Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4138 3 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 13:35

«Тура жолда қайғы тұрмас!»

Әлияжан көп жаса, рахмет! Иә, менің Бейсентайым, ақ көйлегім, тап осындай жан еді. Жан-дүниесінің әр толқынын жазбай таныпсың! Ол қазақтың жүрегін несімен баурады? Оның қолында кілт бар еді: ШЫНАЙЫЛЫҚ деген. Миллиондаған жүректі сол бір-ақ кілтпен ашатын. Көпшілік бас иіп жатқан кәсіби шеберлігінің де, тамам жанды тәнті еткен дархан көңілінің де сыры сонда деп білемін. Ондай шынайылық кіршіксіз ақ жүректен шығады, ШАТ ЖҮРЕК адамдарда ғана болады.

Шат жүрек қана адамдарға шаттық сыйлай алады. Менің Бейсенім сондай КҮН-АДАМ еді. Ондай жандардың басына не іс түссе де, көңілінің көгінде үнемі КҮН күлімдеп, жүрегінің төрінде үнемі ШАТТЫҚ ұялап тұрады.

Ал бұл қасиеттің барлығы (өмірге шексіз ғашықтық, сен айтқан пейіл тоқтығы да – бәрі-бәрі) қайдан бастау алады? ЖАРАТҚАНҒА деген шексіз алғыстан, РИЗАЛЫҚ мақамынан! Тіпті күні-түні құлшылық қылып жүрген тақуа-тауазы пенденің де мыңнан, миллионнан бірі ғана жететін дәреже бұл! Бейсекемнің өтерінде айтып кеткен мына сөзі оның асылдығын, жан-сарайының ең сұлу құпиясын ашып берді бізге: "МЕН АЛЛАМНЫҢ СЫНАҒЫНА РИЗАМЫН" деген өз сөзі! Адамдардың алдында үнемі өзін қарыздар сезініп тұратын ізгу қасиет те осы арнадан бастау алады. (Ал адамдарға алғысы жоқ өзімшіл меңіреулерде Құдай алдында да қарыздарлық сезім болмайды. Қазір біздің күн жарықта шаммен іздеп таппай жүрген шынайы мұсылмандық та тек осындай жүректен табылады).

Иә, Бейсетай ЖҮЗ ЖАСАДЫ! Сен соны асқан сезімталдықпен, нәзіктікпен қалай байқағансың?! Ақ жауын боп аспаннан саулап тұрғанын, ақ самал боп ескен жан жұпарын мен де сездім. «РИЗАЛЫҚ мақамына көтерілген жанды қайғы алмайды» деген шуақты ой боп жүрегіме құйылып тұрды! «Әй қойыңдар жылай бермей!» деген үнін естігендей болдың ба? Ал мені ешкім жұбата алған жоқ, «Әй ағасы? Бұны қайдан шығардыңыз? Көтеріңіз басты!»– деп өзі кеп жұбатты (Жарықтығым-ай, мен оның көңілін сұрап барғанда да мен емес, ол менің көңілімді тапқысы кеп бәйек болушы еді ғой...).

Бір ай өткен жоқ, түсімде көргем, баяғыша жарқырап, жайнап жүр екен біздің үйде. Үстінде су жаңа киім! Соған алданып, "бір аунап тұрып, қунап-құлпырып жүре береді екен" деп, бейқам болыппын. Енді білдім: сабырмен тазарған жанын, ауыр сынақ арулаған рухын көріппін, ал жаңа киімі - жаңарған иманы екен.

Ал Бейсентайдың түсінде МЕШІТ салып жүргені – біздің ұстазымыз Исматулла Мақсұмның ісін жалғастыруға жәрдемдескісі келген, жанына жалау болғысы келген ақ ниеті еді. Тақсырдың тоғыз жыл түрмеден босап келген күні амандаса барғанында қасында бар едім. Қарияның жігері еш мұқалмай келгеніне хош болып, қыннан суырған алмас қылыштай жайнап отырған сөздеріне қайта-қайта басын шайқап: «Хас батыр екен ғой! Қазақ үшін жанын пида еткен мұндай адамның қасында отыру қандай бақыт!» деп еді. «Денсаулығыңыз қалай, ата-ау?!»- деп құшақтағанында қарияның айтқаны: «Тоғыз жылым тоғыз күндей болған жоқ! Аллаға мың шүкір, көзім ашылды! Егер қазір келіп «Алдыңғы 66 жылыңды аласың ба, әлде түрмедегі 9 жылды аласың ба?»-деп сұраса, еш ойланбастан «Соңғы тоғыз жылды алам!» деймін». Бұл сөзге Бейсекем «Пах, шіркін!»- деп, дән риза боп, қарқ-қарқ күлген. Сосын былай шыға: «Не деген қайрат! Жүрегін кернеп тұрған махаббат! Атақ-абыройымды, бар жиған беделімді, жанымды салам бұндай адам үшін! Әрқашан қасынан табылам!»- деген. Мұндай сөзді тек Бейсендей ер ғана айта алар. «Жазыламын! Арманым бар»- деп жүргені, түсінде МЕШІТ салып, «аяқтай алмай қалыппын» деп жүргені сол. Ол түсін теледидардан көрсетіпті деп естідім.

Жоқ, Бейсентай, сен ол арманыңа жеттің! Жанбасың жерге тиген Қадір түні қарсаңында Исматулла Тақсырға хабарыңды айтып келдім. «Естіп отырмын, Саятжан, еш қайғырып жатпа!– деді.– Құран оқыдық. Момынның ниеті амалынан артық, жақсы ниетін бұзбай кеткені – мақсатына жеткені. Атаң Хазірет Шәкерім атаң да: «Тура жолдан таймай барғаның– Жетпесең де алғаның» депті. Сансыз періште өзіне лайықты құрметпен қарсы алып жатыр, иншалла!»–деп, көкейімді жарық етті. «Арманда кетті-ау!» деген соңғы күмәнім жоқ болды. Сертіңе жеттің, Бейсетайым, алдың жарық, иншалла!

Әр нәрсе өзінің асыл тегіне тартпай қоймайды. Шат жүрек, туыс рухтар мына фәниде бір-бірінің жан жұпарын жазбай танып, шұрқырасып табыспай қоймайды. Қиырдың қылаңындай, бір үйірдің құлын-тайындай. Себебі олардың рухтары бір болған, өлсе де ажырамайды, бақида да мәңгі бірге болады. Әзелде рухтары алғаш жаралғанда шернеуіште жазылған серті солай етпей қоймайды! 

Саят Ыбырайдың желідегі жазбасы

Abai.kz

3 пікір