз ашпады. Содан білім мен ұлттық тәрбие көп ақсады. Жаңа министр келген сайын біз де өз ұсынысымызды жасаудан жалықпай келеміз. Ондағы басты мақсатымыз: білімі мен ғылымы дамыған өркениетті ел болу. Сіздің мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы бастамаңызды оқып қуанып отырмыз. Сізден зор үміт күткеннен кейін, ұсыныс жазғанды жөн санадым.

Менің ұсынысым: мектепте 5 пен 11-сыныптың арасында жас ерекшелігіне қарай «заң» пәнін енгізу қажет. Ол үшін барлық педагогикалық университеттерде «заң» пәнінің мұғалімі мамандығын дайындайтын арнайы бөлім ашылуы тиіс. Еліміз құқықтық зайырлы мемлекет болғанымен, халқымыздың құқықтық сауаты өте төмен. Біздің қарапайым халқымыз заң білмегеннен кейін, өз адал еңбегін талап ете алмайтын, өз құқын өзі қорғай алмайтын жағдайға жетті. Азаматтарымыз күн сайын, алаяқтардың алдауына түсіп, жем болып жүр. Елімізде сыбайлас-жемқорлықтың азаймай отыруының басты себебі де сол. Біздің заң білмегендігіміз, заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды. Сондықтан да біздің көптеген азаматтарымыз нақақтан түрмеде отыр.

Мектепте көптеген пәндер 11 жыл бойы тереңдетіліп оқытылады. Бірақ шынайы өмірде сол оқығандарымызды пайдалана бермейміз. Мысалы, өмірде физикадан формула шеше алмағаннан немесе орыс әдебиетінен Пушкиннің өлеңін жатқа білмегенен қорлық көрген жеріміз жоқ. Біз тек қана заң білмегеннен, өз құқымызды өзіміз қорғай алмағаннан қиындық көріп келеміз. Егер де әр азамат заңды жақсы білетін болса, өз құқын өзі қорғайтын болады. Әрине, қазір 9,10-сыныптарда «құқық негіздері» пәні жүреді, бірақ оны заң маманы емес, тарихшы немесе сағаты жетпеген музыка пәнінің мұғалімі де оқыта береді. Оның өзінде «құқық негіздері» сабағы 10-сыныпта қосымша сабақ ретінде жүреді. Балаларымыздың құқық жағынан сауатсыз болуы – заңдылық.

Ал заң пәнін оқыту үшін артық сағатты қайдан алуға болады?

Қазір де мектепте «өзін-өзін тану» пәні 1-11 сыныптың арасында оқытылады. Бұл пән жылда қайталана беретін өте ұқсас тақырыптардан тұрады.

Сондықтан да, «өзін-өзі тану» пәні тек бастауыш сыныптарда жүрсе. Екінші, артық сағатты орыс тіліне берген. Себебі, орыс тілі мен әдебиеті біріктіріліп аптасына 3 сағат 11 жыл бойы оқытылады. Біз неге, өзге мемлекеттің тіліне оқытуға миллиардтаған қаржы жұмсап, басымдылық береміз?! Сол екі пәннің сағатын азайтып, «заң тану» сабағын оқытуға болады. Сонда мектепте 7 жыл «заң» пәнін оқыған бала мектеп бітірген кезде қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, тіпті шетел заңдарын толық білетін, өзі де заңмен жүретін сауатты азамат болып шығады. Сол кезде елімізде жемқорлық та азаяды, қоғам да өркендеп дамитын болады.

Адамға өмір сүруі үшін ауа қандай қажет болса, қоғамда еркін өмір сүру үшін заңды білу сондай қажет. Біз сонда ғана зайырлы, құқықтық демократиялық мемлекетке айналамыз. Заң түзелсе, заманда түзеледі!

Жәнібек Қожық,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541